«Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев



бет23/24
Дата04.11.2016
өлшемі4,05 Mb.
#348
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24

Туған жердің бір тұлғасы
Бақан Нұрғалиев есімімен Боровской

селосындағы бір көше аталатын болды
Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Меңдіқара ауданының орталығы Боровской селосындағы бір көшеге Азамат соғысының және Ұлы Отан соғысының ардагері, осы өңірге белгілі тұлға Бақан (Бақдәулет) Нұрғалиевтің есімі берілді. Осы оқиғаға байланысты 5 мамыр күні өткен көп адам жиналған митингіні аудан әкімінің орынбасары Сәңкібай Киікбаев ашып, аудан әкімі Базыл Жақыпов, аудандық мәслихат хатшысы Владимир Леонов, "Қарқын" серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов, Первомай орта мектебінің мұғалімі Татьяна Андрусенко, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сапаржан Тиышпаев және Бәкеңнің ұлы Амангелді Нұрғалиев сөз сөйледі. Олардың бәрі де ардақты азаматтың жауынгерлік ерлігі мен бейбіт еңбектегі өнегесін жан-жақты әңгімеледі.

Нұрғалиев Бақан Нұрғалиұлы, азан шақырып қойған аты Бақдәулет, 1902 жылы Меңдіқара ауданы Қарқын ауылында, мамырдың 9 күні туып, 1976 жылы қыркүйектің 13 күні қайтыс болған.

Ол 1919-1921 жылдары Әліби Жанкелдин ұйымдастырған атты әскер қатарында болған. 1925 жылдан бастап №19 ауылдың "Қосшы одағы" комитетінің төрағасы, № 19 ауылдық Кеңестің төрағасы, "Бірлік", "Қарағайлысай", "Жарсуат" ұжымдық шаруашылықтары басқарма төрағасы болды. Дайындау министрлігінің Меңдіқара ауданы бойынша уәкілі болып қызмет атқарды.

Ұлы Отан соғысына қатысып, Солтүстік-Батыс майданында шайқасты. Ленинград түбіндегі бір кескілескен ұрыста ауыр жарақаттанып, сол қолынан айырылған.

Өзінің екінші топтағы мүгедектігіне қарамастан (1943-1959) Теңіз, Қарақоға, Балықты, Краснопреснен селолық Кеңестерінің төрағасы қызметіне сайланып, осы жұмыстарды абыроймен атқарды. 1957 жылдан дербес зейнеткер болды. 1961-62 жылдары "Каменск-Уральск" кеңшарының Шиелі бөлімшесін басқарды. Қоғамдық жүмыстарға белсене қатысты. "Қаратал" кеңшарында ардагерлер кеңесінің төрағасы болды.

Соғыстағы ерлігі III дәрежелі "Даңқ" орденімен және бірнеше медальдармен аталып өтті. Бейбіт еңбек жылары да талай марапаттарға ие болды.

Жұбайы Дәржан Сапақызы да тыл ардагері еді. Ол осы Меңдіқара ауданы Татьяновка ауылында 1910 жылы туып, 1992 жылы дүниеден озды. Елде қара жұмыс істеген, өгізбен Қостанай қаласына астық тасыған, қырманда жұмысшыларға тамақ дайындаған, үй шаруашылығымен айналысып, балаларын, немерелерін тәрбиелеген. Аманкелді, Жеңістай, Жұмабек, Кенжеш деген төрт ұл, Қапура, Кенжекей деген екі қыз туып, олардың бәріне де отағасы екеуі келісті тәлім-тәрбие берген.

Ұлы Аманкелді мен келіні Күләштан Бауыржан, Жанат, Батырбек деген немерелері бар. Ұлы Жеңістай мен келіні Ләззаттан Анар, Кәмшат, Айнагүл, Батыржан, Әсел, Динара, Кенжегүл деген немерелері бар. Ұлы Жұмабек пен келіні Гүлнәрдан Нұрахмет, Рита деген немерелері бар. Ұлы Кенжеш пен келіні Қайнижамалдан Нұржан, Нұрлан деген немерелері бар. Күйеу баласы Жағыпар мен қызы Қапурадан Ағзам, Мағзұм, Ботакөз, Шынар, Ербол деген жиендері бар.

Жағыпар, Қапура, Ағзам дүниеден озған. Аманкелді-Күләш, Жеңіс-Ләззат зейнеткер, басқалары жеке шаруашылықтарда, мемлекеттік мекемелерде қызмет атқарып жүр.

10 мамыр күні осы Бақан аға әулетінің үлкені Амангелді мен келіні Күләш ата-ана аруағына құран оқытып, ас берді. Онда Бақан ағаға, оның жары Дәржан апаға және Күләштің әкесі Ұлы Отан соғысында, Ленинград түбінде қаза болған Сақтаған Бексұлтанұлына қатысты талай естеліктер айтылды. Тоқсаннан асқан тарланбоз, абыз ағамыз Мағауия Жүнісұлы, Марал ишан мешітінің бас имамы Ертай қажы, ел ағалары Мырзағали Ғабдуллин, Тарғын Әбенов, Өтеген Қошанов, Жандарбек Сейітов, Орал Таңжарықов, Сайран Бұқанов, Әбдікәрім Бәйекенов, ардақты аналар Майташ Ысмағұлова, Күлтай қажы Нұрғалиева, Римма Әйтекенова және басқалары қимас жандар туралы ағынан жарылды, олардың өсіп-өнген өнегелі ұрпағына ақ баталарын берді.

Нұрғалиевтер әулеті сыйлы аға-апаларына сый-сияпат жасап, шынайы алғыс сезімін білдірді.

Сол аста оқылған тамаша ақын Серікбай Оспановтың мына өлеңі Нұрғалиевтер әулетіне қойылған өшпес ескерткіштей әсер етті.

Дүние болған кезде астан-кестен,

Бұлт емес, секілді еді аспан көшкен.

Елі мен жерін қорғап Бақдәулет

Соғысты екі бірдей бастан кешкен.


Ініне қуып тықтық желіккенді.

Бейбітпіз, бүгін өмір көріктенді!

Ұлы Отан соғысында Бақдәулет

Бір қолын Жеңіс үшін беріп келді!


Халықтың Жеңіс еді бар тілегі,

Батырдың ұмытқан жоқ атын елі!

Қарқынды еңбек етті елге оралып,

Жері де туып-өскен Қарқын еді!


Бәрін де алып еске бүгін елі,

Өткенге көңіл шіркін жүгіреді.

Соғыстан оралмады Бақдәулеттің

Ақдәулет, Баяхмет інілері.

Бұл жүрегін жұлардай тербеп өтті,

Қиналып, солар үшін терге бөкті.

Ақдәулет, Баяхмет ойында кіл,

Еселеп солар үшін еңбек етті!


Арманы – қара бұлтсыз көрді аспанды,

Жандарды өр мінезді, өрге асқанды.

Теңізде, Қарақоға, Балықтыда,

Бірлікте, Жарсуатта ел басқарды.


Бар еді Туған жерден киелі не,

Ел сүю біткен қан мен сүйегіне.

Бөленіп халықтың бар құрметіне,

Болды ол басқарушы Шиеліде.


Ардақты білгенімен, көргенімен,

Отырды ел ұсынған өрде кілең.

Даңқты азаматқа "Даңқ" сыйлап,

Үкімет құрметтеді орденімен!


Қауышты мақсатымен, таңдарымен,

Қауышты арманымен, ардағымен!

Өсірді төрт ұл және екі қызды

Дәржандай аяулы, асыл жанжарымен!

Меңдіқара, Қарқынның құба белі,

Еске алып жиі-жиі тұрады елі.

Бұл күнде елге ардақты Амангелді,

Кенжеші, Жеңістай мен Жұмабегі!


Сақтасын қатар тағдыр салқын желі,

Туған ел гүлге орансын алтын белі.

Атадай болсақ дейді немерелер –

Бауыржан, Жанаты мен Батырбегі!


Демеңіз бұл қазақтың қайда ерлігі

Ерлікпен жанарлардан тайды ел мұңы,

Ысырды мұң мен зарын

Ағамыздың

Қапура, Кенжекейдей Ай мен Күні!
Жарасты, өсіп-өнген бәрі-бәрі,

Әлі сан ошақтарда от жағылады!

Биіктей берсін дейміз берекелі

Көтерген Бақан аға шаңырағы!



Армысың, Астана!
1. Досым менің – Бақытжан
Студент күнгі досым Бақытжан Кененұлы бүгіндер Астананың байырғы тұрғыны. Қазақтың астанасы Алматыдан Ақмолаға көшкенде ең алғашқы лекпен келіп, жаңа Елорданың ыстығына күйіп, суығына тоңған азаматтардың бірі. Ол Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының редакциялық-баспа бөлімінде сектор меңгерушісі болды. Осы қызметтен зейнеткерлікке шығып, шығармашылықпен шындап айналысып жүрген журналист.

Бақытжанмен 1965 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетіне бірге оқуға түстік. Ол Алматыдағы әйгілі № 12 қазақ орта мектебінің түлегі. Мектепті менен бір жыл бұрын бітірген, бірақ сол жылы жолы болмай университетке түсе алмапты. Елде Жамбыл облысы Қордай ауданы Киров колхозында еңбек етіп, екінші рет бағын сынауға келген беті екен. Алматыда оқыған бала, алып шаһардың ұңғыл-шұңғылын жақсы біледі, кісіге жуық, өзі керемет әнші, ақын, өзі шығарған тамаша әндері де бар. Бас қосыла қалғанда әуелете жөнеледі. Бірақ көбінесе өз әкесі Қазақстанның халық ақыны, әнші-композитор Кенен Әзербаевтың әндерін асқақтатады.

Неге екенін білмеймін, студенттік жылдары бес-алты жігіт жұбымыз жазылмас достар болдық. Олар осы Бақытжан, Талдықорғаннан келген Ырым Кененбаев, Қызылордадан келген Жолбарыс Әбішев, Атыраудан келген Айтқали Нұрғалиев, жамбылдық Сейітқазы Досымов...

1969 жылы оқуды бітіріп, жолдастырымыз жолдамамен жан-жаққа кеткенде біз Бақытжан екеуміз, тағы да басқа үш-төрт жас журналситер әскер қатарына шақырылып, Забайкал әскери округінде қызмет еттік. Бірақ мені олардан бөліп, Иркутск облысына жіберді де, Бақытжандар Улан-Уде қаласында қызмет істеді.

Бірде ерте көктемде таң атпай жалдамалы пәтерімнің есігін ашып Бақытжаным келіп тұр. Еңбек демалысын алған, бірден Алматыға аттанып кетпей орта жолда маған соғыпты. Аяғында хром етік, үстінде әскери плащь, басында кокардасы бар фурашка, "Өй, азаматым-ай!" – деп құшақ ашып келе жатыр.

– Стой, лейтенант Азербаев! Алдымен етігіңізді шеш, чемоданыңды қой. Өзеурейтін ештеңе жоқ. Сіз бен бізді Үкімет пен партия Отанды қорғасын, жауынгерлерге әскери-патриоттық тәрбие берсін деп жіберді. Ешқандай эмоцияға, босбелбеулікке орын жоқ, бұл саған Қордайдың ен жайлауы емес, бұл – Армия! Понятно тебе, Азербаев! – деп төсекте жатқан бойы Бауыржан атамша түсімді суыта қойдым.

Лейтенантым тұрған жерінде қатты да қалды. Менің ойынымды түсінбеген сияқты. Түрін көріп күлкіге булығып барамын. Ақыры екі иығым селкілдеп, орнымнан тұрып, асыл досты құшағыма қыстым.

Сол бір сәтті Бәкең арада қырық жылдан астам уақыт өтсе де әлі ұмытпапты. Өткен айдың басында Астанада бас қосқанда бір топ адамның алдында сол бір эпизодты жұрттың ішек-сілесін қатыра айтып бергені бар. Және болған жағдайды құр баяндап қана қоймай оны тұздықтап, өзінен де бір жанды штрихтар қосып түрлендіреді.

Бұл жолғы Астанадағы кездесуіміз сол Бәкеңнің үлкен бір шығармашылық жетістігі – өз әкесі, халық ұлы Кенен атамыз туралы түсірілген "Алатаудың ақиығы" атты деректі фильмнің тұсаукесеріне байланысты болды.

Алдында Алматыдан "Алатау-Болашақ" редакциялық-баспа корпорациясының президенті Ырым Кененбаев телефон шалған. Фильмнің Алматыдағы тұсаукесерін Нұрлан Оразалин досымыз Қазақстан Жазушылар одағында өткізіпті. Енді Астанада Президенттің мәдениет сарайында өтеді екен. Соған қатысу үшін Астанада кездеспек болдық. Оның да өзіндік себебі бар, студенттік кезімізде Кенен атаның үйінде болып, оның пәтуалы сөзін естіп, дастарқанынан дәм татқан жандармыз. Былтыр ақынның туғанына 125 жыл толуына орай өткен салтанатқа да шақырып еді Бақытжан, алыс жерге барудың сәті түспеді. Сол мерейтой қарсаңында Бәкеңнің "Әке рухымен сырласу" атты тамаша кітабы шыққан еді. Кенен ақынның әндері мен жырларының толық жинағы том-том кітап болып басылды. Тамаша безендірілген фотоальбом да жұртшылық қолына тиді. Енді, міне, деректі фильм халқына жол тартты.

Режиссер Дохтырқан Тұрлыбеков екеуі түсірген бұл туынды жанрдың барлық талаптарына толық жауап беретін дүние екен. Оны осы тұсаукесерге қатысқан Әкім Тарази, Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов және басқа қайраткер азаматтар қадап айтты.

Халық ақынын еске алуға арналған ас үстінде Астананың әртістері Кенен әндерін шырқады. Біз Ырым Кененбаев, Жанат Елшібеков, Шәрбану Бисенова сияқты Бақытжанның жолдас-достары әке мұрасын насихаттаудағы Бәкеңнің ерен еңбегіне ерекше риза болдық.

Иә, "кім бар ыстық бала күнгі досыңнан". Түн ортасы ауа Астананың әсем жерлерін аралауға шықтық. Алматыда тұратын Ырым досым келіншегі Науатпен бірге келген, олар студент кезімізде үйленген, Науаттан жасырар бізде еш сыр жоқ, замандасымыз да кісіге жуық, бауырмал, нағыз қазақ қыздарына тән асыл қасиеттерді бойына сіңірген ару. Осы Астанада ең кіші ұлы Рауан тұрады. Ол машинасын жегіп, түнгі қалада әке-шешесінің егде тарта бастаған достарының көңілін тауып жүр.

– Рауан-ау, – дейді Ырым, – кезінде біз сенен де жас болғанбыз, бүгінгінің жастары түн ішінде қандай ресторанға барады?

Ресторанға емес, түнгі клубқа барады, – дейді ойында ештеңе жоқ бала.

– Онда тарт, түнгі клубқа. Қызықты көрмек үшін деген...

Қасымыздағы келіншектер сабырға шақырып жатыр. Оған қарайтын Ырекең жоқ:

– Журналистер бәрін де білуге тиіс, бәрін де көруге тиіс...

Сөйтіп, түнгі клубқа келейік. Қараңғы зал. Май шам маздайды. Лыпысы ғана бар екі қыз ортадағы шағын сахнада билеп жатыр. Даңғыр-дүңгір музыка. Қасыңдағы адамның сөзі естілмейді. Даяшы қыздың әкелген дәмі біз көрмеген, дәмі де түсініксіз бірдеңе. Ішімдіктері удай. Бірақ келіп қалған соң, әліптің артын бағып отырмыз. Уақыт өткен сайын музыка сарыны да басқа, бидің ырғағы да өзгеше бола бастады.

"Осы тойғанымыз, бойға құт" деп таң ата далаға шықсақ, таңғы Астана ұйқыдан оянған арудай сылаң қағып тұр екен.

– Армысың, Астана! – дедік ескі достар.
2. Ауылдан – Астанаға

Иә, бүгіндер ауылдың талай үлкен-кішісі Астанада тұрады. Солардың қатарында бүкіл ғұмыр бойы Меңдіқара ауданы Ақсуат ауылында тұрған, сонда еңбек етіп, ұрпақ өсірген менің қарындасым Айман мен күйеу бала Бақытжан Хұсайынов та бар.

Қарындасым Қарағанды мемлекеттік университеті физика-математика факультетін бітіріп, қашан зейнеткерлікке шыққанша ауылдағы мектепте мұғалім болды. Бақытжан болса, егін өсірді, ауыл шаруашылық техникасының құлағында ойнады. Алған алғысы да, таққан орден-медалі де жетерлік. Құдай берген үш қызы мен жалғыз ұлы өз алдарына үй-күй болды. Сол балалардың үшеуі Астанада тұрады. Бәрінің де қызметі, үй-күйі бар.

Сол балалар ата-анасына Астанадан пәтер алып қойып, талай жыл олардың көшіп келуін күтті. Бірақ өмір бойы ауылда тұрып, ауылда күн кешкен әке-шеше қалаға асықпады. Тек ұлдары Болат үйленетін болып, қам жасай бастағанда Бақытжан мен Айман туған жерді қанша қимаса да, дүние-мүлікті буып, түйіп қоныс аударуға қамданды.

Ақыры Елордаға келіп, қаланың қым-қуат тіршілігіне араласты да кетті. Индустрия және сауда министрлігінде істейтін ұлы Болат үйленіп, ата-ана қолына келін түсірді. Арайлым атты әдемі қыз ата-енесінің көңілін тауып, қуаныш нұрын құйып жүр.

Сол балалардың тойына қатысу үшін өткен жылғы желтоқсан айында, дәл Тәуелсіздік күнінде Астанада болдық. Тойға жан-жақтағы ағайынның бәрі дерлік келді. Бақытжан он екі ағайынды жігіт, бір үйден алты ұл, алты қыз қанат қаққан. Бүгіндер олардан туған ұл-қыздар да азамат болып, ат жалын тартып мінген. Сол бауырлардың бәрі де Бақытжанның кенжесінің тойына келді. Үлкен бір мейрамханада өткен той осы Астанада тұратын ағайындар мен бүкіл ен байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын туыстардың басын қосты.

Алматыдан, Көкшетаудан, Оралдан, Арқалықтан, Шымкенттен, Қызылордадан, Ақтөбеден тағы басқа өңірлерден ағайын Астанаға ағылды. Біз Қостанайдан мінген поездың да бүкіл вагонында тойшы қауым кетіп бара жатты. Ақсуаттан Қазбек пен Балтаберген, Боровскойдан Аманжол, Озерныйдан Бақытжан нағашы, Қостанайдан Зүмірет пен Ғалия қарындастарым және басқалары Астанаға асықты.

Сол тойдың өзі Елорданы Астанаға көшірудің қарапайым халық үшін де қандай қолайлы болғанын көрсетті. Өзіміз де кешке пойызға отырып, таңертең бас қалада болатын болдық, шаруаны тындырып, кешке сол отарбаға қайта мінсең, таң ата Қостанайға жетесің.

Жаңа астанаға ағылған халықта сан жоқ. Алақандай ғана Ақсуаттан шыққан көптеген ұл-қыздардың құт мекені де бүгін сол Астана болды. Айман қарындасымның қызы Салтанат жолдасы Серікпен, кіші қызы Ләззат жолдасы Санатпен сол әсем Астанада тұрып жатыр. Енді оған Болаты қосылды. Өздері де астаналықтар болды. Тағы бір немере қарындасым Бақытжамал да Арқалықтан отбасымен Астанаға қоныстанды. Оның ұлы Әлібек те шаңырақты осында құрды. Спандияр Көбеев атамыздың немересі Талғат та осы шаһар тұрғыны. Тіпті академик жұбайымен Мақыш апамыз да Астанаға көшті. Жездеміз Сайлау Байзақов Торғай тумасы, экономика ғылымының докторы, тәуелсіз Қазақстанның белгілі ғалымдарының бірі. Бір ауылдан шыққан ағайын-туғандар бас қалаға ауыл салтын да ала келді. Той-домалаққа түгел жиналады, қуаныш та, қайғы да ортақ, бір-бірін қолдап, демеп жіберуге тырысады.

Жақында сол туған топырақ Ақсуатта үлкен ас болды. Оны сол Спандияр атамыздың ұрпақтары Мәлік Көбеев пен Бауыржан Тебеев бас болып ұйымдастырды. Туған жердің төсіне сол Астанадағы ағайындар да асыға жетті. Бақытжан болса елге екі-үш күн ертерек келіп, ағайын-туғанды аралады, Алакөлдің айдын көлінде жүзді.

Сол асқа Мақыш апамыз да келді. Жалғыз емес, жездеміз Сайлау мен оның інісі, қайнысы Сәбитті де ала келіпті. Сәбит Байзақов та белгілі ғалым, Ұлттық академияның академигі. Олар болса, Торғайдан шыққан ақын-жазушылар Қоғабай Сәрсекеев пен Серікбай Оспановты Спандияр ата еліне шақыртыпты. Қонақтар Алакөлдің жағасына тігілген алты қанат ақ үйде отырып, сыр сабақтады. Солардың бәрі де өз халқына жақындай түскен, шын мәнінде Елдің ордасы болған Астана туралы сүйіспеншілікпен сыр сабақтады.

Иә, бүгіндер Астана халқы жыл санап емес, күн санап өсіп келеді. Қоныс аударып жатқандардың дені өзіміздің қаракөздер. Бұрынғы Ақмолада қазақша сөйлейтін адам тым сирек еді. Енді Астананың үлкен-кішісі ана тілін ардақтайды. Үйде де, көшеде де, қызметте де мемлекеттік тіл үстемдік құра бастаған. Қазақтың Астанасынан қазақы қалып айқын сезіледі.

Жасай бер, Астана!

Қатар жүрген қимас дос

Сапар Талдыбаев және оның анасы Ұлмекен апа

туралы мұңды сыр
1.Тең-құрбының алды еді
Жетпісінші жылдардың басы еді. Облыстық комсомол комитетінің хатшылығына өзімдей жас жігіт Сапар Талдыбаев сайланды. Ол бұған дейін Қорған ауыл шаруашылық институтын бітірген, өзінің туып-өскен елі Жітіқара ауданы Чайковский атындағы кеңшарда зоотехник болып істеген, кейін аудан жастары Жітіқара аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлаған жалынды жас екен.

Облыстық комсомол комитетінің есеп беру-сайлау конференциясынан кейін қолын қысып, құттықтап жатырмыз. «Жақсыда жаттық жоқ» деген, бірден әңгімеміз жарасып жүре берді. Әңгіме арасында менің немере ағам Есенжолмен сол Қорғанда институтта бірге оқығанын да айтып жатыр. Сол кездері есімдері елге танылып қалған Серікбай Бисетаев, Марат Мағажанов деген азаматтар да оның студент күнгі достары екен.

Сол алғашқы таныстық кейін достыққа ұласты. Облыстық комсомол комитетінің хатшысы облыс аудандарына жиі іссапарға шығатын. Кейде журналистік қызмет бабымен онымен бірге мен де аттанам. Сонда байқағаным, алғыр жігіт аудандардағы үлкен-кішіні аузына қаратады. Сөзге шешен, ісіне мығым. Және екі тілге бірдей, кез келген ортаның өз адамы болып шыға келеді. Әсіресе жастарға қамқорлық жасау мәселесіне келгенде шешімді, икемді, ауыл жастарының проблемасын жақсы біледі.

Араға көп уақыт салмай-ақ Сапар облыстық деңгейдегі беделді, болашағынан көп үміт күттірер қызметкер болып шыға келді. Сондықтан да болар облыстық партия комитеті оны сол кездегі Ленин (қазіргі Ұзынкөл) аудандық партия комитетінің хатшылығына ұсынды.

Күн жаз болатын. Аптап ыстық апшыны қуырған сәт еді. Әдеттегідей Сапар Жаппасбайұлы екеуіміз Меңдіқара ауданында іссапарда жүргенбіз. Облыстық партия комитеті ұйымдық-партиялық бөлімінің меңгерушісі Петр Черныш ауданға телефон соғып, Талдыбаевтың тез обкомға келуін өтініпті. Қостанайға қайта оралуға тура келді. Іссапарға ыңғайлы киім киген Сапар сол қалпында Черныштың алдынан бір-ақ шығады. Бұрын өзі де комсомолда істеген Петр Максимович әңгімені алыстан бастап, ақыры обкомның ұйғарымын айтады.

– Қазір сені Андрей Михайловичтің өзі қабылдайды, – дейді, – бірақ тез үйіңе барып, костюм киіп, галстук байлап кел. «Шал» еркіндікті көтере алмайды, – деп кеңес береді.

Обкомға кіріп кеткен Сапарды машина ішінде күтіп отырған мен оның тез шыққанына таң қалдым:

– Сәке, аманшылық па, әйтеуір, тосыннан шақыртуы ұнамай тұр, – деп алаңдаушылық білдірдім.

– Мәселе костюмде екен, – деді. Өзі көңілді.

Ақыры Бородиннің батасын алып шықты. Аудандық партия комитетінің пленумында екінші хатшы болып сайланды. Ұзынкөл жұртшылығы жас жігітті ықыласпен қарсы алды. Ауданның Қапар Тоқбаев, Қажи Маманов, Садық Ақайдаров, Қасымхан Алдабергенов, Жамбыл Таңатаров және басқа бетке ұстар азаматтары ақыл-кеңесін айтып, аудан өмірімен таныстырды. Алғыр азамат аз уақыт ішінде-ақ аудан өмірін зерделеп, жұмысын дөңгелентіп, көзге түсті. Аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Халықтар Достығы» орденімен марапатталды. Аудан экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосты.

Кейін облыс басшылығында өзгерістер болды. Сапардың да басқа қызметке ауысуына тура келді. Қарабалық ауданындағы мал бордақылау совхозының директоры, совхоз партия комитетінің хатшысы, аудандық «Дела и люди» газетінің редакторы болды.

Сапар досымыздың журналистикаға келуіне, бәлкім, өмір бойы қалам ұстап, келе жатқан біздің де ықпалымыз болған шығар. Өйткені талай рет өтініш айтып, газетімізге мақала жазуына түрткі болып едік. Коммунистік партия тарап, жұмыссыз қалғанда ауданның сол кездегі басшысы Күлтай Демесінова Сапар Жаппасбайұлына редакцияға басшылық жасауды ұсынады. Сәкеңнің сонда маған телефон соққаны бар. Досымыздың қарым-қабілетін жақсы білетін мен:

– Журналистикадан артық мамандық жоқ, құтты болсын! – дегенім есімде.

Сапар сол газеттің беделін көтерді. Таралымы бұрын-соңды болмаған межеге жеткізді. Авторлық активі кеңейді. Газет шын мәнінде жайнап, жаңарып шыға келді.

Әттең, Сәкеңнің өмірі қысқа болды. Бар болғаны елу екі жыл ғұмыр кешті. Төтеннен жабысқан ауру ақыры алып тынды. Бұдан дәл он бес жыл бұрын Қарабалықтың қасиетті жері азаматты өз қойнына алды. Онымен қоштасуға келген халықта сан жоқ еді. Аяулы анасы Ұлмекен, асыл жары Қамария, балалары Ләззат, Қайрат, Самат, Қанат аңырап қала берді.

Бірақ Сәкеңнің есімі ешқашан ұмытылмайды. Балалары азамат болды, немерелер де өсіп келеді. Кезінде Сапар Жаппасбайұлымен бірге қызметтес, дәмдес, пікірлес болған жандардың қай-қайсысы болмасын мына жалған дүниеге тек қана жақсылық жасау үшін келген асыл азаматтың жарқын бейнесін ешқашан естен шығармас...

Сапар досымыздың анасы Ұлмекен апа біздің де анамыз сияқты еді-ау. Сәкең де анасын алақанға салған, аялаған асыл ұл еді.
2. Ақ тілеулі анамыз еді
Ұлмекен Жайсаңқызы Талдыбаеваны Жітіқара өңірінде білмейтін жан кемде-кем. Әсіресе, егде тартқан қариялар оның ерекше сеңбексүйгіштігін, әділ де тура мінезін, қайыспас қайсар қасиетін жыр қылып айтып отырады. Он үшке жетер-жетпесте еңбек жолын бастаған ол ұзақ жылдар бойы суыншы, бұзау өсіруші, қырман жұмысшысы болып еңбек етті. Сол кездегі «Октябрь» ұжымшарының басшылары елгезек жанды небір қиын учаскеге жұмсайтын. Ұлмекен болса дау айтып жатпайды, тапсырылған істі ұршықтай үйіріп алып кетеді. Сондықтан да болар оны барша жұрт сыйлап, құрметтейтін. Соғыстың ең бір ауыр кезеңінде, 1943 жылы ол партия қатарына қабылданды. Мансап үшін емес, жүрек қалауы солай болды. Өйткені ол жарқын болашаққа кәміл сенетін. Және ол тек қана жарна төлеп, жиналысқа қатысып жүретін коммунист қана болған жоқ, ең бастысы өз еңбегімен өзгелерге үлгі-өнеге бола білді. Коммунист екенмін деп ешкімнен де ешбір қолдау, көмек күткен жоқ: сиырын сауып, бұзауын бағып, қырманын тазалап таңның атысы, күннің батысы бір тыным таппады. Облыстық бірінші әйелдер съезіне қатысты, колхоз басқармалары курсын бітірді, бірнеше медальдармен марапатталды. Бірақ сол үйреншікті жұмыстан қол үзбеді.

Тұрмыс құрды. Балалары өсіп-өнді. Өзі де зейнеткерлікке шықты.

Бірде сол аяулы ананың сексен жасқа толған мерейтойына қатыстық. Өркен жайған ұл-қыздары мен немерелері келіп, үй ішін қуанышты күлкіге бөледі. Қарт ана жасарып, жайнап шыға келді.

Ұлмекен әженің тұңғышы Шолпан сол өзі туып-өскен Чайковский кеңшарындағы дүкенде 1959 жылдан бері қол үзбей еңбек етті. «Құрмет Белгісі» ордені бар, ол да әже болды, оның немересі, Ұлмекен әженің шөбересі Елдос өсіп келеді.

– Шөбересінің алақанынан су ішкіздік, енді анамыз жүз жасайды, – дейтін еді әженің үлкен ұлы Сапар.

– Сапарымның жолдас-достары өзімнің де балам болып кетті, – дейтін еді қария. Онау Қостанайдағы Төлеген мен Диясты, Ұзынкөлдегі Есенжол мен Аманжолды сағынып отырамын. Сәлем берулері де сиреп кетті, заманның қиыншылығы ма, қайдам...

Әженің осы сөздерді айтуы-ақ мұң екен, үйге «Ассалаумағаликумін» аңыратып Серікбай келіншегімен кіріп келсін. Серікбай Бисетаев Сапардың Қорғанда институтта бірге оқыған жолдасы. Содан бері қырық жылдан астам уақыт өтсе де жолдастық, достық қыл үзілмейді. Сапардың тұңғышы Ләззаттің ұзатылатынын естіп, әдейі құдалармен бірге болуға келіпті.

– Айналайындар, аман жүрсіңдер ме? – деп ана қонақтарын құшағына қысып жатыр.

– Өкінішім – Әмірім ғой, – дейді кейуана бір сәт ойға беріліп.

Әмірді талай көргеніміз бар. Керемет әнші еді. Алматыдағы эстрада студиясын бітірген. Республика халық артисі Лаки Кесоғұлу класында дәріс алған, ән салу мәнері ұстазынан айнымайтын еді. Әттең жол апатынан мерт болды. Артында Айгүл, Салтанат атты қос бөбегі қалды. Олар да өсті, бірі технологиялық, екіншісі педагогика институтын бітірді. Жыл сайын каникулда сонау Шымкенттен әжелеріне келіп, еркелеп жүретін еді.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2014
2014 -> Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж
2014 -> Қазақ тілі мен латын тілі кафедрасы Қазақ Әдебиеті пәні бойынша әдістемелік өҢдеу мамандығы: Фельдшер Мейірбике ісі Стамотология Курс: І семестрі: ІІ
2014 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев
2014 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2014 -> 3-деңгейлерге: а/берілген сөздерді аударыңдар
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет