« Отан тірегі – ортақ тіл» атты мақалаға талдау
(«Ана тілі» газеті, 18 – маусым, 2015)
Қазақ зиялы қауымы мемлекеттік тілдің даму мәселелерін ұдайы күн тәртібіне қойып келеді. Бұл орайда атқарушы билікпен бірігіп істелген шаруалар мен біршама жетістіктер де жоқ емес. Оның дәлелдерін мына деректерден байқауымызға болады. Егер 1992-1993 жылдары қазақ мектептеріндегі оқушылар саны 900 мыңдай болса, қазір бұл көрсеткіш 1 млн. 700 мыңға жеткен. 2014 жылы мектепке 2 млн. 600 оқушы барған. Қазақша оқитын оқушылардың үлесі республика бойынша 65,3 пайызды көрсетіп отыр. Тәуелсіздік жылдары жоғары оқу орындары студенттерінің қазақ бөлімдерінде оқитындарының үлесі де 60 пайыздан асқан. Қазақ тілінде оқитын оқушылар санының 24 жыл ішінде 2 есеге жуық артуы айтарлықтай жақсы көрсеткіш деп бағалауымызға болады. Демек, қазақ ұлты өзінің ана тіліне бетбұрыс жасай бастады. Мемлекеттік тілдегі құжат айналымы аудармамен, ілеспе хаттарды қоса есептегенде 88 пайызға жеткені де қуантарлық жайт. Бүгінде қазақ тілінде ғаламтор да кең қанат жайып, дамып келеді. Қаржы жүйесінде де мемлекеттік тілге ептеп бетбұрыс жасалынуда. Демек, мемлекеттік тілдің қалыпты, эволюциялық дамуында, баяу да болса позитивті қозғалыстар бар. Алайда елдегі тіл саясатында пәрменділік пен тиімділік тұрғысынан алғанда әлі де өзекті мәселелер жоқ емес. Оның дәлелі Қазақстан мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыруда көптеген дамыған елдерден кейін қалып отырғанын байқаймыз. Мысалы, Испания, Италия, Польша тәрізді мемлекеттерде жергілікті халықтың тілі қоғамның барлық саласында қолданылады. Сонымен бірге қажетті дәрежеде ағылшын тілі қолданылады. Оларда мемлекеттік тіл мәселесі түбегейлі шешілген, демек тілдің жойылып кетуі қаупі жоқ. Қазақстандағы мемлекеттік тіл мәселесі де осындай деңгейден көрінуі тиіс. Дамыған мемлекеттердегі тұрақтылықтың, татулықтың маңызды кепілдерінің бірі ол ортақ тілдің болуы. Ортақ тілі бар, ортақ мәдениет пен құндылықтары бар халықты бөлшектеу, мемлекеттілігін шайқалту қиын. Мысалы, ортақ қытай тілімен топтасқан Қытай мемлекеті қуатты әрі біртұтас мемлекет. Орыс тілімен топтасқан Ресей мемлекеті де күшейе түсуде. Ағылшын тілімен біртұтас болып отырған АҚШ туралы да осыны айтуға болады. Сондықтан Қазақстан халқының мемлекеттік тіл арқылы ортақ мүддеге топтасуы бұл қажеттілік. Халық орыс тілімен топтасып, қуатын арттыра алмайды. Мемлекеттік тілдің позициясын күшейтпесек, уақыттан кеш қалуымыз мүмкін.Тиімді тіл саясатын жолға қоюдың тетіктері белгілі. Алайда, меніңше, атқарушы билік осы тетіктерді жолға қоя алмай келеді. Олар: кеңсенің қазақша сөйлеуі, банк-қаржы жүйесінің мемлекеттік тілде қызмет етуі, тұрмыстық-әлеуметтік саланың, БАҚ пен жарнаманың, одан кейін бүкіл шаруашылықты ұйымдастыру мен жүргізуді толығымен қазақшалау және т.б.
Ол үшін 1995 жылы қабылданған Ата Заңымызға тілге қатысты толықтыру енгізу қажет. Конституциямыздың 7-бабындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген сөйлемнен кейін «Мемлекеттік, шаруашылық, қаржылық ұйымдар қызметкерлері мемлекеттік тілді білуі міндетті» деп толықтыру жеткілікті. Себебі 1995 жылдан бермен қарай елдің демографиялық картасы түбегейлі өзгерді. Егер 1995 жылы мемлекетжасаушы қазақ ұлты халықтың 44 пайызы болса, қазір 67 пайызға жетті. Демократияның талаптарына сәйкес кеңсе, қаржы, шаруашылық сала басшылары мен қызметкерлері мемлекеттік тілді білуі тиіс. Бұл жерде адамның құқықтары шектеліп қалмайды. Осымен қатар мемлекеттік тілдің тынысын ашып, оның дамуын жаңа деңгейге көтеруге алғышарт жасайды. Елдің басым көпшілігі болып табылатын қазақ ұлтының этникалық құндылықтарын қорғау және дамыту мәселелерін шешуге құқықтық алаң жасалынады.
Мемлекеттік тілді нығайту ұлттың бірегейленуді күшейтудің негізгі жолы болмақ. Ұлттық бірегейлену – азаматтардың ортақ мемлекеті, ортақ мақсат-мұраттарды сезінуі арқылы өздерін ортақ қауымдастықтың, саяси-әлеуметтік ұжымның бір мүшесі ретінде сезінуі. Ұлттық бірегейлену – Отаншылдық пен патриотизмнің қайнар көзі. Қазақстанда ұлттық бірегейленуге тек мемлекеттік тіл ғана құрал бола алады. Сол себепті қазақтың тілі Қазақстанның ортақ мақсаттары мен құндылықтарын насихаттайды, ұлықтайды. Орыс тіліне қазақстандық құндылықтар мен мақсат-мұраттарды таңа алмайсың. Азаматтар қазақ тілін білу арқылы, оның қолданыс аясының кеңеюі арқылы ұлттық бірегейленуді сезінеді, ұлт үшін, мемлекет үшін күресетін отаншыл, патриоттарға айналады.
Қазақ тілінің мәртебесін күшейтуде, әсіресе Парламент, Үкімет, облыс, аудан басшылары мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізіп, қазақша сөйлеуі аса маңызды. Бұл орайда елдегі мемлекеттік аппараттың, барлық кеңселердің мемлекеттік тілде сөйлеуін жолға қоятын, осыны талап ететін мезгіл әбден жетті. Үкімет басшысы, министрлер, облыс және аудан әкімдері қызметке тағайындаларда мемлекеттік тілді білу деңгейін тексеретін емтихан тапсыруын заңдастыру қажет. Бұл істің қазақ тілінің тынысын ашатын ең маңызды тетікке айналатыны даусыз. Үкімет өз мемлекеттік тілді білуді барлық шенеуніктерден талап етуді батыл қолға алуы керек. Президенттен мемлекеттік тілден емтихан тапсырғандай әрбір мемлекеттік мекеме қызметкерлерінен қазақ тілін білуді талап ету нағыз демократиялық қоғамның талабы болмақ. Осы бағыттағы толықтырулар мен өзгертулер «Тіл туралы» Заңға енгізілуі міндет.
Қазақстанда орыс тіліне шектеу қойылып отырған жоқ. Бірақ та қоғамдық қатынастардың барлық негізгі салаларында мемлекеттік тілге саналы түрде көшуді күшейту пайдалы. Бұл шара тәуелсіз Қазақстанды нығайтудың маңызды жолдарының бірі. Қазақ тілі арқылы ғана Қазақстан өзінің мемлекеттік төл бейнесін жасайды, әлемдік қауымдастықта өз тілімен ерекшеленіп тұрады. Қазақстан халқы мен билігі мемлекеттік тілді дамытуды жолға қоюды, мемлекеттің қауіпсіздігін, елдің тұрақты дамуын, тәуелсіздіктің баянды болуын жолға қою деп түсінгені маңызды. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген қағидалық парадигманы басшылыққа алу мемлекеттілікті күшейтетіні даусыз. Ал ағылшын, орыс тілдері әлемдік ғылымды, техниканы, ақпарат пен технологияны меңгерудің қосымша құралдары.
Сонымен қатар айта кетерлік мәселе, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, бұқаралық ақпарат құралдары, ғаламтор сапалы, ғылыми негізделген қазақтың төл тіліне ден қоюы маңызды. Тілдің грамматикалық, орфографиялық және орфоэпиялық заңдылықтары қатаң сақталуы тиіс. Қазір қазақ тілінің шұбарлануы, ауызекі айтылатын аймақтық ерекшеліктердің БАҚ пен газет, журналдарда орын алуы белең алып бара жатыр. Қазақтың бай тілі әлемдік ғылыми жаңалықтар терминологиясымен ұдайы байып отыруы, жаңа сөздердің әлеуметтік өмір айналымына дұрыс енгізілуін қадағалап отыру керек. Осылай ету арқылы мемлекеттік тілді ғылымның, техниканың және шаруашылық пен қаржы салаларының тіліне айналдыра аламыз. Сондықтан қазақ тілінің сапалық деңгейін нашарлататын шұбарлану, бұрмалау, қате айту үрдістерін болдырмас үшін бұған тиісті көңіл бөлгеніміз жөн. Жаңа терминдер ғылыми сараптаудан өткізілгеннен кейін ғана қоғамдық қатынастарға енуі керек. Бұл шаруа тіл зерттеушілеріне, терминкомға, сарапшыларға зор міндеттер жүктейді. Жергілікті әкімдіктер қала жарнамалары мен түрлі атауларға қазақ тілінің дұрыс қолданылуын қатаң қадағалап отыруы қажет деп білеміз. Мемлекеттік тілді дұрыс қолданбағандарға үлкен көлемде айыппұл төлетуді заңдастыратын да мезгіл жетті.
Соңғы уақытта БАҚ-тан тіл мәселесін айтып-айтып әбден шаршадық, нәтижесі жоқ деген пікірлерді жиі естиміз. Біз бұл пікірлермен мүлдем келіспейміз. Тіл тағдырлы мәселе. Әлеуметтік өзгерістер тілге ұдайы ықпал жасап отырады. Зиялы қауым мен тілшілер қоғамдық өзгерістерге сәйкес, тілдік саясатқа үнемі өзгерістер енгізіп отыруы қажет. Әсіресе, ғаламтордың әлеуметтік желілерінде қазақ тілінде дұрыс сөйлеу, әлемдік ғылыми жаңалықтар мен технологиялық инновациялар жайында ақпараттар беруді жолға қоюдан ұтарымыз көп. Орыс тілінің атқарып отырған қызметтерін қазақ тілі де атқара алатындай дәрежеге көтеру тиімді тіл саясатының қазіргі міндеті болмақ. Қазақ тілін республика халқы толықтай сөйлейтін, пайдаланатын, барлық салаларда қолданылатын тілге айналдыруымыз керек. Сонда ғана тәуелсіздігіміз нығайып, ел халқы отаншыл болып, ұлттық бірегейлену үрдісі оңға басатын болады. Ортақ мемлекеттік тілмен рухани-мәдени, саяси әлеуметтік топтасқан, ұйыған Қазақстан халқы мемлекет жасаушы қазақ халқымен бірге елді дамудың жаңа сатысына жеткізеді.
Түпкілікті мақсат Қазақстанның мемлекеттілігін сақтау және нығайту екені сөзсіз. Тіл саясаты да осы маңызды іске қызмет етуі тиіс.
Қорытынды: Қазақстанның болашағы қазақша сөйлейтін, қазақтың ұлттық құндылықтары мен мұраттарын бойына сіңірген, сонымен бірге әлемнің озық жаңалықтарын меңгерген ұрпақтардың қолында. Тіл саясатының тиімді болуы осындай өскелең, ұлтжанды, жаңашыл және іскер ұрпақты тәрбиелеуге шешуші ықпал жасауында.
Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы.
Қазақ тілі және мәдениеті
кафедрасы меңгерушісінің м.а. Қ.Қ.Нұржанова
Тақырып бойынша ұсынылады:
«Ана тілі» газеті, «Тіл» айдары
«Тілге құрмет – елге құрмет» Н. Сатубеков
« Қазақ тілі» Балтабаева Ж. Қ, Солтанғазина М.Қ
Достарыңызбен бөлісу: |