Отбасы құндылықтары және ұлттық тәрбие



бет1/3
Дата31.10.2022
өлшемі143,92 Kb.
#155909
  1   2   3
Байланысты:
Отбасы құндылықтары және ұлттық тәрбие


Отбасы құндылықтары және ұлттық тәрбие

Отбасы – барлығымыздың жүрегімізге ең жақын сөз. Ол – махаббат пен тыныштықтың, мейірім пен жарасымның, қуаныш пен мерекенің мекені. Алғаш дүние есігін ашқанымызда қым-қиғаш өмірдің салқынын сездірмей, аялы алақан мен мейірімді жүректің шуағына бөлейтін де осы жер. Осында қабырғамыз қатайып, буынымыз бекиді. Ата-анамыздың қамқорлығы мен тәрбиесінің арқасында өмірдің қатал заңына қарсы тұрудың да қыр-сырын меңгереміз. Әйтеуір, отбасының тыныштығы мен жарасымы алдағы өміріміздің көрсеткіші іспеттес. Отбасы балғын балалық шағымызда еркелігімізді көтеріп, барша қауіп пен қатерден қорғайтын, оның үстіне бар жағдайымызды жасайтын асыраушымыз болса, ержеткенде қуанғанда бөлісіп, қиналғанда дем беретін, адал ақылшымыз әрі жақын досымызға айналады. Ал қартайғанда еткен еңбегіміз бен төккен теріміздің қайтарымы ретінде қамқоршымыз болмақ. Демек, адамның жер басып өмір сүруі, қоғаммен араласуы, еңбек етуі, нығметке бөленуі тікелей отбасымен байланысты. Өйткені біздің қандай адам болмағымыз, яки қандай жағымды не жағымсыз мінездерге ие болуымыз немесе өмірдің қатал сынында сыр бермей, сыбағамызды ала алуымыздың да түпкі мәні отбасыға келіп тіреледі. Осылайша "Барлығымыздың көкейімізде қат-қабат мән арқалаған осы бірауыз сөздің астарында не жатыр? Онымен біздің байланысымыз қандай? Отбасының негізгі ерекшелігі қайсы?" деген сансыз сұрақ туындайды. Себебі ол – біздің өткеніміз, бүгініміз әрі болашағымыз. Сондықтан отбасының мәнін түсініп, тереңіне бойлау баршамыздың азаматтық парызымыз болмақ.
Отбасы – қастерлі ұғым
Үлгілі отбасын құрып, адал ұрпақ өсіру – кімнің де болса, ең бірінші алға қойған үлкен мақсаты әрі асыл арманы болса керек. Жастайынан кері идеологияның ықпалына ұшыраған не психологиялық өзгешелігі бар адам болмаса, дені осы пікірді жақтайтыны анық. Әлемдік тарихта ойып тұрып орын алып, саясат әлеміндегі талай мықтыны еріксіз мойындатқан әрі өзін «темір ханым» атандырған 1979-1990 жылдары Ұлыбританияның премьер-министрі болған әйгілі Маргарет Хильда Тэтчерден бір журналист «Өмірдегі ең үлкен жетістігіңіз не?» деп сұрағанда, ол ойланбастан «Отбасын құрып, ана болғаным» деген екен. Демек, отбасы – барлық адамзат қоғамы үшін теңдесі жоқ құндылық. Алайда, осы бір отбасы болудың өзіндік тарихы мен даму ерекшелігі бар. Сондықтан отбасы мәселесі ежелгі заман ойшылдарынан бастап бүгінгі ғалымдарды да бейжай қалдырған емес.
Отбасы мәселесін жан-жақты қарастырып, оның түпкі мәнін шешу үшін көптеген ойшылдар мен ғалымдар барынша ізденіп, тұңғиық ойдың тереңіне ұмтылды. Мәселен, әлемнің бірінші ұстазы атанған Аристотель «Отбасы – адамдардың қарым-қатынастарының ең бірінші түрі және ол мемлекеттің бірінші кішігірім бөлігі» деп санаған. Ал классикалық неміс философиясының өкілі Э.Кант отбасы мәселесін қарастыра отырып, ондағы адамдардың құқықтық мәселелеріне көп көңіл бөлген. И.Фихте «Отбасының негізі – махаббат» десе, Г.Гегель бірінші болып отбасы мен некенің тарихи формаларын көрсеткен.
ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап отбасына деген тарихи көзқарастарға байланысты ғылыми ізденістер көптеп жасалып, оның қалыптасу жолы туралы теориялар толықтырыла түсті. Оның қатарында 1877 жылы шыққан Л.Морганның «Ежелгі қоғам» атты кітабы бар. Онда отбасының тарихы, некелік қарым-қатынастар мен экономикалық, әлеуметтік дамуы және қызметін қарастырды. Одан кейінгі уақыттарда отбасы туралы маркистік философтар да көптеген еңбектер жазды. Соның бірі – Ф.Энгельстің 1884 жылы шыққан «Отбасының, жеке меншіктің және мемлекеттің шығуы» атты еңбегі. Мұнда Ф.Энгельс жанұяны тарихи категория ретінде қарап, ондағы формалардың байланысын, даму жолдарын көрсетті.
Сонымен бірге, француз ағартушысы Ж.Ж.Руссо, швейцарлық ойшыл И.Г.Песталоцци, орыс педагогтары К.Д.Ушинский, Н.К.Крупская, А.С.Макаренко,т.б. тұлғалар өз еңбектерінде отбасы тәрбиесін жан-жақты талдады. Тіптен отбасын қалай құру туралы ежелгі грек ойшылы Платон да «Адамдар отбасын құру үшін болашақ өмірдегі серігінің қандай отбасынан шыққанын, оның әке-шешесі мен ата-бабаларын жақсы білуі қажет» деген өрелі ой айтқан екен.
Ф.Энгельс жоғарыда аталған еңбегінің кіріспесінде қоғамның материалистік ұғымына сәйкес тарихтағы шешуші күш сайып келгенде өмірді тікелей өндіру және ұдайы өндіру екенін айта келіп, отбасылық өндірістің екі түрлі болатынын көрсетеді. Отбасы ретінде адамдар бірінші жағынан тіршілік қажеттіліктерін, яғни, азық-түлік, киім-кешек, баспана және оларды жасау үшін қажетті құралдар өндірсе, екінші жағынан адамның өзін өндіреді. Түсінікті тілмен айтқанда ұрпақ өсіріп, артына із қалдырады.
Л.Морганның зерттеулеріне негізделген жорамал бойынша, адамзат қоғамы тарихының бастапқы кезеңінде адамдар арасындағы некелік қатынастарға ешқандай шек қойылмаған. Ол кезде үлкендер мен жастар, балалары мен ата-аналар өзара некелене берген. Бұл адамзаттың жабайы не жартылай жабайы кезі болатын. Десе де, промискуитет (аралас) деп аталатын бұл кезеңнен кейін бір қандастар отбасы, синдиасмикалық отбасы және моногамиялық отбасы деген кезеңдер де болды.
Бір қандастар отбасы аты айтып тұрғандай, топтық некеге негізделеді. Мұнда некелесу тек бір ұрпаққа жататындар арасында ғана болатын. Бір ұрпаққа жататындардың бәрі туысқандығына қарамастан өзара некелесіп, отбасын құрған. Бұл кезеңді эндогамиялық деп те атайды. Қазіргі кезде мұндай отбасылар жоқ, бірақ кейбір халықтарда ағайынды екі адамның балаларының үйлену фактілері кездесіп тұрады. Мәселен, өзбек, араб секілді халықтарда бұл дәстүр әлі де бар.
Біртіндеп эндогамиялық принцип экзогамиялық принциппен, яғни өзара туысқандармен некелесу дағдысы руаралық некелесу формасымен алмасты. Бұл кезде бір рудың бір топ қыздары басқа рудың бір топ туысқан жігіттеріне тұрмысқа шығатын болған.
Ал моногамиялық отбасына өтудің тарихи типі синдиасмикалық отбасында көрініс тапты. Бұл тип жабайылықтан варварлыққа өту кезеңінде пайда болып, полигамиялық отбасылар кең таралды. Отбасында еркектердің құқы жоғары болды. Отбасының бұл формасының басты ерекшелігі баланың шын биологиялық әкесі белгілі болып, соның әсерімен рулық қоғамның ыдырап, жеке меншіктің дамуына, қосымша өнімнің шығуына, сөйтіп бір еркек пен бір әйелден тұратын моногамиялық отбасының тууына алғышарт жасалды. Моногамиялық отбасы да патриархалды қатынастарға негізделгендіктен отбасы басшысы ретінде еркектің рөлі зор еді. Қазіргі заманда да бір типті отбасы жоқ. Отбасылық қатынастардың формалары түрліше болуының себебі, белгілі бір қоғамның даму дәрежесімен және ондағы қоғамдық қатынастардың сипатымен анықталады. Сондықтан діни көзқарас пен ұлттық салт-дәстүрге, адамдардың таным мен түйсігіне орай отбасылардың өзгеше болуы – табиғи заңдылық.
Отбасы қандай тарихи типке жатпасын, оның негізгі қызметі бір деуге болады. Ол ең кіші бірлестік ретінде көптеген әлеуметтік функцияларды іске асырады. Ең алдымен отбасының репродуктивтік, яғни ұрпақ өсіру арқылы қоғамды қалпына келтіру қызметі бар. Одан соң өндіру мен тұтынуға негізделген экономикалық және отбасы мүшелерінің денсаулығын, материалдық игіліктермен қамтамасыз етілуін, қауіп-қатерден аман болуын, тиісті қамқорлық жасалуын қамтамасыз ететін қорғаныс функциясы бар. Одан өзге балаларды оқыту мен тәрбиелеуді жүзеге асырып, қоғамдық тәртіпке, жақсы мінез-құлыққа баулитын әлеуметтендіру функциясының орны тіптен бөлек. Тағы бір маңызды шарт ерлі-зайыптылардың бірін-бірі сүюі мен құрметтеуіне негізделген эмоциялық қызметінің де рөлі зор. Осы секілді функцияларды жүзеге асырғанда ғана нағыз толыққанды отбасының іргесі қаланбақ. Ал оның біреуі кемісе ондай отбасының қоғам үшін де, мемлекет үшін де, тіптен болашақ үшін де зардабы мол.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет