Отбасының ұрпақты тәрбиелеуде халықтық педагогикада алатын орны. Жанұяның халықтық идеялары.
«Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деген халық ұрпағының өсіп-жетілуіне, тәрбиесіне барынша жағдай жасауға тырысқан.
Ал тәрбие, тал бесіктен емес, құрсақтан басталады. Оның себебі, болашақ ана баланы бесіктен емес, құрсақтан бастап тәрбиелеуі керек. Балаға деген мейірімі, сезімі, махаббаты ананың ыстық ықыласы мен тәрбиесінен берілетін құнды дүние. Бала тәрбиесі ата-ана тәрбиесімен ұштасып жатуы тиіс. Ата-ананың бала тәрбиелеудегі мақсаты – болашақта баланың жеке тұлға болып қалыптасуына, саналы ұрпақ болып өсуіне, дұрыс білім алып жетілуіне, өмірде өз орнын табуына көмек беру. Себебі білім тәрбие арқылы беріледі.
Тәрбие жоқ жерде білім де жоқ. Тәрбие қаншалықты тереңде болса, білім де соншалықты тереңде. Болашақ білімді, дарынды, адмгершілігі мол ұрпақ үшін бұл – өте маңызды. Сол себепті де отбасының бала тәрбиесінде алатын орны айрықша.
Әрине, әрбір ата-ана өз ұлы мен қызының әдепті, саналы, иманды да ибалы, Отанының білімді азаматы мен азаматшасы болып жетілуін қалайды. Сыйластық, түсіністік, зор жауапкершілік сезімдері бар отбасы – бақытты отбасы. Бақытты отбасында ғана ата-ана және олардың өзара қарым-қатынасы мазмұнды, сенімді болады.
Иә, бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі. Қазақтың «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, тәй-тәй басып, есі кіріп, тілі шыға бастағаннан-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған дұрыс.
Болашақта ел тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары. Осы қағиданы нақты ұғынған Елбасы да «Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында» деп әрдайым айтып келеді.
Дана халқымыз «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болып өскенде оны түзете алмайсың» деп бекер айтпаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни адамгершілік секілді құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады.
Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол шешеге қарап өсіп, бой түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға –ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші – ата-ана, қала берді қоғам. Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Қоғамның алғашқы ұйытқысы отбасында бала үлкендермен араласады.
Баланың қоғамдық әлеуметтік дамуы отбасында өз орнын алуынан басталады. Жас шыбық иілгіш болса, жас адам да сондай, жақсыға да, жаманға да бірдей бейімделгіш. Халқымызда «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» немесе «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөздер тегін айтылмаған.
Ата-ана өзінің мінезі, дағдысы, сөзі, іс-әрекеті арқылы баласына үлгі көрсетеді.
«Сіздер баланы тек сөйлеген кезде ғана, оған ақыл айтқанда немесе бұйрық берген кезде ғана тәрбиелейміз деп ойламаңыздар. Сіздер оны өмірлеріңіздің әрбір минутында, тіпті өздеріңіз үйлеріңізде жоқ уақыттың өзінде тәрбиелейсіздер, сіздер қалай киінесіздер, басқалармен қалай сөйлесесіздер немесе басқа адамдар туралы қалай қуанасыздар және ренжисіздер, достарыңызбен қандай қарым-қатынаста боласыздар, қалай күлесіздер, газет-журнал оқисыздар – осылардың бәрінің бала үшін маңызы бар» депті педагог С.Макаренко.
Қара сөздер – жанұя педагогикасында кең тараған тәсіл. Халық педагогикасында қара сөз кодекстері кездеседі үлкеннің-кішіге, ұстаздың-оқушысына, халық кемеңгерінің-жастарға, әкенің-балаға арналған. Халық педагогика тәрбиесінде түрлі афоризмдер бар, оны педагогикалық категорияға қосады: бағыттаушы, алдын ала айту, сынау т.б.
Халық педагогикасында кең тараған тағы бір әдіс – үйрету. «Затты сумен жуады, баланы үйрету арқылы тәрбиелейді». Балаға үйрету арқылы үлкендер оларға тапсырма береді, оның орындалуын тексереді, мысалдар, мінез-құлық және әрекет үлгісін көрсетеді.
Сендіру – бұл тәрбие әдісін өзіне түсіндіру және дәлелдеу, яғни нақты үлгілерді көрсету жатады. Бала белгілі түсініктерден, әрекеттен күдіктенбеуі тиіс. Алдымен рухани тәжірибе жинап, кейін оны басқаруға қолданады.
Мадақтау және қолдау – бұл тәрбие әдісі жанұя тәрбиесінің тәжірибесінде кең қолданылады. Бала әрқашанда өзінің мінез-құлқына, ойына, жұмысына баға бергенді қажетсінеді. Жанұядағы ең бірінші мадақтау-ауызша мақтау және ата-ананың қолдауы. Мадақтау және қолдау балаға стимул болатын үлкен әсер береді. Халықта баланы жақсы әрекет жасауға тырысуы үшін мақтайды. Бұл жағдай балаға емес, ата-аналарына ризашылық білдіріп, мақтау берген.
Тұспалдап айту – тікелей немесе жанама, тәрбие әдісі ретінде әсер ету үшін бүкіл шығыс елдерінде қолданылады. «Қызым саған айтам, келінім сен де тыңда», – дегенге саяды.
Жеке өнеге (әсіресе, ата-аналардың) – бұл халық педагогикасында ең радикалды, ең әрекетті әдіс болып табылады. Ата-ананың рухани бейнесі, олардың еңбегі, қоғамдық әрекеті, жанұядағы өзара қарым-қатынасы, заттарға қарым-қатынасы, өнерге – бұның барлығы балаға үлгі болып табылады және олардың тұлғалық дамуына, қалыптасуына үлкен әсерін тигізеді. Халық кемеңгері бала тәрбиесінде жағымды үлгіні айтады.
Ата-ананың бата беруі – халық педагогикасында ақындық форманы алатын тәрбиенің бір түрі. Жастарға ата-ананың бата беруі, олардың болашақ өмірлік позициясына үлкен әсер етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |