Сүйектер мен буындарды қарау. Оларды зерттегенде конфигурациясына, өзгерудің бар-жоғына, ісінуіне, сипалап және соғып қарағанда ауырған не ауырмайтынына, буындардың сықырлауына, активті және пассивті қозғалыстарына көңіл бөледі. Жіті сарып ауруы кезінде бірнеше буындардың ісінуі, қызаруы байқалып, сондай-ақ оған бірінде жоғалып, екіншісінде қайталанатын ауырсыну сезімі тән. Жұқпалы полиартритте қабыну, т.б. өзгерістер біртіндеп дамып, ревматоидты артриттің соңында буындар қысаяды. Сүйектердің сынуға бейімділігі кальций жетіспеушілігінен болады. Буындарды қарап тексеруді белгілі тәртіппен жүргізуі тиіс. Әрбір буынның жалпылама көрінісін (ісінуі, қисаюы пішін өзгерісі дефигурациясы), үстіндегі терінің қызаруы мен ыстығының бар-жоғын, пальпация кезінде ауыру-ауырмауын, қозғалыс көлемін түгел анықтауымыз керек. Кей жағдайда буындардың ісінуі буынның жан-жағындағы жұмсақ тіндердің қабынуынан (периартрит, бурсит) болады, буынның бұл кезде құрылысы өзгермейді.
Аяқ-қолдарды қарап және тексеру кезінде олардың ісінуі, веналардың варикозды кеңеюі, ойықтар мен тыртықтардың бар-жоғы анықталады. Адам алақанының ұлғаюы акромегалияға тән.
Әсіресе «барабан таяқшалары тәріздес саусақтардың», яғни аяқ-қолдың тек қана соңғы фалангаларының дөңгеленіп үлкеюінің диагностикалық маңызы зор. Осы кезде саусақтардың тырнақтары сағат әйнегі тәріздес болып дөңестенеді. Бұл симптомның патогенезі осы уақытқа дейін белгісіз. Бұл белгілер өкпедегі рііңді аурулар, жүректің туа біткен ақаулары, созылмалы сепсистік эндокардит, бауыр циррозы, артерия-веноздық аневризма ауруларында жиі кездеседі.
Саусақтардың кенеттен бозаруы мен қантамырларының түйілуі – Рейно ауруы, жіті нефрит, гипертонияда болады.
Табанды қарағанда оның формасына көңіл аудару керек (майтабан). Тізе сүйектерінің әркелкі қалыңдауы периостит, кейде мерездік этиологиялы болуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |