Зертханалық жұмыстарға алдын ала дайындық. Алдымен лабораториялық жұмыстың түсіндірмесін толық оқып, жұмыстың негізгі идеясын, оның мәнісін, негізгі бөлігін бөліп алатындай болу керек. Қайта оқығанда теориялық мағлұматтарға көңіл бөліп, оны жазып алу керек. Теориялық мағлұматтар лабораториялық жұмыстардың көмекші оқу құралдарына қысқаша жазылады. Сондықтан тереңірек түсіну үшін түсіндірмеде көрсетілген әдебиеттерді оқу керек.
Зертханалық жұмысты орындау: Лабораториялық жұмыстың теориясын, негізгі мақсатын анықтап алған соң жұмысты орындауға кірісу керек. Бұл уақытта лабораториялық жұмыстың түсіндірмесінде көрсетілген приборларды жұмыс столында барма, бар болса, толық па осыны анықтап алу керек. Жетпейтін құралдарды сұрау керек. Енді құралдармен танысып оның бүлінген бүлінбегенін анықтау керек. Егер прибор бүлінген болса мұғалімге хабарлау керек. Осыдан кейін тәжірибе жоспарын жасап, оны мұғалімге көрсетіп алу керек. Жұмысты орындауға кіріскенде мына кеңесті есте ұстау керек.
1. Жұмыс орны өлшеулер жүргізуге ыңғайлы болу керек. Жұмыс қондырғысының активті элементтері қол жетерлік жерге қойылған жөн, пассивті элементтерді активті элементтермен жұмыс істегенде бөгет жасамайтындай орналастырып техникалық қауіпсіздік жағын ескеріп жұмысқа кірісуге болады.
2. Егер лабораториялық жұмыста электрлік схема болса, оларды жиып жалғастырып болған соң, мұғалімге көрсеткен соң ғана ток көзіне қосуға рұқсат етіледі. Мұғалімге көрсетпей, олардың рұқсатын алмай ток көзіне қосуға болмайды. Бұл ережені бұзған оқушыны лабораториялық жұмысты орындауға жіберуге болмайды.