Қарау кабинеті (бір немесе бірнеше болады): болжам диагнозы қойылған науқастарды дәрігерлік қарауға арналған және санитарлы-гигиеналық өңдеудің түрін анықтауға, антропометрия, термометрия қажет болса басқа зерттеулерді жүргізуге арналған кабинет.
Науқасты беті клеенкамен жабылған кушеткада жатқызып қарайды. Әрбір науқасты қабылдағаннан кейін кушетканы дезинфекциялық ерітіндіге малынған шүберекпен сүртеді. Дәрігерге ауру тарихын және басқа құжаттарды толтыруға арнайы үстел қажет.
Дәрігерге дұрыс диагноз қою үшін қосымша ақпарат қажет болады. Осы мақсатта қабылдау бөлімшесінің аумағында лаборатория, рентген-кабинеті, эндоскопиялық кабинет және ЭКГ кабинеті болуы тиіс.
Қарап болғаннан соң, диагнозы қойылғаннан кейін госпитализациялау үшін науқасты санитарлық өңдеуден өткізеді. Ол қарау, шешіну, ванна-душ бөлмесі және киіну бөлмесінен тұрады. Жанында науқас стационарда жатқан кезде артық киімдері сақталатын қойма болады.
Осыдан кейін науқасты аурухананың бөлімшесіне тасымалдайды. Бөлімшеге тасымалдау түрін дәрігер науқастың жағдайының ауырлығына байланысты анықтайды: носилкада (қолмен немесе каталкада), кресло-каталкада немесе жаяу.