Студенттерге өзін-өзі бақылау сұрақтары мен тапсырмалар:
1. Қырым-татар тілін өркендетудегі Исмаил Гаспралының рөлі.
2. Қырым-татар тілінде оғыздық белгі басым ба, әлде қыпшақтық па?
3. Қырым-татар тілінің әдебиет үлгілерін талдап, зерделе.
4. Қырым-татар тілінің ғылыми тұрғыда зерттелуі.
5. Қырым-татар және қырымшақ тілдерінің бүгінгі саяси-әлеуметтік жағдайы
6. Қырым түбегі Ресей Федерациясы құрамына кірді ме?
Құмық тілі
Құмық тілі – Дағыстан Республикасына, Шешенстанның солтүстігіне және Солтүстік Осетияның Моздок ауданына және Түркияға, Таяу Шығыстың бірқатар елдеріне тараған тіл. Қарачай-балқар, ноғай тілдерімен қатар, түрік тілінің қыпшақ тобына жатады. Құмық тілінде сөйлеушілердің саны, 2010 жылғы санақ бойынша, 426212 адамды құраған. Орта ғасырларда құмықтар Солтүстік Кавказдағы саны өте көп халық болған. Олар мекендеген кең аймақ оңтүстігінде Дербенттен, солтүстігінде Кума өзенінен және Теректің ағып шыққан бастауынан батысында жазыққа дейін созылып жатты. Құмықтар жататын тілдік топқа этногенезі, тілі, мәдениеті, діні және көп жағдайда тарихи тағдырлары ұқсас балқар, қарашай, қырым татарлары, сондай-ақ бірқатар белгілері бойынша ноғайлар мен терекемейлер – дағыстандық әзірбайжандар да енеді.
Құмық тілі моңғолдық дәуірге дейін, ХІІІ ғасырда қалыптасқан деп есептеледі. Құмық тілі Алтын Орда мемлекеті ыдырағаннан кейін де ұлысаралық қызмет атқарған. XVII ғасырдан Солтүстік-Шығыс Кавказда құмық тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде және орыс әкімшілігімен ресми тіл болып қалыптасты.
Көп ұлыстардан құралған Дағыстан мен Солтүстік Кавказды көптеген ұлттар мен ұлыстар мекен еткендіктен, олар қарым-қатынас құралы ретінде құмық тілін қолданған. Осы аймаққа келген ресейліктер де құмық тілін үйренуге мәжбүр болған. Қазіргі уақытта сан жағынан аз халық – құмықтардың тілі бір кездерде халықаралық тіл деңгейінде болғандығы, шын мәнінде, таңғаларлық.
1928 жылға дейін құмықтар араб жазуын қолданған. 1928-38 жылдары латын графикасына негізделген әліпби, 1938 жылдан кириллица қолданылады. Құмық әліпбиінде 38 әріп және 6 қосымша әріп: гъ (ғ), къ (қ), нъ (ң), оъ (ө), уь (ү), ж (дж) бар. Құмық тілінде 8 дауысты дыбыс бар: а, е, ы, и, о, оь, у, уь, кейбір, негізінен, кірме сөздерде дауысты ә дыбысы кездеседі.
Қазіргі құмық алфавиті:
А а, Б б, В в, Г г, Гъ гъ, Гь гь, Д д, Е е, Ё ё, Ж ж, З з, И и, Й й, К к, Къ къ, Л л, М м, Н н, Нг нг, О о, Оь оь, П п, Р р, С с, Т т, У у, Уь уь, Ф ф, Х х, Ц ц, Ч ч, Ш ш, Щ щ, Ъ ъ, Ы ы, Ь ь, Э э, Ю ю, Я я.
10 сөз табы бар: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, жалғаулық, демеулік, одағай, көмекші сөздер.
Грамматикалық текке бөлінбейді. Көптік жалғау -лар (-лер) жалғауы арқылы жасалады. Септеу жүйесі алты септіктен тұрады. Сөзжасамның негізгі тәсілдері: қосымша арқылы, күрделі сөздер арқылы.
Құмық тілі мынадай бес диалектіден тұрады: хасавюрт, бойнақ, қайтақ, таулы және тер.
Қазіргі құмық әдеби тілі хасавюрт және бойнақ диалектілерінің негізінде қалыптасқан. Құмық диалектологиясының ғылым ретінде негізін қалаған көрнекті түрколог-ғалым Н.К. Дмитриев.
Құмық тілін білу шетелдерде, бірқатар Шығыс елдерінде тұратын әзірбайжан, ұйғыр, өзбек, қазақ, түрікмен халықтарының өкілдерімен де қарым-қатынас жасауға септігін тигізеді.
Құмық тілін білген адам Шығыс тарихы мен мәдениетімен терең танысып, түпнұсқаларды оқи алады. Құмық тілінде жазылған жазба ескерткіштер ХVІ ғасырдан белгілі болған.
Құмықтар – Дағыстан Республикасының байырғы халықтарының бірі, Солтүстік Кавказдағы түркі халықтары ішіндегі біршама ірі ұлтқа жатады. Дағыстан халықтары арасында саны бойынша 3-орында, Ресей Федерациясында – 503,1 мың адам, оның 431,7 мыңы (14,9%) – Дағыстан Республикасында. Дағыстандағы құмықтардың жартысы (51%) ауылдық аймақтардағы Қарабудахкент, Бойнақ, Кумторқалы, Бабаюрт, Қыякент, Хасавюрт, Қызылюрт және Қайтас сияқты сегіз ауданға таралған. Барлық құмықтардың жартысына жуығы Махачкала, Бойнақ, Хасавюрт т.б. қалаларда және қала типтес елді мекендерде, қалалық елді мекенге айналған бұрынғы құмық ауылдарына топтастырылған. Құмықтар ежелден осы өлкенің құнарлы жазығын мекендеген. Дағыстаннан тыс Ресейдің басқа аймақтарында 71 мыңға жуық адам, яғни Ресей Федерациясындағы құмықтардың 14%-дан астамы тұрады.
Біріншіден, тарихи ежелгі этникалық территориялары Шешен Республикасының Гудермес және Грозный аудандарында (9 мың адамға жуық) және Солтүстік Осетия – Алания Республикасының Моздок ауданында (13 мыңға жуық адам) үлкен-үлкен топтармен өмір сүруде. Екіншіден, құмықтардың елеулі бөлігі соңғы онжылдықта Ресей Федерациясының Ставрополь өлкесіне (6 мың адамға жуық), сондай-ақ Тюмень облысына (12 мың адамнан астам), Югра – Ханты-Мансий автономиялық аймағына (10 мың адамға жуық), Ямала-Ненец автономиялық аймағына (3 мың адамға жуық) қоныстанды.
Достарыңызбен бөлісу: |