Пайдалануға тиісті әдебиеттер:
А.Байтұрсынұлы. Тіл тағылымы, А., 192, 154-бет.
Қ.Жұбанов. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер, А., 1966, 138, 140 – бет
С.Мырзабеков. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі, А., 1999, 29, 31-бет.
К.Аханов. Тіл білімінің негіздері, А., 1978, 225-230 беттер.
Б.Құлмағамбетова, С.Мұқашев. Қазақ тілі, А., 1984, 8, 10-бет.
Лекция №7.
Тақырыбы: Ерін дауыстыларының ерекшеліктері.
Жоспар:
Дауысты дыбыстардың жасалу жолдары.
Дауысты дыбыстрадың жіктелуі.
Ерін дауыстыларын айтудағы резонаторлық мүшелер.
Ерін дауыстыларының құрамы.
Сабақтың мақсаты: Ерін дауыстыларын түсіндіру. Қазіргі қазақ тілінде 9 жалаң дауысты (монофтенг) дыбыс бар екендігі ғылыми еңбектерден мәлім. Атап айтқанда: а, е, ы, і, ә, о, ө, ү, ұ. Бұлардан басқа екі қосымша қосынды (дифтенгоид) дауыстылар бар, олар: и, у.
Жалаң дауыстылар езу мен еріннің қатысына қарай езулік және еріндік болып жіктеледі. Дыбыстарды айтуда ерін мен езудің қызметі ерекше болатынын барлық ғалымдар мойындаған. Солай десек те, екеуінің қызметі бірдей емес. Кейбір дыбыстарды айтқанда, тек ерін ғана қытысып отырса, екінші біреулерін айтқанда, езудің қызметі айрықша болады. Осыған байланысты жалаң дауыты дыбыстар еріндік және езулік болып екі салаға бөлінеді. Тек қана еріндік пен езулік емес, дауысты дыбыстарды (вокализм) алғаш сөз еткендер Н.И. Ильминский, П.М. Меморинский, В.В. Радлов болып есептеледі. (Н.И.Ильминский. материалы к изучению киргизского наречия. Ученые записки императорского Казаньского университета за 1860-1861 г., ч.1. фонетик и этимология, СПБ, 1894, В.В.Радлов. Фонетика (вокализм)) тюркских языков, Лейпциг, 1892.
О фонемасы еріннің дөңгеленуі арқылы айтылады. Бұл фонеманы айтқанда иек а-ны айтқандағыдай гөрі жоғарырақ көтеріледі де, ал ы-ны айтқандағыдан гөрі төменірек түсіп (яғни ауыз кеңірек ашылып) тұрады; айтымды, бірақ тіл кейін жиырылып тұрғандықтан, жуан дауысты дыбыс болады. Бұл фонема қазақ тіліндегі төл сөздерінің тек бас буынында ұшырайды, еш уақытта ол төл сөздердің екінші буындарында кездеспейді. Бота орақ, қолдар, молшылықтың дегенде, кейінгі буындарды еш қайсысында естілмейді де, жазылмайды да. Бірақ түркі тілдерінің кейбіреулерінде алғашқы буындағы – ның ықпалымен екінші буында да келе береді, мысалы, қырғыз тілінде – қолдар, орақтар ; кейде (ауыз екі тілде ) орыс тіліндегі дыбыс, қазақтың айтуында түріне айналып кетеді, қырғыз тілінде де осы тәрізді ( И.А Батпанов. Фонетическая система, Фрунзе, 1946,28-бет ) . Мысалы, орыс тілінің сөзі қазақ тілінде айтылуда, көбінесе сот түрінде кездеседі. Орыс және басқа тілдердің әсерінен қазақ әдеби тілінде интернационалдық сөздердің қай буынында болса да келе береді:кино бнеро, польша, кимано, трио, коллоквиум т.б. О фонемасы – –ның жіңішке сыңары ( корреляциясы ) ретінде қолданылады, екінші сөзбен айтқанда Ө тіл сәл ілгері жылжыңқырап жатуынан пайда болады, ол ерін, иек артикуляциясы жағынан о мен ө бір келкі жасалады. Ө фонемасының жіңішкелігі ә(э) тәрізді деуге болады. Бұл екеуінің айырмашылығы ө - ерін дыбысы, ә - езу дыбысы екендігінде. Ауызекі тілде ө сөздің екінші буынында да кездесе береді. Бас буында Ө,Ү болса, екінші буындағы е айтылуда ө-ге айналып кетеді; өте, күрек сөздері өтө, күрөк түрінде айтылады. Осы сөздердің екінші буынындағы е фонемасы ө - мен ауысының себебі: е мен ө - нің тіл қатысы жағынан да (екеуі де біркелкі жіңішке) бір-біріне жуық, ө фонемасы ешбір жағдайда өзге дыбыстарға комбинаторлық вариант бола алмайды. Тек е – нің жоғарғы жағдаятта, кейде, ө -мен ауысып кетуін (онда да фонематикалық түрде болмауын) еске алмағанда, ол үнемі о – ның жіңішке сыңары болуын айрықша атап кету керек: сол-сөл, тол-төл, тоқ-төк.
Ұ фонемасы да ерін дауыстысына жатады, оны айтқанда, ерін о, ө фонемаларын айтқандағыдан гөрі сәл сүйірленіп тұрады, бірақ артикуляциясы жағынан бұл фонеманың о –дан айырмасы жоққа таяу: екеуі де жуан дауыстылар тобына жатады. Ұ фонемасы қысаң дауысты, өйткені ол иектің жоғары көтерілуінен (ауыздың келте ашылуынан) пайда болады. Ұ фонемасы да сөздің бас буынында кездесіп отырады. Еріндік дауыстылар: а, ө, ұ, ү, у.
Пайдалануға тиісті әдебиеттер:
Қ.жұбанов. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер, А., 1966, 179, 180-бет.
К.Аханов. Тіл білімінің негіздері, А., 1978, 219 –бет.
І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев. Қазіргі қазақ тілі, А., 1979, 228 - бет.
І.Кеңесбаев. Қазақ тіл білімі туралы зерттеулер, А., 1987, 268-бет.
Лекция №8.
Тақырыбы: Қазақ тіліндегі езу дауыстылары, орфография.
Жоспар:
Дауысты дыбыстардың жасалу жолдары.
Дауысты дыбыстардың жіктелуі.
Езу дауыстыларын айтудағы резонаторлық мүшелердің қызметі.
Езу дауыстыларының құрамы мен табиғаты.
Сабақтың мақсаты: Езу дауыстыларын түсіндіру.
Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстар жүйесінің басқа түркі тілдернідегі дыбыстар жүйесімен ортақ та ерекше де жағдайлары бар екендігі мәлім.
Күрделенген вибрациялық қимылдың нәтижесінен өзінің ырғағы, күші, әуеніне қарай дыбыстар әр түрлі болады.
Қазақ тілінің а фонемасы (ыңғайына қарай ә фонемасы) дауысты дыбыстардың ішіндегі мейлінше ашық айтылатын түріне жатады. Бұл фонема ауыздың мол ашылуынан пайда болады. Иектің төмен түсуі арқылы дыбысталады. Езу дауытыларына жататын: а, ә, е (э), ы, і, и бұл фонема тілдің кейін қарай жиырылуы арқылы дыбысталады. Сондықтан жуан дауысты дыбыс деп аталады. Бұл дыбысты айтқанда, еріннің сүйірленбей, керісінше, тартылуы арқылы дыбысталатындықтан, оны езу дыбысы, езу дауысты дыбысы дейміз.
Бұл фонема сөздің барлық жерінде (шенінде) кездесе береді;а фонемасы сөз ішінде әрі тиянақты, әрі жиі кездесіп отырады. Көп буынды сөзде біркелкі а күңгірттеу естіледі, шағалалар, қалалар сияқты сөздердің екінші буынындағы а өзге буындардағы а – ға қарағанда, күңгірттеу естілетін сияқты, ал балалар сөзіндегі -ла буыны ауызекі тілде редукцияланып, балдар немесе балалар түрінде де айтылады. Бұл фонема сөздің барлық шенінде кездесе береді. А фонемасы түбір тұлғалы сөзде де, туынды түбір тұлғалы сөзде де кездесе береді. Жұрнақтардан бөлек, екі түрлі жалғауда: көптікте (қала – лар, ат - тар), септікте (барыста: қала – ға, қалаң – а, жатыста: қалаң – да, шығыста: қала – дан, қалаң - нан) ұшырайды.
А фонемасы жуан дауысты дыбыстардың (а, ы, о, ұ, жуан у) қай-қайсысының да соңынан келе береді. (толығырақ мәліметті “Дыбыстардың үндесуі” деген тараудан аласыз). Ерін үндестігі күшті қырғыз, алтай т.б. түркі тілдерінен қазақ тілінің бұл жөніндегі айырмасы: ерін дауыстыларының жуанынан соң а айқын естіліп, жиі кездесіп отырады.
Қазақша Қырғызша Алтайлықша
Қойлар Қой+лор Қой-лор
Қояндар Қоен-дор Қойон-дор
Қол-дар Қол-дор Қол-дор
Жолдас-тар Жолдош-тор дьолдош-тор
Құлын-дар Құлұн-дор кулун-дор
Қазақ тіліндегі а қырғыз тілінің а фонемасына қарағанда айқынырақ естіледі. Себебі қырғыз тілінде а фонемасының қазақ тіліндегі ашық дауысты жіңішке а фонемасындай корреляциясы (сыңары) жоқ. Қазақ тілінде негізгі морфемада (түбір сөзде) а фонемасы кейде ә - мен ауысып отырады, мұның фонемалық үлкен мәні бар (ал - әл, сат – сәт, сан – сән, дал – дәл, нан – нән, тан – тән, ар -әр, ай - әй).
Қосымшаларда а фонемасы е – мен ауысып отырады; е фонемасының а – ға комбинаторлық түрде алмасуына мысалдар: колхоздар – сөздер, тауға – үйге, тауда – үйде, колхозыңа – сөзіңе, таудан – үйден, қазақша - өзбекше, құлыншақ - інішек, сандықша – көрпеше.
Ә фонемасы а тәрізді, ауыздың мол ашылуынан (тіл мен иектің төмен түсуінен) пайда болатындықтан, ашық дауысты болып есептеледі, ерін қатысы жағынан да а - дан айырмасы жоқ; еріннің сүйірленбей таралуы арқылы дыбысталатындықтан аны да езу дыбысы дейміз. Бұл фонеманың а – дан айырмасы жасалу орны жағынан: а тілдің кейін жиырылуы арқылы айтылады, ә тілдің ілгері (алға қарай) созылуы арқылы айтылады. П.М.Мелиоранский ә (а) фонемасы а мен е- нің аралығынан айтылады деп түсінеді. Олай болғанда ә фонемасы а – ға қарағанда қысаң болса керек еді, сондықтан бұл пікірмен келісуге болмас.
Ә қазақ сөздерінің бас буынында (әсем, әсер, Мәлік, тәрбие, әлдеқашан) ұшырайды, екінші буынында сирек кездеседі, акустика жағынан көмескіленіп тұрады.
Қазіргі қазақ тілінің жазу жүйесі бойынша екінші буында дүдамалданған ә көбінесе а түрінде жазылады (кітап, тілмар). Е (э) ауыздың орташа шамасы ашылуынан (тіл мен иектің шамалы төмен түсуіменен) пайда болады. Бұл фонема сөздің барлық буындарында келе береді.
... Орфография: 1. жазба тілде пайдаланылатын біркелкі жазудың тарихи қалыптасқан жүйесі; 2. біркелкі жазуды қамтамасыз ететін ережелер жүйесін жасайтын және зерттейтін тіл білімінің саласы.
Ережелер жүйесі: 1. дыбыстарды әріппен беру, сөз және оның мағыналық бөлшектерін жазу, 2. сөз және оның мағыналық бөлшектерін жазу, 3. сөздерді бірге, бөлек, дефис арқылы жазу, 5. бас әріпті пайдалану, 6. тасымалдау сияқты мәселелерді қамтиды. Орфография үш түрләі принципке сүйенеді.
Пайдалануға тиісті әдебиеттер:
А.Байтұрсынұлы. Тіл тағылымы. А., 1992, 147, 149- бет
А.Айғабылов. Қазақ тілінің морфологиясы. А., 1995, 8-10 беттер
Б.Қалиев. Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың редукциясы, А., 1987, 8, 14 –бет
Х.Досмұхамбетұлы, .Аламан, А., 1991, 17-21 бет
М.Бектұров, М.Серғалиев. Қазақ тілі, А., 1994, 16 – бет
Лекция №9
Тақырыбы: Қазақ тіліндегі дыбыстардың акустикалық қызметі.
Жоспар:
Дыбыстың жасалу жолдары.
Акустика туралы түсінік.
Акустикалық ерекшліктер.
Акустика орфоэпия.
Сабақтың мақсаты: Студенттерге дыбыстың акустикасын түсіндіру.
Акустика – грек тілінің акустикос – “естілу” деген сөзінен жасалған термин. Дыбыстың жалпы теориясын физиканың акустика деп аталатын саласы зерттейді. Акустикалық тұрғыдан алғанда, дыбыс қандай да болсын бір дененің белгілі бір ортада тербеліп қозғалуының нәтижесінде пайда болады да, одан соң барып құлаққа естіледі. Дыбыс өтетін орта - ауа кеңістігі. Ауа кеңістігінсіз ешбір дыбыс жасалмайды. Акустика дыбыстардағы мынандай белгілерді ажыратады: дыбыс ырғағы, дыбыс күші, дыбыс әуені, дыбыстың созылыңқылығы.
Дыбыс ырғағы уақыт мөлшерінің ішіндегі дірілдің санына байланысты болады. Дірілдің саны неғұрлым көбейе берсе дыбыстың ырғағы соғұрлым өсіп күшейе береді, керісінше, дірілдің саны азайған сайын дыбыстың ырғағы солғындап әлсірей береді. Адамның құлағы бір секунд ішіндегі 16 - дан 20000 –ға дейінгі дірілдің нәтижесінде пайда болған дыбысты қабылдап ести алады.
Сөйлеу тілінде айтылатын дыбыстардың түрлеріне және олардың эмоциялық бояуы мен экспрессивтік қызметіне қарай өзгеріп отырады. Интонация немесе мелодия деп айтылатын құбылыс ырғаққа, атап айтқанда, сөйлеу үрдісінде ырғақтың өзгеруіне байланысты. Дыбыс ырғағының өзгеруі екпінге қатысты құбылыстарды да, әсіресе, музыкальды екпінге ие тілдерде, швед тілінде, айрықша қызмет атқарады (М.И.Матусеевич. Введение в общую фонетику, М., 1959, 19-бет).
Дыбыс күші дірілдің қарқынына байласына болады. Егер дірілдің амплитудасы (латын тілінің “кеңдік” , “көлемділік” деген мағынадағы сөзінен алынған), яғни қарқыны неғұрлым көбейе түссе, дыбыс күші де соғұрлым ұлғайып, күшейе береді. Мұны шекті аспатардан да айқын аңғаруға болады. Сөйлеуде дыбыс күші екпінмен қарым-қатынасқа түседі. Дыбыс күшінің тіл-тілдің ішінде динамикалық екпінге ие тілдерге қатысты, атқаратын қызметі басым болады.Дыбыстың созылыңқылығы дірілдің санымен қоса дыбыстың созылу уақытына (ұзақ я қысқа болуына( байланысты. Орыс тілінде екпінсіз буындағы дыбысқа қарағанда, екпін түскен буындағы дауысты дыбыс созылыңқы, ашығырақ айтылады. Көптеген тілдерде, мысалы , қырғыз, ойрот , түрікмен, хакас, тува, неміс, ағылшын, француз тілдерінде екпін созылыңқы дауыстыға да, қысқа айтылатын дауыстыға да түсе береді.
Дыбыс әуені (тембр) туралы мәселе дыбыс дірілінің түрлерімен байланысты. Дыбыс толқынын тудыратын дірілдің қозғалысы күрделі болады. Ол негізгі тон мен бірнеше көмекші тонның қосндысынан жасалады. Көмекші тон парциалды (лат-частичный , отдельный) немесе обертон (неміс тілінің “жоғары тон” деген сөзінен алынған) деп аталады. Дыбыстың әунеі осы айтылған обертондардың санына және олардың дыбыс ырғағы, дыбыс күші , жағынан негізгі тонмен ара қатынасына байланысты болады. Дірілдің өзі түрліше болуы . Дірілдің ритмикалы және ретмекалы емес деп аталатын түрлері бар. Егер дірілдің саны уақыт еденицасының бойында ( әдетте бір секундтың ішінде) өзгермей, тұрақты болып қалса, ондай діріл ритмикалы діріл (немесе біркелкі діріл ) деп аталады. Ал егер уақыт еденицасының бойында дірілдің саны өзгеретін болса, ондай діріл ритмикалы емес діріл (немесе біркелкі емес діріл ) деп аталады. Ритмикалы дірілдің нәтижесінде тон жасалып пайда болады. Бұған сөйлеу кезінде ауыз қуысы мен мұрын қуысын толтырып тұратын дауыс шымылдығы мен ауаның дірілі жатады. Ритмикалы емес дірілдің нәтижесінде салдыр пайда болады. Бұған еріннің, тілдің кішкене тілдің дірілі және сөйлеу мүшелерінің біріне-бірінің жуықтасып немесе түйісіп тұруынан жасалған дыбыстар жатады.
Егер ритмикалы болса, онда дыбыстың толқын музыкалы тонның пайда болуына әкеледі де, ритмикалы болмай, үзілмелі болса, салдырдың болуына әкеледі.
Сөйлеу тілінде әуен (тембр) туралы ұғым, ең алдымен, дауысты дыбыстар туралы мәселемен байланысты.
Пайдалануға тиісті әдебиеттер:
К.Аханов. Тіл білімінің негіздері, А., 1978, 216-бет
К.А.Бейсенбаева. Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы, А., 1973, 18-21 бет
Ғ.Әбуханов. Қазақтілі, А., 1967, 32 – бет
М.Джусупов. Звуковые системы русского и казахского языков, Т., 1991, 21-24 беттер
Лекция №10
Тақырыбы: Дыбыстау мүшелерінің қызметі және орфоэпия
Жоспар:
1. Дыбыс туралы түсінік.
2. Дыбыстау мүшелерінің құрамы.
3. Тіл дыбыстарының жасалуында дыбыстау мүшелерінің қызметі.
4. Дыбыс құраудың белсенді мүшелері.
Мақсат: Дыбыстау мүшелерінің ұызметін түсіндіру.
Тіл дыбыстарын және олардың артикуляциялық жағын түсіну үшін дыбыстау мүшелерімен олардың әрқайсысының қызметін жете білу керек. Дыбыстау мүшелерінің қатарына төмендегі мүшелерді жатқызуға болады: өкпе, тамақ, көмей, дауыс шымылдығы, тамақ қуысы, ауыз қуысы, мұрын қуысы, тіл, кішкене тіл, таңдай, тіс, ерін, езу, иек т.б. Дыбыстау мүшелерінің жиынтығы сойлеу аппараты деп аталады.
Тіл дыбыстары өкпедегі ауаның сыртқа шығуынан жасалады. Бірақ олар өкпедегі ауаның жай ғана шыға салуынан жасалмайды, ол үшін сойлеу аппаратының қатысуы шарт. Анығырақ айтқанда, тіл дыбыстары өкпедегі ауаның сойлеу аппаратының қатысуы арқылы сыртқа шығуынан жасалады. Дыбыстау мүшелері ауа жүретін каналдың (дыхательный канал) бойына орналасқан. Өкпеден шыққан ауа тыныс алатын кеңірдектің өкпеге қосылатын тарамдарынан (бронхи) тамаққа, одан көмейге, көмейден жұтқыншақ қуысына келеді, одан әрі ауа не мұрын қуысы, не ауыз қуысы арқылы өтеді.
Дыбыстарды айтуда, әсіресе, дауыс шымылдығы мен тіл айрықша қызмет етеді. Дауыс шымылдығы көмейде орналасқан болады. Дауыс шымылдығының керіліп тұруынан діріл пайда болады да, үн шығады. Егер дауыс шымылдығы жиырылып тұрса, онда діріл пайда болмайды, сол себептен үн де шыға алмайды. Дауысты дыбыстар осы аталған дауыс шымылдығының дірілінен пайда болады.
Көмейдің үстіңгі жағында жұтқыншақ қуысы болады. Ол ауыз қуысы және мұрын қуысымен жалғасып жатады. Дыбыстардың айтылуында ауыз қуысы мен мұрын қуысы резонаторлық қызмет атқарады. Кейбір үнді дауыссыздар (м, н, ң) мұрын қуысы арқылы жасалады. Дыбыстардың басым көпшілігінің жасалуында, әсіресе ауыз қуысы айрықша қызмет атқарады. Ауыз қуысындағы мүшелердің ішінде ең басты қызмет атқаратын мүше тіл болып табылады. Тілдің бірде ілгері, бірде кейін жылжуынан, бірде жоғары көтеріліп, бірде төмен түсуінен, сондай-ақ оның артқы және орта шенінің немесе ұшының қимылынан әр түрлі дыбыстар жасалады. Мысалы, тілдің ұшы жоғарғы тіске тиюінен тіс (немесе денталь) дыбыстары (т, д,...) ал тілдің артқы шенінің артқы таңдайға тиюінен немесе жуықтауынан тіл арты дыбыстары (қ, ғ, к, г) жасалады.
Тіл дыбыстарының артикуляциясына айрықша қатысы бар дыбыстау мүшелерінің бірі – ерін. Еріннің дауысты дыбыстардың (а, ә, у, ұ,...) жасалуында да дауссыз дыбыстардың (м, п, б) жасалуына да қатысы бар. Еріннің сүйірленіп дөңгеленуінен еріндің дауыстылар (о, у, ө, ұ, ү) жасалса, екі еріннің өзара жымдасуынан ерін дауыссыздары немесе билабиаль дыбыстар (м, б, п) жасалады. Астынғы еріннің үстінгі тіске тиюінен немесе оған жуықтауынан лабиальденталь дыбыстар (ф, в) пайда болады. Тіл дыбыстары дыбыстау мүшелері арқылы жасалады. Дыбыстау мүшелерінің әрқайсысының белгілі бір қызметі болады. Бірақ олардың әрқайсысының қызметі өз алдына жеке дара болмай, бірінің қызметі екіншісіне бағынышты және өз ара тығыз байланысты болады. Тіл дыбыстарын анықтауда, оның жасалуында дыбыстау мүшелерінің қызметі атап айтарлықтай екені, дыбыстау мүшелерінің қызметінсіз тіл дыбыстары құралмайтыны, жасалмайтыны дәлелді қажет етпейтін мәселе екені айдан анық. Себебі тіл дыбыстары сойлеу аппаратының қызметінсіз тіл дыбыстары жасалмайтыны белгілі. Ал тіл дыбыстары жасалмаса, сөз, сөйлеу мүлде болмайды.
... Орфоэпия дұрыс сөйлеу, дұрыс айту деген мағынаны білдіреді. Сөздердің бірізді айтылуы қалыптасқан болса, қатынас құралы да солғұрлым жетіліп, кемелдене түсуі ақиқат. Сөздің бірізді айтылуы тілдік қатынасты жеңілдетеді. Қазіргі тіл білімінде алғашқы кезде жазу нормаларын қалыптастыруға көп көңіл бөлінді де, орфоэпия мәселесі елеусіз қалды. Қазақ орфоэпиясының негізі үндестік заңдарда жатыр. Үндестік заңдары дұрыс меңгерілсе, орфоэпияға кең жол ашылады. Орфоэпияға соңғы кезде ғана көңіл бөліне бастады.
Әдебиеттер:
1. Ғ.Әбуханов. Қазақ тілі, А., 1967, 34-бет.
2. Н.Сауранбаев. Қазақ тілі, А., 1953, 28-бет.
3. Р.Сыздыкова. Сөз сазы, А., 1983, 18-бет.
4. Джунисбеков А. Сингармонизм в казахском языке, А., 1980, 24-бет.
5. Қайдаров А. Структура адносложных корней и основ казахского языка, А. 1986, 7-бет.
Лекция №11
Тақырыбы: Қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстар
Жоспар:
1. Дыбыстардың жіктелуі.
2. Дауссыз дыбыстардың құрамы.
3. Дауссыз дыбыстардың жасалуында дыбыстау мүшелерінің қызметі.
4. Дауссыз дыбыстардың дауысты дыбыстармен байланысы.
Сабақтың мақсаты: дауссыз дыбыстардың жасалу жолдарын түсіндіру.
Қай тілде болмасын, дауысты дыбыстарға қарағанда дауыссыз дыбыс көп болып келеді. Дауысты дыбыстар мен салыстырғанда дауыссыз дыбыстардың классификациясы (жіктелуі) әлдеқайда күрделі болып келеді. Сондықтан дауыссыз дыбыстарды сипаттап мінездеме беру және оларды топтастырып классификация жасау акустикалық жақтан да, артикуляцялық жақтан да көптеген жайларды есепке алуды керек етеді.
Дауыссыз дыбыстардың кейбіреулері дауыстың (үннің) қатысуымен жасалса, бірсыпырасы дауыстың қатысуынсыз жасалады. Осыған байланысты дауссыз дыбыстар екі топқа бөлінеді: оның бірі – қатан дауыссыз дыбыстар, екіншісі – ұяң дауыссыз дыбыстар. Қатаң дауыссыз дыбыстар деп дауыстың қатынасынсыз жасалған дауыссыздарды айтамыз да, ұяң дауыссыздар деп дауыстың қатысуымен жасалған дауыссыз дыбыстарды айтамыз.
Егер дауссыз дыбыстарды айтқанда, дауыс шымылдығы жиырылып қысылмаса және дауыстың (үннің) қатысы болмаса, онда қатаң дыбыстар жасалады: қ, к, т, п, с, т.б. Егер дауыссыз дыбыстарды айтқанда, даус шымылдығы үн шығарарлық қалыпта болса, онда ұяң дыбыстар жасалады: ғ, г, д, б, з, т.б.
Қатаң дауыссыздар мен ұяң дауыссыздар түрлі тілдерде дауыстың (үннің) қатысу немесе қатыспауы жағынан ажыратылады да, өз ара жұп – жұбымен айтылады. Тіл – тілде қатаң дауыссыздардың ұяң сыңарлары, керісінше, ұяң дауыссыздардың қатаң сыңарлары бар: қ – ғ, к – г, п – б, т – д, с – з, ф – в, т.б. Қатаң дауыссыздар мен ұяң дауыссыздар бір-бірінен үннің бірінде болуы, екіншісінде болмауы жағынан ғана емес, сонымен бірге салдырдың қатысы жағынан да ажыратылады. Атап айтқанда, қатаң дауыссыздарда салдыр басым болады. Осыған орай, ұяңдарға қарағанда қатаң дауыссыздарда ауаның қарқыны басым болады. Сондықтан қатаң дауыссыздар, кейде қарқынды немесе күшті дауыссыздар деп те аталады. Ұяң дауыссыздарды айтқанда ауаның қарқыны қатаң дауыссыздарға қарағанда баяу болады. Осымен байланысты ұяң дауыссыздар әлсіз дауыссыздар деп те аталады. Алайда бұл екі құбылыс тілдің бәрінде қабысқан күйінде ұшырай бермейді. Кейбір тілдерде құлаққа қатаң дыбыс түрінде де, ұяң дыбыс түрінде де естілетін дауыссыз дыбыстардың айрықша бір түрі кездеседі. Бұлай болатындығы олар даустың қатысу белгісі жағынан қатаң дауыссыздардың қатарына енеді де, ауа қарқынының дәрежесі жағынан ұяңдардың қатарына енеді. Дауыссыздардың және неміс тілінің кейбір диалектілерінде кездеседі (М.И.Матусевичтің еңбегінде, 38- бет).
Дауыссыз дыбыстар жұмсақ таңдайдың қалпына қарай ауыз жолды және мұрын жолды дауыссыздар болып екіге бөлінеді. Егер жұмсақ таңдай жоғары көтеріліп, жұтқыншақтан мұрын құысына баратын кіре беріс жолды жауып тұрса, онда ауа ауыз қуысымен өтеді де, осының нәтижесінде ауыз жолды деп аталатын дауыссыздар (б, д, ... т.б.) жасалады. Егер жұмсақ таңдай төмен түсіп, жұтқыншақтан мұрын қуысына баратын кіре беріс ашық болса, онда ауа мұрын қуысынан өтеді де, осының нәтижесінде мұрын жолды деп аталатын дауыссыздар жасалады (м, н, ...).
... Графика тек әріптерде ғана емес, пунктуцияға да елеулі мән береді. Пунктуация:
алфавиттен тыс белгілердің (тыныс белгілерінің) графикалық жүйесі. Пунктуация гың өзі графикамен орфографиямен бірге жазудың негізгі құралы болып табылады.
тыныс белгілерін қою ережелерінің жиынтығы.
мәтінге тыныс белгілерін қою.
тыныс белгілері.
Тыныс белгілері де әріптер сияқты жазбаша тілдің элементтері болып есептеледі, ауызша тілді дұрыс жеткізуге қызмет етеді.
Әдебиеттер:
1. Ғ.Әбуханов. Қазақ тілі, А., 1967, 34-бет.
2. К.А.Бейсенбаева. Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы, А., 1973, 24-бет
3. А.Бйтұрсынұлы. Тіл тағылымы, А., 1992, 47-бет.
4. Ж.Аралбаев. Қазақ фонетикасы бойынша этюдтер, А., 1988, 44-бет.
Лекция №12
Тақырыбы: Қазақ тіліндегі үнді дауыссыздар
Жоспар:
1. Дауыссыз дыбыстардың жасалу орнына қарай жіктелуі.
2. Ұяң дауыссыздардың табиғаты.
3. Үн мен салдырдың үнді дауыссыздардағы қызметі.
4. Үнді дауыссыздарының өзіндік ерекшелігі.
Сабақтың мақсаты: студенттерге үнді дауыссыз дыбыстарын түсіндіру.
Тіліміздегі дауыссыз дыбыстардың бір тобы үнді дауыссыздары болып келеді. Қатаң және ұяң дауыссыздарға қарағанда, л, м, н, ң, р, й, у дыбыстарының құрамында салдырдан гөрі үн басым келеді.
Р фонемасы тіл ұшы альвеолға нық тиіп, фонациялық ауа қарқынды шығу арқылы жасалады. Сөз ортасында р бір рет дірілдейді де, сөз аяғында көбіне екі рет дірілдейді. Сондықтан бұл фонеманы вибрациялық (діріл) фонема дейміз. Бұл фонема сөз ортасы мен сөз аяғында көп ұшырайды. Бұрынғы түркологтар айтқандай, р сөз басында кездеспейді деуге болады. Осының салдарынан өзге тілден ауысқан р-дан басталуға тиісті сөздердің алдынан ы немесе і дыбыстары қосылып (протеза) отырады, не болмаса кейде ұ,ү,о тәрізді дыбыстар селбесіп тұрады. (Орыс тілінен ауысқан жаңа сөздердегі басқы р фонемасын айтқанда қазақ тілінде сол орысша айтылу нормасын сақтауға дағдыланудамыз). Мысалы, (ы)рахмет, (ы)рас, (ы)рай, (і)рет, (ұ)рұқсат. Практикалық жазуда протеза ретінде қосылып тұрған дыбыс (дауыстылар) еленбейді, соңғы сөз кейде ұрықсат кейде рұқсат түрінде жазылып жүр. Орыс тілі арқылы ертеде ауысқан Урал, русский, Рим тәрізді сөздер айтылуда Орал, орыс, Үрім түрінде қолданылып жүр (алғашқы екеуінің жазылуы да айтылуына сай, ал Үрім деген әдеби тіліміз де Рим түрінде дағдыланып кетті). П.М.Мелиоранский қазақ тіліндегі род мағынасындағы ру сөзінің алдынан әнтек ұ естілетінін атап көрсетеді.
Р-дан басталған сөздің алдында айтылуда селбесетін дауысты дыбыстың мағынаға тиер әсері болмау салдарының ол жазылуда елеңбейді. Ал редактор, радио, реализм, республика сияқты интернационалдық сөздер қазіргі әдеби тілімізде орыс тіліндегі нормамен айтылуда.
Л фонемасын айтқанда тіл ұшы альвеолға бір тегіс, кесе көлденеңдеп тиеді; бұл фонеманы айтқанда, имплюзия (смычные согласные) басым болу себепті, фонациялық ауа тілдің екі жағын ала шығады, сондықтан л-ды латераль (бүйір) фонема дейміз. Бұл фонеманың көп ұшырайтын жері – сөз ортасы мен сөз аяғы. Сөз басында л кемде-кем кездеседі, л-дан басталуға тиісті сөздің алдынан қалай да бір қысаң дауысты қосаңқыланып отырады. П.М.Мелиоранский лақ, лақтыр дегенде аздап болса да олардың алдынан ы немесе ұ келетіндігін айтады. Ауызекі тілде ылақ деп те, кейде ұлақ деп те айту жоқ емес. Өзге түрки тілдерінде де л-дан басталатын сөздердің саны көп емес. Н.К.Юдахин, И.А.Баймановтың айтуына қарағанда, қырғыз тілінде сөз басында л фонемасы а, е, и алдынан ұшырамаған. Сондықтан лазым, лайық, леп сөздері ылазым, ылайық, ілеп болып айтылғандығын ескертеді. Ал басқа дауыстылардың алдынан тікелей л-дің өзі келе береді деп есептейді, мысалы: лоқшуу (лоқсу), лөк (үлек), лықылды (лықылдау).
Біздің байқауымызша, қазақ тілінде сөз басында езу қысаң дауыстының алдынан л айқын ұшырай беретін тәрізді, мысалы: шам лып етіп сөнді, лық ете түсті дегендегі лып, лық сөздері айқын л-дың өзінен басталып тұр. Орыс тілінің қазақ тіліне әсерінен қазіргі қазақ тілінде интернационалдық сөздер де, төл сөздер де ыңғайына қарай барлық дауыстылардың алдында тұрып, л анлауы позицияда кездесе береді: лаборатория, литр, ложа, лекция; осы тәрізді сөздердің әсерімен жазуда ғана емес, айтуда да лаж, лайық, леген, сияқты сөздер осы күні л-дан басталып, көбірек қолданылады. Сілтеу есімдіктеріндегі л барлық септіктерде түсіп қалады.
Әдебиеттер:
1. Ғ.Әбуханов. Қазақ тілі, А., 1967, 42-бет.
2. І.Кеңесбаев. Қазақ тіл білімі туралы зерттеулер, А., 1987, 277-бет.
3. Ә.Исабаев. Қазақ тілі дыбыс жүйесі методикасының негіздері, А., 1987, 277-бет.
Лекция №13
Тақырыбы: Қазақ тіліндегі шұғыл фонемалар.
Жоспар:
1. Фонема түралы түсінік.
2. Фонемалардың жіктеуі.
3. Шұғыл фонемалардың басқа фонемалармен байланысы.
Сабақтың мақсаты: студенттерге шұғыл фонемалар туралы түсінік беру.
Артикуляциялық жолына қарай салдыр дауыссыздар (қатаңдар мен ұяңдар) шұғыл дауыссыздар (взрывные) және ызың дауыссыздар (щелинные) болып жіктеледі.
Шұғыл дауссыздарды айтқанда, дыбыстау мүшелері бір-біріне жабысады да, бірден кілт ажырасып кетеді, осының нәтижесінде ауа үзіліп, шұғыл шығады. Шұғыл дауссыздардың осы қасиеті ескеріліп, олар эксклюзив (француз тілінде “жарылушы” деген сөз) дауссыздар деп те аталады. П, б, т, д, к, ғ, қ – шұғыл дауссыздардың айтылу ерекшелігін т дыбысынаң артикуляциялық жолын сипаттаудан да аңғаруға болады. Бұл дыбысты (т) айтқанда, тілдің ұшы күрек тіспен жымдасып, бірден кілт ажырап кетеді де, ауа шұғыл шығады. Б, п фонемалары екі еріннің бір-біріне нық тиіп, содан соң бірден ашылып кетуінен пайда болады, екінші сөзбен айтқанда, олар әрі имплозиялық (“жабысыңқы” м, н, ң, бұлар шұғыл дауссыздардың үшінші бір түрі болып саналады), әрі эксплозиялық артикуляция арқылы жасалады. Бұл екеуінің ішінара айырмасы – бірі (б) – ұяң, бірі (п) – қатаң; п сөздің басында дағ ортасында да, аяғында да ұшырап отырады, ал б аяғында кездеспейді: бала, табу, қабан, пұл, апа, сабан, тап, кетпен т.б. Көне түркі тілінде (бұлғар тобындағы тілдерде, осы күнгі чуваш тілінде) үнсіз дауссыздардың әрқайсысы жуанды – жіңішкей келіп, фонематикалық мән тудыра алады. Бұл тәрізді, өзгешелік өзге түркі тілдерінде байқалмайды. Аталған ерекшелік қазақ тілінде де жоқ, демек б, п фонемалары даустылардың жүанымен қосылып, жуандап, жіңішкеймен қосылып, жіүішке түрде естілуінің сөз мағынасына тигізер әсері жоқ, мұндай жағдайда мағынаға дауысты фонема ғана дифференцация жасай алады (бал, бел, бол, бөл, бас, бес, доп, дөп, тап, теп).
Cөз басындағы б кей түркі тілдерінде, мысалы, хакас тобындағы тілдерде (шор тілінде) п түрінде де айтіліп отырады: палық, пер, пос (балық, бер, боз) (Н.П.Дыренкова. Грамматика шорского языка, 1991, 19 бет). Оғуз – түрікпен, оғуз – селжук тобындағы тілдерде (түрікпен, азербайжан т.б.) б кейде спиранттық вариантқа айналып отырады. Бер, бермен сияқты сһздер вер, вермедір түрінде де айтыла береді (Н.А.Баскаков. К вопросу классификации тюркских языков, “Известия АН СССР”, 1962, ХІ).
Қазақ тілінің б фонемасы кейбір түркі тілдерінде м-ға да айналып (ауысып) отырады. Мысалы: шор тілінде қоме, наңмур, мөру немесе пөру, морсұқ (Н.П.Дыренкова. Аталған еңбек, 21-бет, 1941) немесе порсұқ – қазақ тілінде: қобыз, жаңбыр, бөрі, борсық.
Қазақ тілінде сөз басында, көбінесе б ұшырап отырады (п бұл позицияда өтесирек кездеседі). Сөз аяғында жазылуда б келсе де, айтылуда п-ға айналады. Жазылуда клуб, штаб болғанмен, сонғы б дыбысы п түрінде айтылады: п сөз басында, көбіне, шеттен келген сөздерде кездеседі: қоза-пая, пәлек, пияз (тәжік), пайда, пән, парасат (араб), пай, почта, пакет, председатель (орыс). Қазақтың ауызекі тілінде бұл екеуі кейбір түбір сөздерде қатар жарысып отырады: бәле – пәле, бал – пал, пұт – бұт (16 кг), пісік – бісік, тапа – таба, әдеби норма: пұт, пісік, таба т.б. Сөз соңында әрдайым п есітіледі, бірақ дауыстыдан басталған қосымша жалғанғанда, п ұяңдап б-ға айналады: қапыңыз – қабыңыз, жіпіңіз – жібіңіз, көпіміз – көбіміз т.б. Егер п-ға біткен етістік сөзді көсемшеңіз – ып (п) тұлғасына айналдырсақ, түбіндегі п үнемі у-ға айналып кетеді: тапып – тауып, тепіп – теуіп, жапып – жауып, қапып - қауып.Екі дауыстының ортасындағы (интервокаль позициядағы) б кейде тік пен ерік қатысы арқылы да айтылады.
Әдебиеттер:
1. К.Аханов. Тіл білімінің негіздері, А., 1978, 214-бет.
2. І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев. Қазіргі қазақ тілі. А., 1975, 216- бет.
3. А.Бйтұрсынұлы. Тіл тағылымы, А., 1992, 16-бет.
4. Х.Досмұхаметұлы. Аламан, А., 1991, 90-бет.
Лекция №14
Тақырыбы: Қазақ тіліндегі аффрикат дыбыстар.
Жоспар:
1. Дыбыстардың түрлері.
2. Дауссыз дыбыстардың жіктелуі.
3. Аффрикат дыбыстардың қолданылуы түралы түсінік.
4. Аффрикат дыбыстарды айтуда дыбыстау мүшелерінің қызметі.
Сабақтың мақсаты: оқушыларға аффрикат дыбыстардың табиғатын ұқтыру.
Шұғыл және ызың дауыссыз дыбыстардың элементтерінен құралған дыбыстар: орыс тілінде тіл алды аффрикаттар: ц (т+с), ч (т+шь), неміс тілінде: pt (pterd). ц, ч – аффрикат фонемалар. Өйткені бұлардың әрқайсысы екі элементтен тұрады: ц фонемасында т,с элементтері болса, ч – фонемада т, шь элементтері бар; бұл элементтердің механикалық қосындысынан барып, ц, ч жасалды деп түсінбеу керек: ц-дегі т, с, ч-дегі т, шь элементтері озара өте тығыз байланысты болып, айрықша жымдасқандықтан бұл элементтер дара айқын айтылмай, шоғырланып, бір кесек фонеманың ішіне еніп, тұтас бір бірлік (единица) түрінде естіледі. Аталған екеуі де қатаң фонемалар тобына жатады; ц – қазақтың айтуында тіл ұшы үстіндегі күрек тіске нық тиіп, шапшаң айтылады (екі мүше бұл фонеманы айтқанда бірден кілт ажырап кетуі арқылы жасалады), ал ч тіл ұшы альвеольға (үстінгі қызыл иекке) тиюі арқылы айтылады; бұл фонеманың да жасалу жолы ц-мен бірдей; сондықтан ц, ч - әрі қосынды (аффрикат), әрі шұғыл фонемалар. Бұл екі фонема орыс тілі арқылы келген сөздерде ғана жазылады.
Қазақ тіліне орыс тілінен және орыс тілі арқылы басқа тілдерден жаңа сөздер ене бастағандықтан, осы күнгі қазақ әдеби тіліне жаңа дыбыстар ене бастады. Орыс графикасына негізденген жаңа алфавит қабылдағаннан бастап, қазақ тілі консонантизміне жаңа фонемалар ене бастауының негізгі бір жолы осы жаңа жазу болып табылды. Орыс графикасының негізінде қазақтың әдеби тіліне в, ф, ч, х тәрізді фонемалар енді. Бұл аталғандардан ф, х ертедегі әдеби тілімізде кездескенмен, әдеби нормаға ене алмаған еді. Аталған фонемалардың алдынғы екеуі тіспен ерін (дентилабиаль) дауыссыздарына жатады; мұның екеуі дефрикатив (ызың дыбыстар): в – ұяң, ф – қатаң.
Жаңа графикаға дейінгі жазуларымызда ч дыбысына да арнаулы әрпіміз болмайтын. Бұл дыбыс – қазақ тілі говорларында бұрыннан келе жатқан дыбыс екендігі айқын нәрсе. Жетісу және шығыс Қазақстанның кейбір аудандарында қазақтардың ауызекі тілінде ч сөздің анлаутшебінде (позицияда) өте жиі ұшырайды, мысалы, шал, шана, шағала сияқты сөздер бұл өлкенің қазақтарында чал, чана, чағала түрінде айтылады, бұл дыбыс сол говорларда дауыссыздан кейін де кездеседі (мысалы, малчы, әнчі, онча-мұнча). ч- интервокаль позицияда кездеспейді деуге болады. ч- дыбысының жасалу орны жағынан қазақ тілінде аффрикат ж дыбысынан айырмасы жоқ, демек, артикуляциялық жолы жағынан ч- дыбысы да, ж дыбысы да – аффрикат дыбыстар.
Қазақ тілі үшін өте тың жаңа фонема – ц болып есептеледі. Мұның жасалу орны ч фонемасынан бөлек: ч-ні айтқанда тіл ұшы альвеолға тиеді де, қазақтың айтуында ц тіл ұшы үстінгі күрек тіске барып соқтығуы арқылы жасалады. ц үнді дыбыстан кейін с болып айтылады: Франсия, стансия.
Әдебиеттер:
1. К.Аханов. Тіл білімінің негіздері, А., 1988, 218-бет.
2. С.Мырзабеков. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі, А., 1999, 87- бет.
3. М.Томанов. Түрки тілдерінің салыстырмалы фонетикасы, А., 1981, 18-бет.
4. Ұ.Шуленбаева. Қазақ тіліндегі ерін үндестігі, КДА, 1994,
Лекция №15
Тақырыбы: Қазақ тіліндегі фрикатив (ызың) фонемалар
Жоспар:
1. Дыбыстар түралы мәлімет.
2. Дыбыстардың жіктелуі.
3. Фрикатив дыбыстардың құрамы.
4. Ызың дыбыстардың қолданылу ерекшеліктері.
Сабақтың мақсаты: оқушыларға фрикатив дыбыстардың табиғатын түсіндіру.
Ызың (фрикатив) фонемалар: в, г, ж, з, с, ф, х, ш, щ, һ, ж фонемалары тіл алды таңдайға жуықтау арқылы пайда болады. Сондықтан бұл екеуі де – ызың (фрикатив) фонемалар болып есептеледі. Аталған екі фонема екі фокусты деп те аталады. Ойткені алғы таңдайға тілдің бір жері емес, екі жері де бірдей жуықтайды: ш- қатаң, ж- ұяң. Бұл екеуі де сөздің қай шетінде болса да қолданыла береді. Байырғы сөздердің соңында тым сирек кездесетіні – ж. Бір сыпыра түркі тілдерінен қазақ тілінің басты ерекшеліктерінің бірі де осы фонемаларға байланысты болып келеді. Көптеген түркі тілдерінде ұ, и-дан басталатын сөздер қазақ тілінде ж-дан басталады: яман, яқшы, ярық, янында, яқын, юз, юмшақ қазақ тілінде: жаман, жақсы, жарық, жанында, жақын, жүз, жұмсақ болып айтылады. Бірсыпыра түркі тілдерінде ш-ға аяқталатын едәуір сөздер қазақ тілінде с-ға аяқталады. Өзге тілдердей таш, баш, қаш, қашқа, тұташу, түш, түшәк дегендер қазақшада тас, бас, қас, қасқа, тұтасу,түс, төсек болып айтылады. Бұл екі фонеманың әрқайсысы (ш, ж) әрі екі фокусті болу әрі сыбыр түрде естілу салдарына бұлармен көршілес кейбір сонғы дауыстылар (а, ә, и) айқын жуан немесе айқын жіңішке естілмей, көмескі естіледі: шай, жай, жинағ шимай. Алғашқы екі сөздегі а айқын естілмей, ә-мен ұласып жатады. Кейінгі екі сөздегі и айқын жіңішке түрде естілмей, көмескіленіп тұрады. Осы күнгі жазба әдеби тілімізде ж-ға бітетін сөздердің саны анағұрлым көбейе түсті; бұрыннан бар шыж (ете қалды), быж – тыж, мұқтаж тәрізді бірсыпыра сөздермен барабар этаж, пилотаж, экипаж тәрізді сөздер пайда болды. Бұл фонемадан басталатын сөздердің қатары көбейді (жанр, журнал, жюри, жирген). ш фонемасы туралы да осыларды айтуға болады.
с, з тіл ұшы астынғы күрек тіске жуықтаудан пайда болады. Сондықтан бұлар ызың фонемалар қатарына жатады. Бұл екеуі де бір фокусты, с- қатаң, з-ұяң. И.А.Батманов өзінің “Фонетика” кітабында қазақ тіліндегі с-ны интерденталь фонема деп біледі. Біздіңше, қазақ тілі фактісі бұл пікірді мақұлдай алмайды; с-фонемасын екі тістің аралығынан шығаратын қазақтарды байқамадық. Сондықтан қырғыз тілінде кей уақытта кездесетін интерденталь с қазақ тілінің әсерінен пайда болды деген пікірге қосыла алмаймыз. Қазақ тілінде бұл екеуі деғ сөздің барлық позициясында қолданыла береді; тілімізде с, з фонемалардың айтылуы жағынан комбинаторлық варианты жоқ. Қырғыз тілінде кейде қызыл, қыз тәрізді сөздер қысыл, қыс түрінде айтылады. Фонетика мамандары алтай тілінде с фонемасының үнемі ұяңдап өзгеретінін (мысалығ сөс – сөзім) айтады.
Мұндай қасиет қазақ тілінде кездеспейді. Жеке кісілердің ауызекі тілінде кейде барамыз ба, келеміз бе сияқтыларды бармыс па, келеміс пе түрде айтуын халықтың норма деуге болмайды. з-дан басталатын сөздердің дені орыс тілі және басқа кейбір шығыс тілдерінен енген сөздер.
Әдебиеттер:
1. Қ.Жұбанов. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер., А., 1966, 241-бет.
2. С.Мырзабеков. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі, А., 1999, 81- бет.
3. С.Исаев. Қазақ тілі, А., 1993, 48-бет.
4. Ш.Бектұров, М.Серғалиев. Қазақ тілі, А., 1993, 31-бет.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
“Сырдария” университеті
“Филология-тарих” факультеті
“Қазақ тілі мен әдебиеті” кафедрасы
“Қазіргі қазақ тілі (фонетика)” пәні бойынша
050117 мамандығының студенттері үшін
СТУДЕНТТЕРДІҢ ӨЗІНДІК
ЖҰМЫСЫНЫҢ ЖОСПАРЫ (СӨЖ).
Жетісай-2005 ж
Достарыңызбен бөлісу: |