Мектепке дейінгі білім беру жүйесі педагогтерінің негізгі дағдылар мен құзыреттіліктерді меңгеруі
Педагог – педагогтік немесе тиісті бейіні бойынша өзге де кәсіптік білімі бар және тәрбиеленушілерді оқыту мен тәрбиелеу бойынша педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыратын адам.
Мектепалды даярлық сынып педагогі – балалармен, ата-аналармен және әріптестерімен шығармашылықпен бірлесіп жұмыс жасай білуі, даулы жағдайларды сауатты шеше білуі тиіс.
Педагогтің кәсіби құзыреттілігі мыналарды қамтиды:
- біліктілік санатын беру;
- ғылыми, зерттеу, шығармашылық, эксперименттік әрекетті жүзеге асыру, педагогикалық практикаға жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізу;
- инновациялық қызмет, жаңа педагогикалық технологияларды игеру;
- педагогикалық байқауларға, шеберлік сыныптарына белсенді қатысу;
- әдістемелік бірлестіктерге, шығармашылық топтарға қатысу;
- ақпараттық ағымда бағдарлай білу;
- педагогикалық тәжірибесін тарату;
- кәсіби қызметтегі табыстары үшін көтермелеу;
-тәрбиеленушілердің, ата-аналардың және әріптестерінің құрметі.
Мектепке дейінгі инклюзивті білім беру
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың басты мақсаты – балаларды мектепке дейінгі сапалы тәрбиемен және оқытумен толық қамту, балаларды мектепке дайындау үшін мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың әртүрлі бағдарламаларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету.
Инклюзивті практиканы жүзеге асыру үшін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметі әртүрлі психофизикалық ерекшеліктері бар балаларды бірлесіп тәрбиелеу мен оларға білім беру үшін жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Осыған байланысты ұйым басшылығы мен педагогикалық ұжымның негізгі міндеттері – балалардың, ата-аналардың, қызметкерлер мен әлеуметтік ортаның толерантты қоғамдастығын, ұйымда баланың және оның отбасының қажеттіліктері бірінші орынға қойылатын педагогикалық жүйені қалыптастыру; тұлғаның үйлесімді дамуына ықпал ететін қолайлы ортаны, барлығына жайлы, қауіпсіз кеңістікті құру.
Балалардың қажеттіліктерін, даму ерекшеліктерін, өзіндік әрекеттерін, мүдделерін бақылау барысында ата-аналардың қатысуымен педагогтер, мамандар және персоналдың өзара бірлесуімен баланың өз ортасы құрылады.
Педагогтер мен мамандар балаға қоршаған ортаны игеруде туындайтын қиындықтар мен кедергілер белгіленген жерлерде оларды жеңуге мүмкіндік беретін әдістерді ұсынады. Дамытушы кеңістік баланың жақын даму аймағына сәйкес қалыптасады, бұл ересектерден баланың даму процесін бақылау дағдыларын талап етеді. Балалардың дамуының міндетті шарты шағын топтарда басқа балалармен өзара іс-қимыл жасау болып табылады, бұл қарым-қатынас пен өзара іс-әрекеттің әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Балалар қарым-қатынас жасауға, бір-бірімен өзара әрекеттесуге үйренеді, өз іс-әрекеттерін үйлестіру, бірлескен шешімдер табу, шиеленістерді шешу дағдыларын үйренеді. Бұл ретте, қабілеттердегі, дағдылардағы, мүдделердегі айырмашылықтарды байқай отырып, балалар ересектердің көмегімен өзара іс-әрекет кезінде оларды ескеруді, айырмашылықты қабылдауды және құрметтеуді үйренеді. Басқа адамдарға деген қарым-қатынас кішкентай кезде қалыптасатындықтан, дәл осы жылдары балалар жеке ерекшеліктер туралы біле бастайды, оларда өзін-өзі тану белгілі бір жынысқа, елге, этникалық немесе діни топқа немесе отбасына жататындығы ретінде дамиды. Сонымен қатар балаларда жалпы тәжірибе мен эмоциялар туралы болжамдар негізінде өзгелерге мейірімділік сезімі дамиды. Осылайша, мектепке дейінгі білім беру педагогтері жаңартылған мазмұн бағдарламасын іске асыра отырып, балаларда позитивті өзара өзіндік сәйкестікті, сондай-ақ ортақтық, өзгелерге мейірімділік сезімдерін дамытуға септігін тигізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |