Оқу жылының басына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін оқу орындарында оқу процесін ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық-әдістемелік ұсынымдар
2021-2022 оқу жылының басына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін оқу орындарында оқу процесін ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық-әдістемелік ұсынымдар
1. Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеуге байланысты шектеу шаралары кезеңінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында (бұдан әрі – ТжКОББ) оқу процесін ұйымдастыруға қатысты. Жаңа оқу жылында еліміздің колледж студенттері штаттық оқыту форматына көшеді. Бұл ретте, оқу пәндерінің 20%-ын қашықтықтан жүргізуге рұқсат етіледі. Лабораториялық, практикалық сабақтар мен кәсіптік практика штаттық режимде өтеді, Яғни, бір оқу ғимаратындағы студенттердің санын шектеу үшін теория мен практиканың ауысып отыруы қарастырылуы қажет.
Инфекциялық аурулардың белгілері бар және ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар білім алушылар үшін оқыту қашықтықтан ұйымдастырылатын болады.
«Бір аудитория – бір топ» қағидаты сақталады, сабақтар студенттердің ауысып жүруінсіз өткізіледі, бірақ бұл ретте жылжымалы сабақ кестесі жасалады, сондай-ақ оқу топтары үшін үзілістер әр түрлі уақытта белгіленеді.
Колледждердің штаттық режимде жұмыс істеуі үшін «ASHYQ» қосымшасын енгізу міндетті болып табылады.
Оқытудың дәстүрлі форматына көшу қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды, оның ішінде санитарлық нормаларды сақтай отырып жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар, асханалар, жатақханалар, шеберханалар мен зертханалар өз жұмысын қайта бастайды.
Барлық білім беру ұйымдарында білім беру процесіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсаулығын сақтау мақсатында бетперде режимі, күнделікті термометрия, сондай-ақ антисептиктерді пайдалану, аудиторияларды, кабинеттерді және басқа да үй-жайларды тұрақты дезинфекциялау, желдету және кварцтау, білім беру жүйесінің қызметкерлері мен 18 жастан асқан студенттерді (медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда) вакцинациялау шаралары арқылы іске асырылады.
Бүгінгі таңда колледждердің штаттық режимге көшуі кезінде жұмыс істеуінің басты шарты вакцинация және санитарлық нормаларды сақтау болып табылады.
Сондай-ақ, бұқаралық, мәдени және спорттық іс-шараларды өткізуге шектеулер енгізу қажет.
Салтанатты жиынды санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, 1 курс білім алушылары үшін дәстүрлі форматта өткізу рұқсат етіледі.
Барлық білім алушылар үшін 1 қыркүйек Білім күнінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік жетістіктері» кураторлық сағат өткізіледі.
Кураторлық сағаттың мақсаттары:
1. Білім алушылардың патриотизмін тәрбиелеу, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру.
2. Туған елдің тарихына деген қызығушылықты арттыру.
3. Азаматтық сана-сезімді қалыптастыру, жастар ортасына толеранттылық идеяларын ілгерілету, ел өміріне қатыстылық сезімін тәрбиелеу.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шараларды өткізу кезінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің сайтында (https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/documents/details/205205?lang=ru, https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/documents/details/205205?lang=kk), Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының сайтында (https://nao.kz/loader/fromorg/2/55) орналастырылған Тәуелсіздіктің жетістіктері мен құндылықтарын ақпараттық ілгерілету жөніндегі медиаконтентті пайдалануды көздеу қажет.
Колледждерде оқу процесін ұйымдастыру «2021-2022 оқу жылында білім беру ұйымдарында коронавирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің
2021 жылғы 25 тамыздағы № 36 бекітілген қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.