Оқу үрдісінде ақпараттық технологиялар элементтерін қолдану.
Қазіргі заманғы ғылыми-техникалық үрдістің қарқыны білім беру жүйесінің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Сондықтан қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше, сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру оқытушының оқу - тәрбие үрдісін жүйелі ұйымдастыруына көмекші құрал болып табылады. Сонымен қатар жаңа технологияны меңгеру оқытушының интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбеттерінің қалыптасуына игі әсерін тигізіп, өзін-өзі дамытып, оқу- тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. [1,5]
ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры болғандықтан адамзатқа компьютерлік сауаттылық қажет. Білім берудің негізгі мақсаты – білім мазмұнын жаңартумен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдері мен әр түрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді.
Жаңа ақпараттық технологиялар дегенiмiз – бiлiм беру iсiнде ақпараттарды даярлап, оны бiлiм алушыға беру процесі. Бұл процесті icкe асырудан негiзгi құрал компьютер болып табылады. Компьютер - бiлiм беру iсiндегi бұрын шешiмiн таппай келген жаңа, тың дидактикалық мүмкіндіктерді шешуге мүмкiндiк беретін зор құрал. Осы мақсатты жүзеге асыруда ақпараттық технологияны пайдалану әдісі зор рөл атқарады. Осы орайда ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халыққа жолдауындағы «оқу үрдісінде ақпараттық технологияларды білім беру саласын жақсартуда қолданыс аясын кеңейту керек» деген сөзін басшылыққа ала отырып, сабақта жаңа ақпараттық технологияларды пайдалануға жаппай көшуіміз керек. [3,4]
Көптеген жаңа технологиялармен қатар соңғы кездері химия пәні сабақтарында ақпараттық технологиялар жиі қолданылуда. Заттардың құрамы мен құрылымын, қасиеттерінің құрылымына тәуелділігін, қасиеттері белгілі жаңа заттар мен материалдар алуды, химиялық өзгерістердің заңдылықтары мен оларды басқарудың жолдарын зерделеу - колледжде химия пәнін оқытудағы негізгі мәселелер. Осыған байланысты күнделікті сабаққа:
- мультимедия (видео, аудио қондырғыларды, электрондық оқулықтарды);
- виртуалды зертханалық тәжірибелер;
- компьютер (компьютерлік бағдарламалар, интерактивті тақта);
- анықтамалық мәліметтер (сөздік, энциклопедия, карта, деректер қоры);
- интернет және т.б. көрнекі материалдарды пайдалану айтарлықтай нәтиже береді. Мұндай қондырғылар оқушылардың қызығушылығын арттырып, зейін қойып тыңдауға және алған мәліметтерді нақтылауға мүмкіндік береді. Оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын ояту оқытушының сабақ өткізу тәсіліне де байланысты. Қазіргі таңда оқудың интерактивті әдіс-тәсілдері өте көп. Педагогикалық ғалым мен озық тәжірибенің бүгінгі даму деңгейінде белгілі болған оқыту әдіс-тәсілдерінің бәрін де еркін игеріп, әрбір нақтылы жағдайларға орай ең тиімдісін таңдап алу және олардың бірнешеуінің жиынтығын түрлендіре тиімді, үйлесімді әрі шығармашылықпен қолдану - сабақтың сәтті өтуінің кепілі. [6,7]
Ақпараттық технологияның химия пәні сабақтарында қолданылатын формалары мен әдістері.
Ақпараттық технологияларды сабақ үстінде пайдаланудың формалары мынадай болып келеді:
- сабақ барысында техниканы қолдану арқылы материалды түсіндіру, оқушыны сөйлету және пікірталас, бекіту, оқушылардың білімін бақылау, жеке жұмыс, талдау, тестілеу, қажет ақпаратты іздестіру;
- сабақтан тыс уақытта оқушының дербес, өздігінен қолдануы, яғни үй тапсырмасын орындау, презентациялар, рефераттар даярлау, өзіндік бақылау;
- оқытушының сабаққа даярлық кезеңінде қолдануы, яғни арнайы материалды іріктеп алу, тапсырмаларды дайындау және т.б.
АКТ әдістерін төмендегідей бірнеше бағытта қолданып отыруға болады:
Химиялық үрдістерді сипаттап, талдау жасау үшін компьютер немесе басқа да ақпараттық құралдар арқылы көрнекілік ретінде суреттер, диаграмма мен бейнероликтерді кеңінен қолдануға болады.
2. Оқушылардың есту, көру қабілеттерін дамыту үшін табиғаттағы заңдылықтар мен үрдістерді анимация арқылы қолдануға тиімді. Мысалы: химиялық процесстер, химиялық өндірістер және т.б.
3. Мультимедиялық оқулықтар көмегімен күрделілігі жөнінен түрлі деңгейдегі химиялық тапсырмалар мен зертханалық жұмыстарды орындауға болады.
4. Алған білімдерін тексеріп, бекіту өте тиімді. Қазіргі кезде оқытудың жаңа үрдісіне сай мектепке барлық пәндерден тест әдісі кеңінен қолданылады. Әсіресе тарау, тақырыпты қорытып, қайталауда тест тапсырмаларын оқушылар қызыға орындайды. [8]
Дәстүрлі оқыту жүйесінен АҚТ қолданған сабақтардың түпкі айырмашылығы бар.
Бұл айырмашылық оқытушының рөлінің өзгеруінде: ол білімнің негізгі бұлағы емес. Ол реттеуші, ұйымдастырушы, кеңес беруші. Бүгінгі электрондық оқулық, виртуалды химиялық зертхана интернет арқылы орындалады. Осыған байланысты оқытушының міндеті осы оқу құралдарды оқыту материалының мазмұнымен байланыстырып, психологиялық және жас ерекшеліктеріне сәйкес, компьютермен жұмыс істеуге дағдысы бар оқушыларды анықтау, іріктеу. Осы міндеттерді сапалы, нәтижелі ету үшін оқытушы өзі интерактивті тақтамен, әртүрлі электронды оқулықтармен, және ғаламтор көзінде жұмыс істей білу керек. Ол үшін негізінде Activstudio, кітапхана және флипчартты қолдана білу қажет. [3]
Химия сабақтарында АКТ пайдалану жолдары.
Интерактивті тақтаны қолдану.
Оқыту үрдісін компьютерлендіру мақсатында интерактивті тақтамен жұмыс жасау тиімді. Қарапайым тақта және компьютер проекторына қарағанда, интерактивтік тақта сабақ мазмұнын кеңінен ашуына мүмкіншілігі өте зор. Интерактивтік тақтаны пайдалану кезінде үлкен жетістікке қол жеткізу үшін, тек қана сауатты сабақ жоспарлап, керекті материалдарды дайындау керек.
Сабақта мұғалім интерактивтік тақтаны бір емес бірнеше рет пайдалана алады, қарапайым тақтаға қарағанда интерактивті тақта пайдалануға ыңғайлы, әрі уақыт үнемдейді. Интерактивтік бағдарлама оқытушылардың жартылай жұмысын атқарады. [5,7]
Мультимедиялық технологиялар көбіне компьютерлік сыныптарда қолданылады. Қазіргі уакытта сабақ материалына байланысты көптеген электрондық оқулықтар мен компакт-дискілер бар. Бүгінгі таңда ақпараттық технологияның өмірімізге терең енуіне байланысты жеке пән сабақтарында компьютерлік техниканың мүмкіндіктерін толық пайдаланып, оқушыларға терең де тиянақты білім беруге жағдай жасалды. Компьютерлік графикалық материал презентациялық слайд көмегімен көрсетіледі. Microsoft Power Point бағдарламасының көмегімен оқу процесінде презентациялар мен слайдтар жасап көрсету, оқушылардың қызықты және дәлелді (мағыналы) болады, танымдық ойлауы мен есте сақтауын қалыптастырады. [5,7]
Интерактивті технологияның ерекшеліктері:
1) Бормен тақтаға жазған кескінді экрандағы түрлі –түсті, айқын, ұқыпты кескінмен салыстыруға болмайды. Тақта мен бордың көмегімен әр түрлі қосымшалары бар жұмысты түсіндіру қиын, әрі мүмкін емес. Слайдтарда кемшіліктер мен қателер жіберілсе, тез арада түзетуге болады. Сабақтың өнімділігі артады. Басқа пәндермен пәнаралық байланыс орнайды.
2) Сабақта көрнекілікті қолдану деңгейі артады.
3) Оқу материалын беру логикасына көп көңіл аударады, бұл оқушылардың білім деңгейіне оң әсерін тигізеді. Компьютерге деген қарым-қатынас өзгереді. [3]
Ғаламтормен жұмыс.
Қазіргі ақпарат ғасырында өмірімізді әртүрлі ақпарат көздерінсіз елестету мүмкін емес. Теледидар мен радио желісінен бүкіләлемдік ғаламтор кеңістігіне көшкен заманда, келешек ұрпақты осы заманауи үрдістердің залалды әсерлерінен сақтап, пайдалы тұстарын өз жұмысымызда пайдаға асыру үшін интернет желісін химия пәні сабақтарында кеңінен пайдалануға тырысуымыз қажет. Химия пәнінде ғаламтор желісін пайдалану формалары мынадай:
Онлайн режимде сабақтар өткізу;
Онлайн режимдегі тапсырмаларды орындау (тесттер, есептер);
Әртүрлі деңгейдегі онлайн олимпиадалар мен байқауларға қатынасу;
Мәліметтер қоры ретінде пайдалану.
Рефераттар жазу барысында оқушылар өз беттерімен интернет кеңістігінің материалдарын, электрондық оқулықтарды іздеу арқылы компьютерлік сауаттанады. Химия пәнінде дарынды оқушылармен жұмысты да ғаламтор көмегімен тиімді ұйымдастыруға болады. Осы бағытта соңғы уақытта жиі-жиі ұйымдастырылып жүрген республикалық , облыстық олимпиадалар мен байқауларға қатыстыру арқылы оқушылардың көптеген жетістіктеріне қол жеткізуге болады. Сабақты қызықты формада ұйымдастыруға, кейбір өндірістік процестерді бейнелейтін дидактикалық материалдардың шексіз көзі болып табылатындықтан ғаламтормен жұмыс әрбір оқытушының шығармашылық ізденісіне көп көмегін тигізері сөзсіз. [4]
Ақпараттық технологияларды жүзеге асырудағы бір мүмкіндік – ол электронды оқулық. Электрондық оқулық - бұл дидактикалық әдіс – тәсілдер мен ақпараттық технологияны қолдануға негізделген түбегейлі жүйе. Электронды оқулықпен оқыту оқытушының оқушымен жеке жұмыс істегендей болады. Электрондық оқулық тек қана оқушы үшін емес, оқытушының дидактикалық әдістемелік көмекші құралы да болып табылады.
Технологиялардың жаңаша түрлерінің бірі– практикалық және зертханалық сабақтарды қызықты етіп өткізуге арналған виртуалды зертханалық жұмыстар .
Виртуалды зертханалық жұмыстар – компьютерлік 3D имитациялық тренажерлары болып табылады. Олар оқушылардың кәсіби қабілеттерін және ішкі түйсіктерін қалыптастыру мен жетілдіруге, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді
Виртуалды зертханалық жұмыстар – бұл түрлі құрал-жабдықтар мен қондырғылар қолданылатын шынайы зертханалық жұмыстардың (тәжірибелердің) аналогы болып табылады, алайда виртуалды зертханалық жұмыстардың шынайы зертханалық жұмыстардан басты айырмашылығы бұл олардың компьютерде орындалуы.
Виртуалды (компьютерлік) зертханалық жұмыстардың артықшылығы:
- Оқу орны ауданы мен қаржы шығындарының үнемділігі;
- Зертханалық жұмыстарды әрбір оқушының жеке-жеке орындау мүмкіндігі;
- Оқытылатын жабдықтармен қауіпті және апаттық режимдерде жұмыс жасау мүмкіндігі;
- Тәжірибе шарттарын өзгертудің мүмкіндігі;
- Пайдалану шығындарының болмауы.
Осыған орай, виртуалды шынайылылықты қалыптастыру технологиясының көмегімен білім берудің тиімділігін арттыруға болады деген қорытынды жасауға болады, өйткені бұл жағдайда адамның бірнеше қабылдау каналдары (көру,есту, кинестика) қамтылады. [2,3]
Жалпы оқушылардың ақпараттық технология негіздерінен алған білімі арқылы:
1. Оқушының пәнге деген қызығушылығы артады, құлшынысы оянады.
2. Шығармашылық қабілеттері артады.
3. Жылдам ойлауға машықтанады, білім сапасы артады.
4. Оқушылар өз бетімен жұмыс жасауға дағдыланады.
Қорыта айтқанда компьютер және ақпараттық технологиялар арқылы жасалып жатқан оқыту үрдісі оқушының жаңаша ойлау қабілетін қалыптастырып, оларды жүйелік байланыс заңдылықтарын табуға итеріп, нәтижесінде өздерінің кәсіби потенциалдарының қалыптасуына жол ашады. Білім берудің қазіргі жаңа құрылымы және оқу әдістемесінің мазмұнының өзгеруі оқытушының кәсіби шеберлігін жаңартуын, шығармашылық ізденістерін қажет етіп отыр.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы».
2. Интернет материалдары №72 «Gooqle» және №65 «Mail.ru» сайттары
3.Ә.М.Нұрмағамбетова. Ақпараттық-коммуникативтік технологияны оқу үрдісінде пайдалану.// Педагогикалық альманах,№3-4,2010,-64-бет.
4.А.Ғабитқызы. Кәсіби құзыреттілік және жаңа ақпараттық технологиялар.// Қазақстан мектебі, №11,2012,-5-бет.
5.Б.Ибраимова.Ақпараттық технология -нәтижелі білім берудің көзі.// Қазақстан мектебі,№6,2012,-3- бет.
6.М.Ж.Жадрина. Жалпы білім берудегі жаңа үрдістер.// Открытая школа,№5,2004.
7.Білім технологиялары -2010.-№ 2.
8.Қазақстан мектебі -2009. -№7.
Достарыңызбен бөлісу: |