Оқу үшін бағалау және оқуды бағалаудың қажеттілігі
Кетепова Жаухар Кобланбековна
Қызылорда облысы. Шиелі ауданы. Ш. Қодаманов елді–мекені. № 158 орта мектебі
Қазіргі таңда әр мұғалім өзіндік оқушыларды бағалау тәжірибесінде әр қилы жаңалықтар енгізуде. Мен үшін бағалау тек білім нәтижесін анықтау мақсатында алынатын дүние болып келсе, енді мен оны кең мағынада танып білдім. Орта буын сыныптарда оқушылар өте сезімтал келеді , тез қызығады, тапсырманы дер кезінде орындайды, сонымен қатар жалығулары мен түсінбей ренжулері де оңай. Оларды құлшындыру, зейіндерін тұрақтандыру үшін формативті бағалаудың маңызы зор. Сондықтан да мен осы модульді таңдадым. Мектепке тәжірибеге барған кезде оқушыларды бағалау мен үшін қиын болды. Ондағы менің байқағаным, бағалау тек мұғалім тарапынан болғандықтан көп жағдайда сабаққа белсенді оқушылар қатысып отырады да, ал кейбір оқушылар өз ойын ашық жеткізе алмай дараланып қалып жататын кездері болды. Дәстүрлі сабақ барысында бірнеше оқушылар ғана бағаланып отырады. Менде ол кезде «Бүкіл оқушының сабақты меңгергенін қалай білемін?» - деген сұрақ туындайтын. Мұғалімдер дәстүрлі сабақта бала оқысын, оқымасын бір жақсы болып көрінген балаларға жақсы бағаны қоя беретін еді. Қазіргі таңда мұғалімнің бағалау жүйесі өзгеріп отыр. Оқушы пәнді терең түсінуі алған білімдерін, сыныптан тыс жерде кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. Себебі, бала өзінің өмірдегі де бағасын білуі тиіс. Мен өз тәжірибемде «Бірінші бетпе-бет» кезеңінде алған білімімді, тәжірибе кезеңінде іске асыру барысында алтыншы сыныптың қазақ тілі пәнінен «Сөз таптары» тарауы бойынша: «Еліктеу сөздер. Еліктеуіштер», «Бейнелеуіш сөздер», «Негізгі және туынды еліктеуіш сөздер», «Еліктеуден өткенді қайталау» тақырыптары бойынша тізбектелген сабақтар өткіздім. Тізбектелген сабақтар топтамасы бойынша өткізілген «Еліктеу сөздер» тақырыбындағы бірінші сабақта жеті модуль идеяларын ықпалдастырдым. Оның ішінде «Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау» модуль идеяларын тізбектелген сабақтар топтамасына қалай және неліктен енгізгенім туралы тоқтала кетсем: тәжірибе кезінде «Еліктеу сөздер» тақырыбында бірінші сабақты өттім. Сабақты бастамас бұрын сыныпта оқушылармен бірлесіп топ ережесін құрып алдық. Сынып оқушыларына жағымды ахуал туғызу мақсатында «Тілектер ағашына» оқушылар көңіл күйлерін білдіріп, стикерлерге бүгінгі күнге тілектерін жазып ілді. АКТ мүмкіндіктерін қолдану арқылы «Еліктеу сөздер» тақырыбын өту үшін ғаламтор желісінен «Адам құлағына жағымды жеті дыбысты» тауып, тыңдаттым, адамның қарды басқандағы сықырлағаны, жас баланың күлгені, мысықтың пырылдағаны, жаңбырдың жауғандағы дыбысы, судың сылдырлаған дыбысын тыңдаттым, сөйтіп бүгінгі сабақта: Бұлар нелер? – деген түрткі сұрақтар арқылы балалардың назарын сабаққа аудардым. Балалар:- тыңдап отырған сәттен бастап дыбыстар ғой- деп жауап берді. Оқушылардың жауаптарын назарға алып, ендеше дыбыстар, яғни, қоршаған ортадағы дыбыстар еліктеу сөздер деп аталады деген анықтама шығардық. Еліктеу сөздің ережесін өздері құрды. Сабақтың тақырыбын оқушылар өздері тапты. Осы кезде оқушыларға «Тамаша», «Керемет», «Жарайсың» деген формативті бағалауын жүргізіп отырдым. Бaйқaғaным, фopмaтивті бaғалay оқyшының caбақтағы әpбip ic-әрекeтiн бaғалayға көмeктeceді eкен. Себебі, балалар тапcыpмаларды opындaғaн caйын қyaнып, кeлeci жұмыcтapда ынтaлы болaтындығын бaйқaтты. Оқытудағы жаңа тәсілдерді пайдалана отырып, оқушы бойына өзіне деген сенімділік пен жауапкершілікті ұялату мұғалімнің негізгі қызметі болып табылады. Осы курсқа келу барысында мен бағалаудың «оқыту үшін бағалау», «оқуды бағалау» терминдері және оларды сабақ процесінде қалай қолдану керектігін меңгере бастағандаймын. Менің түсінгенім, күнделікті сабақта білім берудің әдістерін қолданып, сол бағытта жасалған жұмыстарды яғни оқыту үшін бағалау жүреді. Онда оқушылар өзіндік бағалауды, топтық ереже, жұптық талқылау, жеке жұмыс арқылы ,топтық жұмысқа екі жұлдыз, бір ұсыныс, бағдаршам, смайлик беру және дайын үлгі жауаптарын беру арқылы бағаланды. Менің ойымша, бағалау баланың білім деңгейінің көрсеткіші деп ойлаймын. Бұрын мұғалім дәстүрлі оқыту жүйесінде баланы жазбаша бағалайтын, ал енді оқыту үшін бағалауда баланы бағалаудың басқа да әдістері бар екенін түсіндім. Бірінші сабақта топпен жұмыс орындағанда байқағаным оқушылар бір- бірімен ой бөлісіп, бірінің білмегенін бірі толықтырып отырды. Алғашқыда жеке-дара жауап беріп, өз пікірлерін ғана жеткізсе, өздері құрған топ ережесіне сүйенген балалар үйрене келе, бір-біріне түсіндірді. Топтарда постерлерге екі жұлдыз, бір ұсыныс арқылы формативті бағалау жүзеге асырылды. Сабақ соңында оқушыларға «жарайсыңдар, келесі сабақтарда да үнемі осы қалыптарыңда болсаңыздар барлығы жақсы болады»,- деп қолдау көрсеттім. Оқушылар көңілі көтеріңкі, қызығушылықтары артқан үстіне арта түсті. Себебі, жалпы мен сабақ беретін сынып оқушылары мақтау сөздерді ұнатады және сол арқылы алға өрбіп отырады. Мұғалім жағдайларға араласпай тек бақылаушы ретінде жүріп, оқушылардың жұмыс кезінде қателерді болдырмауына және оларды түзетуге мүмкіндік берді. Бағалау кезеңінде сұрақ қоя білу басты нәрсе. Себебі оқушыны нақтылау, себебін анықтау, толықтыру, жетелеу оқушының жетістігін бақылау кезінде сұрақ қою арқылы шешімін табады. Келесі тапсырмада оқушылар адасқан сөздердің сыңарын тауып жұп болып орындады. Тапсырма орындалып болған соң тақтадан дайын жауап үлгісі берілді. Осы жұмысты орындағаннан кейін бағдаршам түстерін пайдалана отырып жұптарда өзара бағалау жүргізуді тапсырдым. Бағдаршамның жасыл түсін көтерген оқушылар көп болды. Жасыл түс көтерген оқушылар арасынан қате түс көтерген оқушына байқап «сен барлық сұрақтарға жауап бердің бе?» дегенімде ол оқушы «сұраққа дұрыс жауап бермесем де бүгінгі сабақты жақсы түсіндім, сабақ қызықты өтті»,- деп өз пікірін дәлелдеді. Ал сары түс көтерген оқушыларды «сендердің де келесі сабақта жасыл түс көтеруге білімдерің жетеді» деп жылы шырай танытып белсенділікке шақырып, өздеріне сенімділіктерін ояттым. Жеке жұмысымда әр оқушыға төрт сөйлемнен тұратын тапсырма «Көп нүктенің орнына дұрысын жауабын таңдаңыз» деп, керекті дұрыс жауаптарды тапсырманың астына «керекті сөздер» деп көрсетіп қойдым. Тапсырма орындалып болған соң оқушылар бір-бірімен жұмыстарын алмасып, тексеріп берді. Сабақ соңында «Бағдаршам» арқылы оқушылар өз жұмыстарын формативті бағалады. Формативті бағалаудың стратегияларын пайдалану жұмыс жасау барысында, оқушыны ынталандыру, жетілдіруді көрсету мақсаттарын нақтылаудың тиімді жолы болады деп ойлаймын. Бағдаршамның жасыл түсін-13 оқушы, сары түсін 2- оқушы, қызыл түсін 4-оқушы көтерді. Сыныптың сабақты меңгеру сапасы жеке жұмыста 78%-ды құрады. Сабақ соңында оқушылар «сабақ ұнады», «сабақ қиын болды», «сұрағым бар» деген сөздерді ақ параққа жазып мұғалімге ұсынды. Е есімді оқушымның жазған ойы: Маған ұнағаны « апай бізге бұрынғыдан өзгеше сабақ өтіп жүр. Бүгінгі сабақ өзгеше болды апай бізге сұрақ қойды біз жауаптарын табамыз, өз ойымызды айтамыз. Сабақта еркіндік өз қалауымызша тұрып жұмыс жасаймыз бұрын тек өз орнымызда отырып өтетін едік. Бүгінгі сабақ жақсы ұнады»,- деп жазыпты. Жалпы менің сабақтарымда өзіме ұнаған ұтымды жерлері әр сабақ соңында шығу парағын толтыртып, не ұнағанын, не білгілері келетіндерін жаздырту арқылы оқушы ойымен бөлісіп отырған тұстарым болды. Екінші сабағымдағы топтық жұмыста «Ақпараттар алаңы» стратегиясында оқушылар өз тобында құрамында еліктеуіш пен бейнелеуіші бар үш сөйлем жазды. Өз тобына келгенше сағат тілімен ауысып басқа топтың постеріне де сөйлем жазып кетті. Тапсырма аяқталған соң өз орнына келіп жаңағы басқа топтың жазған сөйлемдерін оқып ішінен маңызды деген бес сөйлемді қалдырды. Оны оқып, қай топтың сөйлемі екенін білу үшін әр топ өзінің сөйлемі оқылған кезде оқушылар «үш шапалақ» ұрды. Ең көп шапалақ ұрған топқа жетон тараттым. Бұл сабақта әр топқа постерге сөйлем жазу берілді, ең көп шапалақ ұрған топты жетон арқылы бағаладым. Сабақтың соңында әр топ өздерінің жетондарын санады. Содан кейін топ мүшелерінің жетондарын біріктіріп есептеп, көшбасшы болған топты анықтадым. Жұптық жұмыста еліктеуіш пен бейнелеуіштердің сыңарын табу берілді. Сыңарын табуға барлығы он алты сөз беріліді. Тапсырманы орындап болғаннан кейін тақтаға дайын жауапты шығардым, оқушылар яғни, жұптар тексеріп, жұптардың өзара бағалауы жүзеге асты. Сабағымда оқушыларға ұнағаны өзара бағалау болды. Сыныптағы бағалау тек қана техникалық тәсіл емес. Мұғалімдер жазбаша немесе ауызша түрде баға қою жолымен бағалайды. Олар қолданылатын кез келген нысанның артында объективті немесе жеткілікті дәрежеде объективті емес нормалар мен стандарттар ғана емес, сондай-ақ баланың дамуы, оқуы және ынтасы туралы түсінік, сонымен қатар өзін-өзі бағалау, қабілеттілік және күш-жігер сияқты ұғымдарға қатысты құндылықтар жатады. (Александер, 2001). Келесі іс-әрекеттегі сабақта жұптық жұмыс болды. Оқушыларға «Пилот-Штурман» стратегиясы бойынша «Арнайы қатені табу» тапсырмасы берілді. Яғни екі бағаннан тұратын кесте берілді. Бірінші бағанда қате тапсырма екінші баған бос тұр. Кестеде алты тапсырма бар. Сол қате тапсырманы жұп болып оқушылар дұрыс жауабын орындады. Штурман рөліне енген оқушы басқарушы болады Пилот рөліне енген оқушы орындаушы. Үш тапсырма орындалып біткеннен кейін оқушылар рөлдерін ауыстырады. Жұмысты аяқтаған соң тапсырманың дұрыс жауабын интербелсенді тақтадан көрсету арқылы оқушыларға өз жұмыстарын тексерттім. Бұл жерде мен жұптарда өзара бағалау стратегиясын пайдаландым. Тапсырмада бір сұрағынан қателескен оқушылар болды. Жұптық тапсырманы бірігіп, ойлана отырып орындағанда, жұптарда өзара бағалау жүргенде сыни ойлау жүргенін байқадым. Менің байқағаным күрделендірілген тапсырмалар оқушыларға білім немесе дағдылардың жалпы өзегін қолдануға, құзыреттілікті қалыптастыруға, сыни ойлау дағдыларын дамытуға, мәселелері шешу үшін шығармашылық тәсілдерді қолдануға, өзіндік реттеуге, жетістікке жету қабілеттерін көрсете білуге, ең жоғары ойлау деңгейіне негізделген оқу үрдісіне қатысуға мүмкіндік береді. Жеке жұмыста интерактивті тақтада оқушылар тест арқылы өздерінің білімдерін тексерді. Он сұрақтан тұратын тесттің нәтижесін шешу барысында оқушылардың дарындылық қабілеттері анықталды. Бұл жұмысты оқушылар «Бағдашам» әдісі бойынша бағалады. Осы ретте оқушылар өзін-өзі бағалауды жүзеге асырды. Себебі бағдаршам түсін көтермес бұрын оқушылар өз жасаған жұмыстарына іштей есеп беріп, білімдерін саралап бір қорытындыға келеді. Үшінші сабақтың соңында оқушылар кері байланыс парағын толтырумен жұмыс жасады. Бүгінгі сабақта «Сабақ ұнады», «Қиын болды», «Тілегім бар» деген сөздерді стикерлерге жазып плакатқа жабыстырды. Соңғы сабағымда қайталау сабағы болғандықтан топтық жұмысқа қайталау тапсырмаларын алдым. Бұл топтық тапсырмaларды (постер қорғау) орындау барысында оқушыларым түгел белсенділік танытты. Тапсырманы аяқтаған соң әр топ постерлерін алмастыру арқылы бір-бірінің жұмыстарына «Екі жұлдыз, бір ұсыныс» формативті бағалауын жүзеге асырды. Оқушылар бір-бірінің жұмысына ұсыныс айтпайтын шығар деп ойлап едім, алайда олар ұсыныс беруде қаталдық танытты. Бұдан оқушылардың тек тапсырманы орындап қана қоймай, өз жұмыстарына талдау жасай алатындығын аңғардым. Менің байқағаным, тапсырмадан кейін бағалау жүргізіп отыру өте маңыздырақ себебі бағалау кезінде оқушылар өздерінің болжамдарын өндіру мен зерделеу, сондай-ақ осындай бағалау негізінде өз идеяларын қайта қарау мүмкіндіктерін қарастырады. Жеке жұмысқа сабағымның қорытындысы есебінде Блум таксономиясы бойынша сұрақтар берілді. Блум таксономиясы арқылы ойлау деңгейлерінің соншалықты өскенін байқадым. Себебі бұрынғы сабақтарымда сабаққа онша араласпайтын «С» деңгейлі кейбір оқушыларымның талдау жинақтау кезеңіне дейін жеткендері мені қуантты. Тапсырмаларды орындау барысында сабақ соңында сынып оқушыларының білуде 100 %-ы орындаса, 95 % -ы түсіну, 90%-ы пайызы қолдану, 58 %-ы талдау, 53%-ы жинақтау, ал 32 %-ы бағалау кезеңіне жеткен. Осы тұрғыда сұрақтарға жауап беруде балалар саны азая түскен. Орта мерзімді жоспарлаудағы төртінші сабақ соңында оқушылар «Бір минуттық эссе» жазды. Бүгінгі сабақта «Маған... ұнады», «Мен... жасай алдым», «Маған.. онша ұнамады» «Маған .....өте қиын болды», «Маған тізбектелген сабақтарда....қиындық болды» деген сөздерді арнайы параққа жазып берді. Сабақта мен оқушылардағы біршама өзгерістерді байқадым. «В» деңгейдегі Ф есімді оқушының көшбасшы болуға деген ынтасын байқадым. «С» деңгейдегі Е есімді оқушы постер қорғау барысында өз ойын қосты. Түрткі сұрақтар берген кезде «жақсы», «керемет», «жарайсың», «тамаша» сынды мадақтау сөздерді айтып оқушылардың келесі тапсырмаға деген қызығушылықтарын арттырып отырдым. Бағалау барысында мақтап, мадақтап отырудың да маңызы зор екеніне көзім жетті. Мақтап, оқушының жасаған жұмысының бұрыс жерлеріне бірнеше тоқталып және атап көрсетіп, соңынан қателік кеткен тұстарына ұсыныс беру арқылы оқушыға жеткіздім. Біз дәстүрлі оқытуда көбіне жылдам қабылдайтын дарынды балалармен жұмысты жүргізе береміз де, ал қабылдау қабілеті баяу оқушылар еленбей қалып қойып жатады. Міне, содан барып сабаққа қызықпайтын білім деңгейі төмен оқушылар пайда болады деген ойға келдім. Оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауды қажет ететін тапсырмалар беру арқылы сабаққа қызығушылығын арттыруға болатынын түсіндім. Баланы сыни ойлауға үйрете алсақ формативті де, суммативті де бағасын бере аламыз. Мұғалімге арналған нұсқаулықты негізге ала отырып, бағалау - одан арғы оқу туралы шешімді қабылдау мақсатымен оқытудың нәтижелерін жүйелі түрде жиынтықтауға бағытталған қызметті белгілеу үшін қолданылатын термин (“жақын отыру” дегенді білдіретін латын сөзінен шыққан). ( МАН,56-бет) Ал,сындарлы оқыту теориясындағы бағалау модулі менің бағалауға деген көзқарасымды мүлдем өзгертті. Осы модульді қолдану барысында мен курста алған теориялық білімімді басшылыққа алдым. Оқушыларда кеңейтілген деңгейлік тапсырмалар беруді, жинақталған жиынтық мәліметтер жұмыс үлгісін сәйкестендіруді және де күтілетін жоғары немесе төмен дәрежедегі жұмыс істейтін топтарға өзім ерекше назар аударыуды қамтамасыз еттім. Қорытындылай келе, бағалау оқытуды жақсартып келеді. Формативті бағалаудың стратегияларымен оқып, таныса келе осы модуль бойынша жұмыс жасауға ерекше ынталы болдым. Бұрыннан да дәстүрлі оқытудағы бағалау жүйесін әлдеқашан өзгерту керек деген ой болатын. Сондықтан да осы модульге көбірек мән беруге тырыстым. Өзара бағалау оқушыларға бір-бірінен үйрену үшін маңызды болды, бұл оларға сөйлесу, талқылау, түсіндіру және бір-біріне сыни бағалау мүмкіндігін берді. Мұнда оқушы тапсырмамен табанды жұмыс жасаса, уәж – негіздеп, нақтылап береді. Болжау, сұрыптау арқылы оқушының болашақтағы мінез-құлқы мен дамуын болжайды. Яғни, бағалаудың барлық түрлері бақылауды, алынған мәліметтердің интерпретациясын, бұдан арғы іс-әрекеттерді анықтау үшін қолданылуы мүмкін. Бағалау үрдісіне оқушыларды қатыстыру мәселесі де көптеген ойластыруларды талап етеді. Себебі, бағалау тұрғысынан жұмысты әрі қарай жалғастыруға болады деген ой мені мазалай берді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
[1]. Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші (негізгі) деңгей. « Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ. 2012 жыл.
[2]. Мектептегі тәжірибе кезеңінде орындауға арналған тапсырмалар.
[3]. Үшінші (негізгі) деңгей. « Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ. 2012 жыл.
[4]. Білім беру платформасы. (1-4 апта материалдары)
Достарыңызбен бөлісу: |