Қазақ тілі.Петицияларда мектеп қабырғасында ислам діні негіздерінің міндетті түрде оқытылуы, «орысша сауат ашуды» содан кейін қолға алу талабы қойылды. Петицияда мектептерде христиан дінін оқытуға үзілді-кесілді қарсылық білдірілді. Қырғыз (қазақ. - авт.) халқына бастық болғысы келгендердің қырғыз тілін білуі тиіс екендігі атап көрсетілді. Петицияда ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізу талап етілді.
Қарқаралы петициясы авторларының діни тұрғыдағы талаптары
Қазақтардың діни істеріне басшылықты Орынбор діни басқармасының қарамағына беру
Әрбір болыста діни алым-салық жинайтын арнаулы адамдардың болуы, түскен мал мен қаржыны кедей отбасынан шыққан шәкірттердің оқуына жұмсау
Қазақ ауылына христиан дінін таратуға тыйым салу
Мешіттер мен медреселерді жөндеуге қаржы бөлу
Діни әдебиеттер шығару үшін баспаханалар ашу
Медреседе араб, парсы, түрік тілдерінде оқытуға рұқсат ету
Меккеге қажылыққа еркін барып келу
Мешіттер мен медреселердің салынуына еркіндік беру
Сот ісі. Қазақтар дала тұрғындарын сот, тергеусіз әкімшілік жолмен жер аудару ісіне наразылық білдірді. Дала генерал-губернаторы қазақтарды кез келген болмашы мәселе бойынша да жер аударып жіберуге құқықты еді. Неке және отбасы мәселелерін әскери губернатор мен уезд бастықтарының қарауынан алып, бітістіруші судья құзырына беру талап етілді. Кісі өлімі болған жағдайда айыпты адамның жазаға тартылуымен қатар қазақтардың дәстүрлі құқық заңы бойынша құн төлетуге өтініш білдірілді. Округтік соттың жанында міндетті түрде ақылдастар алқасы болуы тиіс деп атап көрсетілді. Сондай-ақ айыпталушының міндетті түрде қорғаушысы болуы, билер сотының жергілікті отаршылдық билік орындарына емес, Әділет министрлігінің қарамағына өтуі талап етілді.