Сыртқы округтердегі сайлау тәртібі. Ауыл старшындарын көшпелілердің өздері сайлайтын және оларды бұл лауазымды қызметке округтік мекеме бекітетін. Сайлау үш жылда бір рет өткізіліп тұрды.
Сұлтандардың қатарынан сайланып қойылатын болыстар өздерінің қолындағы өкімет билігін балаларына мұра етіп қалдыру құқығын иеленді. Биліктің ауысуы жоғарыдан төмен қарай жүргізілді.
Кейінгі кездерде болыстық қызметке сұлтан емес, қарапайым қазақтардың да сайлануына рұқсат етілді. Бірақ ондай адамдардың патша үкіметіне сіңірген еңбегі зор болуы тиіс еді. Сол арқылы патша үкіметі Шыңғыс әулетін билік құрылымынан бірте-бірте шеттете бастады.
Аға сұлтанды тек сұлтандардың өздері, ал оның құрметті қазақтардан іріктелетін екі заседателін билер мен старшындар ғана сайлайтын. Аға сұлтандар үш жылға, ал олардың заседательдері екі жылға сайланатын. Аға сұлтандар облыстық басқарма бастығының бекітуінсіз өз өкілеттігін жүзеге асыруға кірісе алмайтын. Бұл далада 600 жыл бойы билік етіп келген Шыңғыс ұрпағын құрмет тұтатын қазақтардың қарсылығына ұшырамас үшін жасалынды. 1854 жылданбастап аға сұлтандыққа шыққан тегі Шыңғыс әулеті емес адамдар да сайлана алатын болды.
Округтік приказдың негізгі міндеттері. Округтік приказдың қатаң белгіленген міндеттері болды. Атап айтқанда, округтегі халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету; халыққа білім беруге қамқорлық жасау; тұрмыстық жағдайлар мен шаруашылық жұмыстарын жақсарту; қарақшылық тонауға, барымтаға және өкімет билігіне бағынбау әрекеттеріне тыйым салу; өз бетімен кетіп, озбырлық жасауға жол бермеу; тергеуді және сот істерін әділ жүргізу; діни наным-сенімдерге байланысты проблемаларды шешу; көпестер керуенінің жүріс-тұрысын бақылау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету; сондай-ақ жасақ (алым-салық) жинау. Округтік приказ, сонымен қатар егін шаруашылығын дамытуға да қамқорлық жасауы тиіс болды.
Округтік приказдың басты қызметінің бірі сот ісін жүргізу еді. Бірақ бұл өте тиімсіз болып шықты. Округтік соттарға шағымданып келушілердің қатары сирек болды. А. Гейнстіңайтуынша «приказдардың сот жүргізу ісі ұзақ уақытқа созылып, еш нәтижесіз аяқталды. Ал билер соты даулы мәселені жылдам және әділдікпен шешіп отырды. Сондықтан билер сотына қазақтар ғана емес, сонымен қатар әртектілер мен казактар да үлкен құрметпен қарады».