168
Биологиялық мутагендерге
жасушадағы зат алмасу үрдісі
кезінде түзілетін кейбір ыдырау өнімдері мен ағзаға тағам
арқылы келіп түсетін радиоактивті заттарды да (мысалы, сүйекте
жинақталатын стронций, т.б.) жатқызуға болады. Вирустар, бак-
териялар,
гельминттер, актиномицеттер, өсімдік экстрактары, т.б.
жасушаға еніп, ДНҚ-ны өзгерте алады. Вирустар мен бактериялар
жасушаға бөтен ДНҚ-ны енгізуді қамтамасыз ете алады. Вирустар -
дың мутагендік əсері, əсіресе эпидемия жəне пандемия кезінде
күшейе түседі. Мутагендік қасиет тірі вакциналарда да байқалуы
мүмкін. Вируленттілігі бəсеңдетілген
тірі вакциналардың мута-
цияның пайда болуына əсер ететіні белгілі болды. Сондықтан мұн-
дай агенттердің ағза үшін генетикалық қауіптілігін есептеу керек.
Енді жасанды мутагенездің
селекциялық маңызына
тоқталайық.
Радиациялық жəне химиялық мутагенездің ең ірі табыстары
микроағзалар селекциясының үлесіне тиді. Антибиотиктер, амин
қышқылдары, витаминдер жəне басқа заттардың микробиологиялық
өндірісі рентген, ультракүлгін сəулелерін жəне химиялық
мутагендерді қолдануға сүйенеді. Бактерия мен саңырауқұлақтардың
мутант штамдарының антибиотиктік белсенділігі жабайы штамдарға
қарағанда əлдеқайда жоғары.
Агрономия тəжірибесіне эксперименттік мутагенез негізінде
бидайдың, мақтаның, т.б. өсімдіктердің жоғары өнімді жаңа сорт-
тары енгізілді. Өсімдіктер селекциясында жасанды мутагенез
бастапқы материалды алу үшін жиі қолданылады.
Алынған мутант-
тар өсімдіктің жаңа сортын шығару үшін немесе гибридизациялау
үшін қолданылады.
Эксперименттік мутагенез зиянкес жəндіктермен күресудің
генетикалық əдісін жетілдіру үшін практикалық қолданыс табуы
мүмкін. Мысалы, АҚШ-тың оңтүстік аймағында ет шыбынымен
күресу үшін стерилденген аталықтарды эксперименттік мутаге-
нез арқылы құрастырудың маңызы өте зор. Мұндай шыбындардың
жыныс жасушаларында доминантты мутация пайда болғандықтан,
олар тіршілік қабілеттілігі жоқ ұрпақтар береді.
Иондаушы сəулелер жəне радиациялық
қасиеті бар кейбір
химиялық мутагендер жасушалық бөлінуді тежеу арқылы рак ау-
руын емдеуге қолданылады. Жасуша осы мутагендерге, əсіресе,
бөлінер алдында өте əсерлі болады. Ісік жасуша оларды қоршаған
қалыпты жасушаларға қарағанда əлдеқайда жиі бөлінеді, сондықтан
зақымданған мүшелерге мутагендермен əсер беру, ең алдымен рак
жасушаларының бөлінуін тоқтатады.