Сұхбаттың эволюциясы. Журналистиканың кез-келген жанрының басқалардан бөлектеніп тұратын ерекшеліктері бар. Олар пішіні, берілу әдісі, эмоциональды-айшықты белгілері бойынша бір-бірінен ерекшеленуі мүмкін. Жанр эволюциясы техниканың дамуымен өте тығыз байланысты дамиды. Сол арқылы радио мен телевидения ескі жанрларды түрлендіріп, оларға ерекше реңк беруі заңды құбылыс. Радио және телевизиялық сұхбат пайда болды, алайда, ол газеттегі сұхбат жанрын ығыстыра алмады. Керісінше, олармен бір деңгейде дамып келеді.
«Сұхбат» жанрының айқындала түсуі сұхбат әдісі пайдаланылған жарияланымдардың көптеп пайда болуы арқылы жүзеге асты. Ол сұхбаттасу кезеңін немесе сұрақ-жауапқа негізделген пішін, сұхбаттың пайдаланылуымен тығыз байланысты. Егер де автор сұхбат алушыдан алған материалдарға комментарий бермей, тек қана көпшілік қауымды құлағдар етуді мақсат еткен болса, ол ақпараттық материалға жол салды деуге болады. Алайда осы тектес сұхбаттарда сұхбат беруші кім? қайда? қашан? деген сұрақтарға жауап бере алғанда ғана толық мәнді ақпараттық болып есептеледі. Ақпараттық сұхбаттың алдына қойған мақсаты – автор тапқан жаңалығы жайлы көрерменге ақпарат беруді көздейді. Алайда, оны сараптамадан өткізбейді. Оған мынадай қарапайым мысал келтіруге болады. Тақырыбы: «Танысыңыз. Серік Асқарұлы».
- Сіздің сүйікті асыңыз?
- Балық.
- Сіздің сүйіп оқитын кітабыңыз?
- М.Әуезов шығармалары.
- Саяжайыңыз бар ма?
- Жоқ».
Танысыңыз. Серік Асқарұлы. // www.mega.rostov.ru сайтынан алынды.
Жанр техникасы. Бір жанрдың үш түрі де (баспасөз, радио, теледидар) бір-біріне ұқсас. Алайда, атап өткеніміздей, олардан айтарлықтай айырмашылықтары бар. Радио мен телевидениядегі сұхбат газеттегіге қарағанда көркемдік пен көрнекілік жағынан ерекшеленеді. Радио мен телесұхбатта көрермен мен тыңдарман сұхбатқа тікелей атсалыспаса да, оның қатысушысына айналады. Ақпаратты тұтынушыға жеткізуде радиосұхбат пен телесұхбаттың сапасы көрнекі болуы маңызды, себебі, ақпаратты қабылдаушы сол арқылы болған оқиғаның неге, не үшін, қалай болғаны жайлы өзі шешім шығара алады. Бұл сапа журналистке оңай түспейтін олжа, ол аудиторияға қызықты, маңызы бар, әділ ақпарат беруі тиіс. Олай болмаған жағдайда көрермен басқа арнаға, ал тыңдарман басқа толқынға ауысуы ықтимал.
Газет сұхбаты оқырманның қызығушылығын туғызады. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл сұхбат субъективтілігімен ерекшеленеді. Журналист алдына қойған мақсатына жету барысында маңызды емес деген сұрақтарды алып тастай алады, сол арқылы басқа сұрақтарға толығырақ тоқтайды. Керек болған жағдайда журналист сұрақтардың ретін де өзгерте алады. Яғни, осылай газет бетіне шыққан сұхбат журналист пен сұхбат берушінің сол әңгімесі болмай қалады. Сұхбаттың басқа түлерінің пайда болуының өзі газеттегі сұхбаттан бастау алған. Сұхбат жүргізудің техникасын игеру барысында сұхбатқа дайындалу мен оны жүргізудің қиындықтарын ескерген абзал.
Кез келген сұхбаттың алғашқы кезеңі әрине – дайындықтан басталады. Сұхбат алушының ұстанымын былай анықтауға болады: «Мен сіздің мен білмейтін нәрсені білетініңізді білемін» ұстанымы. Журналистің дайындықсыз сұхбат жүргізуіне құқығы жоқ. Кейбір жағдайды білмеуі мүмкін, алайда, болған жағдайды алдын-ала анықтап алу, сұхбат берушіге деген құрметті көрсетеді. Кей жағдайда барлығын жақсы деңгейде білген журналист, сұхбат берушіні көлеңкеде қалдыруы мүмкін, адасушылықтың пайда болу қаупі осында. Тақырыпты журналистің өте жақсы меңгергендігі әңгіменің тартымды болуына септігін тигізіп, оны керек жаққа бағыттап, сұхбат берушіге ғана белгілі деректерді табуы мүмкін. Сұхбат жанрында сұрақтар маңызды рөл атқарады. Олар мына ұстанымдарға сәйкес болғаны жөн:
Сұрақтар анық болуы керек. Сұхбат беруші сұрақты түсінбесе, оған журналист кінәлі. Сұрақтың түсінікті болу үшін оны алдымен журналистің өзі түсінуі қажет.
Күрделі сұрақтарды қоймаған жөн. Осындай жауап алатын сұрақтар көп жағдайда радио мен телевиденияда сирек пайдалануы мүмкін. Оның өзінде егер сұхбат берушіні толық таныстырудан қашқанда ғана қолданылады.
Сұрақты қою барысында сұхбат берушіге деген сыйластықты ұмытпау керек. Журналистің этикалық сезімі оның сұрақтарының қалай әсер ететінін анықтап отыруы қажет. Сұхбат берушінің іс-әрекетін байқап отыру журналистің кәсіби шеберлігін көрсетеді.
Қойылатын сұрақ қызықты болуы шарт.
Сұхбат жанрында жұмыс істейтін журналистің алдына тәжірибе барысы бірнеше шығармашылық сұрақтар қояды. Сұхбат берушіні қойылатын сұрақтармен алдын-ала таныстыру қажет пе? Мүмкін, болашақ әңгіменің тақырыбын ғана атап өткен жөн болар?!
Сұхбат жанрындағы әлемдік тәжірибе көрсеткендй оның жақсы шығуының өзі көптеген шартқа байланысты, мысалы, журналист өз жұмысын қаншалықты деңгейде меңгергеніне, редакция талаптарының қаншалықты нақты екендігіне, әңгімелесушінің дайындығына байланысты болуы мүмкін.
Тілші сұхбат берушіден тыңдарманның аузынан естігісі келген сұрақты қоюға құқылы. Радио және телесұхбатта маңызды, қызықты ақпаратты тек шақырылған кейіпкер бере алатынын ұмытпау керек. Сондықтан журналист керек кезде өз жоспарын өзгертіп отыруға, сұхбат барысын мұқият қадағалауға мүмкіндігі бар. Мысалы, «жоспардағы» сұраққа әңгіме барысында жауап беріліп қойса, ол сұрақты алып тастағаны жөн. Әңгіме қызығына кіріп кетіп, сұхбат беруші тақырыптан ауытқып кетуі де ықтимал. Сол үшін журналист керек кезде сұхбат берушіні тақырыпқа бағыттап отырғаны жөн. Біз журналистика жүйесіндегі сұхбат жанрының қыр-сырын қарастырып, жанр жүйесіндегі негізгі түрлерін анықтап, саралауға талпынамыз.
Сұхбат жанры автордың сұхбаттасуы арқылы алған мәліметтерінің журналист мәтінінде «бекітілгендігінің» нәтижесі болып келеді. Бұл әдістің теориялық әдістерге жатпайтыны белгілі. Сондықтан сұхбат жанры көбінесе ақпараттық жанр ретінде қарастырылады. Сұхбат ақпараттық қана емес, сараптамалық мәліметтерді алу үшін де қолданылатыны ұмыт қалып жатады. Сұхбат арқылы алынған материалдар газет бетінде корреспонденция, есеп, мақала арқылы да оқырманға ұсынылуы мүмкін. Яғни, ақпарат жинау барысында аталмыш әдісті пайдалану бірден сұхбат жанрын туғызбайды. Мәтінде осы әдістің белгілері анық көрініп тұрса, яғни диалог, сұрақ-жауап байқалса ғана ол оның пішінін анықтап бере алады. Тек осындай белгілері бар мәтін сұхбат жанры деп танылады. Сұхбаттың ақпараттық немесе сараптамалық жанрға жату-жатпауы мәтіннің мазмұнына қарай анықталады. Егер ақпараттық сұхбат кім? не? қайда? қашан? деген сұрақтарға жауап беріп, белгілі бір дерек туралы хабарлайды. Сараптамалық сұхбат соған қоса деректі сараптай отырып, неге? қалай? не үшін? деген сауалдарға жауап алуға септігін тигізеді. Сараптамалық сұхбаттағы автордың рөлі – ол өз сұрақтары арқылы сұхбат алушыны мәселені сараптауға бағыттап отырады, себебі, бұл жанрда сараптауды сұхбат берушінің өзі жасайды. Осы мақсатпен сұрақтар белгілі бір оқиға, құбылыс, іс-әрекеттердегі түйінді шешуге бағытталады.