11.1. Жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныс Ұлттық экономика деңгейінде қандай да бір елдің территориясында
өндірілген жалпы ішкі өнімді бір жылдың ішінде сатып алатын және
оны сататын іріленген экономикалық субъектілер жұмыс істейді.
Осындай іріленген экономикалық субъектілерге үй шаруашылығы,
фирмалар, мемлекет және сыртқы орта жатады. Олар жалпы ішкі
өнімге қатысты жиынтық шығындарды және жиынтық табыстарды
қамтамасыз етіп отырады. Бір жағынан, ол жиынтық сұраныс, ал
екінші жағынан, ол жиынтық ұсыныс ретінде көрінеді. Енді осы
ұғымдарға толығырақ тоқталамыз.
Жиынтық сұраныс – экономикалық субъектілердің бір жыл
ішінде өндірілген жалпы ішкі өнімді сатып алуға жұмсайтын жиын тық
шығындары. Жиынтық шығындардың көлемі елдегі баға деңгейіне
тәуелді болып табылады және жиынтық сұраныс қисығы бағаның
белгілі бір деңгейінде сатып алынатын жиынтық өнімнің көлемін
көрсетеді. Баға деңгейі мен жиынтық өнім көлемі арасындағы кері
тәуелділікті төмендегі суреттен байқауға болады.