IV-ТАРАУ. СУ ЖӘНЕ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
ГИГИЕНАСЫ
«Су! Мөлдір су, сенде дәм де жоқ,
жоқ сенің түсің, исің де,
сипаттау да мүмкін емес, бірақ
сенсіз - өмір сүру, мүмкін бе!
Тіршілікке керексің деп айту мүмкін аз болар,
өйткені, сен –дәл өзісің сол тіршілік атаулының!
Сеніменен шөл қандырып, барлығы да мәз болар,
бұл сезімнің мүмкін емес, сөзбен айту рақатын....
Сен өзіңсің, әлемдегі ең үлкен байлық пен бақытым....»
Антуан де Сент -Экзюпери
1. Су көздерінің жалпы сипаттамасы.
Жер шарындағы судың мөлшері 16 млрд. км3, бұл планета массасының 0,25% құрайды. Бірақ 13 млрд. км3 су жердің мантия түзуші терең қабаттарында шашырап орналасқан және сенімді қорғалған. Судың көп бөлігі, жер қыртысын түзетін тау жыныстары мен минералдардың құрамына кіреді, 1,45 млрд. км3 су Жер гидросферасын құрайды. Гидросфераның - біздің планетамыздың су қабықшасының - негізгі бөлігі мұхит екеніне сөз жоқ. Әр түрлі мәліметтер бойынша, Әлемдік мұхиттың үлесі гидросфераның 94,0% - 96,5% құрайды, қалған бөлігі жер асты сулары, мұздар, топырақ ылғалы, атмосфералық су булары мен өзен суларының үлесіне тиеді.
Егер планетадағы тұщы сулардың көлемі туралы айтатын болсақ, олар негізінен, мұздарда (68,7%), жер асты көздерінде (30,9%) және ең азы (0,006%, 4.1.-кесте) - өзендерде жиналған (Авакян А.Б. және басқалар 1999 ж.). Мұндай мәліметтерді ертерек басқа ғалымдар да келтірген. Олардың берген мәліметтері бойынша, гидросфераның көлемі 1460 млн. км3, оның 90 млн. км3, немесе 6,1% құрлық сулары, 13-15 мың км3, немесе 0,1% атмосфера сулары болып табылады. Атмосфера сулары, немесе «атмосфера булары», жыл сайын 520 км3 жауын-шашын суларын береді, олардан құрлықтағы тұщы сулар қалыптасады (Зарубин Г.П., 1971; Кульский Л.А., 1978 ).
Су адамзаттың барлық көз жетерлік болашағына толық жетеді деген сенімнің үстемдік еткеніне көп уақыт өткен жоқ. Бірақ, жоғарыда айтылғандардан анық көрініп тұрғандай, жер шарындағы судың қоры шексіз емес, өнеркәсіптің, ауылшаруашылығының қарқынды дамуына байланысты, көп жерлерде судың жеткіліксіздігі туындап отыр. Бүгінгі күні таза судың жеткіліксіздігі туралы мәселе барған сайын өткір болып тұр. Әлемдік жүйенің бүтіндігі, оның сақталуы мен эволюциясына байланысты біртұтас шаралар жүйесі жөнінде жорамалдар бар. Дәл осы тұрғыдан Рио-де-Жанейрода өткен (1992 ж.) қоршаған орта және даму жөніндегі БҰҰ конференциясында жарияланған тұрақты даму концепциясы адамзатта жаңа дүние тану қалыптасып келе жатқанын білдіреді. Тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуде су ресурстары маңызды роль атқарады. Бірақ Қазақстан - Еуразия кеңістігіндегі суы ең тапшы елдердің бірі (4.1.-сурет). Меншікті қамтамасыз етілуі бойынша, біздің мемлекетіміз ТМД мемлекеттері арасында соңғы орында тұр.
ҚР су ресурстарының қоры шамамен 539 км3 құрайды, оның ішінде 190 км3 - өзендерде. Өзендердің, бөгендердің су ресурстары әрқайсысына сәйкес 100,5 км3 және 95,5 км3, мұздардың ғасырлық қоры – 95 км3, ал жер асты суларының болжам бойынша қоры – 58 км3.
Қазақстанның жер беті суларының тек 58% ғана республиканың аумағында қалыптасады, қалғандары шекаралас елдердің аумағынан келеді. Қазақстанның жер бедері әр түрлі болуына байланысты, ішкі сулары Республика аумағында біркелкі таралмаған. Шөл және шөлейт аймақтарда көлдер мен өзендер аз, ал далалық және орманды далалық аймақтарда олар едәуір көбірек. Республиканың ішкі сулары төрт типке: көлдер, өзендер, жер асты сулары және мұздарға бөлінеді. Қазақстанның кең аумағында 48 мыңнан астам үлкен және кіші көлдер бар.
Достарыңызбен бөлісу: |