Оқулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен


Климат және ауа райы. Адам ағзасына әсері. Акклиматизация мәселелері



бет45/297
Дата14.11.2022
өлшемі5,72 Mb.
#158178
түріОқулық
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   297
Байланысты:
Uchebnik Gigiena-kaz yaz (копия)

8. Климат және ауа райы. Адам ағзасына әсері. Акклиматизация мәселелері.
Ауа райы мен климат әрбір адамның денсаулығы мен өмір сүру жағдайына үздіксіз әсер етіп отыратын табиғи фактор болып табылады. Ауа райы мен климат жағдайларының адам денсаулығына әсері Гиппократ заманынан белгілі болған. Сол уақыттарда өзінде ақ, көптеген аурулардың пайда болуын, ағымы мен салдарын климат және ауа райымен байланыстырған және әр түрлі патологиясы бар науқастарды емдеу барысында климаттық - ауа райы факторларын қолданған. Қазіргі уақытта миокард инфарктісі, мида қан айналымының жедел бұзылыстары, гипертониялық криздер, бронх демікпесінің қозуы, туберкулез, асқазан мен он екі елі ішектің ойық жарасы, психикалық аурулардың және т.б.дамуында, сонымен қатар, кейбір дені сау адамдардың денсаулығының нашарлауында, климат пен ауа райы жағдайларының рөлі жөнінде дауласуға жатпайтын көптеген ғылыми фактілер жиналған. Болатын салдарын ескеру бұл аурулардың алдын алу мен емдеудің тиімділігін жоғарылатуға, сонымен қатар, қолайсыз ауа райы кездерінде жиілігі күрт жоғарылайтын, кенеттен пайда болатын өлім санын төмендетуге мүмкіндік береді.
Ауа райы деп, белгілі бір аумақтағы аз ғана уақыт аралығына (сағат, тәулік, апта) тән, атмосфераның жер маңындағы қабатының физикалық қасиеттерінің динамикалық жиынтығын түсінеді.
Ауа райын сипаттайтын негізгі элементтеріне күн сәулесінің қарқындылығы мен белсенділігі, атмосфераның электрлік жағдайы, Жердің магниттік өрісінің кернеулілігі, геомагниттік белсенділіктің өзгеруінің тез не баяу жүретіндігі және оның айқындылық дәрежесі, атмосфералық қысым, температура, ауаның ылғалдылығы, ауа қозғалысының бағыты мен жылдамдығы, бұлытты болуы, жауын-шашындар жатады.
Климат берілген ауданда көптеген жылдар бойына тұрақтанған, заңды түрде қайталанып отыратын ауа райының режимі болып табылады. Ауа райы мен климаттық жағдайлардың қалыптасуы ең алдымен, табиғи факторлармен - күн сәулесі, ауа массасының айналымы, жер бетінің жабындысы (беттік төсеніш) және бедерімен, теңіздер мен мұхиттардың жақындығымен қамтамасыз етіледі.
Күн сәулесінің электромагниттік бөлігінің есебінен атмосфераның жылынуы жүреді, бұл, тікелей күн сәулесі атмосфера қабатынан өткен кезде және күн сәулесімен жылынған жер бетінің жылуын беруі нәтижесінде іске асырылады. Бүл үрдіске ең улкен улесті жер беті қосады, себебі ол күн сәулесі энергиясының 47% дейінгі бөлігін сіңіріеді және жылуға айналдырады.
Атмосфераның жылынуы жер шарының әр түрлі нүктелерінде бірдей емес. Ол жергілікті жердің географиялық ендігіне, жер бетінің жабынды сипатына, тәулік уақытына, жыл мезгіліне, сіңірілу үрдісіне, күн радиациясының атмосфера арқылы өткен кезде шашырауы мен шағылысуына байланысты.
Экваторда атмосфераның жылынуы анағұрлым жақсы жүреді, бұл жерде көк жиектегі күннің туру биіктігі ең үлкен болғандықтан, күн сәулелері өтетін атмосфера қабатының қалыңдығы жұқа болады. (4 тарауды қараңыз)
Экватордан полюске қарай жылжыған сайын ол төмендейді, сондықтан атмосфераның жылынуының ең азы полюстерде байқалады. Бұдан басқа, тропосфераның жылынуына жер беті жабындысының шағылыстыру қабілеті - альбедо өте күшті әсер етеді. Альбедо неғұрлым жоғары болса, соғұрлым жер жылуды аз сіңіреді. Мысалы, полярлық аймақтардағы қар жабындысы күн сәулесін 85% дейін шағылыстырады, бұл осы нүктелердегі ауаның одан да жоғары салқындауына ықпал етеді. Керісінше, өсімдіктермен немесе сумен жабылған жер бетінің альбедосы төмен болып келеді. Мысалы, шөптер және ағаштардың жапырақтарының альбедосы 20 - 30%, суда - 5%, құм және ұсақ, жұмыр тасты жерде - 29-32% құрайды.
Атмосфераның жылынуы күн сәулесін бұлттардың шашыратуы және атмосфералық ауаға түсетін ластаушылардың сіңіруі нәтижесінде де төмендейді. Жылынған ауа массалары жеңілдеу болады, сондықтан төмен атмосфералық қысым аумағын туғызады, ал суық массалары тығызырақ болғандықтан, олардың түзілетін жерлерінде жоғары қысым аумағы байқалады. Біркелкі емес жылыну нәтижесінде және осыған байланысты әр түрлі аумақтарда түзілген ауа массаларындағы қысымының айырмашылығынан, үнемі жоғары қысым аумағынан төмен қысым аумағына қарай ауа массаларының айналымы жүріп отырады. Жер бетінен қашықтаған сайын тропосферадағы температура төмендейді, сондықтан тропосфераның төменгі қабаттарында төмен қысым аймағы экваторда, жоғары қысым аймағы – полюсте түзіледі, ал тропосфераның жоғарғы қабаттарында кері көрініс байқалады.
Сол себепті атмосфераның жоғарғы қабатындағы ауа массалары экватордан полюске қарай ығысады, бірақ, Жердің айналу күшінің әсерінен олар ауытқиды, сөйтіп өзінің оңтүстіке қарай жылжыйтын бағыттарын батысқа қарай өзгертеді.
Субтропиктік аудандарда ауа массалары төмен түседі және тропосфераның төменгі қабаттарында жоғары қысым түзіп, осы жерден қайтадан экваторға қарай бағытталады. Осылай субтропиктер (өте жоғары қысым аймағы) мен экватор (өте төменгі қысым аймағы) арасында пассаттық деп аталатын аймақтық тұйық айналым пайда болады. Пассаттар Жердің айналу күшінің әсерінен біршама ауытқып, субтропиктен экваторға қарай соғады.
Осыған ұқсас, кысымның әр түрлігінен басқа да тұйық айналымдар: полярлық - полюс пен орта ендік арасында, орта ендіктер айналымы - орта ендік пен субтропиктер арасында пайда болады. Теңіздер мен мұхиттарға жақын жерлерде жазғы уақытта теңізден құрлыққа қарай, ал, қыста – керісінше соғатын муссондар және басқа да желдер тұрады.
Ауа массаларының барлық тұйық айналымдары ауа райы мен климаттың түзілуінде маңызды факторлардың бірі болып табылатын жалпы планетарлық айналымға қосылады Белгілі бір аймаққа келетін ауа массалары әр түрлі географиялық аумақтарда түзілуі мүмкін, осыған байланысты оларды арктикалық, орта ендіктік, субтропикалық және экваторлық деп бөледі. Ауа массаларын, белгілі бір жерге келгенге дейін қандай беттің үстінде болғанына байланысты, континенттік және теңіздік деп бөледі. Әр түрлі жерде пайда болатын ауа массаларының бір-бірінен температурасы мен ылғалдылығы бойынша айырмашылықтары болады. Солтүстік ауа массалары әдетте суық және құрғақ, ал тропикалық - жылы және ылғалды болады.
Теңіз ауасы үнемі жоғары ылғалдылығымен, сонымен қатар, қыста континенттікке қарағанда, жоғары температурасымен, ал жазда - төмен температурасымен ерекшеленеді. Ауа массалары бүтіндей ығысып, берілген аумақта бұрын болған массалардың орнына келіп, ауа райын өзгертеді. Ауа райының ерекше айқын өзгеруі, ауаның әр түрлі массаларының арасындағы, фронт деп аталатын, шекаралық қабаты өтуі кезінде байқалады.
Фронттарды жылы, суық және окклюзиялық деп бөледі. Жылы фронт деп, жылы массалар суық массаларды ығыстыруы кезіндегі, ал суық фронт деп - суық массалар жылы ауаны ығыстыруы кезіндегі фронтты айтады. Егер де суық және жылы фронттар біріксе, онда окклюзия фронты пайда болады, бұл кезде ауа райы айқын өзгермейді. Жердің әр түрлі аймақтарының аралығында бір ауа массаларының басқаға ауысуы, циклондық әрекеттің түрі ретінде іске асырылып, циклондар мен антициклондардың түзілуіне әкеледі. Циклондар диаметрі 2,5-3 мын км, қысымы төмен аймақ болып табылады. Ең төмен қысым циклонның ортасында байқалады. Оның өте кең шеттерінен - жоғары қысым аймағынан - циклонның ортасына қарай бір жерде емес, әр түрлі географиялық аумақтарда түзілген ауа массалары жиналып, жоғары көтеріледі. Осыған байланысты, циклонда жылы ауа массаларымен қатар, суық ауа массалары және фронттар болуы мүмкін.
Циклондар әдетте қысымы мен температурасының аутқулары үлкен, жауын шашынды, ауаның электр өткізгіштігінің жоғарылауымен және жердің электрлік өрісінің потенциалы градиентінің төмендеуімен жүретін тұрақсыз ауа райын әкеледі. Қалыпты жағдайда күнсайынғы атмосфералық қысымның әдетте өзгеруі 5 гПа аспайтын болса, циклондық әрекетіне байланысты ол 30-40 гПа өзгеруі мүмкін. Циклондардың өте қауіпті түрлері тропиктерде, мұхит үстінде байқалады. Олардың диаметрі үлкен емес, 80-100 км құрайды, бірақ қиратқыш күші қарқынды болып табылады. Тропикалық циклондардың (тайфун, дауылдар) жылдамдығы өте жоғары болады, олар теңіз үстіндегі дауылдар, су тасқыны, елеулі бұзылулардың пайда болуына әкеледі.
Антициклондар атмосфералық қысымы жоғары учаскелерде пайда болады. Олардың диаметрі 5-7 мың км дейін қамтиды. Ең жоғары қысым антициклонның ортасында байқалады, осыған байланысты, циклондарға қарағанда, ауа ағындары антициклон ортасыннан шетіне қарай ығысады. Антициклондар арқылы фронттар өтпейді. Антициклондар көбінесе бұлыты аз, тұрақты, жазғы уақытта ыстық және қысқы уақытта суық ауа райын әкеледі. Бірақ та, ауа райы барлық уақытта ашық бола бермейді, жазда қысқа уақытты нөсерлі, ал қыста – бұлытты қар жауатын ауа райының болуы да сирек емес.
Ауа райы мен климаттың қалыптасуы үшін жылу, ылғал, қозғалу мөлшерінің алмасуымен сипатталатын атмосфера мен мұхит арасындағы өзара әсерлесуінің маңызы айрықша болып табылады. Әлемдік мұхит Жердің 71% алып жатыр, ол күн энергиясы мен ылғалдың негізгі аккумуляторы болып табылады. Жер бетіне түсетін барлық күн сәулесінің 90% мұхит сіңіреді, оның аз ғана бөлігі (пайыз үлесі) су бетіндегі ауаның жылынуына кетеді. Бұл құрлықпен салыстырғанда, судың шағылыстыратын қабілеті төмен болуымен, сондай-ақ, судың жылу сыйымдылығының үлкендігіне байланысты барлық сіңірілген сәуле энергиясы су массасының жылытуға жұмсалатындығымен түсіндіріледі.
Судағы температураның тәуліктік ауытқуы ондаған метр тереңдігіне дейін, ал жылдық аутқуы жүздеген метрге дейін таралады. Су баяу қызып және баяу салқындайды. Сондықтан, жазда мұхит беті, қысқы уақытқа қарағанда, суығырақ болады және осыған сәйкес мұхит үстіндегі атмосфералық қысым жазда жоғары, ал қыста төмен болады. Су беті, құрлыққа қарағанда, аз бұдырлы болады, соның салдарынан су кеңістігінің үстінде желдің үлкен жыладамдығы да байқалады. Атмосфераның айналымы, ендік арасында жылуды тасымалдауда маңызды рөл атқаратын, мұхит айналымы деп аталатын - мұхит ағыстарының пайда болуына әкеп соғады. Төмен ендіктерден жоғары ендіктерге және жоғары ендіктерден төмен ендіктерге жылудың жалпы алмасуының жартысына жуығы мұхит ағыстары арқылы өтеді, ал, қалған жартысы – атмосфералық айналым арқылы жүреді.
Жоғары ендіктерден келетін суық ағыстар тропиктердің салқындауына ықпал етеді, ал тропикалық аудандардан келетін жылы ағыстар жоғары ендіктерді жылытады. Мұндай ағындарға Гольфстрим жатады, ол жылудың көп мөлшерін Батыс Европа жағалауына әкеледі және Баренцово теңізіне енеді. Солтүстіктен оңтүстікке қарай үлкен суық Лабрадор ағысы бағытталады.
Ірі мұхиттық айналымдар Әлемдік мұхиттардың басқа да аудандарында бар. Мұхиттық айналымдар күшті климат түзуші фактор болып табылады, олар жеке аумақтардың жылылық және радиациялық баланстарын өзгерту жолымен атмосфералық айналымға әсер етеді. Атмосфералық айналымға мұхит ағыстарының жаһандық әсер етуінің көрнекі мысалы ретінде Эль-Ниньо құбылысын айтуға болады. Тынық мұхитының беткі суларының температурасының аномальды түрде көтерілуімен сипатталатын бұл құбылыс, соңғы он жылдықтарда Оңтүстік Американың батыс жағалауында байқала бастады. Эль-Ниньо күшейуген жылдарда ауа райының аномальды құбылыстары, апаттық нөсерлер, бір аудандарда су тасқындары, басқа аудандарда құрғақшылық, торнадо, қара құйындар пайда болады.
Ауа райы мен климат жағдайлары ауа температурасының, ылғалдылығының, қозғалуының бағыты мен жылдамдығының өзгеруі, жауын шашындар, бұлтты күндердің болуымен ғана емес, сонымен қатар, атмосфералық қысымның, гелиофизикалық және геофизикалық факторлардың және атмосфераның электрлік жағдайының да ауытқып отыруымен сипатталынады.
Қазіргі уақытта адам ағзасына ауа райы мен климаттың қолайсыз әсерінен пайда болған көптеген салдарлары нақ соңғы аталған факторлардың әсерімен түсіндіріледі. Негізгі рөл гелиофизикалық факторларға беріледі. Егер, күн сәулесінің электромагниттік бөлігінің әсерінен, ауа райы және климат жағдайларын анықтайтын ауа массаларының планетарлық айналым үрдістері мен басқа да үрдістер дамитын болса, онда, күн сәулесінің корпускулярлық бөлігі, атмосфераның электрлік жағдайы мен геомагниттік белсенділігіне әсер ету арқылы өз үлесін қосады.
Күн сәулесінің қарқындылығы мен оның жылдамдығы күннің белсенділігіне байланысты. Күннің тыныш және күннің белсенділік кезеңдерін ажыратады. Күннің белсенділігі күн дақтарының, өршулердің және күн тәжісінде ауытқулардың пайда болуымен (4 тарауды қараңыз), сонымен бірге, энергиясы өте жоғары бөлшектер ағыны мен қысқа толқынды электромагниттік сәулеленулер шығарылуымен сипатталады. Жоғарыда аталғандай, геомагниттік өріс корпускулярлық күн радиациясының Жер атмосферасының төменгі қабатына енуінен қорғайды. Бірақ та, Жердің магнитосферасында осал аймақтары да бар, бұдан күн желі плазмасының бір бөлігі оның ішіне еніп, жоғары ендіктегі атмосфераның жоғарғы қабаттарына өтеді. Бұл аумақтарға магнитосфераның құйрығы, сонымен қатар, солтүстік және оңтүстік геомагниттік полюстердің айналасындағы, ені небәрі бірнеше жүздеген километрге жететін аумақтар жатады. Бұл жерде, 100 км биіктікте шамасы жүздеген мың амперді құрайтын электр токтары ағатын, солтүстіктік және оңтүстіктік жарқыраулар жиі көрінетін, ғарыштық ауа райының «ас үйі» орналасқан. Күн плазмасы магнитосфераның радиациялық белдеулерінде ұсталынып қалады, бірақ, күн толқулары болған кезде оның белгілі бір бөлігі жоғары ендіктегі жердің атмосферасына тасталады. Плазманың әсерінен түзілген күшті электрлік тоқтар жердің магниттік өрісімен өзара әсерлесіп, геомагниттік ауытқулардың дамуына әкеп соғады. Олардың бастамасы кенеттен, не біртіндеп болуы мүмкін, жергілікті немесе жер шарының бүкіл бетін алатын магниттік толқулар түрінде де байқалуы мүмкін.
Геомагниттік ауытқулар үнемі жүріп отырады, бірақ олардың ең айқындылығы күн белсенділігінің максимумы кезеңінде білінеді. Күн белсенділігіне белгілі циклділік тән. Күннің өз осьі маңында айналу кезеңіне тең, 27 күндік цикл, сондай-ақ, 11 жылдық, 22-,80-,99 - жылдық циклдер белгілі. Көптеген зерттеулермен күн мен жердің арасындағы байланыстың болуы және оның барлық тірі ағзаларға, соның ішінде адам ағзасына, әсері дәлелденген. Тірі ағзалар электромагниттік жүйе болып табылады, сондықтан магниттік өрістер, электр тоқтары және әр түрлі тербелістегі геомагниттік өрістер оларға әсер етпеуі мүмкін емес.
Гелиобиологияның негізін салушы А.Л. Чижевскийдің «Күн толқуларынының жер жаңғырығы» деп аталатын фундаментальды жұмысында максималды күн белсенділігінің кезеңінде әр түрлі инфекция қоздырғыштарының белсенділігі жоғарылайтынын және осыған байланысты тырысқақ, тұмау, оба, менингит, скарлатинаның эпидемиялары мен пандемияларының саны өсетіні көрсетілді.
1930 жылдың өзінде, оның күннің белсенділігі жөнінде алынған мәліметтер бойынша тырысқақ және тұмау эпидемиялары болуына жасалған болжамы айтылған жылдарда болды. Күн белсенділігі жүрек қантамырының аурулары бар науқастардың жалпы жағдайын нашарлатады, миокард инфарктісінің, инсульт, гипертониялық криз, глаукома, эклампсия, эпилепсия, ерте босану жиілігінің өсуіне, созылмалы аурулардың қозуына әкеп соғады. Психикалық аурулары бар науқастардың және алкогольге үйір адамдардың жалпы жағдайы күрт төмендейді. Магниттік толқулар кезінде сау адамдардың өзінде де тромб түзілу қаупі жоғарылайды. Қазіргі көзқарастар бойынша, геомагниттік өріс факторлары биологиялық магниттік және электромагниттік өрістермен өзара әсерлесе отырып, жасушаларда өтіп жатқан физикалық-химиялық үрдістерге, ал осылар арқылы бүкіл биохимиялық үрдістерге әсер етеді.
Жасуша мембранларының өткізгіштігі жоғарылайды, бос радикалды реакциялардың ағымы өзгереді, сонымен қатар, ферменттер мен басқа да биологиялық белсенді заттардың қасиеттері өзгереді, биожүйелерде қосымша электр тоқтары түзіледі, жүйке импульстарының берілу механизмдері бұзылады және т.б. болады Бұл эффектілердің пайда болуында, магниттік және электрлік өрістерге сезімталдылығы жоғары болғандықтан, суға маңызды рөл беріледі. Көптеген жағдайларда геомагниттік өріс, жасанды магниттік өріске қарағанда, адам ағзасына айқын әсер етеді. Бұл геомагниттік өрістің шексіз көлемімен (оны Жер мен Күн – екі қуатты көздері унемі қамтамасыз етіп отырады), әсерінің ұзақтығы және үздіксіздігімен, бүкіл ағзаға әсер етуімен, кернеуілілігі мен жиілігі әр түрлі, құрамдас бөліктерінің саны едәуір болуымен түсіндіріледі. Күн белсенділгінің және геомагниттік белсенділіктің өзгеруі атмосфералық электрліктің кезең-кезеңмен өзгеріп отыруына да әкеледі. Бұлар да жоғарыда аталған қолайсыз эффектілердің дамуына қатысады. Күн мен жердің байланыстары адамның биологиялық ырғағына әсер етуімен де білінеді. Биоырғақтар тірі ағзалар мен адамдардың эволюция үрдісінде қоршаған орта факторларының циклді динамикасына (тәуліктің, күн мен түннің, жыл мезгілінің ауысуы) бейімделу реакциясы ретінде пайда болған.
Адам ырғақтарының негізгі синхронизаторы жарық болып табылады, осыған байланысты адамда физиологиялық қызметтердің циркадианды (тәулікке жуық) ырғақтары айқын көрінеді. Оларға тәулік ішіндегі дене температурасының, белсенділігі мен тыныштық жағдайларының, ұйқы мен сергектіктің өзгерістері, зат алмасу үрдістерінің динамикасындағы өзгерістер, ОЖЖ функционалдық құбылмалылығы және т.б. жатады.
Сонымен қатар, Күннің өз осьін айналу және Жердің Күнді айналу ырғағымен байланысты айлық немесе циркасептандық ырғақтар да болады, мысалы, айлық овариальды цикл. Физиологиялық функциялар мезгілге байланысты да өзгеріп отырады, яғни, мезгілдік, жылдық - циркандық биоырғақтар байқалады. Гормональды белсенділік, асқазан сөлінің секрециясы, алмасу үрдістерінің өзгерістері осы циркандық биоырғақтарға бағынады.
Адам бейберекет, жүйелі емес сипатта әрекет еткен кезде немесе адам үшін уақыттың табиғи датчиктері болып табылатын күн мен түннің кезектесуі жойылғанда, өмірлік маңызды болып табылатын ағза функцияларының ырғақ фазаларында үйлеспеушілік болады. Жұмысқа қабілеттілік төмендейді, невроз түріндегі бұзылыстар дамиды, бұны десинхроноз деп атайды.
Мұндай реакция, мысалы, ендік бағытқа 4-8 белдеулерді ауыстырып, үлкен қашықтықтарға ұшқан кезде, жұмыс кестесі жиі ауысатын ауысымдық жұмыс кезінде, адам үшін жаңа климаттық-географиялық зоналардағы акклиматизацияның бірінші кезеңдерінде, орбиталық ғарыш станцияларында, су асты сүңгуір қайықтарында және т.б. пайда болатын хроноизоляция (уақыттың табиғи датчиктерінен оңаша қалғанда) жағдайларында байқалуы мүмкін.
Биоырғақтардың бұзылуына ауа райы жағдайының кезеңдік емес өзгерістері де әкеледі, бұған, фронттар, циклондар және антициклондардың өтуімен, магниттік толқулармен, күн белсенділігінің жоғарылауымен, атмосфераның электрлік жағдайының өзгеруімен байланысты ауа райының күрт өзгеруін жатқызады.
Кезеңдік емес өзгерістерге қарағанда, климат пен ауа райының қарқындылығы мен сипатының кезеңді ырғақты өзгеруі, ағзаға бірден әсер етпейді, себебі, олар біртіндеп күн немесе жыл бойына жүреді және оған адам ағзасы толығымен бейімделеді.
Ауа райының кезеңдік емес өзгерістері науқас адамдармен дені сау адамдарда да метеотроптық деп аталатын реакциялар дамуының негізгі себептерінің бірі болып табылады. Дегенмен, бейімделу механизімі жақсы дамыған дені сау адамдардың көбінде әдетте, қолайсыз ауа райы кезінде көңіл-күйі мен денсаулық жағдайында ешқандай өзгерістер байқалмайды. Метеотроптық реакциялар кез келген, типті өте қолайлы климаттық зоналарда да байқалуы мүмкін, ол адамның метеоөзгерістерге тұрақсыздығына – ауа райы факторларының әсеріне сезімталдылығына байланысты. Физиологиялық бейімделу механизмінің даму ерекшеліктеріне байланысты дені сау адамдар да, көбінесе қарт адамдар, балалар, жүктілік кезеңіндегі және босанған әйелдер метеотұрақсыз болуы мүмкін. Бірақ, науқас адамдар ең сезімтал болып табылады, себебі, олардың науқасы бейімделу қабілетін төмендетеді. Метеотроптық реакциялар көбінесе жүрек-қантамырларының, тыныс мүшелерінің, эндокриндік жүйенің, ас қорыту мүшелерінің, тірек-қимыл аппаратының, тері, көз, жүйке-психикалық аурулары бар науқастарда жиі кездеседі.
Патологиялық реакциялардың пайда болуына, бұрын саналғандай, тек атмосфералық қысымның күрт ауытқуы ғана емес, сонымен бірге, күн және геомагниттік толқулардың, атмосфералық электрліктің өзгеруі, температура және ылғалдылықтың кезеңдік емес өзгеруі, күшті жел, жауын-шашындар, фронттар, циклондар мен антициклондардың өтуі әсер етеді.
Метеотроптық реакциялардың жиілігі мен айқындылығы ауа райының түріне байланысты. Ауа райын медициналық болжау және метеотропты реакциялардың алдын алу (Григорьев И.И. авт бірге 1974 ж) үшін қолданылатын ауа райының морфологиялық-динамикалық жіктелуінде барикоциркуляциялық, электрометеорологиялық және гелиофизикалық көрсеткіштердің жиынтығы бойынша барлық ауа райы жағдайларын 4 түрге: I- ең қолайлы, II - қолайлы, III -қолайсыз, IV-ерекше қолайсыз деп бөледі.
I және II-ші түрі атмосфера айналымның антициклонды түрінің фонында қалыптасады, Әдетте метеоэлементтердің тәулік ішінде қалыпты жүруі күрт бұзылмайтын және негізгі биоклиматтық көрсеткіштердің өзгеруі айқын емес, тұрақты, бұлтсыз ауа райы байқалады. Атмосфералық фронттар жоқ, қысқа уақыттық жауын шашындар болуы мүмкін. Ауа райының III және IV түрі атмосфералық айналымның циклондық түрі кезінде басым қалыптасады. III түріндегі ауа райы болған күндері жеткілікті дәрежеде айқын фронттардың өтуі, негізгі метеоэлементтердің тәуліктік жүруінің бұзылуы мен едәуір құбылулары байқалады. Ұзақ уақытқа созылмайтын найзағайлар, дауылдар, нөсерлер, қарлы борандар байқалуы мүмкін. Ауа райның бұл түріне температураның күрт жоғарылауы және жел күшейген уақытта ылғалдылықтың төмендеуі, температуралық инверсиялар, ауаның температурасы мен салыстырмалы ылғалдылығы (85% және одан жоғары) жоғары, «қапырық» ауа райы жатады. Ауа райының IV түрі өте айқын суық фронттарының өтуімен, метерологиялық және геофизикалық шамалардың тәуліктік жүруінің бұзылуымен және күрт ауытқуларымен сипатталады. Қауіпті көріністеріне күшті найзағайлар, дауылдар, нөсерлер, шаңды дауылдар, қарлы борандар, күшті магниттік толқулар, геомагниттік өрістің белсенділігінің өзгеруі жатады.
Күн белсенділігі жоғары кезеңінде ауа райының қолайсыз түрлерінің жиілігі артады, ал, Күннің тыныш жылдарында – азаяды. Ағзаның бейімделу мүмкіншілігі төмендеген, ал ауа райы жағдайлары тұрақсыз келетін қыс пен көктемнің соңғы айларында күн белсенділігінің әсері өте айқын білінеді. Дені сау, бірақ метеотұрақсыз адамдарда өзін нашар сезінуі, үрейлену байқалады, ұйқысы бұзылады, бас аурыуы, басы айналуы, жүрек тұсында ауыратын сезім, қажу, жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі байқалады. Қолайсыз ауа райы түрлері кезінде жүрек-қан тамырларының ауруларымен ауыратын науқастарда метеотропты реакциялардың жиілігі 90% өседі. Атмосфералық қысымның жоғарылауы және төмен температура мен жоғары ылғалдылық қатар жүрген кезде спастикалық түрдегі реакциялардың пайда болуына және гипертониялық криздердің жиіленуіне әкеп соғады.
Ал ауаның температурасы мен ылғалдығы жоғары жағдайда, атмосфералық қысымның төмендеуі ауадағы оттегінің мөлшерін азайтып, гипоксиялық реакциялардың дамуына әкеледі, сол себептен, жүректің ишемиялық ауруымен және гипотониямен ауратын науқастар үшін ең қолайсыз болып табылады.
Тыныс мүшелерінің аурулары бар науқастар үшін температурасы күрт ауысқан, желі күшейген және жауын-шашынды күндер өте қауіпті болып табылады. Буындардың қабыну ауруларының қозуы атмосфералық қысым мен ауа температурасы төмендеген кезде ең жиі байқалады. Ең айқын реакциялар және аурулардың қозуы фронттар өткен кезде пайда болады. Фронт өтетіннен 1-2 күн бұрын атмосфераның электрлік жағдайы мен геомагниттік белсенділіктің күрт өзгеруі байқалады, фронттың өтуі кезеңінде (1-6 сағат) барлық метеорологиялық факторлар секірмелі түрде өзгереді, ал, 3 кезеңіңде (1 тәулікке жуық) барлық факторлардың деңгейі бұрынғы қалыпына дейін келеді. Метеотроптық реакциялар барлық үш кезеңінде байқалады, бірақ ең жоғары пайызы 1 -ші кезеңде орын алады. Фронттар өтетін ауа райы кезінде ең жиі миға қан құйылу, тромбоздар, эмболиялар кездеседі. Метеотропты реакциялардың патогенезі әлі жеткілікті зерттелмеген, дегенмен олардың дамуында негізгі рөл, әдеттегі метеорологиялық факторлардың әсері қосылған, электромагниттік импульстардың әсеріне тиесілі екендігі көрсетілген. Ауа райы мен климат жағдайларының әсеріне, сондай-ақ, мезгілдік аурулар деп аталатын аурулардың және созылмалы аурулардың мезгілдік қозуларының дамуы тән. Мысалы, суық тигеннен пайда болатын аурулардың максималды саны күз, қыс және ерте көктемгі уақыттарға келеді. Инфекциялық үрдістің дамуына салқындау, мұрын-жұтқыншақ трофикасының бұзылуы ықпал етеді.
Жылдың суық мезгілінде туберкулезден, жүрек-қан тамырларының ауруынан өлім-жітім жоғарылайды, ауыспалы мезгіл уақыттарында (көктем және күзде) асқазанның ойық жара ауруларының, гипертониялық және ишемиялық аурулардың қозуы ең жиі байқалады. Жазғы уақытта асқазан- ішек жолдары ауруларының саны өседі, сонымен қатар, белсенділігі белгілі бір мезгілге сәйкес келетін, қоздырғыштармен берілетін ауралардың – амебалық дизентерия, безгек және т.б. аурулардың өршулері байқалады.
Метеофакторлар адамның қоршаған ортамен жылу алмасуына тікелей әсер етеді. Ылғалдылығы жоғары, ыстық, желсіз ауа райы ағзаның қызынуына және өте ауыр жағдайларда - ыстық өтуіне әкеледі. Қатты аяздар желмен бірге немесе ауа температурасы өте төмен емес, бірақ та, оның ылғалдылығы жоғары кезде, ағзаның қатты тонуы пайда болады, бұл өз кезегінде жоғарғы тыныс жолдарының қабыну ауруларына, баспа, пневмония, ішкі мүшелердің жедел қабыну аурулары, созылмалы аурулардың қзуына әкеп соғады. Метеотроптық реакциялардың алдын алу немесе оларды төмендету үшін, ағзаны шынықтыру, рационды жеткілікті түрде табиғи дәрумендермен байыту және мезгілдік дәрумендермен емдеу жүргізу, ұтымды еңбек, тұрмыс және демалу режимін қамтамасыз ету, киімді дұрыс таңдау, бөлмелерде қолайлы микроклиматтық жағдайларды жасау сияқты шараларды жүргізу қажет. Көгалдандыру, фонтандар салу, ұтымды жоспарлау және т.б. шараларды жүргізу арқылы елді мекендерде қолайлы микроклиматты туғызудың да маңызы аз емес.
Қолайсыз ауа райы кезінде науқас адамдарға аялайтын режим тағайындау керек, климаттық, физиотерапевттік және үлкен жүктеме беретін емдік диагностикалық ем-шараларды, операцияларды шектеу немесе мүлде тоқтату қажет. Метеоболжамның мәліметтерін пайдаланып, қолайсыз ауа райы болатыннан 1-2 күн бұрын медикаменттік алдын алу шараларын бастайды, ауа райы қолайлы болғаннан кейін де оларды 1-2 күнге дейін жалғастырады.
Климат адам ағзасына және оның өмір сүруінің барлық жақтарына әсер ететін маңызды факторлардың бірі болып табылады. Ауа райына қарағанда, климат салыстырмалы түрде тұрақты, себебі климат түзуші факторлар әр аймақ үшін (географиялық ендік, теңіз деңгейінен биіктігі, жер бедері, жер бетінің жабындысы, ауа массаларының айналымы, мұхиттар мен теңіздерге жақындығы) көптеген жылдар бойына сол күйінде қала береді. Сондықтан, метеофакторлардың әр күндік өзгеруімен байланысты ауа райының құбылмалығына қарамастан, әр аймақ үшін өзіндік, заңды түрде өзгеріп отыратын, бір күнге, аптаға немесе айға емес, ұзақ жылдарға тән, ауа райы режимінің ерекшеліктері қалыптасады. Климатты сипаттайтын көрсеткіштер ұзақ мерзімдік үрдістерді көрсетеді. Сондықтан бұл көрсеткіштерге температураның орташа айлық және орташа жылдық шамалары, ауаның ылғалдылығы, атмосфералық қысым, ауаның қозғалу жылдамдығы, күн сәулесінің; ашық және бұлтты күндердің саны, жарық климаты, қыстың ұзақтығы, топырақтың қату тереңдігі және т.б. жатады.
Осы көрсеткіштерге байланысты және жергілікті жердің географиялық орналасуын ескеріп, жер шарында 7 негізгі климаттық белдеулерді ажыратады:

  1. тропикалық - географиялық ендіктің 0-13º аралығында, орташа жылдық температурасы - 20-24º С.

  2. ыстық - географиялық ендіктің 13-26º, 16-30º С

  3. жылы - географиялық ендіктің 26-39º және 12-16º С

  4. орта - географиялық ендіктің 39-52º және 8-12º С

  5. суық - географиялық ендіктің 52-65º және 4-8º С

  6. қатты суық - географиялық ендіктің 65-78º және 0...-4º С

  7. полярлық - географиялық ендіктің 69-90º және .-4º С және одан да төмен

Климаттың басқа да жіктелулері бар. Л.С. Бергтің климатты ландшафтық-ботаникалық жіктеуі кеңінен қолданылады. Бұл жіктеуге, мәңгі аяздар, тундра, тайга, жапырақты ормандар, орта аймақ, дала, жер орта теңіздік климаттар сияқты, климаттар кіреді.
Практикада, атап айтқанда, елді мекендерді жоспарлау және салу кезінде, үйлердің қабырғаларының қалыңдығын есептеу, ғимараттарды бағыттау, көгалдандыру кезінде және т.б. қаңтар мен шілде айының орташа температурасы бойынша климаттың жіктелуі қолданылады. Осы жіктеу бойынша суық, орташа, жылы және ыстық климаттық белдеулерді бөледі. Бұл белдеулердің бәрінде де теңіздік, далалық, таулық, шөлді және жартылай шөлді, субтропикалық және т.б. сияқты климаттың жергілікті түрлері ажыратылады.
Қазақстанның климаты ыстық, жылы, орта және суық климаттық белдеулерге жатады. Бұл Оңтүстікте - дала мен шөлдің ыстық климаты, биік таулы климат, Орталық және Батыс Қазақстанда - шөл, жартылай шөл, Шығыс Қазақстан мен солтүстікте – далалар және орманды далалар климаттары. Медициналық климатологияда климатты адамның денсаулығының әсеріне байланысты жұмсақ және тітіркендіретін деп бөледі. Жұмсақ климатқа, температураның амплитудасы және басқа метеофакторлардың жылдық, айлық және тәуліктік ауытқулары аз, жылы климат жатады.
Бұндай климаттық жағдайлар бейімделу механизімдеріне ең аз талаптарды қояды. Жұмсақ климатқа Бурабайдағы орманды климат, Қырымның оңтүстік жағалаулары жатады. Тітіркендіретін климатқа бейімделу механизмдеріне жоғары талаптар қоятын, метефакторлардың елеулі тәуліктік және мезгілдік амплитудалары тән. Басқа жағынан, бұндай климат ағзаның жаттығуына және оның шынығуына ықпал етеді. Осындай әсері бар климаттарға, көптеген жүйкелік және жүрек тамырлық ауруларды емдеу кезінде қолданылатын, емдік және шынықтырғыш қасиеті бар, тау, солтүстік теңіз жағалауындағы салқын климат және Қазақстанның Сібір бөлігінің континентальды климаттары жатады.
Ауасы таза, ылғалды орташа, ластаушылар мен аллергендері жоқ, ауа - жылу режимі параметрлерінің ауытқулары аз, жылу реттейтін механизмдердің зорлануын тудырмайтын, қатты желдер мен жиі жауындар болмайтын, жақсы инсоляцияланатын жерлер климатотерапия үшін қолайлы болып саналады. Басқа тітікендіргіш климаттар: солтүстіктің суық климаты, дала мен шөлдің ыстық климаты, биік тау климаттары - адам ағзасына өте қолайсыз әсер етеді.
Биік ендіктердегі суық климат солтүстік ендіктен 66º солтүстікке қарай (Заполярье, Қиыр Солтүстік, Арктика) жататын аумақтарда байқалады. Осы аумақтар үшін ауаның өте төмен температурасы, төмен абсолюттік ылғалдылық пен жоғары салыстырмалы ылғалдылық тән: жауындар өте аз - жылына 300-500 мм болады. Әр түрлі текті ауа массаларының өзара әсерлесуі және атмосфералық қысымның күрт ауытқуы салдарынан, жылына 120-122 күнге дейін дауылды желдер тұрады. Атмосфералық қысымның төмен болуына байланысты, ауадағы оттегінің тығыздығы өте төмен болады. Қысқы уақытта жарықтың болмауы (полярлық түн), ерте және ұзаққа созылатын қыс, қысқа суық жаз, адамға тұнжырататын әсер көрсететін ландшафтың біртүрлілігі, үн-түнсіз тыныштық осы климаттың өіне тән ерекшелігі болып табылады. Күннің көкжиектен тұру биіктігі осы ендіктерде 25 º аз, сондықтан УК сәулесінің ең биологиялық құнды - орта толқынды бөлігі - жер бетіне жетпейді, бұл, ұзақтығы 2-6 айға дейін болатын, УК сәулеге ашығудың дамуына әкеледі. Биік ендіктерге, сондай-ақ, полярлық жарқыраулар және тұрақты магниттік толқулар түрінде көрінетін, үнемі болып отыратын магниттік ауытқулар тән.
Қиыр Солтүстікке тән метеофакторлардың әсері әсіресе жаңадан келген адамдарда айқын көрінеді. Атмосфералық қысымның жиі және күрт ауытқуы, көбінесе циклон түріндегі ауа райы, ауадағы оттегінің тығыздығының төмендеуі, күн белсенділігінің және атмосфералық электрліктің күрт өзгеруі, созылмалы гипоксия синдромының дамуына әкеп соғады. Әдебиеттерде «полярлық ентігу» деп көрсетілетін, тыныс алудың қиындауына шағымдар өте жиі кездеседі. Оның даму патогенезінде жоғарыда аталған факторлардан басқа үлкен жылдамдықпен қозғалатын суық ауаның тыныс алуға жасайтын механикалық кедергісі де белгілі бір рөл атқарады.
Жүрек-қан тамыр жүйесінің бейімделу реакциялары қыл тамырлардың спазмымен, айналымдағы қанның көлемінің жоғарылауымен, артериялық гипертензияның дамуымен сипатталады. Жүрек тұсындағы ауру сезіміне, ентігу, жүректің қағуына шағымдануы байқалады. Бұндай өзгерістер «солтүстік кардиопатиясы» деп аталады. Сонымен бірге, осы мекеннің байырғы тұрғындарында артериялық қан қысымы әдетте қалыпты немесе төмен болады. Ауыр климаттық жағдайлар психикаға көңіл - күйін төмендетін әсер береді. Бұндай жағдайда дезадаптациялық невроз дамиды, оның негізгі көріністеріне әр түрлі дәрежедегі қорқу сезімдері, ұйқысыздық, бас ауруы, депрессия, ашушаңдық және т.б. жатады. Психологиялық бейімділу Солтүстікте жұмыс істеуге айқын себебі бар адамдарда жеңіл өтеді.
Төмен температуралардың әсері жылу алмасу үрдісінің өзгеруіне әкеледі. Жылу өндірілуі, негізгі алмасу жоғарылайды, қол терісінің суыққа реакциясы төмендейді. Суда еритін дәрумендердің жетіспеушулігі және гиперхолестеринемиямен жүретін липид алмасуының бұзылуы байқалады. Бұндай жағдайларда майлы тағамның қажеттілігі жоғарылайды. Айтпақшы, Солтүстік аборигендерінің тамағының құрамында көп мөлшерде май болады, бұл олардың энергияға қажеттілігін қанағаттандырады. Ал ағзаға дәрумендердің жеткілікті түрде түсіп отыруы, Солтүстік халқының арасында кеңінен таралған шикі азықпен қоректенуімен қамтамасыз етіледі.
Жаңадан келген адамдар арасында, суда фтордың жеткіліксіздігінен тіс жегімен аурушаңдық жоғары болады. Солтүстікте тұруының бірінші жылдары әйелдерде жүктілік ағымның бұзылуы, босанудың асқынулары байқалады.
Оңтүстіктің далалары мен шөл далалараның ыстық климаты ауаның температурасы (50ºС және одан жоғары) жоғары болуымен, температураның үлкен тәуліктік ауытқуларымен, күн сәулесінің артық түсуімен, салыстырмалы ылғалдылықтың төмен болуымен, шаңды құйындармен, қыс мезгілінің қысқа болуымен сипатталады. Бұл дененің қатты қызуына және соған байланысты, жылу реттелудің зорлануына, тер шығыуның жоғарылауына (тәулігіне 6-10 л дейін), тер арқылы минералды тұздар мен дәрумендердің жоғалуына, негізгі алмасудың төмендеуіне, қылтамырлардың кеңейуіне, артериялық қан қысымының төмендеуінене, тыныс алу мен жүрек соғуының жиіленуіне, асқазан-ішек жолының моторикасы мен секрециясының және тағамға тәбеттінің төмендеуіне ықпал етеді. Мұндай климат жүрек-қан тамырлары, эндокриндік, жүйке – психикалық, туберкулез, бүйрек - тас аурулары бар науқастар үшін қолайсыз болып табылады. Сонымен бірге, бұл климатты нефрозбен ауратын ауруларды емдеу кезінде қолданады. Қарқынды УК сәулесі тері обырының даму себептерінің бірі болып табылады.
Биік тау климаты 2000 м жоғары биіктікте байқалады. Оның негізгі факторларына төмен атмосфералық қысым мен оттегінің төмен парциалдық қысымы, төмен температуралар, құрғақ, аллергендері жоқ ауа, күшті желдер, қарқынды күн сәулесі, қардың жоғары шағылыстыратын қабілеті жатады. Оттегінің тығыздығы едәуір мөлшерде төмендеуі нәтижесінде биіктіктік гипоксиясы дамиды, ол жүрек – қан тамырлары, тыныс алу және орталық жүйке жүйелері қызметінің бұзылуына әкеп соғады. Жылу реттейтін механизмдердің зорлануы, эритропоэздің компенсаторлық стимуляциясы, жарық дискомфорты байқалады.
Қазіргі қоғамдағы өмірде адамдардың бір климаттық-географиялық аймақтан екіншісіне үнемі көшіп-қонуы жүріп жатады. Оның себептері әр түрлі: бұл жаңа климаттық-географиялық аймақтарды өнеркәсіптік ігеру, тұратын жерлерін ауыстыру, климаты басқа жергілікті жерлерде санаторлық-курорттық емделу немесе демалу, туристтік және қызметтік сапарлар, әскерде қызмет ету және т.б. Осы аталған барлық жағдайларда адамның жаңа климаттық жағдайларға бейімделуін - акклиматизация үрдістерін- ескеру қажет.
Акклиматизация бірден пайда болмай, белгілі бір кезең ішінде жүреді, осы уақытта берілген климаттық жағдайларға сәйкес жаңа динамикалық стереотип қалыптасады. Акклиматизация үрдістеріне физиологиялық аспектілер ғана емес, сонымен бірге, әлеуметтік және медициналық аспектілері де кіреді, себебі климаттық факторларының әсерін азайту және адекватты физиологиялық акклиматизацияны қамтамасыз ету, көбінесе осы мәселелрді шешіуімен байланысты. Акклиматизациялау бірнеше фазалардан өтеді. Бастапқы фазасында, әдетте, әр түрлі бейімдейтін физиологиялық реакциялар жүреді. Мұндай реакциялардың мысалы ретінде, жылу реттейтін механизмінің зорлануын, қылтамырлардың спазмын, гипертензиялық жағдайларды, айналымдағы қанның көлемінің үлкеюін, жаңа келген адамдарда липид алмасуы белсенділігінің жоғарлауын алуға болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   297




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет