ОҚулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен Алматы, 2011 Әож 78(574)(075)



бет16/17
Дата05.11.2016
өлшемі7,09 Mb.
#526
түріОқулық
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17

«Біржан-Сара» - қазақ музыкасын биік шыңға көтерген опера. Ол 1958 жылғы Москвада өткен екінші онкүндікте аса жоғары бағаланып, ұзамай авторына КСРО халық әртісі атағы берілген. Әлі күнге дейін бұл шығарма қазақ музыкасының төрінен орын алып келеді.

Ұлы Отан соғысы жылдары республикамызда бірқатар мәдени іс-шаралар жүзеге асты. Мысалы, Алматы мемлекеттік консерваториясы ашылып, Қазақстан композиторларының бірінші сьезі өтті. Онда қазақ музыкасының даму жолдары сарапталды.

Композиторлар опера жанрымен қатар кантата, симфония жанрларын да игере түсті. А. Жұбанов «Абай» (1941) сюитасын, Е. Брусиловский «Сарыарқа» (1943) симфониясын, В. Великанов «Казақ симфониясын» (1947), Қ. Мусин «Жайлауда» (1948), Қ. Қожамияров «Ризвангүл» (1950) симфониялық поэмаларын жазып, сахнада орындады. Осы шығармасы үшін Қ. Қожамияров үшінші дәрежелі Сталин сыйлығына ие болды.

М. Төлебаевтың «Коммунизм оттары» мен Е. Брусиловскийдің «Советтік Қазақстан» атты кантаталары да музыкалық қауым тарапынан жақсы бағаларын алды.

Осы кезеңде Қазақстан композиторлары концерт жарына да қалам тартты. Е. Брусиловский «Фортепиано мен оркестрге арналған концерт» (1947), Ғ. Жұбанова «Скрипка мен оркестрге арналған концерт» (1957) жазды. Бұл кезеңнің тағы бір ерекшелігі - шығармашылық процеске жас композиторлар тартылды.

Жалпы алғанда 40-50- жылдары одақ, одан қалды қазақ музыкасы біршама дамығаны анық. Бірақ музыка өнерінің дамуына кедергі болған жайттар да жоқ емес. Бұл реттен БКП (б) ОК-нің 1948 жылғы 10 ақпандағы композитор В. Мурадели шығармашылығына қатысты қаулыларын атауға болады. Композитордың «От всего сердца», «Великая дружба», «Богдан Хмельницкий» секілді ірі шығармалары саяси сынға ұшырап, оның зардабы бүкіл кеңес музыкасына тиді.

Партия қаулысының ізімен «Правда» газетінде көлемді мақала жарияланып, онда Д. Шостакович, А. Хачатурян, Д. Кабалевскийлерден бастап көптеген ірі суреткерлер шығармашылығына қатысты сын айтылды. Олардың шығармаларында батысқа еліктеу, жағымсыз дыбыстар үндестігі басым, И. Дунаевскийден бастау алатын кеңестік ән мектебі жалғасын таба алмай келеді деген пікірлер сабақталды.

«Леди Макбет из Мценского уезда» секілді опералық шығармалардан саяси қате іздей берген соң, композиторлар либреттоға құрылатын музыкалық жанрлардан бас тартып, симфония, аспаптық шығармалар жазуға бет қойды.

Мұның зардабы қазақ музыкасына да тиді. Бізде бірде ұлтшыл, бірде космополит деген терминдер қолданысқа еніп, композиторлар мен музыка зерттеушеілеріміз өзара айтысқа түсті. «Әдебиет және искусство» журналының бетінде А. Жұбановтың «Қазақстан композиторларының өмірі мен творчествосы» (1942) атты еңбегіне байланысты сыни пікірлер бой көрсетті.

50-жылдардың бас кезінде «Правда» газетінде Кенесары қозғалысына байланысты жарық көрген мақаладан соң Қазақстанда ұлтшылдық мәселесі өрши түсті. Осы оқиғалардың ізімен А. Жұбановқа да саяси сипаттағы мін тағылып, жеке ісі консерваторияның партия жиналысында талқыға түсті. Бас мақаланы композитор М. Төлебаев жасап, А. Жұбанов шығармашылығын кемшіліктерін көрсеткен. Жарыссөзге қатысқандардың барлығы дерлік А. Жұбанов шығармашылығын қаралап, ақыры оны қызметтен босатып, ғылыми атақ-дәрежелерін алып қойған. Бұл жағдай 1953 жылға дейін созылған.

1953 жылдың 5 наурызында Сталин қайтыс болған соң, араға уақыт салып жағдай түзеле бастаған. 1958 жылдың 28 мамырында СОКП Орталық Комитеті тағы бір қаулы қабылдап, 1948 жылғы қаулының күшін жойды. Онда композиторларымызға талап қойылғанымен бірқатар артық нәрселердің орын алғаны атап көрсетілді.

Осы саяси оқиғаларға қарамастан Қазақстан Компартиясы Орталық партия комитетінің «О мерах по улучшению, критическом использовании и исследовании литературно-поэтического и музыкального наследия казахского народа» («Қазақ халқының әдеби-поэзиялық және музыкалық мұраларын сын тұрғысынан қарап пайдалану және зерттеу шаралары») туралы қаулысы қабылданды. Онда ескі көзқарастар орын алып, халық мұрасын жаппай қолданысқа енгізу зиянды, оны сұрыптап, іріктеп, кеңестік идеологияға жарамды үлгілерін ғана пайдалану керек деген бағыт көрсетілді.

Осындай кедергілерге қарамастан 40-50-жылдары қазақ музыкасы елеулі табыстарға қол жеткізді. Солардың көрінісі – «Абай» мен «Біржан-Сара» опералары болды.

60-70 - ЖЫЛДАРҒЫ ҚАЗАҚ МУЗЫКАСЫ

ХХ ғасырдың 60-жылдары ұлт композиторлары ірі музыкалық-синтетикалық жанрларды игере бастағаны белгілі. Алғаш бригадалық тәсіл қолданып, бірақ нәтижесі ойдағыдай болмаған соң, композиторлар жеке-дара ірі жанрларды игеруге кіріскен болатын.

70-жылдары Қазақстан композиторлары осы бағыттағы шығармашылық ізденістерін одан әрі тереңдете түсті. Бұл кезеңде олар қазақ фольклорына тереңірек көңіл бөлді. Е. Рахмадиев өзінің «Алпамыс» атты операсын 1972 жылы жазып, сахналады. Қазақтың белгілі батырлық жырының сюжетіне құрылған бұл шығарманы музыка сыншылары өте жоғары бағалады. Операдағы жекеленген вокалдық нөмірлер расында да шебер жазылған деп айтуға болады. Оған, ең алдымен, мыстанның каватинасын жатқызар едік.

Операның драматургиясы, музыкалық тілі мен интонациялары шебер тоқылған. Бірақ композитордың «Алпамыс» жырының шыққан заманына сай келмейтін халық әуендерін ретсіз қолдануы да байқалып қалады. Операдағы той көрінісін суреттейтін үш трубаға арналған трио сондай әсер қалдырады. Оның музыкалық арқауына бүгінде Таразда жиі орындалып жүрген жеңіл де сазды әуен алынған.

70-жылдардың аяқ шенінде Е. Рахмадиев «Песнь о целине» атты кезекті операға кірісіп, оның премьерасы 1982 жылы өтті. Музыка сыншылары бұл шығарманы да жоғары бағалады. Композитор «Нан болса, ән де болады» деген Л. Брежневтің сөзін эпиграф етіп алып, экрандалған эпизодтар қосты. Опера қойылымы жүріп жатқанда сахнаның бір шетінен Брежневтің Ақмола өлкесіндегі егіс алқабын аралап жүрген кезі көрсетілді. Осы элементті музыка сыншылары үлкен жаңалық деп бағалады.

Кезінде Л. Брежнев заманының «кемелденген социализм дәуірі» деп бағаланғаны бар. Бірақ шын мәнінде ол экономикалық құлдырау кезеңі, СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысына табыну жылдары болатын.

Опералық қойылым кезінде документалды кинокадрларды пайдалану бұрын болмаған құбылыс екені рас. Бірақ ол өткінші, сол заманның тыныс-тіршілігінен хабар беретін эпизод болатын. Л. Брежнев Социалистік Еңбек Ері атағын ең көп алған басшы болды. Оның үстіне бір кездері Қазақстанды басқарғаны бар. Не керек, қазақ музыкатанушылары осы көріністі жаңалық деп тапты. Брежневке табынушылықтың бел алғанын Е. Хасанғалиевтің «деді ғой Леонид Ильичтің өзі» деген жолдары бар сол жылдары жазылған бір әнінен де көреміз.

Асылы «Песнь о целине» музыкалық көркем шығарманың саясатқа қызмет істеуінің бір көрінісі. Қалай болғанда да «Песнь о целине» операсы бүгінде сахналанбай келеді.

Қазақ фольклорының сюжетіне құрылған опералық шығармалардың бірі - «Еңлік-Кебек». Оны Ғазиза Жұбанова 1975 жылы аяқтаған. Операның клавирі Москвадан кейіндеу жарық көрді. Шығарманың формасы, драматургиясы тартымды болса да, музыкалық интонациясынан ұлттық нышан мен бояу көп аңғарыла бермейді. Жалпы Ғ. Жұбанова жазған көптеген шығармалардан биік пафоспен жазылған көтереңкі ода стилі айқын көрінеді.

Ұлт композиторларынан Құддыс Қожамияровтың «Садыр палуан» (1977) атты операсын атауға болады. Ұйғыр халқының жадында сақталған тарихи тұлғаға қатысты жазылған шығарманың тілі ұйғырша болғандықтан, оны түсіну оңай емес. Бұл пікірдің операның музыкалық тіліне де қатысы бар. Композитордың «»Ризвангүл атты симфониялық поэмасы ұғымды болса, «Садыр палуанды» түсініп қабылдау үшін арнайы дайындық керек.

Ғ. Жұбанова балет саласында да жемісті еңбек етсе, Қ. Қожамияров та қалам тартып, «Чин Темір» атты балет жазды. М. Сағатовтың «Әлия» атты балеті де осы кезеңге сай келеді. Соңғы шығарма Москвада қойылып, оның авторы КСРО Ленин комсомолы сыйлығына ие болды.

Бұл жас композитордың үлкен жетістігі болатын. Аталған балетінде М. Сағатов ұрмалы аспаптардың орындауында органный пункт қолданып, соны жаңалық ашты. Классикалық музыкада органдық пункт әдетте оркестрдің төменгі регистрінде, бас партияларында кездеседі. Ал композитор сол тәсілді ұрмалы аспаптарға өте ұтымды қолдана білген.

Сахналық қойылымға арналған ірі жанрлар да Қазақстан композиторларының назарынан сырт қалған емес. 60-жылдары бірнеше оратория, реквием жазған Ғ. Жұбанова «Ленин хаты» атты ораториясын аяқтады. Шығарма 1977 жылы орындалды. Оның мазмұны өткен ғасырдың 20-жылдары Лениннің Арал балықшыларына жазған хатымен байланысты. Поволжье тұрғындары аштан қырылып жатқанда В. И. Ленин Арал балықшыларына хат жолдап, көмек көрсетуді сұрағаны тарихтан белгілі. Оған Қазақстан басшылығы ерекше ой бөліп. арнайы көмек ұйымдастырған. Осы оқиғаны ақын Сағи Жиенбаев либреттоға түсіріп, Ғ. Жұбанова музыкасын жазған.

Оратория жанры бойынша композитор Сыдық Мұхамеджановтың «Ғасырлар үні» атты шығармасы дара тұрады. Сегіз бөлімді шығарма қазақ даласының жоңғар шапқыншылығы тұсындағы тарихынан бастап, кеңес үкіметі тұсындағы гүлденген кезеңіне дейінгі аралықты суреттейді. Бөлімдері де тарихи-хронологиялық ізде берілген. Оларды көбіне «Елім-ай» әнінің бастапқы интонациялары біріктіріп тұрады.

Кантата жанрында Е. Рахмадиевтің бірқатар шығармалар жазған тәжірибелі автор. 60-жылдардың аяқ шенінде жазған «Сәлем саған, Аястан» атты шығармасынан кейін араға 10 жылдай мерзім салып, композитор кезекті «Конституция туралы поэма» атты шығармасын берді. Поэма деп аталса да бұл көтеріңкі рухпен жазылған шығарма. Жамбыл шығармалары негізінде құрастырылған әдеби мәтіні сол жылдарғы идеология аясында танылады.

Бүгінде бұл шығарманың мазмұны ескірсе де, музыкасы көмескі тартқан емес. Оркестрде шығарманың алғашқы ноталары естілген сәттен тыңдаушысын баурап ала жөнеледі. Шығарманың көркемдік қуаты өте жоғары. Композитордың қазақтың кең даласындағы фанфар рухындағы музыкалық үн-әуендер мен домбыра аспабының фактурасын ұштастыра қолдануы шығармаға ұлттық сипат берген. Шығарма бастан-аяқ бір деммен орындалатын жұмыр туынды. Жеке солистер, мәтін оқушылар, аралас хор және балалар хоры мен оркестрге арналған шығарманың көркемдік қуаты өте жоғары.

70-жылдардың орта шенінде КСРО-да жаңа «Брежнев конституциясы» жалпыхалықтық талқыға түсіп, төлқұжатқа өзгерістер енетін болды; ондағы «ұлт» деген тармақты алып тастау көзделді. Бірақ ол жүзеге аспай қалды.

Осы оқиғаға орай КСРО Композиторлар одағы жаңа қабылданатын конституцияға байланысты күрделі музыкалық шығармаға бәйге жариялады. Бұл кезде Д. Шостаковичтің қайтыс болса да, А. Хачатурян, Т. Хренников, Д. Кабалевский, Радион-Щедрин, т.б. ірі композиторлардың көзі тірі болатын. Сол бәйгеде Е. Рахмадиевтің «Конституция туралы поэмасы» жүлделі орын алып шықты. Артынша поэманың партитурасы мен клавирі Москвада жарық көріп, Е. Рахмадиев КСРО Композиторлар одағының хатшысы болып сайланды.

Жамбыл Жабаев сөздеріне жазылған поэманың әдеби мәтіні орыс тілінде беріліп, өз дәуіріндегі саясатқа икемделді. Қаншама көркем, биік шығармашылық пафоспен жазылған десек те, шығарманың бүгінгі күн талаптарына сай келмейтін тұстары да кездеседі. Соның бастысы – шығарманың соңында мәтін оқыушы (чтец) мен хордың аралас орындауындағы ода рухындағы музыкалық интонациялар. Поэма «Ленину - слава! Партии – слава! Коммунистической партии - Слава!» деген жолдармен аяқталады.

Жалпы қазақ музыкасының тарихында мұндай оқиғалар болған. Мысалы, кезінде «Коммунизм оттары» атты кантата жазған М. Төлебаев туындысы да ұзақ жылдар бойы тарих қоймасында жатты. Соңғы жылдары ғана оның аты өзгеріп, сахнада орындалды. Осы тәсілді бүгінде көзі тірі Е. Рахмадиевтің «Конституция туралы поэма» атты шығармасына да қолданып, әдеби-поэзиялық мәтініне өзгеріс ендірер болсақ, музыкалық туынды қайтадан тыңдармандарға жол тартар еді.

Қазақстан композиторларының ұзақ уақыт игере алмай келген жанры – симфония. 60-жылдарға дейін бұл салада көбіне Е. Брусиловский еңбек еткен болса, 70-жылдары Қ. Қожамияров өзінің 1 (1971) және 2 (1975) симфонияларын берді. Композитор ұйғыр мугамдарын көбірек пайдаланып, шығармаларға ұлттық сипат беруге тырысқан. Композитордың кейінгі симфониялық шығармалары да осы ізде көрінеді.

Кезінде одақ көлемінде мадақталған симфония – «Жігер». Үш бөлімді бұл шығарманы Ғ. Жұбанова 1971 жылы аяқталып, жақсы бағасын алды. Сол жылдары «Советская музыка», «Музыкальная жизнь» журналдарының бетінде симфонияға қатысты жылы лебіздер жарияланды. Алматы консерваториясының мамандары да кезінде осы шығарма төңірегінде диссертация жазды.

Әрине, Қазақстан композиторларының шығармашылық қабілеті мен келбеті біркелкі емес. Мысалы, біз қарастырып отырған кезеңде С. Мұхамеджанов, М. Қойшыбаев, Н. Тілендиев, К. Күмісбеков сияқты композиторлар симфониялық туындылар берген емес. Классикалық симфония болмаса да бұл салаға Е. Рахмадиев өзінше келіп, симфониялық күй жанрын қалыптастыруға ықпал етті. Оның қаламынан туған «Дайрабай», «Құдаша-думан» атты симфониялық күйлер өте жоғары бағаланып, Азия және Африка елдерінде орындалуға жолдама алғаны бар.

Сонымен, 70-жылдары Қазақстан композиторларының ірі синтетикалық жанрлармен қатар симфониялық музыкаға да ден қоя бастағанын көреміз. Бірақ 80-90 - жылдары, тіпті күні бүгінге дейін ешбір композитор классикалық симфония үлгісінде 3-5 бөлімді күрделі шығармалар жазған емес. Симфония жазу, яғни музыкалық тақырыпты дамыта білу - үлкен кәсіби шеберлікті талап ететін шығармашылық процесс.

Сондықтан болар, кейбір қазақ композиторлары күрделі музыкалық форманы ұлт аспаптар оркестрі тұсында игерді. М. Қойшыбаевтың «Советтік Қазақстан», С. Мұхамеджановтың «Шаттық Отан» атты ұлт аспаптары оркестріне арнап жазған поэмалары соның айғағы. Олар өз кезеңі үшін жаңалығы бар көркем шығармалар саналды. Екеуі де ұзақ жылдар бойы Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің репертуарынан түспей келеді.

Бірақ кәсіби-композиторлық талап тұрғысынан келгенде аталған шығармалардың ақаулары да жоқ емес. Ең бастысы, қос шығармада да алғашқы жылдам бөлімнен ортаңғы баяу бөлімге ұласатын толыққанды гармониялық-фактуралық модуляция жоқ. Оркестрлік шығарма жаза отырып, композиторлар домбыра аспабының фактурасына негізделген мелодиялық модуляциямен шектелген. Осы себепті бір бөлімнен келесі бөлімге өтетін тұстары әрі гармониялық, әрі фактуралық тұрғыдан өте солғын, көмескілеу шыққан.

Бұл кезеңдегі қазақ мәдениетінде оркестрлік музыка екі бағытта дамыды: бірі - симфониялық, екіншісі - ұлт аспатар оркестрі. Симфониялық оркестрге арналған шығармалар саны көп болмаса, ұлт аспаптарына арналған туындылардың кәсіби-көркемдік деңгейі әркез биік деңгейден көріне бермеді. Айталық, ұлт аспаптарына арналған шығармаларда оркестрдің түрлі қабаттарында негізгі және қосалқы тақырыптарды қарсыластыру (контранукт), тым болмаса өлшемдік (2-4 пен 3-4 өлшемдері) контрапункт сияқты драматургиялық тәсілдерді кездестіру қиын. Басым көршілігі біркелкі қарапайым жазылған шығармалар болып келеді.

Композиторлар аспаптық-камералық және вокалдық музыка саласында да қалам тартты. Ж. Дастенов, М. Маңғытаев, М. Сағатов, т.б. композиторлар осы саладағы шығармашылық ізденістерімен танылды.

Міне, 70-жылдарғы Қазақстан композиторларының опера, оратория, кантата, симфония жанрларындағы табыстары осындай болды. Әрине, бұл кезеңде көпгілік әндер, романс, хор және аспаптық музыка да дами түсті.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет