Әзірбайжан ақыны Низамидің «Хұсрау мен Шырын» поэмасы шығыста кеңінен танымал болды. Оны Құтыб атты ақын қыпшақ тіліне аударды.
Алтын Орда дәуірінің әдебиетінде Хорезмидің «Мұхаббатнама» поэмасы маңызды орын алады. Поэмада әділеттілік, адамгершілік туралы баяндалады.
Ауыз әдебиеті. Дешті Қыпшақта жыраулар шығармашылығы дамыды. Халық бірлігі идеясын, Отанға деген сүйіспеншілікті жырлаған Сыпыра жырау, Қодан Тайшы және Асанқайғы есімдері кеңінен белгілі.
Жырау, күйші, аңыз кейіпкері Кетбұғаның шығармалары халық арасында кең тарады. Ол сөз өнерінің дамуына ерекше ықпал етті. Халық аңыздары Жошы өлімі туралы жырды Кетбұға шығармашылығына жатқызады.
XIV ғасырдағы Сыпыра жырау ел бірлігін көздеді. Жырау халықты бірлікке шақырып, жауласушы жақтарды бітістіріп отырды. Сыпыра жырау шығармашылығы өзінен кейінгі замандардағы басқа қазақ ақындарына үлгі-өнеге болды.
Қодан Тайшы мен Асанқайғы XV ғасырда өмір сүрді. Қодан Тайшы дала жұртына белгілі жырау, ақын. Ол Әбілқайыр ханнан бөлініп, дербес ел болуды ойлаған. Ұрұс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандарды белсенді түрде қолдады.
Сол замандағы белгілі қазақ жырауы Асанқайғы тарихи оқиғаларға баға беріп, болашақты болжай білді. Қазақ хандығының тұңғыш жырауы атанған Асанқайғы өз жырларында халықты бірлікке, бабалар өсиетіне адалдыққа шақырды. Асанқайғының жырлары мен ол туралы аңыздар қазақ халқының арасында әлі күнге дейін айтылып келеді.
ХІІІ-ХІV ғасырлардағы эпостарда Алтын Ордада өткен оқиғалар көрініс тапты. Мәселен, «Қобыланды батыр» жырында елді басқыншылардан қорғау, ер-азаматтардың батырлық істері баяндалады. Атақты батыр, ел билеуші Едігенің ерлік істері «Едіге батыр» эпосына негіз болды. «Ер Сайын» эпосында Ноғайлы дәуіріндегі батырлар жорықтары айтылады.
Сонымен, біз ХІІІ-ХV ғасыр басы Қазақстан тұрғындарының материалдық, рухани мәдениетінің өркендеу кезеңі болғанын көреміз. Бұл кезеңнің мемлекеттері әдебиет пен ғылымның дамуына қолайлы жағдайлар жасады.
|
Достарыңызбен бөлісу: |