XX ғ. ғылым мен техниқаның керемет жетістіктері - адамзаттың ғарышты игеріп өз пайдасына жаратуы, атомның ішкі орасан зор күш-қуатын адамзат игілігіне пайдалануы, осы екі мега-әлем мен микро-әлем арасындағы ашылған миллиондаған табиғат сырлары, бір қарағанда, діни философияны қоғамдық сананың шеңберінен алысқа ығыстырып тастаған болар деген ой келеді. Алайда мұндай пікір шындыққа сай келмейді, өйткені біздің жоғарыдағы ой-өрісіміз тек қана діннің гносеологиялық (танымдық) түп-тамырын ғана қамтыды. Ал оның өзін тереңірек қарар болсақ, «ұлы мәртебелі Табиғат» қаншама ішкі сырларын әлі де болса құлша сақтап, адамдарды адастыруда...
Ал енді діннің әлеуметтік түп-тамырына келер болсақ, дүниедегі зұлымдықтың салмағы ең болмаса бір граммға кеміді ме екен?!! Хиросима мен Нагасаки, Бухенвальд трагедиясынан өткен адамзатқа мұндай сұрақты қоюдың өзі артығырақ болар.
Енді діннін психологиялық түп-тамырын сараптасақ, біз жағдайдың бұрынғы дәуірлермен салыстырғанда өрши түскенін байқаймыз. Егер бұрын өлім мәселесі жеке адам толғанысының шеңберінен шықпаса, - қандай қантөгісті соғыс, я болмаса, эпидемия, жер сілкіну, топан-су болса да, бірде-бір адам бүкіл адамзат тарихының әрі қарай жалғаса береріне ешқандай күмән келтірмеген болса, - XX ғ. екінші жартысында ондай күдік пайда болып, өрши түсті (ядролық соғыстың салдарынан бүкіл жер бетіндегі тіршіліктің кұрып кету мүмкіндігі, сездірмей жақындап келе жатқан экологиялың апаттың үрейі т.с.с.).
Міне, жоғарыдағы көрсетілген және басқа да жүздеген себептер XX ғасырдағы діннің әрі қарай етек жайып өсуіне, олай болса, діни философияның да қоғамдық санадағы алатын үлесінің молаюына әкеліп жеткізгені - дәлелдеуді талап етпейтін қағидалар. Олай болса, қазіргі дүниежүзілік діндердегі қалыптасқан ахуал, діни философиядағы жаңа ойлар мен тебіреністер зерттеліп, оқылуы керек.
XX ғ. христиандық философия
XX ғ. христиандық философия әлеуметтік зұлымдықтың негізгі үш себептерін көрсетіп, оларды кінәлайды. Біріншіден, ол -жаратылыстану ғылымдарында қалыптасқан «әлем дегеніміз - өз негізінде өмір сүріп жатқан болмыс» деген қағида. Екіншіден, либерализм ұрандарының негізінде қалыптасып ағарған, Құдайдан бас тартқан мемлекет. Үшіншіден, коммунизм (бұрынғы Кеңес Одағы мен басқа социалистік елдер) бүкіл байлықты мемлекеттің қолына өткізіп, қарапайым адамдарды сол мемлекеттің құлына айналдырса, капитализм (Батыс елдері) негізгі жұмысшы халықты тауарға, яғни затқа айналдырады. Жекеменшікке деген адамның құқы - табиғаттың заңы, адам жекеменшікке жету үшін жұмыс істейді, міне, осы түрғыдан христиандық философия әсіресе, коммунизм идеясын қатты сынға алады.
Христиандық философияның негізгі мәселесі - ол болмысты тану болып есептеледі. Е.Жильсон оны былайша тұжырымдайды: «егер екі философ болмысты түсінуде екі жақта болса, онда барлық жағынан да олар бір-біріне қарама-қарсы.
Бұл философия «болмыс» (esse) және «дүниедегі бар», өмір сүріп жатқанды (ens) бір-бірінен айырады. Болмыс категориясы тек қана мәңгі, абсолютті, құдіретті өмір сүріп жатқан Құдаймен теңелсе, нақты бұл дүниеде өмір сүріп жатқан заттар - жаратылған, өтпелі, олардың болмысқа тек қатысы ғана бар, яғни уақытша келген.
Нақтылы дүниеге келген заттардың «өмір сүруі» (existentia) мен мән-мағынасы (essentia) бар. Олар бір-бірімен қосылып, сонымен қатар бөлініп жатады. Бұл дүниеде өмір сүру, яғни болмысқа қатысты болу дегеніміз - жаратылғандықтың белгісі. Екінші жағынан, мән-мағынаға ие болу дегеніміз — нақтылы, белгілі зат болумен тең, олай болса, ол әрқашанда шектелген, өтпелі, ол - жалпы болмыс емес, тек қана нақтылы болмыс. Жақ Маритеннің айтуына қарағанда, әрбір болмыс өмір сүру мен мәнділіктен түрады. «Мәнділік бұл зат не деген сұраққа жауап берсе, мысалы, тас, «өмір сүрудің» қоятын сұрағы тіпті басқаша: Ол бар ма, яғни дәл қазір өмір сүріп жатыр ма, әлде жоқ па? Олай болса, Бұл дүние кездейсоқ оның шеңберінде әрбір заттың болуы да, болмауы да мүмкін. Нақтылы дүние тәуелді, өз-өзіне жеткіліксіз, тек қана Құдай толыққанды кемеліне келген болмыспен тең», - деп қорытады өзінің ойын Ж.Маритен.
Адам дене мен рухтан тұрады. Ол өзінің материалдық қажеттіктерін мемлекеттің шеңберінде әлеуметтік пенде ретінде өтесе, тұлға ретінде ол Құдайға тәуелді. Сондықтан бұл философия адамның материалдық мәселелерге (бір жағынан, жетіспеушілікке, екінші жағынан, оның көптігіне) көп көңіл бөлгенін жаратпайды. Өйткені адам - зат емес, ол тұлға. Олай болса, жердегі тәртіп рухқа тәуелді болуы қажет. Адамның жеке өмірі өзінің шеңберінде жабылып қалмай, басқа адамдарға ашық болуы керек.
Христиандық философияның негізгі мәселелерінің бірі сенім мен білімнін арақатынасы. Бұл мәселенің діни шешімін алғаш рет Орта ғасырда Ф.Аквинский тапқан болатын. XX ғ. діни философия осы шешімді Бұлжытпай орындап, қадағалап отыруға тырысады. Ол шешім, білімге қарағанда, сенімнің басымдылығы. Діни сенім мен ақыл-ой арқылы дүниетану - бір-біріне қарсы емес, бірін-бірі ығыстырмайды, керісінше, бірін-бірі толықтырады, олар бір өзенге құлтын екі бұлақ сияқты. Сенімнің түпкі қайнар көзі -Құдайдың адамға берген аяны, оның ақиқаттығына еш күмән келтіруге болмайды. Ақыл-ой арқылы дүниетану - жаратылған пенде -адамға берілген үлкен сый. Бірақ қайсыбір адам шектелген, соңы бар пенде болғандықтан, оның білім-тануы да сол сияқты, ол бәрін біле алмайды. Олай болса, ақыл-оймен табылған білімді әрқашан құдіретті түрде берілген сенім ақиқаттарымен салыстырып, бақылап отыруымыз қажет. Олардың ойынша, ол, әсіресе XX ғ. ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін сараптау үшін аса қажет.
Осы тұрғыдан олар XX ғ. ашылған ұлы ғылыми жаңалықтарды Библияның негізгі қағидаларымен салыстырып, олардың «ақиқаттығына» баға береді. Мысалы, XX ғ. екінші жартысында астрофизика саласында ашылған біз өмір сүріп жатқан Дүниенің пайда болуы мен жасы жөніндегі «үлкен жарылыс» теориясын алайық. Алғашында материя «сингулярлық», яғни орасанзор қысымның негізінде «нүктелік» жағдайда өмір сүрген. Ал оның өзі 13 млрд. жыл бұрын «үлкен жарылысты» тудырып, біздің галактикадағы жүлдыздар жүйесінің қалыптасуына әкелді (Құс жолы). Жарылыстың күші сондай орасан зор болғандықтан, осы уақытқа дейін жұлдыздар бір-бірінен алыстап, кеңістікте ұшып барады. Оны астрофизиктер: «Бір-бірінен қашып бара жатқан галактика», -дейді- бұл теорияны қарапайым адамның санасына енгізу өте қиын, өйткені нүктеден, практикалық түрде, жоқтан біздің галактика сияқты орасан зор Дүние пайда болды. Ойлап қараңызшы: күннің ішіне 1 млн. жуық жер сияқты планеталар сыйып кетуі мүмкін. Ал күн - қарапайым орташа жүлдыз. Ал олардың саны тек біздің галактикада ғана 200 млрд. артық!!! Осының бәрі «нүктеден» пайда болды!!
Христиандық философияның бұл ғылыми жаңалыққа берген бағасына келер болсақ, олар бұл ашылған жаңалық Құдайдың «жоқтан» бар Дүниені жаратқаны жөніндегі діни қағиданы ғылыми түрде дәлелдейді деген пікір туындайды. Олай болса, бұл теорияның ақиқаттығына күмән келтіруге болмайды.Екінші мысал ретінде биология саласында ашылған тіршілікті клональды түрде, яғни жыныстық жолдан тыс жарату мүмкіндігін келтіруге болады. Биологтардың айтуына қарағанда, тірі организмнің әрбір клеткасында организмнің бүкіл «генетикалық қоды» жазылған. Олай болса, белгілі бір клеткадан жасанды жағдай тудырып, дәл сол организм сияқты жаңа тіршілікті дүниеге әкелуге болады!! Әрине, бұл - ғылым саласында ашылған ғажап жаңалық. XX ғасырдың аяғында ағылшын ғалымдары клеткадан «Долли» деп ат қойған қойды да тудырып, өсірді.
Христиандық философияға келер болсақ, бұл жаңалық та ақиқатты деген пікірге келеді. Өйткені Құдайдың өзі алғашқы «клональды экспериментті» жасады: Адамның бір қабырғасын жұлып алып, одан Еваны тудырды. Әрине, мүндай «аргумент» бізді күлдіртуі мүмкін. Әңгіме осы философияның ғылыми жетістіктерін өз ішіне кіргізіп, заман ағымына сай келуге тырысуында болса керек.
Шындығында, христиандық философияның қойған мәселесі өте өзекті, бірақ оны сәл өзгертсек, онда ол адамның дүниетану мүмкіндігі моральдық сананың бақылауында болып, бүкіл адам-заттық құндылықтардың шеңберінде даму қажеттігіне келіп тіреледі. XX ғ., бір жағынан, ақыл-ой арқылы дүниетанып, оны қайта өзгертудің орасанзор мүмкіндіктерін ғана көрсетіп қоймай, сонымен қатар «ғылыми өркөкіректіктен» сақ болу қажеттігін көрсетті. Ғалымдар ашқан жаңалықтарын дереу дүниеге енгізіп, адамзат пайдасына жаратуға тырысады. Бірақ ол жаңалық бізге пайдасымен бірге, көп ойламаған теріс салдарын өмірге әкеліп қоғам алдында неше түрлі жаңа қауіптерді тудырады. Адамзат алдындағы көп экологиялық мәселелердін пайда болуының терең себептерінің бірі, міне, осында.
XX ғ. христиандық философия туғызған ірі тұлғаның бірі -Льер Теяр де Шарден (1881-1955 жж.) Негізгі еңбегі «Адам құбылысы» деп аталады.
Діни философтың қойған негізгі мәселесі: «Адам Құдайдың жаратқан Дүниесінің қонағы ма, я болмаса сол жүріп жатқан жаратылысқа өз үлесін қосып, оны әрі қарай дамыта ма? Егерде бұл дүние дайын күйінде адамға берілсе, онда адамға тек қана оның ғажаптығына таңғалып, оған табынудан басқа еш нәрсе қалмайды. Ал егерде дүниенің басы да, аяғы да болмай, бірақ ол өне бойы жаңару, өзгеру (эволюция) үстінде болса, онда адамның бұл дүниеге келуінің негізгі мақсаты - оны әрі қарай дамытып, көркейтіп, өзгертуінде болса керек», - деп қорытады П. Т. де Шарден.
Өзінің философиясында ойшыл материализм мен идеализмнің біржақтылығын сынап, шынына келгенде, дүниенің сыртқы материалдық және ішкі психиқалың рухани жақтары болуы қажет деген пікірге келеді. Егер дүниенің алғышарты ретіндегі рухани қосындысы болмаса, онда жалғыз материядан тұратын әлемде адам пайда болмас еді.
П.Т. де Шарденнің ойынша, ғарыштың өмір сүруі мен әрі қарай өрлеуінің негізінде екі энергияның (күш-қуаттың) тікелей қатысы бар. Олар - тангенциалдық, яғни физиқалық күш-қуат және радиалдық, яғни психикалық, рухтық. Егер тангенциалдық күш дүниенің элементтерін бір-біріне тартып, оның біртұтастығын қамтамасыз етіп отырса, радиалдық энергия оларды алға және жоғарыға, күрделенуге әкеледі.
Дүниенің тарихи дамып, күрделенуі, негізінен, үш ғарыштын өткен сатыларына байланысты. Олар: өмір алды; өмір; ой.
Бірінші - «өмір алды» сатысында галактиканың қалыптасуы мен оның химиялық күрделенуі басталады. Жер бетіндегі жылы неше түрлі минералдар мен түздар еріген суларда күн сәулесінің энергиясы арқылы неше түрлі күрделі химиялық қосындылар пайда болып, ақырында, өмірдің алғашқы тұрпайы микро түрлері дүниеге келеді.
Екінші - өмір сатысында жер бетінде тіршіліктің миллиондаған түрлері дүниеге келіп, биосфера қалыптасады, оның ең әсем күлі - адам дүниеге келеді.
Үшінші — ой сатысында адамның қалыптасуы мен дамуы басталып, бүгінгі күнге дейін жетеді. П.Т. де Шарденнің ойынша, қазір біріккен адамзаттың қалыптасуы жүріп жатыр. Адамзатпен бірге жер бетінде жаңа қабат - ноосфера, яғни ақыл-ой қабаты қалыптасып жатыр. Адамзаттың әлеуметтік өрлеуі - материя мен тірі табиғаттың өрлеуі, күрделенуі, дамуының жалғасы. Дүние біздің көз алдымызда әрі қарай дамып, жаратылу үстінде, қазіргі уақытта оның негізгі кілті - адамның қолында. Өйткені адам саналы түрде эволюция процесіне қатысуда. Материяны қайта құрып, өзгерту жолында адам шығармашылық деңгейіне көтеріліп, өзінің кім екенін дүниеге көрсетеді.
Осы тұрғыдан П.Т. де Шарден кейбір христиан дініндегі моральдық қағидаларды. Әсіресе енжарлың, мойынсұнушылықты сынға алады. Адам өмірге белсенді түрде қатысуы керек, яғни оның өмірдегі негізгі мақсат-мұраты - жасампазды еңбек дәржесіне көтерілу болмақ. «Жақсы христианин дүниенің жаратылу процесіне белсенді қатысады, цивилизациялық ағымның белсенді мүшесіне айналады». Жамандық - енжарлық, жақсылық - белсенділік.
Сонымен бірге П.Т. де Шарден ұжымдық өмір сүруге шақырады. Жалғыздықтағы адам рухани жетіле алмайды. «Менің» жетілуім ұжымдық сана арқылы ғана жүрмек.
Қазіргі қоғамдағы дағдарыс - өрлеудің дағдарысы. Адамзат дүниенің әрі қарай өрлеуінің негізгі күшіне айналғанын сезінеді, екінші жағынан, осы сезімнен қорқып, оған күмәндана бастайды. Ал осы ізгілікті істі әрі қарай жалғастыру үшін, адамзатқа белгілі бір рухани тірек қажет. Ол тек «өмірден де жоғары» құдіретті күш болуын талап етеді. Ол адамзаттың алдында әрқашанда шамшырақтай жанып тұруы керек. Ол оны аспандағы ең күшті жарқыраған жұлдызға теңеп, оған «Омега» нүктесі деген ат қояды.
Ойшылдың ойынша, Омега - кеңістік пен уақыт шеңберінен тыс, дүниенің алдында тұрып, өзінің психикалық радиалдық энергиясы арқылы бүкіл өмір сүріп жатқанның бәріне де өз әсерін тигізіп жатқан кұдіретті күш. Ол күш, негізінен алғанда, сүйіспеншілік, ал оның ең кішкентай ұрығы - ол молекуланың ішке тарту күші. Сонымен П.Т. де Шарденнің Омегасы христиан дінінің Құдайына ұқсамайды, ол - таза рух, сананың жиынтығы, сонымен қатар дүниенің әрі қарай дамып, күрделенуінің негізгі себебі.
П.Т. де Шарденнің философиясы XX ғ. адамзат ой-өрісіне өзінің зор ықпалын тигізді. Оның себептерінің бірі - ғылынның жетістіктеріне сүйене отырып, дүниенің дамуы жөніндегі біртұтас ілімді тудыру қажеттігін көрсеткенінде болса керек. Екіншідең оның адамзатты жасампаздық еңбекке, соның негізінде жер бетінде ноосфераны тудыруға шақырған шабытты ойлары да кеп адамдарға өзінің зор әсерін тигізді. Үшіншіден, оның адамға деген зор сенімі гуманизм мен өрлеудің бір-бірімен байланысты екенін көрсеткені де бүгінгі дағдарыстағы адамзатқа шынайы сабақ болды. Ал енді осы XX ғ. тудырған орасанзор қайшылықтар мен тебіреністер қазіргі Шығыс философиясында қалай шешіледі? Енді осы сұраққа жауап беруге тырысайық.
Достарыңызбен бөлісу: |