Конфуций ілімі - Қытайдың моральдық философиясы
Конфуций (551-479 б.ғ.д.) - Қытай халқының ұлы ойшылы, саяси қайраткері, тәрбиешісі, осы уақытқа дейін өзінің ықпалын тигізіп келе жатқан философиялық ағымның негізін қалаушы. Негізгі еңбегі - «Лунь-уй» (әңгімелер мен пікірлер).
Конфуций философиясында қойылған онтологиялық (болмыс) мәселелерге келер болсақ, ойшыл өзінің болмысқа, дүниеге деген жалпы көзқарасында сол кездегі қалыптасқан ой-өрістің шеңберінде болған. Аспандағы дао заңдылықтарына табынып, тағдырға сенген. Мысалы, «Лунь-уй» кітабында: «Аспан жөнінде не айтуға болады? Жылдың төрт маусымының ауысуы, болмыстың дүниеге келуі. Басқа не айтуға болады? Егер кімде-кім тағдырды мойындамаса, оны нағыз ерге жатқызуға болмайды», -дейді ұлы ойшыл.
Моральдық мәселелер
Конфуцийдің адамзат тарихында ұлы ойшыл ретінде осы күнге дейін сақталуы - оның моральдық-этикалық көзқарастарында. Оның әлеуметтік-саяси көзқарастарының өзі осы моральдың тиістілік шеңберінде каралады.
Конфуций еңбектерінен біз «бес тұрақтылықты» (у-чан) табамыз. Олар: адамгершілік, адамды сүю (жень), әділеттілік (и), әдеттілік (ли), даналық, ақыл-оймен токулық (чжи), сенімділік (сань). Осы бес тұрақтылық арқылы адам дао жолына шыға алады.
Конфуций моральдың «алтын ережесін» алғаш көрсеткен деген пікір әдебиетте бар. Оқушы бұл кісіге: «Бір сөйлеммен сіздің моральдық іліміңізді бізге жеткізе аласыз ба?» - деген сұрақ койыпты, Оған ол: «Өзіңе тілемейтінді басқаға да жасама», - деген екен.
Конфуций өзінің моральдық ілімінде «адамдардың өзаралықтығына» «алтын ортаңғылыққа», әке-шеше мен аға-апаны сыйлауға, адамдарды сүюге шақырады. Ол кісі жақсылықтың жақсылық болып қайта оралуына сенген.
Біздің баса көрсеткіміз келетін «тұрақтылық» - ол «ли» (әдеттілік). Конфуцийдің айтуына қарағанда, халық өзінің ғасырлар тарихында қалыптасқан әдет-ғұрыптарын сақтап, сыйлауы керек. Әдет-ғұрпынан айырылған халық тарап кетеді.
Расында да, қазақ халқы бодан болған өзінің тарихында, әдет-ғұрпынан толықтай айырылып қала жаздады. Әсіресе кеңес заманында әдет-ғұрпын сыйлаған адамдарға «ұлтшылдық» таңба тағылып, қудаланған болатын. Сондықтан халықтың «мәңгүрттенуі» де көбінесе осыған байланысты болды.
Бүгінгі таңдағы жаңару үстінде біз өз мәдениетіміздің көп жағымен «қайтадан танысып» халықтық дәрежемізді көтерудеміз.
Конфуцийдің айтуына қарағанда, адамдарды екі түрге бөлуге болады. Олар: «ізгі адам» (цзюн-цзы) және «ұсақ адам» (сяо-жень).
«Ізгі адам» өз алдына үлкен талаптар қояды, ал «ұсақ адам» талапты басқалардың алдына қояды.
Ізгі адамға ұлкен істерді тапсыруға болады, ұсақ адамға сенуге болмайды. Ізгі адам басқа адамдармен тіл тауып, бірақ өмірде өз жолын іздейді. Ұсақ адам басқа адамдармен бірге болғанымен, ұрыс-керіс тудырады. Ізгі адам адамгершілік жолында өзінің өмірін қиюға дайын, ұсақ адам өзінің өмірін ит сияқты орда бітіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |