§ 8. Кеңістік пен уақыт
Қозғалыстағы заттар мен неше түрлі үрдістер кеңістік пен уақыттың шеңберінде өтіп жатады. Ең жалпы түрде алғанда, кеңістік деп заттар мен қүбылыстардың бірінің жанында бірінің орналасуын айтамыз, ал уақытқа келер болсақ, ол -- дүниедегі болып жатқан уақиғалардың бірінің соңынан екіншісінің келуі.
Кеңістік пен уақыттың табиғаты жөнінде сонау көне заманнан бастап осы уақытқа шейін, негізінен, екі көзқарас қалыптасты. Олар: субстанциализм - кеңістік пен уақытты дүниенің алғашқы негіздерінің бірі ретінде қарайды жэне релятивизм (салыстырмалы) - кеңістік пен уақыт қозғалып жаткан неше түрлі материалдық объектілердің формалары, соған бағынышты.
Бірінші көзқарастың негізін жасаған көне грек философы Демокрит болды. Ол езінің атомистік ілімінде дүниенің алғашкы негізін құрайтын екі бастаманы мойындайды: оның бірі көзге көрінбейтін эрі қарай бөлінбейтін үсақ бөлшектер -атомдар және ғарыштағы бос кеңістік. Атомдар сол кеңістікте кұлдырап келе жатып бір-бірімен соқтығысып, табиғатың заттарын тудырады. Яғни кеңістік - субстанциялык алғашқы негіздердің бірі. Егер Дүниедегі атомдар бір сэтте жоғалып кетсе, Дүние құрымайды -Кеңістік алғашқы негіздердің бірі болып кала береді.
Сол заманның ірі ойшысы Эмпедокл бұл пікірге қарсы шығып: «Судағы балыққа қараңызшы - онда бос кеңістік жоқ, бірақ балық қозғалады», - деген пікір айтқан болатын. Яғни ол бос кеңістік идеясына қарсы шықты.
Аристотельдің ойынша да, бос қуыс жоқ, кеңістік - дүниедегі заттардың алатын орны, ал уақыт - қозғалыстың саны, мөлшері.
Орта ғасырдағы ойшылдар кеңістік пен уақытты Құдайдың жасампаздық іс-әрекетіне теңеді. Дүние өтпелі болып кеңістік пен уақытта берілген, тек Құдай ғана – мәңгілік, олардан тыс жатыр.
Жаңа дәуірде Декарт «бос қуыстық» идеясына қарсы шығып, кеңістіктің заттармен толы екені жөніндегі идеясын ұсынды. Олай болса, кеңістік пен созылу - бір. Ол ұзақтық пен уақытты айыру керектігін де айтады. Ұзақтық заттарға тән нәрсе болса, уақыт - сол ұзақтықтың ой өрісіндегі көрінісі. Осыған жақын көзқараста Лейбниц те болды.
Кеңістік пен уақыт жөніндегі ерекше ой айтқан Кант болды. Оның ойынша, олар адамға априорлық (тәжірибеден бұрын, тыс) түрде берілген: кеңістік сыртқы сезімнің, ал уақыт - ішкі сезімнің априорлық формалары. Тек солар арқылы ғана адам өз дүниетанымын белгілі бір тәртіпке келтіре алады.
Жалпы алғанда, философия және ғылым тарихында XX ғ. дейін кеңістік пен уақыт жөнінде субстанциялық көзқарас басым болды. Оған өз үлкен үлесін қосқан ағылшын ғалымы И.Ньютон болған-ды. Ол ғылымға абсолюттік кеңістік (шексіз қуыс) және уақыт (таза, біркелкі ұзақтық) категорияларын енгізіп, олар материядан да, бір-бірінен де тәуелсіз өмір сүреді деген пікірге келеді. Сонымен қатар, адамның санасында салыстырмалы кеңістік пен уақыт жөніндегі түсініктер бар, олар тәжірибеге байланысты өзгерісте болуы мүмкін.
Ньютон гравитация (тарту) заңдарын ашу негізінде алыстан әрекет ету теориясын жасайды. Дүниежүзілік тарту күші ғарышта сол сәтте тікелей шексіз тарап, объектілерге өз әсерін тигізеді. Сондықтан уақыт ғарышта барлық жерде біркелкі. Мысалы, жер бетіндегі бір университетте лекция окылып жатса, басқа жұлдыздар аясындағы планеталарда сол сәтте басқа зерделі пенделерге де дәріс жүріп жатуы мүмкін. Бұл классикалық механикада жасалған тұжырымдар болатын.
Алайда XIX ғ. бастап жоғарыда айтылған көзқарастарға күмәндану басталады. Электромагниттік үрдістерді зерттей бастаған М.Фарадей мен Дж.Максвелл тарту күші қашықтық, пен қатар жылдамдыққа байланысты және тікелей тарамайды деген пікірге келеді. Ал күштің тарауы сол сәтте емес, белгілі бір шектелген жылдамдықпен жүреді. Соңында, олар сәуле, магнетизм, электр қуатын біріктіріп, электромагниттік өрістің әртүрлі көріністері ретінде қарай бастады.
Сонымен ғарыштағы күштердің жылдамдығының шектелгені Ньютонның алыстан әрекет ету теориясына үлкен соққы жасап, А.Эйнштейннің ғылыми жаңалықтарын ашуға белгілі алғышарттар жасады. 1905 ж. ол өзінің кеңістік пен уақыт жөніндегі арнаулы салыстырмалы теориясын жасап шығарады. Бұл теорияның негізінде ғарыштағы ең асқан жылдамдық – сәуле жылдамдығы 300 мың км. сек. деген қағида жатыр. Онымен салыстырғанда, басқа жылдамдықтарды 0-ге теңеуге болады. Мысалы, жердегі дыбыс жылдамдығы 340 м.сек. – сәулемен салыстырғанда тұрақты деуімізге болады. Егерде қайсыбір ғарыштағы үрдістің жылдамдығы сәулеге жақындаса, онда оның көлемі қысқарып, уақыт баяулап, салмағы күрт өседі. Дүниедегі жылдамдық шектелгеннен кейін, ғарышта бір уақытта болып жатқан үрдістер жоқ. Ғарыштағы әрбір жүйенің өз уақыт есебі бар. Мысалы, жерде жас әйелі мен бір жасар баласын қалдырып, 25 жасар космонавт сәулеге жақын жылдамдыкпен ғарышқа ұшып, бір жылдан кейін қайтып келсе, оны 51 -дегі баласы қарсы алады екен! Әкесі 26-да, баласы 51-де! Өйткені ғарыш кемесінің ішіндегі уақыт баяулайды да, жердегі уақыт есебі бұрынғыдай бірқалыпты жүре береді. Әрине, бұл теоретикалық қиял, оның іске асуы мүмкін емес. Ол іске асқан жағдайда ғарыш кемесінің көлемі жоғалып бара жатқан нүктеге айналар еді! Екіншіден, ондай жылдамдыққа жету үшін, бүкіл Дүниенің күш-қуатын жұмсау керек болар еді, ал, ол - мүмкін емес.
А.Эйнштейн 1916 ж. өзінің жалпы салыстырмалы теориясын жасайды. Оның түйіні ғарыштағы орасан зор объектілердің гравитациялық тартым арқылы айнала коршаған кеңістікті қисайтуы болып табылады. Сонымен кеңістік пен уақыттың қасиеттері ғарыштағы объектілердің массасының (салмағының) бөлінуіне байланысты өзгеріп отырады екен. Бұл тұрғыдан алғанда, 2000 жылдан артық ғылымда еш дау туғызбаған Евклид геометриясының негізгі қағидалары жер бетіндегі адамдардың практикалық қызметіне бейімделген тұрпайылынған кеңістік теориясы болып шықты!
Неміс ғалымы Б.Риман сфералык кеңістіктің (үлкен шардың үстіндегі кеңістік) қасиеттерін зерттеп, оның үстінде сызылған тура сызыктан тыс орналасқан нүктенің үстінен бірде-бір тура сызыққа параллельді сызықты жүргізуге болмайды: бәрі де онымен тоғысады деген пікірге келеді. Сфералық кеңістіктің үстіндегі үшбұрыштың қосындысы 180 градустан асып түседі! Псевдосфераның геометриясын зерттеген орыс ғалымы Н.И.Лобачевский мен венгр Я.Больяй керісінше нәтижеге келді: үшбұрыштың қосындысы 180 градустан аз болып шықты. Сонымен қатар оның үстінде бір тура сызыққа қосылмайтын көп сызықтар болуы мүмкін.
Олай болса, кеңістік пен уақыт жөніндегі мыңдаған жылдар бойы өмір сүрген субстанциялық көзқарастың қазіргі ғылыми зерттеулерге қайшы келгенін байқаймыз. А.Эйнштейннің өзі айтқанындай: «Мәселенің түйіні мынада: егер де таңғажайып болып Дүниеден барлық материалдық заттар жоғалып кетсе, кеңістік пен уақыт қала берер еді деп бұрын есептеген болатын. Ал салыстырмалы теорияға сәйкес, заттармен бірге кеңістік пен уақыт та құрдымға кетер еді. Яғни кеңістік пен уақыттың қозғалыстағы материядан тыс өзіндік болмысы жоқ, олар тек оның формалары ғана».
Қорыта келе, кеңістік пен уақытты Дүние болмысының ең жалпы қажетті формалары ретінде қарап, сонымен катар оны философия, физика т.б. ғылымдардың іргетасты категорияларына жатқызуымыз керек. Дүниеде еш жерде кеңістік пен уақыттан тыс өмір сүріп жатқан бірде-бір зат, құбылыс жоқ.
Ең алдымен ескертетін нәрсе - олар шынайы және объективті, яғни адамдардың санасынан тәуелсіз өмір сүріп, сонымен қатар танылады. Діни философияда кеңістік пен уақыттан тыс өмір сүретін Құдай идеясы мойындалады, бірақ ол - ешқашанда дәлелденбейтін ашық сұрақ. Ал Канттың субъективті-идеалистік көзқарасына келер болсақ (кеңістік пен уақыт - априорлық сезімдік формалар ғана), ол да қазіргі ғылыми сынды көтермейді.
Келесі ескеретін мәселе - кеңістіктің үш, ал уақыттың бір өлшемдігі. Кеңістіктегі әрбір заттың орнын анықтау үшін біз бір-біріне тәуелсіз үш координатты (X, Ү, Z, яғни ұзындық, биіктік, ен) пайдаланамыз. Математика саласында көпөлшемді кеңістік ұғымы пайдаланылғанмен, оның шынайы кеңістікке қатысы жок, өйткені оның координатары заттың температура, жылдамдық, массасын т.с.с. анықтайды.
Уакытқа келер болсақ, онын өлшемі бір ғана: ол өткеннен казіргіге өтіп, болашаққа бағытталған. Теоретикалық тұрғыдан алғанда, егер жылдамдық күн сәулесінен де жоғары болса, онда уақыт кері ағуы мүмкін. Бірақ ол шынайы түрде мүмкін емес. Уақыттың кері қайтпаушылығы - оның бір өлшемдігінен шығады.
Кеністікте қайта оралушылық бола береді. Мысалы, біз күнде үйден щығып, кешке қайта ораламыз.
Кеңістіктің біркелкілік (барлық нүктелердің теңдігі) және изотроптық (барлық жаққа бірдей тарауы), ал уақыттың тек біркелкілік (барлық нүктелер бір-біріне тең болғандықтан уақытты қай сәттен болсын бастай беруге болады) қасиеттері бар.
Соңғы жылдары ғылымда биологиялық, психологиялық және әлеуметтік кеңістік пен уақыт категориялары пайда болып, қазіргі өмірде кеңінен пайдаланылып зерттелуде.
Биологиялық кеңістік пен уақыт әртүрлі тіршілік формаларының кеңістік пен уақыттың шеңберіндегі өмір сүру ерекшеліктерін, өсімдік пен жануарлар әлеміндегі түрлердің ауысуын т.с.с. сипаттайды.
Мысалы, иттің өмірінің ұзақтығы 20 жылға жуық болса, қарғаның өмірі 300 жылға дейін созылады. Дүниедегі ең ұзақ өмір сүріп жатқан жануар колтырауындар өзгерместен, сонау динозаврлар өмір сүрген уақыттан бері келе жатыр.
Ал биологиялық кеңістікке келер болсақ, оңтүстік аймаққа бейімделген тіршілік формалары солтүстікте өмір сүре алмайды, әр тіршілік формаларының өзінің кеңістіктегі өмір сүру ареалы бар.
Адамның биологиялық өмір сүру ұзақтығына әлеуметтік факторлар өзінің зор әсерін тигізеді. Мысалы, алғашқы қауымдық қоғамдағы адам өмірінің орташа ұзақтығы 25 жылдай болса, қазіргі дамыған елдердегі көрсеткіш 75-80 жылға дейін жетеді. Ал өмір сүру кеңістігіне келер болсақ, адам өзінің саналы іс-әрекетінің арқасында жер бетіндегі барлық аймақтарды игерген. Бүгінгі таңда адамның аяғы баспаған жер қалмаған болар.
Қазіргі ғылыми деректер бойынша, әр организмнің өзіне тән уақыт өлшемі мен ритмі бар. Мысалы, жылы күз шағында солтүстіктен алғашқы суық жел келген кезден бастап, қоян қоңыр жүнін түсіріп, ағара бастайды. Егер қар уақытында жаумаса, қара жерде ақ қоянды көруге болады. Орта ғасырдағы діни философияда «құдайды дәлелдеудің» бұл негізгі аргументі болатын, әр тіршілік формасы «мақсатқа лайықтылықтың» негізінде өмір сүреді, ал оны тіршілікке енгізген - жоғарғы саналы күш. XX ғ. ортасына шейін бұл «дәлелдеуді» ғылыми жолмен ешкім терістей алмады. Тек совет ғалымдары П.Анохин мен Н.Бернштейннің арқасында ғана оның құпиялығы ашылған болатын. Оның мән-мағынасы мына факторларда жатыр.
Әрбір организм өзінің айнала қоршаған ортаға бейімделу барысында шындықты алдын ала бейнелеу дәрежесіне көтеріледі.
Оған себеп болған ғарыштағы уақыт ритмі: күн мен түн, жаз бенен қыс, айдың гравитациялық тартуы арқылы теңіз суының көтерілуі мен қайтуы, күннің әрбір 11 жыл сайын энергиясының өсуі т.с.с. миллиардтаған жылдар бойы тіршілік ритмін анықтап, оның генетикалық бағдарламасында жазылып, соған сәйкес өмір кезеңдерін тудырды.
Биологиялық уақыт та организмнің өмір сүруінің әр сатысында соған сәйкес өзгеріп отырады. Адамның жас кезінде организмдегі «сағат» айнала қоршаған уақыттан гөрі тезірек өтеді де, психологиялық тұрғыдан келгенде, адам өмірі баяу өтіп жатқан тәрізді болады. Кәрілік келіп, организм қартайған кезде оның «сағаты» қоршаған ортадағы уақыт ритмінен қалыңқырап, психологиялық тұргыдан алғанда, өмірдің зымырап тез өтіп бара жатқа-нындай әсер тигізеді. Сонымен биологиялық кеңістік пен уақыт та бірқалыпты емес, өмірдің ерекшелігіне сай өзгеріп отыратынын анықтадық.
Психологиялық кеңістік пен уақытқа келер болсақ, оның да өз ерекшеліктері бар екенін байқаймыз. Ол, негізінен алғанда, тек адамға тән нәрселер. Ол дүниені адами қабылдау мүмкіндіктерімен бірге оның іс-әрекетімен тығыз байланысты. Егер сіз өте қызықты шығармашылық іспен айналысып жатсаңыз, онда уақыттың қалай өткенін байқамай қаласыз. Жалғыздық адам уақытын қорғасын басқандай басып, баяулатады. Ағылшындар айтқандай, ісі жоқтық, адамның миын шайтанның шеберханасына айналдырып, ақырында адам ішімдікке, нашақорлыққа салынып, я болмаса қылмыстық жолға түсіп, өзін-өзі жоғалтып, бір-ақ рет берілетін өмірінің бытшытын шығарады. Өкінішке қарай, бүгінгі таңдағы кең етек алған жұмыссыздық қоғамдағы бүкіл әлеуметтік аномалияның (ауытқу-дың) негізгі себебі болып отыр.
Дүниеде тек қана психологиялық салада уақыттың қайта оралу әсері бар. Оны алғаш рет көркем түрде көрсетіп, таңғалдырған француз жазушысы Марсель Пруст болған-ды. Егер сіз жас кезіңізде болған жерге қайта оралып, алғашқы махаббат оянған жердегі қайыңның жанында тұрсаңыз, өзіңіздің көңіл күйіңізге байланысты сол балауса кезіңізге кайта оралғандай боласыз. Сол кездегі сезімдер мен дүниесезім сізге қайта оралғандай болады. Ол әсіресе адамның түсінде, кейбір бейсаналық, транспсихикалық ахуалдарда кездеседі. Әрине, психологиялық тұрғыдан уақыттың қайта оралғандай әсері өмір шеңберіндегі жан-дүниеде өте терең із қалдырған оқиғалармен байланысты екені түсінікті жайт.
Соңғы әлеуметтік кеңістік пен уақытка келер болсақ, ол да өне бойы өзгерісте. Біржолата және біркелкі берілген әлеуметтік кеңістік пен уақыт - жоқ. Мысалы, алғашқы қауымдағы әлеуметтік кеңістік адамның жаяу біркүндік жолының шеңберіне тең болды, яғни 20-30 шақырым. Жылқыны үйреткен кезден бастап, әлеуметтік кеңістік анағұрлым кеңейді. Машиналық техника пайда болған кезде, ол мыңдаған шықырымға өсті. Ал қазір сіз Лондонның «Хитроу» аэропортында 2,5 дыбыс жылдамдығымен ұшатын «Конкорд» ұшағына мінсеңіз, 4 сағаттан кейін Американың «Дж.Кеннеди» аэропортына қонасыз! Радио, телевидение, интернеттің дамуы - бүкіладамзаттық әлеуметтік кеңістікті құрады. Күнбе-күн Дүниеде не болып жатқанын үйде отырып-ақ біле бересіз.
Әлеуметтік уақыттың да өне бойы өзгерісте екенін байқауға болады. Мысалы, Орта ғасырларда өмір сүрген бабаларымыздың уақыты тым баяу өтті. Өйткен себебі, қоғам өміріндегі өзгерістер тым төмен қарқынмен жүрген болатын. Сонау 4-5-ші аталардың жасаған ісін шөберелері мен немерелері істеді: мал бақты, қымыз ішті, сайысқа түсті, қызды құшты т.с.с. Барлық қарым-қатынастар ата-бабалардан қалған әдет-ғұрыптардың негізінде жүре берді, өзгерістер өте аз болды.
Жаңа дәуір дүниеге келген кезде, жағдай мүлде өзгерді. Жүздеген қалалар бой көтеріп, мыңдаған жаңа кәсіптер пайда болды, ғылым мен техника орасан зор жетістіктерге жетті, солардың бәрін игеріп, өз бойында қамтуға адамның уақыты жете алмай қалды, сондықтан ол тез қарқынды өте бастады. Бүгінгі таңдағы реформалар өмір қарқынын өте тез өсіруде. Көп қиындықтардың себептерінің бірі осыған байланысты, көп адамдар әсіресе жасы келіп қалғандар, оны игеруде өте үлкен қиын-дықтардан өтуде.
Соңында ескеретін нәрсе - бұл тақырыптың өміршеңдік, этикалық мән-мағынасы, маңыздылығы. Өйткені адам өмірін Дүниедегі қайсыбір затпен салыстырсақ, оның өлшемін ешқашанда таба алмаймыз. Оны жалғыз ғана уақытпен салыстыруға болады. Адам өмірі - «Ұлы мәртебелі Табиғаттың», я болмаса Құдайдың бізге берген сыйы, өмір уақыты. Уақытында Ибн-Сина айтып кеткендей, біздің бұл Дүниеге келуіміз де, келмеуіміз де мүмкін еді. Алайда біз келдік. Біле білген кісіге, жалғыз соның өзі ғана - үлкен бақыт, ғажап оқиға. Олай болса, өмірдің әр сәтін бағалап, оны өте ұқыпты пайдалануымыз керек. Тек сонда ғана өмірде үлкен жетістіктерге жетуге болады. Жас уақытын зая өткізген адам жасы келгенде қынжылады, өйткені қанша өмірдегі болған мүмкіндіктегі іске аспай қалды, ал өткенді қайта оралтуға болмайды: ол мәңгілікке кете барды. Олай болса, жас дос, осы бастан әрбір сәтті өз дарыныңды дамытуға пайдаланып, алдыңа үлкен максат-мұрат қой, ол сенің зор күш-куатыңды оятып, жетістіктерге итермелейді. Осы ізденіс, өмірді терең сезіну жолында саған көп табыс тілейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |