Тұтас жамбас
Жамбас сүйектері, сегізкөз, құйымшақ және байламдар жамбасты, pelvis, құрайды. Жамбас тұлғаны аяқпен байланыстырып тұрады. Жамбасты – үлкен және кіші жамбас деп екі бөлікке бөледі. Оларды шекаралық сызық, linea terminalis, бөліп тұрады. Linea terminalis-ті түзетін анатомиялық құрылымдар: мүйіс, мықын сүйектерінің доғатәрізді сызығы, қасаға сүйектерінің қыры және қасаға сүйегінің жоғарғы жиегі.
Үлкен жамбасты, pelvis major, артқы жағынан V бел омыртқа және мықын-белдік байламдар, бүйірлерінен – мықын сүйектерінің қанаттары шектейді, алдыңғы жағынан сүйектік қабырғасы болмайды. Оның қуысы іш қуысымен біртұтас қуыс құрайды.
Кіші жамбас, pelvis minor, жамбастың төменгі бөлігі. Оның жоғарғы тесігі, apertura pelvis superior, (кіші жамбастың кірісі) жоғарыда көрсетілген linea terminalis- пен шектелген. Кіші жамбастың шығысы – жамбастың төменгі тесігін, apertura pelvis inferior – құйымшақ, сегізкөз-төмпелік байламдар, шонданай төмпелері, шонданай сүйектерінің тармақтары және қасаға сүйектерінің төменгі тармақтары түзеді.
Кіші жамбас қуысының қабырғалары. Артқы қабырғасын – сегізкөздің жамбастық беті мен құйымшақтың алдыңғы беті; алдыңғы қабырғасын – қасаға симфизі мен қасаға сүйектің жоғарғы және төменгі тармақтары; бүйір қабырғаларын – жамбас сүйектің шекаралық сызықтан төменгі бөліктері, сегізкөз-төмпелік және сегізкөз-қылқандық байламдар мен жапқыш жарғақ түзеді.
Кіші жамбастың бүйір қабырғасында шонданайлық үлкен және кіші тесіктер орналасқан. Үлкен тесікті, foramen ischiadicum majus, сегізкөз-қылқандық байлам мен шонданайлық үлкен тілік шектеп тұрады. Шонданайлық кіші тесік, foramen ischiadicum minus, сегізкөз-төмпелік, сегізкөз-қылқандық байламдар мен шонданайлық кіші тіліктің арасында орналасқан. Бұл тесіктер арқылы жамбас қуысынан бөксе аймағына бұлшықеттер, тамырлар және нервтер өтеді.
Адамның вертикалды тұрған қалпында жамбас алдыға және төмен қарай еңкейіп тұрады. Оның жоғарғы тесігі горизонталды жазықтықпен өткір бұрыш түзеді. Әйелдерде бұл бұрыш 55-60°, еркектерде 50-55° құрайды. Жамбастың еңкею деңгейі бір адамның өзінде, оның денесінің орналасу қалпына байланысты (әскери қалып, дененің вертикалды еркін орналасуы, отырған, жатқан және т.б. қалыптары) әртүрлі болады.
Жамбас құрылымының жыныстық ерекшеліктері. Әйелдердің жамбасы кеңдеу және аласалау; мықын сүйегінің қырлары мен қылқандарының арақашықтығы ерлерге қарағанда үлкен; еркектермен салыстырғанда мүйісі алдыға аздап қана шығып тұрады. Еркектердің жамбас кірісінің пішіні сопақтау, ал әйелдерде еркектерге қарағанда дөңгелектеу болып келеді. Әйелдердің сегізкөзі кеңдеу және қысқа, шонданайлық төмпелері сыртқа қарай бұрылыңқырап тұрады, сондықтан жамбастың шығатын тесігінің көлденең мөлшері 1-2 см үлкен болады. Әйелдер жамбасының симфизі кеңдеу және қысқалау болады. Қасаға сүйектің төменгі тармақтарының түйісу бұрышы әйелдерде үлкен - 90° шамасында болады да, ол – қасағалық доға, ал еркектерде – қасағаастылық бұрыш (70-75°) деп аталады. Кіші жамбастың қуысы әйелдерде кеңдеу, ал еркектерде тарлау болады.
Акушерияда әйелдер жамбасының орташа мөлшерлерін білудің маңызы зор. Кіші жамбастың алдыңғы-артқы мөлшерін конъюгаталар, conjugatae, деп атайды. Кіші жамбас кірісінің түзу мөлшері – шынайы немесе гинекологиялық конъюгата, conjugata vera seu conjugata gynecologia, әдетте 10,5-11 см-ге тең, мүйіс пен қасаға симфизінің артқы бетінің арасындағы арақашықтық.
Диагоналдық конъюгата, conjugata diagonalis, - мүйіс пен симфиздің төменгі жиегінің аралығындағы арақашықтық, әйелдерде қынаптық зерттеу кезінде анықталады
– мөлшері 12,5-13,0 см. Диагоналдық конъюгатадан 2 см-ді алып тастағанда шынайы конюгата анықталады.
Кіші жамбас қуысы шығысының (төменгі тесігінің) түзу мөлшері (шығу конъюгатасы) құйымшақтың ұшы мен қасаға симфизінің төменгі жиегінің арасындағы арақашықтық – 9,5 см-ге тең.
Сонымен қатар, үлкен жамбастың мөлшерлері анықталады: distantia spinarum – екі жақтағы мықындық алдыңғы жоғарғы қылқандардың арақашықтығы – 25-27 см-ге тең; distantia cristarum – мықын сүйектер қырларының бір-бірінен ең алыс жатқан нүктелерінің арақашықтығы – 28-30 см; distantia trochanterica – оң және сол жақтағы ортан жіліктердің үлкен ұршықтарының арақашықтығы – 30-32 см-ге тең.
Жаңа туылған нәрестелер жамбасының мықындық қырлары жоғары орналасқан, қуысы тар, құйғыштәрізді, мүйісі нашар білінеді. Жыныстық ерекшеліктері 10-12 жаста біліне бастайды.
Достарыңызбен бөлісу: |