Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»


Дастандардың жалпы ерекшелiктерi мен көркемдiк



Pdf көрінісі
бет7/156
Дата07.02.2022
өлшемі2,71 Mb.
#84026
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   156
Байланысты:
koblanov-shetel-ad-tar

Дастандардың жалпы ерекшелiктерi мен көркемдiк 
тәсiлдерi
Жоғарыда бiз әңгiмелеген екi дастан да көркемдiк дәрежесi, 
сюжеттiк желiсi, тәсiлдерi жағынан қауымдық құрылыста туған 
ауыз әдебиетi мұраларынан едәуiр жоғары тұрады. Екi поэманың 
да мазмұны жалғыз қаһарман жайлы, оның басынан өткен оқиғалар 
айналасында өрбидi. Сондықтан да, «Илиада» поэмасында 
автордың бүкiл назары шығарманың бас кейiпкерi Ахилдiң ашу-
ызасын суреттеуге бағытталып, қалған оқиғалар осы жағдайға


27
байланысты дамып отырады. Он жылда болған оқиғалар елу күннiң 
iшiне сыйғызылған. Тыңдаушы мен оқырман толық әсер алуы
үшiн, шығарманың даму барысында автор әлсiн-әлсiн лирикалық 
шегiнiстер жасап, түрлi хикаялар арқылы негiзгi оқиғаны 
толықтырып отырады.
Мұндай жинақылық, шеберлiк «Одиссей» поэмасында да айқын 
көрiнедi. Одиссейдiң өз отанына оралуы мен осы сапарда оның 
басына түскен түрлi азаптар, таңғажайып оқиғалар - шығарманың 
негiзгi желiсi. 
Одиссейдiң теңіздегі сапары он жылға созылып кеткенiмен, 
шығармада сол азапты он жылдың соңғы қырық күнi ғана 
баяндалған, алдыңғы оқиғалар болса, Алькиной сарайындағы 
ойын-сауықта қаһарманның өз аузынан хикаяланады.
«Илиада» мен «Одиссеяның» осы ерекшелiктерi, шығармаларды 
жазған автордың үлкен талантының, шеберлiгiнiң дәлелi. Гомер 
әдiсi – алдымен реалистiк әдiс. Екi дастанда да ежелгi дәуiрдегi грек 
тұрмысы жарқын өмiр көрiнiстерiнен үзiндiлерде айқын бейнеледi. 
Дастандарда, мынадай оқиғалар, мәселен, Гектордың Андромахамен 
дидарласуы, Приамның Ахилл құзырына келуi, Одиссей мен 
Пенелопаның кездесуi, екiншi дастанның бесiншi тарауындағы 
сұрапыл дауыл көрiнiстерiнде қаһарманның ішкі жан дүниесіндегі 
өзгерiстердi, арпалыстарды, табиғат құбылыстарын жанды суреттеу 
арқылы әлем әдебиетiнiң ұлы өнер үлгiлерi қатарынан маңызды 
орын алады. Кейбiр оқиғаларды суреттеуде ақын шынайы өмiрдегi 
бiз байқай бермейтiн елеусiз нәрселердiң бейнесiн көз алдымызға 
алып келедi. Мәселен, «Одиссея» дастанының XXII-тарауында 
Пенелопадан үміткер болған күйеусымақтардың бiрiнiң өлтiрiлуi 
былай бейнеленген: «...Одиссей жебесін Антинойға жіберді. Жебе 
Антиной шарап ішпек болып, ыдысты аузына апара берген мезгілде 
тура кеңірдегінен қадалды. Қанына шашалған Антиной столды 
төңкере, етпеттей құлап, тіл тартпай кетті. Күйеулер үрейлене, 
орындарынан қопарыла түрегелісті. Олар қабырғада ілулі тұратын 
қару-жараққа ұмтылды, бірақ қару-жарақ жоқ болатын. Одиссей 
күйеу жігіттерге қаһарлана айқай салды.
- Солай ма екен, сүмелек иттер! Сендер мені қайтып оралмайды 
деп ойладыңдар ғой, ә? Өстіп сайрандай береміз дедіңдер ғой?
Жоқ, енді сендердің дәурендерің бітті, енді бәріңді ажал күтіп 
тұр!»[31,450]. Мiне, опасыздың жан тапсыру сәтiн ақын осындай 


28
ұтымды сөздермен өрнектеп бередi.
Қаһармандардың бейнесiн, олардың мiнез-құлқын, қимылын 
суреттеуде ақын реалистiк әдiстен мол пайдаланады. Дастанды 
оқып отырып, қоғамның түрлi сатысында тұрған адамдар, 
тылсым күштер: Олимп тауының құдайлары, дәулер, перiлер, 
аңыз құбыжықтары, патшалар, батырлар, қарапайым жауынгерлер, 
ханшалар, кәнизектер, құл мен күңдер, сәбилер көз алдыңыздан 
өтедi. Бiрақ жырда қатысушы тұлғалардың осыншалық көптiгiне 
қарамастан, олар қауымдық құрылыс туғызған ауыз әдебиетi 
қаһармандары сияқты қарапайым, бiр қалыпта бейнеленген емес.
Гомердiң қаһармандары қанша көп болса да, ешқайсысы бiр-
бiрiн қайталамайды. Әрқайсысы өз характерiмен басқалардан 
ерекшеленiп тұрады. Адамның iшкi сезiм иірімдерiн ашудағы осы 
реалистік әдіс бас қаһармандар Ахилл мен Одиссей образдарында 
айқын көрiнедi.
Екi поэманың мазмұнында үлкен айырмашылықтар бар. 
«Илиадада» негiзiнен соғыс, қанды оқиғалар, ал «Одиссеяда» болса 
таңғажайып оқиғалар мен отбасылық өмiр хикаяланады. «Илиада» 
дастанында адам бойындағы ең ізгі қасиеттер – ерлiк, батырлық 
жырланған. Бұл Ахилл бейнесiнде жинақталып, сомдалған. 
Ахилл – ежелгi гректер армандаған мәрттiк, қайрат пен жiгерлiлiк 
рәмізі. Батыр - ар-ұждан, адамгершілік борыш пен намыс адамы. 
Опасыздық, екiжүздiлiк, айлакерлiк Ахилге мүлдем жат қасиет. 
Қорқақтық батыр жүрегiндегi жиiркенiш сезiмдерiн оятады. Бұл 
жiгiт Трояға байлық іздеп емес, ал ел намысын аяққа таптаған 
дұшпаннан кек қайтару мақсатында келедi. Ахилл грек әскерi 
арасында батырлықта өзіне ешкiмнің теңдесе алмайтындығын 
түсiнедi. Сондықтан да, билiк айтуға үйренiп қалған, намысына 
тиген жандарды аямайды. Агемемнонды орынсыз қылығы үшiн 
өлтiргiсi келедi. Ашу оты жүрегiн өртегенде құтырған жыртқыш 
секiлдi дұшпанына қарай атылады. Досы Патроклдің кегiн алып, 
Ксанф өзенiн жау мүрделерiмен толтырады, тiптi осы өзеннiң 
құдайымен де шайқасады. Кектi ызаны басу ниетiнде Гектордың 
денесiн қорлайды, досының моласы басында Троя батырларының 
басын кеседi. Бiрақ Ахилдiң қасиетi тек дене күшiнде емес, дұшпанға 
қорқыныш үйiру үшiн адам баласы жаужүрек, батыл, табанды 
болуы тиiс. Ахилдiң басқа қаһармандардан ерекшелiгi - ол аңғал, 
жомарт, табанды, адал жан. Әйтпесе, ешқандай мейiрім-шапағат


29
сездiрмейтiн адамның досынан айрылып, жас баладай зар еңіреуі,
дұшпанының мүрдесiн сонша қорлыққа салған кек қайтарушының 
бiр сәтте өзгерiп, перзент қазасына күйінген сорлы Приамның көз 
жасына жiбiп, Гектордың өлiгiн иттерге жегiзу ниетiнен қайтып, 
әкесiне беруi – бұл батырдың жомарттығын дәлелдесе керек. 
Дастанның драмалық көрiнiстерге толы осы эпизоды Ахилдiң 
рухани байлығына байлық қосып, оның адамгершiлiк қасиеттерiн 
арттыра түседi.
Грек халқы ғасырдан ғасырға ауысқан батырлық жайындағы өз 
арман-тiлектерiн осындай қаһармандар есiмiмен байланыстырып 
отырған. Бұл қаһарман - ыза-кек пен адалдыққа, махаббат пен 
табандылыққа берік жан.
Грек халқының батырлық, ерлiк жайындағы түсiнiктерiн ақын 
Ахилл образында сомдаған болса, осы халықтың өмiр тәжiрибесiнен 
алған данышпандығын, ақылы мен даналығын Одиссей образы 
арқылы көрсетедi. Одиссейдiң қауiптi сапарындағы жалғыз 
қорғаушысы - ептiлiк, сақтық, суыққандылық және айлакерлiк, 
тапқырлық ғана. Одиссей бойындағы бұл қасиеттер, әрине өмiрдiң 
ауыр сындарында қалыптасқан тәжiрибе. Ахилл соғыс алаңына 
шығып, өз жауына бетпе-бет келгенiнде, дұшпанының қандай 
қарумен айқасатынын алдын ала бiледi. Ертедегі грек заңына сай, 
жекпе-жекке шығудың өзіндік тәртiптерi болған. Айқасты бастаудан 
алдын, қарсыластар өздерiнiң шыққан тегiн айтып, адал соғысуға 
анттарын iшкен соң, шайқасты бастайтын едi. Сондықтан, айқас 
барысында опасыздық жасауға орын қалмайтын, кiм ептi, батыр 
болса сол жеңiске жететiн. Одиссейдiң жағдайы мүлдем өзгеше: 
теңiз толқындарында, бөтен елдерде өткiзген он жылдық сапарда 
қаһарманды әр бiр қадамында, әр бiр қимылында ажал тұзағы күтедi. 
Сол себептi, күтпеген қауiп-қатерден аман шығу үшiн ақылдылық, 
тапқырлық және сақтықпен қимылдау Одиссейдiң әдетiне айналған 
болатын. Одиссей өз серiктерiмен Полифемнiң үңгiрiнде тұтқында 
қалғанда, олардың барлығына да жыртқыштың жемтігiне айналу 
қаупi туды. Осындай тығырықта қалған сәтте Одиссей сабасына 
түсiп, ақылын жинақтап, айлакерлiкпен, құтылу жоспарын жасайды. 
Қаһарман ерлiкпен, күшпен бұл құбыжықты жеңе алмайтындығын 
түсінедi. Тек айла мен сақтық ғана өлiм қақпанынан құтқара алады. 
Циклоп жолаушылардың екеуiн жеп, ұйқыға кеткен кезде 
Одиссей қанжарын қынынан суырып, жыртқыштың кеудесiне 


30
қадауына болатын едi. Бiрақ ол асықпайды, қолайлы сәттi күтедi. 
Одиссейдiң Полифемге iстеген айласы, сол себептi өлiмнен құтылып 
кетуi – ғажайып тапқырлықтың жемiсi. 
Мұндай айлакерлiк өмiрдiң түрлi қиындықтарын көрiп 
шыңдалған, табиғат құбылыстарына қарсы күрестерде өсіп, 
жетілген, ажал аузында тұрса да сабырлылық танытып, ақылға 
жүгiнген жанның ғана қолынан келетiн едi. Айлакерлiк, сақтық – 
Одиссейдiң ең сенiмдi досы. Ол бейтаныс адамдармен кездескенде 
де, тiптi сырмiнез жандармен әңгiмелескенде де жалған сөйлейдi. 
Ол ешқашан, ешкiмге дұрыс жауап қайтармайды, сырын ашпайды. 
Қайдан, қайда бара жатқандығын айтпайды. Жиырма жылдан соң 
өзiнiң адал құлы Эвмеймен кездескенде, осы құлдан жамандық 
келмейтiнiн бiле тұра, одан шындықты бүгедi. Сақтық оның бойына 
сiңген әдетке айналған. Мәселен, Итака патшасы аман-сау өз елiне 
қайтып келгенiнде, құдай Афина жас шопан бейнесiнде оның көз 
алдында пайда болады. Одиссей өз жебеушiсiн таныса да, басынан 
өткен оқиғалар туралы жалған хикаяларды үйiп-төгедi.
Сырт көзге Одиссей бiреулердi алдағаннан ләззат алатын 
екіжүзді жанға ұқсағанымен, негiзiнде олай емес. Бiз шығарманы 
оқып отырып, бұл айлакердiң iшкi дүниесiнде едәуір iзгi ойлардың 
жатқандығының куәсі боламыз. 
Ол - өте өмiрсүйгiш, әр нәрсеге қызыққыш, бiлiмге, өнерге 
ұмтылған, бөтен елдердiң, халықтардың тұрмыс-тiршiлiгiн тануға 
құмар жан. Әр нәрсенi бiлуге деген құмарлық Одиссейдi ажалды 
жеңiп, жаңа қиындықтарға қарай жетелейдi. Одиссей дәулер, 
циклоптар аралына аяқ басардан алдын, осы аралда кiмдер 
жасайтынын, олардың мерт етуi мүмкiн екендiгiн бiле тұра аралға 
тоқтауға бел буады.
Мұнан өзге, Одиссей жүрегiндегi ең ізгі қасиет – оның өз 
отанына деген махаббаты. Бұл сезiм дастанның басынан аяғына 
дейiн ақын тарапынан ерекше шабытпен жырланады. Одиссей 
теңiз толқындарында ажалмен алысқанда, жат жұрттардың тамаша 
табиғатында сайрандағанда туған елiн бір сәт те есiнен шығармайды. 
Одиссей тiптi, Калипсо уәде еткен мәңгi тiрлiктен де бас тартып, 
қиыншылықтарға мойымай, өзінің «ғажайып сұлу Итакасына» 
ұмтылады.
Жалпы, Одиссей мiнезiндегi айлакерлiк, жалған сөйлеу, сақтық 
жалаң тентектiк, қызық оқиғаларға деген құмарлық жеңiл өмiр 


31
сүруге деген тiлектен туған емес. Бұл қаһарман - грек тарихының 
белгілі бiр сатысындағы әлеуметтiк және саяси өмiрдiң жарқын 
көрiнiсi.
Егер грек елiнiң картасына көз салсақ, бұл мекеннiң географиялық 
жағынан өте қолайлы, тамаша аралға орналасқандығын көремiз. 
Теңiз бұл мемлекеттi дәл ортасынан жарып өтедi. Оның барлық 
жағалауы гавань немесе портқа айналған. Грек халқының бүкiл 
тiршiлiгi жыл, он екi ай осы теңiз бойында өткен. Мемлекет 
тарихындағы түрлi саяси, әлеуметтiк өзгерiстер, жаңа қоныстарды 
iздеу қажеттiлiгiн туғызған. Бiрақ, теңiз өзiнiң көз жетпес
кеңдiгiмен, сұлулығымен өзiне тәнтi қылса, оның алып толқындары, 
жыртқыш жануарлары жүрекке қорқыныш сезімдерін ұялатады. 
Сондықтан, теңiз сапарына бел буған адамның жолында қауiп-қатер 
күтетiндiгiне олар күманданбаған. Одиссейдiң басынан кешкен 
оқиғалары теңiз сапарының дауылды өмiрi, шытырманға толы 
тағдыры туралы хикаялайтын көлемдi жыр саналады. Ахилл грек 
билеушiлерiнiң тәуелсiздiкке жетудi қару күшiмен, басқыншылық 
жолмен iске асыруын бейнелеген болса, Одиссей – осы жерлердi 
иелеу, қиыншылық жолмен жаңа жерлердi ашу және оларды 
игеру тiлектерiмен өмір сүрген адамның жарқын мысалы. Осы 
көзқарастан келсек, қаһарман характерiндегi айлакерлiк, сақтық 
мiнездер кемшiлiк емес, ол өмiрдiң жауыз күштерiмен күресуде 
адамға қажет болған қасиет.
В. Г. Белинский сөзiмен айтсақ «Одиссей образы – адам 
данышпандығының жарқын үлгiсi»[9,35].
Екi дастанда да жоғарыда бiз қарастырған бас қаһармандардан 
өзге бiрнеше кейiпкерлер бар. Бұлардың барлығы да қоғамдағы 
алатын орнымен қатар, өздерiне тән мiнезге, әрекетке ие жеке 
тұлғалар. 
Агемемнон мiнезiнде тәкаппарлық, қанағатсыздық белгiлер бар; 
Меналай батырлығына қарамай, өте қатал, сұсты адам; Диомед – 
шамадан тыс өжет, қайратты жiгiт; Нестор - өмiрдiң ащы-тұщысын 
көп татқан дана, парасатты жан; Парис – жеке сезiмнiң құлы, өзiмшiл 
пенде; Гектор – батырлықта Ахилден кем түспейтін, ар-намысты 
барлығынан жоғары ұстайтын, әйелiне адал, перзентiне мейiрiмдi 
тамаша жан; батыр ұлынан айрылып қайғы-қасiретте бүкшиген 
сорлы Приам – қайталанбас бейнелер. Қаһармандарды түрлi 
жағдайда шебер суреттеу, тiптi Пенелопаның күйеусымақтарын 


32
бейнелеуде де айқын байқалады.
Екi поэмада да, бiрнеше әйел образы бар. Олар арасында шебер 
қаламгер сомдаған бейнелер - Андромаха мен Пенелопа. Бiз жырды 
оқи отырып, адамзат қоғамының осы бiр қауымдық кезеңдерiнiң 
өзiнде де адалдық, рухани тазалық шыңының басында тұрған ару 
әйелдердiң болғандығының куәсi боламыз, оларды көрiп, көзiмiз 
қуанады, жүрегiмiз шаттыққа толады. Гектордың адал жары 
Андромаханың бүкiл өмiрi қайғы шерге толы. Оның ата жұртын 
гректер шабуылдағанда, әкесi мен ағалары дұшпан қолынан мерт 
болады. Көп ұзамай тұтқынға түскен апасы да көз жұмады. Ендi, 
жалғыз қамқоры болған Гектордан айрылып қалу, Андромаханың 
жүрегiне үрей салады, ерi өлген соң, сүйiктi ұлының да қаза болуы 
және өз басына да ауыр азаптардың түсуi, бұл сорлы әйелдi мол 
қайғыға батырады.
Адалдық, рухани тазалық идеялары Пенелопа образында мұнан 
да тереңiрек, әрi көркемдік шеберлікпен ашылады. Пенелопа жиырма 
жыл бойы жесiрлікте жасайды, бiрақ ұзаққа созылған жалғыздық 
дертi жiгерлi әйелдiң жүрегiндегi адалдық отын сөндiре алмайды. 
Одиссейдiң орнын, мәртебесiн иемденгiсi келген күйеусымақтар 
Пенелопаның басына көп қиындықтар салады. Бiрақ, Пенелопа өз 
жарының аман-есен оралатынына күдiксiз сенедi. Дұшпандарына 
қарсы ашық күресе алмаған бұл әйел, өз намысын қорғап, түрлi 
айла iстейдi. Мәселен, қартайған қайын атасына табыт тоқығысы 
келетiндiгiн, сол табыт бiткенше күйеуге шықпайтындығын айтып 
үміткерлердi едәуір әлекке салады. 
Уәде бойынша Пенелопа күнi бойы қозғалмай осы табытты 
тоқиды; түнде тоқылған iстi қайта сөгiп тастайды; осылайша үш 
жыл отырған ол, сыры ашылған соң, басқа да айлалар ойлап табады. 
Уақытты созу мақсатындағы мұндай айлалардың ең соңғысы 
мергендiк сынау едi. Бұл шешiм өмiрдiң үздiксiз соққыларынан 
шаршаған шарасыз жанның әрекетi емес. Одиссейдi басқа 
жандардың барлығынан абзал көрген адал әйелдiң бұл шарты 
күйеусымақтарды масқара қылу болатын. 
Адалдық, рухани тазалықпен бiрге Пенелопаның бойында 
ғажайып парасаттылық, даналық та бар. Бiз оның барлық 
әрекетiнде асығыстық сияқты мiнездердi байқамаймыз. Одиссей 
арсыз ақсүйектерді өлтiрiп, әйелiмен кездескенiнде Пенолопа 
сағыныштан сарғайған жарының құшағына бiрден атылмайды. 


33
Азапты тарта-тарта сақ болып қалған әйел, мекерлiктен шошынып, 
«бейтаныс» жанды түрлi әңгiмеге тартып көредi. Соңында, алдында 
тұрған адамның өз ерi екендiгiне сенгеннен кейiн ғана онымен 
қауышады. «Пенелопа жолаушының қасына келіп отырды. Ол 
Одиссейге қадала қарады, қараған сайын жолаушы бірде Одиссейге 
ұқсаса, бірде ұқсамайтын сияқты көрінді. Пенелопаның толқып 
отырғанын байқаған Телемах реніш білдірді:
- О, сүйікті анам, - деді Телемах, - сенің жүрегің шынымен 
тастан жаралған ба еді ? Зарығып күткен жұбайың, ақыры, міне, 
қасыңа келіп отыр, ал сен үн де қатпайсың. Бұл дүниеде ұзақ 
сапардан оралған жұбайын тап осылай қарсы алатын екінші әйел 
жоқ шығар.
- Ұлым, көрмейсің бе көңіл толқуынан тілім күрмеліп 
отырғанын – деп жауап берді, Пенелопа Телемахқа. - Егер мына 
жолаушы шынымен Одиссей болса, Одиссей екеуміздің бір-бірімізді 
бірден танитын құпия сырымыз бар» [31,453].
Гомер өз шығармасында опасыз әйелдерге қатысты көзқарастарын 
Елена, Клитемнестра сияқты образдарда бейнелесе, адал әйелдер 
туралы тамаша ойларын Пенелопа образында жинақтайды.
Гомер дастандарының негiзгi қаһармандары мiне, осылар. 
Адамзат қоғамының сәбилiк дәуiрiне тән болған қарапайым 
және жiгерлi бұл жандардың барлығы өздерiне ұқсас, аңғал, таза 
реалистiк бояуларда, шынайы өмiр үзiндiлерiнде бейнеленген.
Гомер образдары өмiршең болғанымен, олардың табиғатында 
өзгермейтiн бiр нәрсе бар: барлық қаһармандардың характерi 
жақсы-жаман бiр-екi маңызды белгiлермен алдынан белгiленiп, 
түрлi жағдайларға, қарама-қарсылықтарға байланысты өзгеріп 
отырмайды. Мәселен, қаһарман бiр-бiрiне қайшы сезiмге кездесiп, 
соңынан қатал бiр шешiм қабылдаса, осы қарар iшкi рухани заңдар 
мен адамға тән болған сезiмдер күресiнiң нәтижесi екендiгi, Гомер 
шығармаларында көрiнбейдi. Бұған дәлел ретiнде, Ахилл мен 
Агемемнон ортасындағы жанжалды айтуға болады. Агемемнонның 
арсыздығына ызаланған Ахилл оны өлтiрмек болып, қанжарын 
суырғанымен, райынан қайтып қынына қайта салады. Қаһарманның 
iшкi сезiмiндегi осы өзгерiстi ақын адам мiнезiндегi толқыныстар 
нәтижесi деп емес, ал құдiреттi тылсым күштердiң қалауы 
мағынасында баяндайды.
Жалпы, Гомер қаһармандарының iшкi тебiренiстерi де сол 


34
адамдардың өздерi сияқты қарапайым, әрi аңғал, керiсiнше болуы 
мүмкiн емес. Өйткенi, адамзат қоғамының қауымдық сатысында 
адамның жанын үйрену ешкiмнiң еншiсiне тимеген едi. Мүмкiн, 
Гомер шығармаларына тән қайталанбас сұлулықтың сыры, мiне, 
осы қарапайымдылықта, аңғалдықта жатқан шығар!
Бiз Гомер поэмаларын оқи отырып, бұл поэмалармен басқа 
халықтардың қаһармандық дастандары, мәселен, қазақтардың 
бiрнеше эпикалық шығармалары, француздардың «Роланд 
туралы жыры», немiстердiң «Нибелунга туралы жыры» және 
өзге де Шығыс, Батыс халықтарының жырлары ортасында үлкен 
ұқсастық барлығы айқын көзге түседi. Бұл ұқсастық түрлi халықтар 
шығармаларындағы мазмұн жақындығында, қаһармандарды 
бейнелеуiнде, көркемдiк ерекшеліктерінде де сезiледi. Эпикалық 
туындыларға тән, жалпы үндестiк кездейсоқ құбылыс емес. Мұның 
басты себебi, барлық батырлық дастандарда өз көрiнiсiн тапқан
қоғамдық өмiр жағдайларының бiр-бiрiне жақындығында болса 
керек. Көркем әдебиеттiң ең көне түрлерiнің бiрi - дастан жанры, 
ұзақ тарихи даму барысында түрлi сатыдан өтiп, сұрыпталған, 
қалыптасқан жанр.
Гомер шығармаларының бас қаһармандары тек мықты батырлар 
ғана емес, сонымен бiрге құдайлар нәсiлiне жақын тұратын жан-
жақты жетiлген тұлғалар. Олимп тауының әмiршiлерi әрқашан 
оларға медет бередi, қамқорлық көрсетедi. Құдайлар тiптi, 
батырларға мәңгi өмiр де сыйлайды. Ахилдiң анасы Фетида ұлын 
өлiмнен арашалау ниетiнде, оны табанынан ұстап тұрып, ерiнен 
жасырын түрде ажал өзенiнiң отына шомылдырып жатқанда, 
ұйқыдан оянып кеткен Пелей әйелiнiң мақсатынан бейхабар халде 
балаға ұмтылады. Осыдан соң Ахилдiң денесi отқа түссе күймейтiн, 
қылыш салса кеспейтiн жанға айналғанымен, анасы ұстап тұрғанда 
от тимеген табаны ең әлсiз жер болып қалады. Парис Аполлон 
құдайдың көмегiмен Ахилдi дәл сол жерiнен атып өлтiредi.
Халық дастандарындағы сияқты, Гомер поэмаларының 
қаһармандары да өздерiнiң күш-қайратына сай қару-жарақпен 
қаруланған. Нестордың шарап ішетін ыдысының үлкендiгi соншалық, 
әрқандай жан оны жерден әрең қозғайтын; батыр Ахилдiң найзасын 
көтеру үшін досы Патрокль едәуір күш жұмсайды; Одиссейдiң 
садағының ауырлығы да сондай, оны Пенелопадан үміткер 
күйеусымақтардың ешқайсысы тарта алмайды. Батырлардың 


35
қару–жарағы көбiнесе алтын-күмiстен жасалған, гауһар, ақық 
тастармен безендірілген; киiмдерi болса әдемі маталардан тiгiлген, 
ат-әбзелдерi де бағалы тастарға толы болып келедi. Қаһармандарды 
осыншалық көкке көтере мадақтау Гомердiң екi шығармасында да 
жиi ұшырасады. 
Халық жырларының маңызды ерекшелiктерiнiң бiрi - олардың 
әуенмен, күймен сүйемелденіп орындалуы. Мұндай шығармалар 
әдебиет тарихында оқу үшiн емес, ал тыңдау үшiн шығарылған 
секiлдi. Ақын өз дастанын жаттан оқығанда, оның мазмұнын 
тыңдаушы санасына тезiрек сiңдiруге айрықша көңiл бөлiп, бiр 
мағынадағы көрiнiстердi немесе бiр-бiрiне ұқсас оқиғаларды 
шығарма барысында бiрнеше рет қайталайды. Мұндай қайталаулар 
шайқастарды бейнелеуде, тұлпарлардың жүрiсi мен шабысында, 
қаһармандардың қару-жарағын суреттегенде, тойларда жайылған 
мол дастарқандарды мақтауда жиi қолданылады. Осы қайталаулар 
Гомер поэмаларында өте көп (мәселен, «Илиаданың» I-тарауында 
Ахилл мен Агемемнон арасындағы араздық туралы ақынның 
өзi хикаялайды. Соңынан, Ахилл анасы Фетидаға сардардың 
арсыздығы жайында шағымданғанында, алдыңғы сөздер сол 
қалпында қайталанады). Дастандарда кейбiр оқиғаларды, сонымен 
бірге күннiң батып, таңның атып келе жатқан арайлы сәттерiн 
суреттейтiн жолдардың көптiгi сонша, олар ешқандай өзгерiссiз 
қолданыла бергендiктен қалыпқа түскен формаларға айналған. 
Ғалымдардың есебi бойынша, сәл ғана өзгерiспен қайталанатын 
өлең жолдары екi поэманың да үштен бiр бөлiгiн құрайды. 
Бұл әрине ақынның жаңа теңеулер, жаңа образдар таба алмаған 
шарасыздығы емес. Жоғарыда айтқанымыздай, дастандар күйдiң 
сүйемелдеуiмен, жаттан айтылатын болғандықтан, жыршы 
дастанды жырлай отырып, кейде тыңдаушыларға дамыл берiп, 
өткен оқиғаларды олардың есiне салып, кейбiр жағдайларды 
әсiрелеп отыру үшiн осындай әдiстi қолдануға мәжбүр болады, бұл 
болса халық шығармашылығына тән болған туындылардың негiзгi 
ерекшелiктерiнiң бiрi.
Мұндай көркемдiк тәсiлдердiң барлығы Гомер поэмаларына 
таңғажайып өмiршеңдiк бередi. Шығармаларды оқи отырып, бiз 
оларда хикаяланған оқиғаларды, қаһармандарды өз көзiмiзбен 
көргендей әсерге бөленемiз.


36


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   156




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет