Эписпадия Эписпадия - туғаннан үрпінің үстіңгі қабырғасынының тасамайдың басына жақын, яғни төменгі бөлігінің немесе ұзына бойы түгел жоқ болып, екі жақка қақ айрылып жырық болып тууы. Бұл ауытқу жаңа туған 50000 нәрестелердің ішінен біреуінде және қыздарға қарағанда ұлдарда 5 есе жиі кездеседі.
Тасамайдың басына орналасқан эписпадия. Тасамайдың басы жалпақтанып кетеді, шеткі терісі үстіңгі жағынан жырық болады, үрпінің сыртқы тесігі тасамайдың мойын сызығының тұсынан ашылады. Несепті дұрыс шығарады.
Тасамайдың діңіне орналасқан эписпадия. Тасамай жоғары қарай қисайып тұрады. Оның басы ортасынан ұзыа бойына қақ жарылады да, сол жырыктың іші, тасамайдың басынан, үрпінің ауытқып орналасқан, үңірейген сыртқы тесігіне дейін шырышты қабықпен көмкерілген. Қуықтың мойынындағы қақпағының, яғни сфинктерінің әлсіздігіне немесе оның жартылай жарылып кетуіне байланысты, көптеген аурулар жөтелген, күлген, ауыр жұмыс істегенде, зәрін ұстай алмай қалады. Несеп шығарған кезде зәр жан-жағына шашырап кететіндіктен, науқастар тасамайдың шеткі терісінен төмен тартып тұрып, әйелдер сияқтыотырып несеп шығарады. Эписпадияның бұл түрінде кейде қасаға сүйектерінің бір-бірімен бірігіспей қалғанын, тік түсетін құрсақ еттерінің дәл ортасыңдағы ара жігінің ажырасып кеткенін байқауға болады. Тасамайдың бірікпей қалған қасаға сүйектерге барып бекуінің салдарынан, тасамай қысқарып, оның басы қарнына қарай жабысып жатады. Мұның өзі үлкен адамдардың дұрыс жыныс катынасына түсуіне кедергі жасайды.
Эписпадиянын тотальдық (жаппай) түрі. Бұл түрінде тасамай дамымай қалады, басы мен денесі түріліп, жоғары қарай тартылып қарнына жабысып жатады. Тасамайдың кеуекті денесі екі жаққа қарай қақ жарылып, куыққа кірер жері апан тәрізді үңірейіп түрады. Куық мойнының қысып тұратын қақпақ тәрізді тетігінің /сфинктерінің/ түгел жырылып тұруына байланысты, мұндай науқас зәрін мүлдем ұстамайды. Қасаға сүйектерінің арасы тым алшақ тұрғандықтан, жүрген кезде "үйрек" сияқты екі жаққа теңселіп жүреді. Мұндай аурудың үштен бірінде бүйрек пен зәр жүретін жолдардың ақаулары, жұмыртқаның ұмаға түспей қалуы және дамымай қалуы, куық асты жыныс бездің дамымай қалғаны тәрізді іштен туған кемістіктер қатар кездесіп отырады.
Қыздардың эписпадиясы. Ақаудың мұндай түрінде анатомиялық өзгерістері болымсыз ғана болатындықтан, ерте диагноз қойып анық-та-дың өзі қиындыққа түседі. Шүртекейлі түрінде - шүртекейі ортасы-нан екі жаққа карай қақ жарылып кетеді де, үрпінің сыртқы тесігі алдыға қарай, өрге жылып орналасады. Несеп шығаруы бұзылмайды. Негізінен кемістіктің бұл түрі аса көңіл аударуды қажет етпейді.
Эписпадияның қасаға сүйектерінің астына барып ашылатын түрінде шүртекейі ортасынан екі жаққа қарай қақ жарылып жатады, үрпінің сыртқы тесігі апан тәрізденіп шүртекейдің жанынан ашылады, зәрін түгел немесе аздап ұстамайды.
Эписпадияның тотальдық түрінде үрпінің үстіңгі қабырғасы ұзын бойында мүлдем болмайды, үрпі сай тәрізденіп екі жаққа қақ айрылып жатады. Куықтың мойны мен касаға сүйектерінің біріккен шоты екі жаққа жарылып жатады. Зәрі үнемі сыртқа жүреді де, шабының, шатының үлкен және кіші ернеулерінің терісін тітіркендіріп, күйдіріп баздандырып жібереді.
Емдеу жолдары. Емдеу мақсаты зәрдің ағып тұруын тоқтату мен үрпінің жетпейтін жерін қолдан жасап жалғастыру.
Егер эписпадия тасамайдың діңіне орналасып, зәрі үнемі тамшылап ақпайтын болса, онда өте кең таралған Контвелл мен Тирштін ұсынған тәсілдерін пайдаланып жергілікті терілерінен үрпісін жасайды.
Егер зәрін ұстамайтын болса, онда қуықтың мойнын тарылтып, зәрін ұстайтындай ету үшін, кеңінен пайдаланылып жүрген В.М. Державиннің ұсынған тәсілін колданады. Операцияны қуыктың ішін ашпастан-ақ қуықтың мойнына таман жерін төменнен жоғары карай, әр жерден көктей отырып, қатпарлап алып /гофрирлеп/, екі қатар етіп тігеді. Мұндай операциядан кейін, жиырылған қуықтан қабырғаларымен бірге зәрағардың сағалары екі жаққа қарай алшақтай түсіп, куықтың алдыңғы бетіне таман жылжып орналасады. Сонымен бірге Льето үшбұрышының етті қабаты да екі жакқа қарай созылып, қуықтың мойнын түгелге жуық орап жататын болады да, сфинктердің ролін аткарады.
Операция жасаудың ең ыңғайлы кезеңі 4-6 жас аралығында болады.
Эписпадия ауруын рентгенологиялық тексерулерден өткізген жөн. Егерде бүйрек пен зәр шығару жолдарының кемістік аурулары қатар кездесетін болса, ең әуелі операцияны бүйрек пен зәр шығару жолдарына жасап, соларды емдеп алған соң барып, эписпадияны емдеуге кірісу керек.
Бүрік /фимоз/ деп тасамайдың басындағы терінің бүріліп қалуын айтады, осының салдарынан тасамайдың басы толық жалаңаштанып ашылмайды. Ұлдардың 2-3 жасқа дейін тасамайдың басындағы терісі артықтау болып тұрғандықтан, басын түгелдей жауып, тұмсық сияқтанып бүріліп, төмен қарай салбырап тұрады. Шеткі терінің ішкі қабаты тасамайдың жалаңаш басымен өте нәзік эмбриональдық жабысқақтармен жабысып тұрады. Жыныс мүшесі өсе келе, оның басын жауып тұрған терінің жабысқақтары біртіндеп ажырап, тасамайдың басы тері астынан емін-еркін шығып, қайта кіретіндей күйге келеді. Сондықтан да кішкентай балаларда кездесетін бүрікті физиологиялық бүрік деп түсіну керек.
Синехиялардың болуы терінің астына смегма деп аталатын ақшыл қоймалжың заттардың жиналуына әсер етеді, ал ол микробтардың өсіп-өнуіне өте қолайлы орта болып саналады. Осының салдарынан жас балаларда, әсіресе жыныс мүшелерін уақытында жуып тазалап тұрмаған жағдайда, терінің асты жиі қабынып, іріңдеп, ақыры терінің астында қосымша жабысқақтар пайда болып, тері шеті тыртықтанып, одан әрі бүріліп қалады. Тасамай басының, шеткі терінің астыңдағы қабығының іріңдеуін медицинада баланопостит, баланит дейді де, шеткі терінің тыртықтанып одан әрі бүріліп, қуысының тарылуын тыртықтанған бүрік дейді. Мұндай жағдайда тасамай басын ашу мүмкін болмай қалады. Бала жөнді несеп шығара алмайды, кейде мүлдем шығара алмай қалатын кездері болады. Дәретке отыру кезінде зәр тасамайдың басындағы бүріліп қалған дорба тәрізді шеткі терінің астына жинала келе, оны үрлеген қарындай етіп үлкейтіп керіп жібереді. Шеткі терінің тыртықтанып бүріліп кетуі салдарынан, зәрдің шығар тесігі иненің жасуындай ғана болып тарылып қалады. Зәр сондықтан жөнді ақпайды, ақса да тамшылап қана шығатын болады. Шеткі терінің артық жаратылуынан болған гипертрофияланған бүрік, шеткі терінің семуіне байланысты пайда болған атрофиялық бүрік болып екіге бөлінеді. Біріншісін гипертрофияға ұшыраған бүрік десе, екіншісін атрофияға ұшыраған бүрік дейді, мүлде семіп қалған шеткі тері тасамайының басына жабысып жатады.
Тыртықты бүрік кезінде зәрдің жөнді ақпай, микробтардың төменнен жоғары қарай тарауына байланысты қуыктың қабынуы /цистит/, бүйректің қабынуы /пиелонифрит/ дамуы мүмкін, сондықтан да бұл ауруды асқынбай тұрғанда дереу емдеген жақсы.
Емдеу жолдары. Тыртықты бүрікте терінің шетін сүндетке отырғызған секілді, айналдырып кесіп тастау керек. Бүріктің физиологиялық түрі арнайы емдеуді қажет етпейді, тек гигиеналық тазалықты, күтімді сақтаса болғаны. Терінің астына ақ смегмалар жиналып қалса, онда ұшы тұқыл сүңгінің көмегімен жабысқақтарды ажыратып, терісін артқа қарай айналдырып, тасамайдың басын күшпен жалаңаштап, астындағы іртік-іртік болып жиналып қалған ақ қоймалжың заттарды тазалап, залалсызданған вазелин майымен майлап қою қажет.
Егер терінің асты қабынып, іріңдеп кететін болса, онда қысқыштың ұшымен шеткі терінің сыртқы тесігін екі жаққа кеңітіп ашып, іріңін шығарып, содан соң антисептикалық ерітінділермен немесе антибиотиктермен шприц арқылы тазалап жуады, күніне 3-4 реттен 4-5 күнге дейін марганцовканың әлсіз ерітіндісімен булап жуып тұрады, қабыну үрдісі басылған соң тасамайдың басы мен терінің арасындағы жабысқақтарды ажыратады. Дәрі-дәрмектің көмегімен емдеуге қарамастан, тері асты кайта-қайта қабынып іріңдей беретін болса, оңда тасамай басын жалаңаштап, терісінің шетін айналдыра кесіп тастау керек (circumcisio). Бұл ретте сүңдетке отырғызудың тазалық үшін пайдасының зор екендігін айта кеткен жөн.