Байланысты: Balalar khirurgiasy kaz medical students
Балтыр сүйектерінің сынықтары. Балтыр сүйектерінің сынықтары барлық сынықтардың 8% құрайды. Бұл сынықтар соққы тигенде, биіктен құлағанда, немесе аяқ қайырылып қалғанда туындайды. Балтырдың бір немесе екі сүйегі де сынуы мүмкін. Сүйек көлденеңінен, қиғаш, бұрыштана , жарықшақтана, ығысумен, ығысусыз сынады.
Жасы 5 - 6 жасқа дейінгі балаларда сүйек қабатының астындағы сынықтар «жасыл шыбық» тәріздес, ал одан ересектерде толық сынықтар жиі кездеседі.
Клиникасы мен диагностикасы. Клиникалық көрінісі: ауырсыну, балтырдың ісінуі, деформация, сынықтардың жылжымалылығы, сықыр, аяқты көтере алмауы болып табылады. Диагноз рентгенографиядан кейін қойылады.
Сурет VI. 18. Үлкен жіліншік сүйегінің остеоэпифизеолиіз және жіліншіктің шыбық сүйегінің төменгі /3 бөлігінің сынығы
Емі. Балтыр сүйегінің көлденең ығысумен жүретін сынықтарында жабық репозиция жасалып, гипстен лонгета, 7-8 күннен кейін ісік қайтқан кезде 6 жұмаға гипстен тұйық орама таңба (циркулярная повязка) салынады.
Қиғаш және винт тәріздес ығысумен жүретін сынықтарда қаңқадан тарту әдісі қолданылады. Ол үшін Киршнер спицасы өкше сүйігінен өткізіліп, 3-5 кг жүкпен тартып қояды, 3 аптадан кейін, сан сүйегінің ортасынан башпайдың ұшына дейін жететін гипстен лонгета салынады. Иммобилизация мерзімі 6-8 апта. Консервативтік ем нәтиже бермесе, операция жасалады.
Балтыр сүйектерінің төменгі бөлігінің сынуы. Балаларда балтыр сүйегінің төменгі бөлігінде, көбінесе асықты жіліктің эпифизиолиздері, остеоэпифизиолиздері және толарсақтың сынуы кездеседі.
Клиникасы. Балтыр сүйегінің эпифизиолизі, остеоэпифизиолиздері кезінде ісіну, қимылдатқанда сирақ-асық буынында ауырсынуы, балтырды бойымен тартқанда, өкшеге басқанда сынған жердің қатты ауырсынуы, деформация, сүйек сықыры анықталады. Сынықтың бар-жоғын нақтылы анықтау үшін рентгенография жасалуы қажет.
Сурет VI. 19. Үлкен жіліншіктің медиальды айдаршығы мен жіліншіктің шыбық сүйегінің айдаршық үсті сынығы
Емі. Ығысумен болатын эпифизиолиздер, остеоэпифизиолиздер кезінде сүйек сынықтары бір біріне тура сәйкестендірулері қажет. Егер сынықтар бір біріне дұрыс келтірілмесе, деформациялық артроз, вальгус немесе варус деформациялары туындайды. Балтыр сүйектерінің төменгі метаэпифиздері сынғанда жабық репозиция жасалып, гипстен таңба салынады немесе қаңқадан тарту әдісі қолданылады. Иммобилизация мерзімі 6-8 аптаға созылады.
Тілерсек, табан мен бақай сүйектерінің сынуы. Өкше сүйектерінің сынықтары ауыр сынықтар қатарына жатады. Мұндай сүйек сынықтары аяқ басына биіктен құлағанда, немесе өкше жаншылып, қысылған жағдайда туындайды.
Клиникасы және диагностикасы. Бала өкшесінің ауыратындығына және оған баса алмайтындығына шағымданады. Аяқ ісіп, өкше көгеріп, көлемі ұлғаяды. Зақымданған аяқты өкше тұсынан ұстағанда, аяқ басы ұшын бүгіп-жазғанда, қатты ауырсыну байқалады.
Емі. Өкше сүйегі сынықтары ығысусыз немесе аздап ығысқан кезде гипстен лонгета, ол ісік қайтқаннан кейін 6-8 аптаға гипстен етікше салынады. Аталған сүйек сынғанда маймақ табандылықтың алдын-алу үшін, гипс алынғаннан кейін, 1 жылға дейін, арнайы ұлтарақ (супинатор) салынуы қажет.
Өкше сүйектері ығысумен сынған кезде қаңқадан тарту әдісі қолданылады. Сүйек сынықтары бір біріне сәйкес келген соң қаңқадан тарту әдісімен 3-4 апта ұстап, кейін, 2-3 айға гипстен етік тәріздес таңба салынады.
Асықты (talus) сүйектің сынуы көбіне ығысусыз болады. Клиникалық көрінісінде буынның ісінуі, қозғалыс кезінде ауырсынуы, гемартроз байқалады.
Емі. Өкше сүйегіндегідей. Ығысу үлкен болған жағдайда оперативті ем қолданылады.
Башпай сүйектін сынығы аяқ басына ауыр зат түскенде немесе ауыр затты аяқ басымен тепкенде туындайды.
Клиникасы. Науқас ауырған аяқ басына баса алмайды, ісіну, қанталау байқалады.
Емі. Сынық ығысумен болған жағдайда жабық репозиция жасалады да, 3 аптаға гипстен лонгета салынады.