Байланысты: Balalar khirurgiasy kaz medical students
Меллори-Вейс синдромы – асқазанның шырышты қабатының кенеттен тiлiнiп жарылуы. Көбiнде бұл тiлiну асқазанның проксимальдық бөлiгiнде, немесе өңеш-асқазан шекарасында байқалады. Бұл ауруды ең алғаш Меллори және Вейс сипаттады. Балаларда бұл ауру сиректеу, көбiнесе 13-14 жастағы балаларда кездеседі. Бұл синдром көбiнесе қатты жөтелгеннен соң, астматикалық және эпилептикалық ұстамадан кейiн, эпигастральдық аймаққа тұйық соққы тигенде байқалады. Меллори-Вейс синдромының патогенезi - кардиальды қақпақшаның (клапанның) дұрыс ашылмауынан, асқазанның кардиальдық бөлiгiнің қысымы артуынан болады. Кенеттен асқазанның және құрсақ қуысының iшкi қысымының артуынан кардиальдық бөлiмде қақпақшаның жабылып, асқазанның шырышты қабатының жыртылуына әкелiп соғады.
Негiзгi клиникалық белгiлерi - құсық құрамында қанның болуы, эпигастрий аймағында ауырсыну. Диагноз қоюда эндоскопиялық тексеру қолданылады. Асқазанның кардиальдық бөлiмiнде асқазанның ұзына бойымен, ұзындығы 1-5 см, көлденеңiнен 1-4 мм тiлiнулер анықталады.
Емдеу. Консервативтiк емдеу - эндоскопия кезiнде асқазанның шырышты қабатына қан тамырын тарылтатын дәрiлер жiберу (адроксан, адреналин новокаинмен бiрге), инджектор арқылы шырышты қабатты 960 спиртпен жуу, хлорэтил және аминокапрон сұйықтығымен дәрiлеу. Сонымен қатар, эндоскопиялық лазерлiк коагуляция және диатермиялық коагуляция жасалынады. Егер консервативтiк ем көмектеспесе, операция жасалынады - лапаротомия – жоғарғы гастротомия, жарылған шырышты қабатқа тiгiс салынады. Артериялық қансырау болса - сол жақ асқазан артериясына байлау салынады.
Асқазан жарасы – асқазанның шырышты қабатында дөңгелектеу келген жара. Ауру көбiнесе жеткiншек жастағы балаларда кездеседi.Балаларда, асқазан жарасын бiрiншiлiк және екiншiлiк түрлерi деп бөлуге болады. Бiрiншiлiк асқазан жарасының себебiн анықтау қиын. Екiншiлiк асқазан жарасында негiзiнде жара басқа аурулардың салдарынан пайда болады.
Орналасуы бойынша: асқазан жарасы, ұлтабар жарасы; саны бойынша: бiр немесе бiрнеше жара; асқынуы бойынша: қансырау, тесiлу, тарылу деп бөлiнедi.
Асқазан жарасының себептерi мыналар:
жедел дамыған тыныс алу жетiмсiздiгi салдарынан болатын гипоксия
жедел қан айналымының бұзылуы
операциядан кейiнгi септикалық жағдай
ауыр жарақаттан немесе ауыр күйiктен кейiнгi жағдай
жедел бүйрек жетiмсiздiгi
гормоналдық өзгерiстер мен бұзылыстар
ауыр операциядан кейiн
дәрi-дәрмекпен улану.
Аурудың басталуы және алғашқы белгiлерi, баланың тамаққа тәбетiнiң нашарлап, өңi қуарып, әлсiреп, қимылы баяулауы арқылы байқалады. Қанау белгiсi баланың құсуы арқылы және нәжiстiң қара май секiлдi болып түрленуi арқылы бiлiнедi. Байқалатын ауыру кiндiк түбiнде немесе асқазан тұсында (эпигастрийде) қаттырақ сезiледi. Құсқаннан соң баланың жағдайы бiраз жеңiлденедi. Iштiң өтуi сирек кездеседi. Құрсақ қуысына жақын тұрған алдыңғы ет қабаты қатайып - перитониттiң белгiсi сезiлмейдi. Iшек iшiне қан ағуына байланысты қан қысымы төмендеп, тамыр соғысы жиiлейдi, толымы азайып, жұмсарып, саусақпен тез басылып қалады. Бала әлсiреп, қуаңқы тартып, денесiнен суық тер шығып, сұлық түсiп жатады.
Зертханалық тексерудiң нәтижесiне анемияны, гемоглобин санының азайғаны, ЭТЖ-ның (эритроциттердiң тұну жылдамдығының) жылдамдағаны көрiнедi.
Рентгенмен, арнайы контраст зат жiберiп, тексергенде асқазан мен ұлтабардағы жараның орны көрiнедi. Сонымен бiрге ұлтабар буылтығының пішіні өзгередi. Қазiргі кезде, диагнозды, эндоскопия тәсiлiмен иiлгiш аппаратттарды қолданып анықтауға болады (фиброгастроскопия). Бұл жағдайда, асқазан жарасы қызарып, бiлеуленiп iсiнiп тұрады немесе фибрин пленкасымен көмкерiлiп жатады. Осы арқылы ұлтабар буылтығының тарылып, оның пішінінің өзгергендiгiн көзбен айқын көрiп анықтауға болады. Көп жағдайда қанталап тұрған қан тамырлары да жақсы көрiнедi. Асқазан сөлiн арнайы тексергенде оның балалар жасына тән өзгерiстерi байқалады.
Емдеу. Балаларда асқазан жарасын емдеу балаларда консервативтiк тәсiлдермен жүргiзiледi. Ең алдымен тамақтану режимi реттеледi, сонымен бiрге қан тоқтатуға арналған дәрiлер (гемостатиктер) қолданылады (10% хлорлы кальций, викасол, дицинон, аминокапрон қышқылы, желатин, қан құю т.б.). Егер қан тоқтатуға арналған консервативтiк тәсiлдер көмектеспесе, иiлгiш эндоскоп аппаратымен жараның маңы таза спиртпен жуылады. Осы айтылған емдеу тәсiлдерiн пайдаланғанның өзiнде, ары кеткенде 6-8 сағат iшiнде қан тоқтамаса, балаға операция жасалынады. Негiзгi операцияға жара орналасқан жерді тiгу жатады. Асқазанды және ұлтабарды кесу операциялары балаларда сирек қолданылады. Бұл шешiм бала операцияны көтере алмайды деген ұғымнан емес, керiсiнше операциядан кейiн баланы консервативтiк емдеу арқылы жазуға болады, олардың регенеративтiк мүмкiндiгi зор деген тұжырымға негiзделген.