Пиелонефрит Пиелонефрит – бүйректің астауын, тостағандарын, милы және қыртысты қабаттарын қамтитын қабыну үрдісі.
Пиелонефриттің дамуына бүйрекке бактерияның енуі және зәрдің зәр жолдары арқылы дұрыс ағуына кедергінің болуы әсер етеді. Микробтар, гематогендік, лимфогендік жолдар және зәр жолдары арқылы енеді. Бактериялар бүйрекке түскенмен бірден оны қабындырып жібере алмайды. Бүйрек жасушаларының микробқа қарсы иммунитеті сау бүйректе жоғары дәрежеде, тек әлсіреген бүйректе ғана микробтар қабыну үрдісін туындата алады. Оған қосымша, қолайлы жағдайлар – витамин жетіспеушілігі, баланың денесінің тоңазуы, тұмаумен ауруы, қатты шаршауы, жұқпалы аурулармен сырқаттануы, жалпы иммунитетінің төмендеуі болуы керек.
Пиелонефриттің дамуына себепші негізгі жергілікті фактор – обструктивті уропатиялар.
Зәр жүйесінің ауытқулары мен кемістіктеріне байланысты дамыған пиелонефритті обструктивті, ал зәр жолдарының іштен туған кеселдері жоқ пиелонефритті обструкциясыз пиелонефрит дейді.
Пиелонефрит түрлері: бір жағында немесе екі жағында; бірінші кезектегі дамыған пиелонефрит, екінші кезектегі дамыған пиелонефрит. Жедел дамыған түрі: сірнелі, іріңді, іріп-шіріген некрозды паппилитті болып бөлінеді. Іріңді түрі: апостематозды, бүйрек, іріңді соқталы бүйрек, сыздауығы бар бүйрек болып бөлінеді.
Созылмалы қабынған түрі: қабынудың белсенді фазасы, қабынудың жасырын фазасы, қабынудың беті қайтқан фазасы. Бүйректің бүрісіп семуі немесе іріңді бүйрекке айналуы.
Бірінші кезектегі дамитын пиелонефрит деп зәр жолдарында туа біткен кемістік кеселдері жоқ, зәрдің тоқтаусыз бөлінуі, ағуы бұзылмаған бүйрек қабынуын айтады. Екінші кезектегі дамитын пиелонефрит деп, бұрыннан зәр жолдарының нефроннан бастап үрпісінің сыртқы тесігіне дейінгі деңгейлерінің бірінде зәрдің ағып шығуына кедергі жасайтын, іштен туа біткен кемістік кеселдері бар немесе функциялық өзгерістері бар бүйректің қабынуын айтамыз.
Пиелонефрит сірнелі және іріңді түрлерге бөлінеді. Сірнелі түрі гематогендік жолмен, бірінші кезекте дамитын пиелонефрит ретінде жиі кездеседі, ал іріңді түрі - уриногендік жолмен, екінші кезекте даму ретінде жиі кездеседі.
Клиникасы мен диагностикасы. Жедел дамитын пиелонефрит, кәдімгі жұқпалы ауыр ауру сияқты болып білінеді де, аурудың бүкіл өне-бойынан, әбден уланып қалған сәтке тән нышандар көрініс береді. гематогенді пиелонефрит дененің қатты қалтырауымен жиі басталады. Дене қызуы көтеріліп, бірнеше сағаттан кейін күрт түседі, бұл кезде ағыл-тегіл тер шығып, денесі босаңсиды, әлсірейді. Қан тамырының соғуы мен тыныс алуы жиілейді. Жүрек айнуы, құсуы, адинамия пайда болады. Ұйқының қашуы, бүкіл дененің ауруы, организмдегі судың тез азаюына байланысты денесі қаңсып, бет-әлпеті сопайып, мұрны қоңқайып, түрі өзгереді. Алғашқы тәуліктің аяғына қарай белінің тұсы қатты сырқырап ауырады. Үш-төрт күннен кейін, дертке ұшыраған бүйрек пальпация кезінде ауырсынып, алақанға қап-қатты болып білінеді. Ақырындап дененің қалтырауы азайып, қызуы төмендейді. Жетінші-тоғызыншы күнге қарай көңіл-күйі жақсарып, тамаққа тәбеті ашылады. Бірінші кезектегі жедел дамитын сірнелі пиелонефритпен ауырған балаларда, көпшілік жағдайда, осылндай клиникалық көрініспен өтеді.
Екінші кезектегі жедел дамитын пиелонефрит, көбінесе бүйрек шаншуы ұстағаннан кейін немесе зәрі кенеттен тоқтап қалғанда дамиды. Оның 80% іріңді болады және клиникалық белгілері қабына салысымен білінеді. Сондықтан диагноз қоюға оңай болады. Науқастың денесі қатты қалтырап, қызуы 400-қа дейін жоғарылайды. Тер моншақтап ағып, денесі әлсізденіп, басы ауырып, төсек тартып жатып қалады. Тілі құрғайды, көзінің ағы сарғыш тартады, бауыры үлкейеді. Зәрдің мөлшері азаюы немесе мүлдем жоқ болуы мүмкін. Кей кезде зәрде қан араласып шығады. Қан құрамындағы азот қалдығының мөлшері жоғарылайды. Бүйректің ауыруы күшейе түседі. Псоас симптомы дамуы мүмкін. Балалардағы пиелонефриттің білінуі оның қабынуы мен жасына байланысты болады. Жаңа туған нәрестелердің пиелонефриті жедел басталады, бірақ бірінші күндері дене қызуы онша жоғары болмайды, тек субфебрильді түрде ғана көтеріледі. Кейін дене қызуы біресе қатты көтеріліп, біресе төмен түсіп, кезек ауысып тұрады. Бүйрек қабынуының ең ауыр түрлерінде дене қызуы аурудың ауыртпалығына сәйкес, тұрақты көтеріледі, дегенмен де кейде дене қызуы күрт төмен түсіп кетуі де ықтимал. Диспепсиялық құбылыстар байқалады: құсады, іші өтеді. Пиелонефриттің ең нанымды белгісі зәрмен бірге іріңнің және микробтың бөлінуі болып саналады. Баланың бүйірі қатты ауырады, зәраққыштың бойымен төмен қарай ауырсыну белгілері байқалады. Бүйректің тұсын алақанның қырымен ақырын соққанда ауырсынып - Пастернацкий симптомы болады. Кейде цистит белгілері байқалады.
Диагноз қою үшін науқастардың бәрінен зәрін жалпы талдамаға және бактериологиялық зерттеулерге алып тексеру керек. Егер зәрінен пиелонефритке тән лейкоцитурия, эритроцитурия, бактериурия тәрізді өзгерістер табылатын болса, онда мұндай ауруларды белгілі бір мақсатпен емдей отырып, тереңдете рентгендік-урологиялық тексерулерден өткізу қажет. Бүйрек тұстарын алақанның қырымен ақырындап соққанда, ауырсыну білінеді. Кейбір науқастарда бел омыртқаларының ауырған бүйіріне қарай қисаюы байқалады. Сонымен бірге бүйрегі ауырған жағындағы еттердің жиырылып, қысқарып кетуі және ісінуі болады. Созылмалы пиелонефритті анықтауда экскреторлық және инфузиялық урография мен микциялық цистоуретрографияның маңызы зор.
Емі. Бірінші кезектегі жедел дамитын пиелонефритті емдеуді науқас баланы төсекке міндетті түрде жатқызып, диета сақтау тәртібінен бастайды. Содан кейін бүйрек тырысқанын кетіретін, ауырсынуын басатын дәрілер белгіленеді. Қабынуға қарсы кең көлемде әсер ететін антибиотиктерді берумен қатар, сульфаниламидтерді және нитрофурандарды қосып берген тиімді.
Егер жүргізілген консервативтік ем аурудың жағдайын тез арада жақсартпаса, бүйректің қабынуы тоқтамаса, организмдегі үрдіс іріңді пиелонефритке ауысады. Мұндай жағдайда дереу операция жасау арқылы емдеуге тура келеді. Жасалатын операция, аурудың ауыр жағдайын ескере отырып, аса бір аяушылықпен, тез және ең оңай тәсілмен жасалуға тиіс. Қандай операция жасау керектігі операция үстінде анықталады.
Екінші кезекте жедел дамитын пиелонефритті емдеу, бөлініп шығатын зәрдің дұрыс ағуын қалпына келтіруден бастайды. Егер тас шағым көлемде болса және өздігінен шығып кетуіне үміт болса, онда зәраққышқа цистоскопия жасау арқылы, төменнен жоғары қарай түтік қойып, оны астауға өткізеді. Түтікті бүйректе бірнеше күнге қалтырады. Егер зәр зәраққышқа тұрып қалған тастың жанынан катетер арқылы астауға өте алмаса, алғашқы үш тәуліктің ішінде операция жасап тасты дереу алып тастаған дұрыс. Егер бүйрек қуысындағы немесе зәр жолындағы тас үлкен болса, дереу пиело- немесе уретеролитотомия жасау арқылы тасты алып тастайды. Үрдіс іріңді пиелонефритке асқынған жағдайда бүйректен немесе зәр жолынан тас алғаннан соң пиело немесе нефростома қалдыру керек. Науқастың жағдайы ауыр, интоксикациясы қатты байқалып тұрса, бүйректі қапшықсыздандырып (декапсуляция), операцияның алғашқы кезеңі ретінде нефростома қойылады. Егер операция үстінде тасты іздеу техникалық қиындықтар туғызса, оны науқастың жай-күйі қалпына келгенде ғана алады.
Созылмалы пиелонефрит. Клиникасы. Сырқаттанудың бұл түрінің жасырын өтетін және толқынды өтетін түрлері кездеседі. Толқынды түрінде дерт біресе өршіп, біресе саябырлап отырады. Ал жасырын өтетін түрінде клиникалық белгілері тым жұтаң болады. Балаларда кездесетін созылмалы пиелонефриттің жасырын өтетін түрін, оларды диспансерлік есепке алу барысында, басқа аурулармен ауырып қалған сәбилерді тексеру кезінде және өте сирек жағдайда тәбетінің нашарлағанына, тез шаршайтындығына, әлсіздігіне, дене қызуының себепсіз көтерілетіндігіне, ішінің ауыратындығына шағымданатын бүлдіршіндерді тексеру кезінде кездейсоқ анықтап жатады. Көбінесе, бала зәрінен лейкоцитурия табылған кез, аурудың басталған кезі деп санайды. Кейде әке-шешесі баласы дәретке отырған кезде, астының қысқа уақытқа ғана ашып ауырғанына, ішінің аздап шаншығанына шағымданатынын және дене қызуының көтерілгенін байқайды. Бірақ та бұл белгілер тез арада жоғалып кететіндіктен, әке-шешесі ұмытып қалуы мүмкін. Бүйрегінің созылмалы қабынуға ұшырағанын кездейсоқ тапқанға дейін ешқандай шағым айтпай келген ауруларды тексере келе, олардың уродинамикасының қатты өзгеріске түскенін табуға болады. Осының өзі-ақ жас балалар организмінің қаншалықты төзімді, бейімделгіш келетінін, компенсациялық мүмкіндігінің күшті болатынын көрсетеді. Аурудың жасырын дамуы, көбінесе бірінші кезекте пайда болатын созылмалы пиелонефритке тән. Созылмалы пиелонефрит ауруына диагнозды ұзақ уақыт қоя алмайтын себептер көп. Мысалы, науқастардың зәр талдамасында осы дертке тән өзгерістер болмағандығы, олар созылмалы артерия қан қысымының көтерілуі мен бүйрек қызметінің жетіспеушілік белгілері пайда болғанда ғана білінеді.
Емі. Пиелонефритті емдеуде ең бірінші орында антибактериальдық ем тұрады. Бірінші күннен бастап антибиотиктермен бірге химиопрепараттарды қоса берген дұрыс. Аурудың дене қызуы түсіп, интоксикациясы азайып, бүйрегіндегі қабыну құбылысының беті қайтқан кезде емдеуді тек қана химиопрепараттармен жалғастыруға болады. Бұл дәрілерді кейде уросептиктер деп атайды.
Екінші кезекте дамыған созылмалы пиелонефритті емдеуде, ең әуелі қабыну үрдісінің дамуына себепші болған, зәр жолдарының іштен пайда болған кемістіктері мен жүре пайда болған кеселдерін хирургиялық жолмен түзетуден бастайды. Операциядан соң 14-16 күнге дейін антибиотиктермен бірге уросептиктерді қоса беріп емдейді. Пластикалық операция нәтижелі, еш асқынуларсыз, дұрыс жасалса операциядан кейін 2-3 айдың ішінде зәр талдамасы толық қалпына келеді. Содан кейін бала 1 жылға дейін шөп тұнбаларымен емделуді жалғастырады. Пластикалық операциядан кейін 2 жыл бойы бала урологтың бақылауында болуы тиіс.