Білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында республикалық дебат турнирін өткізу ережелері 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында республикалық дебат турнирін (бұдан әрі – Турнир) өткізу ережелері Турнирдің мақсатын, міндеттерін, өткізу және қаржыландыру тәртібін анықтайды.
2. Ережеде қолданылатын ұғымдар:
1) бэллет – ойын қорытындылары жазылған төреші парағы;
2) кейс – шешімді талап ететін нақты фактілерге негізделген мәселелік жағдайдың сипаттамасы;
3) ребатл – қарсыластың сөздерін теріске шығару, қарсы аргументтер мен фактілер келтіру;
4) резолюция – дебаттағы пікірталас мәселелерінің негізгі тақырыптары;
5) тайм-кипер – бұл спикерлердің сөз сөйлеу уақытын белгілей отырып, ойын ережесінің сақталуын қадағалайтын адам;
6) флоушит – ойын барысында ойыншылардың ақпаратын толтыратын төреші парағы.
3. Турнирдің мақсаты: білім алушылардың бойында азаматтық ұстанымды, өзінің және қоғам алдында өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілікті қалыптастыру, елде байқалатын өзекті жағдайларды талдау және жариялы талқылау арқылы шығармашылық және сыни ойлау қабілетін дамыту.
4. Турнирдің міндеттері:
1) жалпы мәдени ой-өрісін кеңейту, білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында академиялық білім деңгейін көтеру, шешендік сөйлеу өнері дағдыларын және және сендіру әдістерін қалыптастыру, зияткерлік, шығармашылық қабілеттерін, зерттеу, ұйымдастыру дағдыларын, коммуникативтік біліктерін дамыту;
2) қазақстандық қоғамда орын алған өзекті мәселелі жағдайларды талдау мен көпшілік алдында талқылау арқылы білім алушылардың позитивті, сыни ойлауын, жүйелі талдау дағдыларын, өз көзқарастарын, нақты мәселелерді шешу жолдары мен тетіктерін табу, дәлелдеме жасау өнерін қалыптастыру, парламенттік мәдениет элементтерін дамыту;
3) білім алушылардың демократиялық қоғамдағы азаматтық көзқарастары мен өмір сүру дағдыларын қалыптастыру, отансүйгіштік сезімін тәрбиелеу, туған өлкенің, елдің мәселелерін талқылау және шешудегі жауапкершілік, қатысушылық сезімін қалыптастыру;
4) педагогтерді балалар мен жастарды өзекті қоғамдық саяси тақырыптарды талқылауға тарту, азаматтық көзқарастарын дамыту және конструктивті диалог пен пікірталасты жүргізу мәдениетін қалыптастыру жұмыстарын жандандыру;
5) оқушылар мен студенттер арасында интеллектуалды жарыстар мен конструктивті пікірталастарды насихаттау, дебаттық клубтар мен педагогтер арасында тәжірибе алмасуға ықпал ету.
5. Турнир күндізгі және қашықтық форматтарында өткізіледі.
6. Турнир ұйымдастырушылары турнирдің ұйымдастыру комитеті мен қазылар алқасының құрамын қалыптастырады.