- «Сіздер мен біздер тек болашақ буынды ғана емес, жалпы адамзаттық қадір-қасиеттердің мән-маңызын түсінетін, жаны да , тәні де таза, білімді, жан-жақты, мәдениетті, патриот азаматтар тәрбиелеуге міндеттіміз»
- Оқушылардың тілдік қорын, тілдік мәдениетін дамыту, сөздік қорын молайту, шығармашылық ізденіске баулу, мәтінмен жұмыс жүргізу арқылы көркем әдебиетке қызығушылығын ояту, жүйелі сөйлеу дағдысын жетілдіру.
- Оқушылардың ауызша тілін, сөйлеу мәдениеті шеберлігін арттыруда мынадай сабақтардың маңызы ерекше:
- Мысалы, 8-сыныпта М.Әуезовтің “Қараш-қараш оқиғасын” оқып болған соң, қорытынды ретінде “Билер соты” сабағын өткізуге болады.Сот басты қылмыстылар – Сәлмен мен Жарасбайға жүргізіледі.
- Осыдан келіп “Билер тартысы сабағының тіл дамытудағы маңызы неде?”-деген сұрақ туындайды.Енді осы жерде осы сабақтың үш түрлі маңыздылығын айта кетейін:
- 1) “Қараш-қараш оқиғасы” – тіл жағынан болсын, тақырып ауқымы, көтерген мәселесі жағынан болсын, аса күрделі шығарма.Ізденгіш мұғалім тіл дамыту сияқты күрделі мәселелердің де оқушыға жеңіл, қонымды, қызықты әдіс-тәсілдерді ізденеді, әрі тіл дамыту тек бір ғана мақсатты көздемейді.”Билер соты” сабағынан оқушы ең әуелі халықтың әдет-дәстүрі туралы түсінік алады.
- 2) Сөздік қорлары байиды.
- 3) Бұл сабақ таптаурын болған сұрақ-жауапқа негізделген сабақ емес, оның түрі, құрылысы оқушыларды қатты қызықтырады.Жас ерекшелігіне қарай осындай күрделі мәселелерді ойын элементі бар сабақ негізінде меңгереді.Оқушыларының кітаби емес сөйлеу дағдысын қалыптастыруға еңбек етеді, әсіресе, Әуезовше сөйлеуге дағдыландырады.
- Оқушылардың көркем тілін дамытуда пікір қорғау, әдеби сайыс сабақтарының да орны ерекше.Әсіресе, ауызша сөйлеу тілін таласқа түсетін балалар сылдыр сөйлей бермей, өз ойларын дәлелді түрде жеткізу үшін, ғылыми материалдар әңгіме болып жатқан көркем шығарманың өзінен нақты мысалдар алып, үзінді, дәйектемеге сүйене отырып сөйлеулері керек.
- Мысалы, пікірталас “Абай жолы” эпопеясындағы әйелдер бейнесіне, соның ішінде “Ұлжан бақытты ана ма?” деген сұрақ айналасында жүрсе оқушылар Ұлжанның мына бір сөздерін өз пікіріне қолдануға болады: “Балам-ай, күндестің аты-күндес.Қу жараны жалап жазған боламыз да.Әйтпесе араз бола беретін “Күндестің – күлі күндес” дегенді сен білмей-ақ қой.Бөжекеңді көрген жерде сәлеміңді бер.Бір кезде жақсы жақының еді.Кім тентек, кім мақұл?Қайдан білдің?Әкең дұшпан десе,сен әділ бол!”.Бұл үзінділер, біріншіден, Ұлжан бейнесін ашуға көмек жасаса, екіншіден, “Күндестің аты-күндес”, “Күндестің-күлі күндес” деген сияқты бүгінде сирек кездесетін сөздерді оқушыларға таныстырады.
- Тоғжан, Әйгерім секілді әйелдер бейнесі туралы сөз қозғағанда, олардың жоғарыдағыдай тек сөйлеу тілі емес, портреті, іс-әрекеттерін сипаттайтын жерлерден де мысал алу тиімді.Себебі, М.Әуезовтің көркем, сұлу тілі әйелдер бейнесіне ерекше үйіліп төгілген.
- Практикалық сабақтар тіл дамыту жұмысына қолайлы болып келеді.Мысалы, І.Жансүгіров шығармашылығын оқытып болған соң, қорытынды сабақты ақын поэзиясының тіл көркемдігі, поэтикалық,эстетикалық нәрі айналасында өтуге болады.Мұндай жұмыстар тек бала білімін тереңдетіп қана қоймай,тілін дамытуға, қазақтың бай тілін меңгеруге,оны бейнелі,образды, көркем түрде пайдалана білуге де жетелейді.”Құлагер” поэмасындағы Көкше көріністеріне поэтикалық талдау жасата отырып, оны С.Сейфуллиннің “Көкшетау” поэмасындағы Көкшетау көріністерімен салыстыру.
- Мақсаты:
- а) екі ақынның бай тілін, суреткерлігін, халық тілінің негізінде поэтикалық тіл жасау шеберлігін талдау (теңеу, метафора, эпитеттерді жасауда).
- ә) Көкше көріністерін суреттеуде қай ақын оқушы талғамына жақын, соны анықтау.
- б) Сондай-ақ Көкше көріністері бейнеленген суреттер арқылы өздеріне шығарма, суреттеме (ауызша да, жазбаша да орындауға болады) жаздырту.
- в) Суреттер арқылы : «Қай ақын Көкшені шебер суреттеген?» деген сұрақтар айналасында пікірталас ұйымдастыру.
- Оқушылардың көркем тілдерін дамытуда маңызы ерекше сабақ түрлері:
- Бейнелеу өнері
- Музыка
- Оқушылардың көркем тілдерін дамытуда, тіл мәдениетін қалыптастыруда бейнелеу өнері, музыка сабақтарының маңызы ерекше.
- Әдебиетші мұғалім осы пәндер мұғалімдерімен біріге отырып, жүйелі жұмыс жүргізуі керек.Мысалы, бейнелеу өнері пәні мұғалімінің сурет бойынша әңгіме жүргізуі. Күздің бейнесін суретші бояу арқылы беріп отырғанын айтып, сұр қорғасын, күңгірт түстермен қатар, сап-сары, жасыл бояулардың суреттегі орнына тоқталады.
- Мұндай сабақты сабақ-гармония деп те атайды. Мәселе сабақтың типінде емес, ең басты жұмыс - оқушылардың көркем тілін дамытуда. Осы мақсатта енді әдебиетші мұғалім күз суреті бойынша оқушыларға бірнеше тапсырма береді:
- а) сурет бойынша күз суретіне суреттеме беру (ауызша да, жазбаша да орындауға болады).
- Мына сөздерді пайдалану: алтындай жарқырап, сары нұрға бөленіп.
- ә) Сурет пен өлеңді салыстыру.
- 1. Сурет бояуы мен өлеңдегі көркемдегіш, бейнелі сөздердің ұқсастығы бар ма?
- 2. Қайсысы күз суретін айнытпай берген?
- І.Жансүгіровтің “Күй”, “Күйші” поэмаларын өткенде музыка пәні мұғалімімен бірлесе отырып тіл дамыту жұмысын жүргізуі тиімді болмақ.”Күйші” поэмасындағы аты аталып, сөзбен кестеленетін күйлерді күйтабақтан тыңдап, әрі ақын суреттемесін оқып, мынадай жұмыстар жүргізуге болады:
- Осы күйден не ұқтың, қандай әсер алдың, сол туралы шағын пікір, толғау айт.
- Ілияс музыка тілін көркем сөзбен жеткізе білген бе?Ойыңды поэмадан үзінді ала отырып дәлелде.
- 3. Поэмадан күйді сипаттайтын образды, көркем сөздерді тауып, олардың күй тілін жеткізудегі орны, маңызы туралы қысқаша тұжырымда.
- Оқушылар пікірін тыңдаған соң ән-күй сабағының мұғалімі күй туралы сыр шертеді.Тіл дамыту жұмыстарын сондай-ақ тарих, биология пәндерімен де байланыстыра жүргізуге болады.
- Оқушылардың көркем тілін дамытуда, тіл байлығын жетілдіруде сөздік жұмыстары, сондай-ақ мақал-мәтелдермен жұмыстың маңызы зор. Тіл ұстарту деген ең алдымен, сөзбен жұмыс, тіл байлығы деген ең алдымен, оқушының сөздік қорының молдығы, екіншіден, сол мол қорды орынды, тиімді әрі көркем етіп пайдалана білуі. Оқушылардың сөздік қорын дамытуда әр түрлі сөздіктермен жұмыстың пайдасы ерекше зор. Түсіндірме сөздіктер әсіресе, көркем шығармаларды оқуда, соның ішінде, тарихи тақырыпта жазылған шығармаларды оқуда оқушыға бірден бір көмек болып табылады. Сондай-ақ, фразеологиялық сөздіктер, термин сөздер сөздігі де тиімді. 5-8 сынып оқушыларымен әр сабақ сайын сөздік жұмысы жүріп отыруы керек.
- Осы сыныптарда әр балаға «Сөздік қоржынын» жасатуға болады. Қоржынды әліпби тәртібімен қалташаларға бөліп, жаңа сөздерді салып отырған дұрыс. Барлық сөздің оқушы есінде қалуы мүмкін емес қой, оқушы керек кезде қарап отырады. Мақал-мәтелдер, шешендікке құрылған даналық нақылдарды да осындай қоржында жинақтаған дұрыс. Оларды «Жиреншенің дорбасы» немесе «Қарашаштың сандығы» деп те атауға болады. Мұғалім белгілі бір уақытта «жәрмеңке сабағын» өткізіп, сөздердің дорба түбінде қалып қоймауын қадағалау керек. «Жәрмеңке сабақта» қоржындағы асыл сөздер сатылады, сатып алушы оны білімімен ғана ала алады. Олар сөздерге сөйлем құрап, мағынасын түсіндіреді. Қоржындағы сөздерді пайдаланып, «Алтын қақпа», «Сиқырлы қазан», «Таңғажайып алаң» ойындарын да ұйымдастыруға болады.
- “Білекке сенген заманда
- ешкімге дес бермедік,
- Білімге сенген заманда
- қапы қалып жүрмелік!”
- Абылай хан
Достарыңызбен бөлісу: |