Өз болашағыңды анықтауда мынадай ережелерді ұстан:
Алдағы өмірлік жоспарың қандай болмасын, шетел тілін үйреніп, компьютерде жұмыс істеуді игергенің аса пайдалы. Бұлардың кез келген мамандықта қажеті болары сөзсіз !
Мектептегі оқу пәндері – нақты мамандық емес екендігін есіңде сақта. Пәнге деген қызығушылық оған байланысты жұмыстың саған сөзсіз ұнайтынын білдіре бермейді.
Мамандық таңдауда оның сырт келбетіне, көңілге қонымды жақтарына ғана назар аударудың қажеті жоқ, мүмкіндігінше қалаған мамандығыңның жұмыс мазмұны жөнінде көбірек білуге тырыс.
Егер мамандық сенің досыңа ұнаса, саған да ұнайды деген қорытынды жасауға болмайды.
Саған қолыңнан келетін істі мамандық етіп таңдаған пайдалырақ болмақ. Әйтсе де бұл сөз қарапайым естілгенімен, көбінесе назардан тыс қалып жатады.
«Жақсы адам» - бұл мамандық емес. Егер саған адам ұнаса, оның меңгерген мамандығын мен де таңдауым керек деп жансақ қорытынды жасауға болмайды.
Сән қуып, мамандық таңдаудың қажеті жоқ. Сен оқуыңды тәмамдап, жұмыс істегенше, ол мамандық сәннен шығып қалуы да мүмкін.
Мүмкіндігінше өзің таңдаған мамандықтың өзіңнің денсаулық жағдайыңа тура келетін- келмейтіндігі жөнінде дәрігерден кеңес алғаның жөн.
Мамандық таңдауға байланысты сені, сенің қалаған мамандығыңды толық білмейтін адамдардың ақыл- кеңесіне құлақ салудың қажеті шамалы.
Заманауи ағымға қарай кейбір мамандықтар тез ескіріп, оның орнын жаңа мамандықтар басып жатыр. Сондықтан кез келген жағдайда қосалқы таңдаған мамандығың болуы қажет.
Өзің таңдаған мамандығыңның мазмұны, қызықты қырлары, жұмыс тәртібі мен жағдайы, кәсіби өсу мүмкіндігі туралы сұраққа жауап бере алғанда ғана сенің мамандық таңдаудағы ой- ниетің салмақтана түспек.
Достарыңызбен бөлісу: |