Өз заманының ар-ұжданы



Дата26.09.2023
өлшемі16,14 Kb.
#182509
Байланысты:
Қаз.тілі 11 1-тар 2-саб қосымша 2-нұсқа


ӨЗ ЗАМАНЫНЫҢ АР-ҰЖДАНЫ
Зиялылардың ұлт тағдырындағы рөлі туралы алғаш рет француз ойшылы Сен-Симон (XVIII ғ.): «Егер бір уақытта он мың француз шаруасы мен сонша жұмысшысын жоқ қылып жіберсе, француз ұлты сақталады. Ал егер сол уақытта елу француз ғалымы, сонша әртісі мен инженерін жойып жіберсе, онда француз ұлты жойылады», – деді. Яғни, зиялы дегеніміз, ол – «өз заманының ақыл-ойы мен ар-ұжданы». Мысалы, 1941 жылы Мұстафа Шоқай немістің концлагерлеріне өзі сұранып барып, онда жатқан мыңдаған түркістандықтарың еврей емес екенін дәлелдеп өлімнен құтқарды.
Кеңес Одағы кезінде қазақ зиялылары ХІХ ғасырдан бастап қалыптасты деген теріс ұғым пайда болды. Ал шын мәнінде, қазақ зиялыларының тізімі Қорқыт (VIII ғ.) пен Әл-Фарабиден (Х ғ.) басталып, Қожа Ахмет Иассауи, Қадырғали Жалайыри, Мұхаммед Хайдар Дулати, Асан қайғы, Қазтуған, Бұқар жырау арқылы бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Мысалы, кезінде Мұхамедсалық Бабажанов та ашқан ғылыми жаңалықтары үшін орыстың географиялық қоғамының күміс медалімен марапатталған. Ол орыс губернаторларының отарлық саясатын әшкерелеп, Патшаға бірнеше рет хат жазып, Орынбордың екі губернаторын жұмыстан алдырады. Сол үшін оны улап өлтірді. Дәулеткерей күйші ол өлгенде «Салық өлді дегенше, халық өлді десейші» деп қайғырған. Біз ел қорғаған осындай батыр зиялыларымызды ұмытпауға тиіспіз.
Әрине, бүгінгі ұрпақ олардың істерінен үлгі алып, ел мен жерді қорғауға өздері де үлес қосулары керек. Зиялылардың әр буыны ұлтты қалыптастыру не дамытуға өз үлестерін қосқанда ғана ұлт та дамиды.
Мәселен, кезіндегі алаштықтар интеллектуалдық тұрғыдан алғанда заманының алды болған. Сол кездегі большевиктер олардың қасында жартылай надандар еді. Бірақ ол кез большевиктердің дәуірі болды. Большевиктер Жымпитыда құрған Батыс Алашорда автономиясын төрт күнде, елу екі күн тұрған Қоқан автономиясын үш күнде талқан етті. Неге? Өйткені, 1916 жылдардағы Амангелді мен Бекболат батырлар сияқты халық олардың артынан толығымен қолдап ермеді. Алашордалықтар халықты ағартуда, саяси сауатын ашуда көп еңбек сіңіріп, білім-білігі сол кездегі әлемнің мықты деген кез келген интеллигенциясынан артық болмаса кем емес еді.
Әлемдік интеллигенция әр ұлттың даму деңгейіне байланысты қалыптасқан әртүрлі деңгейдегі құрылымдар. Қазіргі зиялыларымызды, әлемге бармай-ақ, осы орыстың ғалым-инженерлерімен салыстырғанның өзінде көп нәрсе анықталады. Кеңес Одағы 1949 жылдан бері қазақ жерінде бес жүзден астам атом бомбасын жарды. 1957 жылдан бері Байқоңырдан ракеталар ұшыруда. Бірақ осы уақытқа дейін қазақтар олардың технологияларын игерген жоқ. Бүгін біз олардан алпыс-жетпіс жылға кері қалдық. Ал сол технологияларды игеруді бастағанның өзінде жүз жылға артта қалатын боламыз. Кванттық физика мен технология, т.б. көптеген салаларда сонша артта қалудамыз. Мысалы, Еуропада импрессионизм ХІХ ғ. жетпісінші жылдары басталса, одан кейін модернизм, постмодернизм ағымдары дамыды. Ал бізде осы мектептердің бірі де жоқ. Бұл да ұлттың даму эволюциясының кезеңдерін құрайды. Көп нәрседен кенже қалдық. Оның ішінде, адам капиталы мен инновациялық экономиканы дамыту бүгінгі Қазақстанның ең актуалды проблемасы. Оларды дамытуға мемлекет болып кіріспесе ондаған жылдардан кейін толығымен Қытай мен Ресейдің шикізаттық отарына айналамыз. Ешкім біздің бос сөздерімізді күтіп отырмайды. Қазір құр босқа мақтанудың емес, іс пен кәсіптің заманы.
Жанұзақ ӘКІМ,
Халықаралық Адам институтының басшысы
https://qazaqadebieti.kz/10568/aza-ziyalylary-d-uirmen-betpe-bet

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет