?! Тақырыпты бекіту үшін сұрақтар мен тапсырмалар
Сан есімнің зерттелу тарихын айтып беріңдер.
Сан есімге жалпы сипаттама беріңдер.
Сан есімнің лексика-семантикалық сипатын түсіндіріңдер.
Сан есімнің морфологиялық ерекшеліктері дегенде не түсінесіңдер?
Сан есімнің семантикалық топтары жайлы мәлімет беріңдер?
Сан есімнің синтаксистік қызметі
Есімдік, оған тән белгілер
Қазақ тілінде есімдік дербес сөз табы ретінде қарастырылып жүр. Ал орыс тілінде бұл мәселеде екі түрлі көзқарас болды. Ғалымдардың біразы есімдікті есім сөздермен бірге қарау керек десе, кейбір ғалымдар есімдік өз алдына жеке сөз табы болу керек деп санайды. Есімдіктерді есім сөз таптарымен бірлікте қарау керек дейтін пікір ұстанушы ғалымдардан А.Шахматов, А.М.Пешковский, А.Н.Гвоздевті атауға болады. Ал есімдікті жеке сөз табы деген көзқарасты дәлелдеушілер: В.В.Виноградов, Е.Н.Сидоренкот.б.
Қазақ тіл білімінде есімдіктер мәселесі А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, А.Ысқақов, А.Ибатов, А.Төлеуов еңбектерінен орын алған. Аталған ғалымдардың қай-қайсы да есімдіктерді орынбасар сөздер ретінде қарастырады. Мәселен, А.Байтұрсынов есімдікке былайша анықтама береді: «Есімдік дегеніміз - есімдердің, яғни зат есімнің, сын есімнің, сан есімнің орнына жүретін сөздер». Ғалым есімдікке осылайша анықтама бере отырып, есімдікті мағыналық жағынан бес топқа бөледі. Олар: 1) жіктеу есімдігі, 2) сілтеу есімдігі, 3) сұрау есімдігі, 4) жіктеу есімдігі, 5) танықтық есімдігі. Көріп отырғанымыздай, есімдіктердің саны да, атауы да қазіргіден басқаша. Сондай-ақғалым «жіктеу есімдігі» деген атауды екі рет қолданып, біріншісіне қазіргі мен, сен, (сіз), ол деген жіктеу есімдіктерін жатқызса, екіншісіне бәрі, барша деген қазір жалпылау есімдіктері аталып жүрген есімдіктер тобын кіргізеді.
Профессор Қ.Жұбанов есімдікке: «Орынбасар есім (есімдік) деп түбірдің де, қосалқы шылаулардың да орындарында жүре беретін түбірлерді айтамыз» - деген анықтама береді. Қ.Жұбанов есімдікке мынадай сөздерді жатқызады: мен, сен, ол (зат есім орнына), бұл, сол, ол (зат пен сын орнына), мұндай, сондай (сын есім орнына), сонша, мұнша (бұ да), олай, бұлай (бұ да), өйтіп, сөйтеді (етістік орнына), өйткені, онда (жалғауыш орнына), т.т. Ғалым есімдік деп таныған сөздердің ішінде есімдіктер де, есімдіктен басқа сөз таптарына қатысты сөздер де араласып жүр.
А.Ысқақов есімдіктер: «заттың белгісін білдіретін сөздердің орынбасарлары» -деп сипаттайды .
Ғалым Ә.Төлеуов: «Жіктеу, сілтеу, сұрау есімдіктері өзінен бұрын айтылған есім сөздердің орынбасары болып саналады» - деп, орынбасарлық қызметті есімдіктің белгілі бір топтарына ғана жатқызады.
Есімдіктерді арнайы зерттеген - ғалым А.Ибатов. Ғалым А.Ибатов есімдіктердің сөз табы ретіндегі тұлғасын, олардың мағыналық топтарын жеке-жеке сөз етеді. Ғалым: «Қазақ тіліндегі есімдіктер өзге де сөз таптары сияқты сөздерді таптастырудың белгілі жүйеге түсіп қалыптасқан негізгі үш принципіне сай лексика-семантикалық мағынасына, морфологиялық белгілеріне және синтаксистік қызметтеріне байланысты жеке бір дербес сөз табы болып бөлінеді» -деп, « ...оларға 1) мағыналары тым жалпы, 2) контексте қолданылу мақсатына қарай әр қилы нақтылы мағыналарға ие болып отыратын сөз табы, 3) әрқашан субъективті қатынаста қолданылатын сөздер» - деген түсінік береді .
Есімдіктердің өзіндік тарихи дамуы бар, өйткені есімдіктер көне сөздер сапынан орын алады. Бұл туралы А. Ибатов: «Есімдіктердің өте ерте заманда пайда болуы, еңалдымен, олардың мағыналарының тым жалпылама түрде келуінен көрінсе, олардың түбір сөздері мен қосымшаларында кездесетін өте көне формалардың сақталып қалуынан да айқын көрінеді» - дейді.
Сұрау есімдіктерін зерттеген Б.Омарова. Ол сұрау есімдіктерін арнайы зерттеу нысаны етіп, жалпы сұрау қоюдың заңдылықтар мен ерекшелікерін, сұрау есімдіктерінің грамматикалық сипатын анықтаған. Б.Омарова есімдіктердің нақты мағынасы болмайтыны туралы қағиданы шартты деп түсіну керектігін айта келіп, былай дейді: «Олай дейтін себебіміз есімдіктердің семантикалық тұлғасын контекске ғана қатысты деп кесіп айтудың қисыны жоқ. Өйткені есімдіктер тілімізде жеке дара сөз табы болғандықтан, ол жеке дара тұлғада да өзіне тән мағыналық бөлшектерді танытады деп білеміз. Мысалы, мен, ол, кім, не, әлдекім есімдіктері заттық ұғымды көрсетсе, қандай, әлдеқандай, әрқашан есімдіктерінде сапалық мән бой керсетеді» . Шынында, есімдіктердің жалпылама, абстракт мағынасы контекст ыңғайында нақтылана түседі, алайда сөз табы ретіндегі «жеке дара тұлғада да өзіне тән мағыналық бөлшектерді» білдіретіндігі де шындыққа жақын.
Есімдіктер зерттелген сөз таптарының қатарына жатады. Дегенмен есімдіктердің әр мағыналық тобының жеке зерттеуді қажет ететін тұстары баршылық.
Достарыңызбен бөлісу: |