Зат есімнің көптік категориясы
Көптік мағына заттың санымен байланысты, бірақ заттың санын дәл атамайды, тек қана заттың саны көп екенін білуге болады. Ал заттың санын дәл көрсету қажет жағдайларда сан есім қолданылады. Мысалы, елу кітап, отыз студент дегенде кітаптың да, студенттің де саны белгілі, ал кітаптар, студенттер дегенде тек қана заттың көптігін ұғуға болады, бірақ саны анық емес.
Тілімізде заттың санын дәл атауды қажет етпейтін, бірақ көптік ұғым берілетін жағдайлар көп кездеседі. Мысалы, қымыз, көбелек, қоян, бидай т.б. Бұл сөздер ешбір қосымшасыз-ақ санауға келмейтін заттардың аты ретінде көптік ұғымды білдіреді. Немесе бірталай адам, қыруар мал дегенде зат есімнің алдында келіп, қосымшасыз анықтауыш болып тұрған бірталай, қыруар сөздері көптік ұғым жасап тұр. Ал жидектер, гүлдер дегенде -тер, -дер жалғаулары көптік мағынаны білдіреді.
Ғылымда тілдің осы ерекшелігін көрсететін арнайы категория бар. Оған жекелік- көптік категориясы жатады, әрі бұл категория зат есімге қатысты, өйткені жекелік, көптік ұғымдар затқа ғана қатысты айтылады.
Зат есімнің жекелік - көптік мағынасы ғылымда танылған. Бірақ 1954 жылғы оқулықта көптік категориясы ғана сөз болды. Ал кейінгі грамматикаларда зат есімнің жекеше түрі мен көпше түрі жеке тақырып етіп берілген, алайда бұларда жекешелік мағынаға көңіл бөлінбеген, тек қана көптік мағына мен оның берілу жолдары көрсетілген. А.Ысқақовтың оқулығында да көптік мағына талданған. Ғалымның пікірінше, «тілімізде көптік категориясы да, көптік жалғау категориясы да бар. Ал осы екеуі бір де емес және бірдей де категориялар емес. Көптік категориясы деген ұғым тым жалпы ұғым да, көптік жалғау категориясы- онан гөрі әлдеқайда жалқы ұғым. Мысалы, көптік категориясы тілімізде үш түрлі жолмен беріледі: лексикалық тәсіл арқылы да, морфологиялық, синтаксистік тәсіл арқылы да айтылады».
Одан әрі А.Ысқақов көптік категориясының жасалу жолдарын тілдік нақты мысалдармен дәлелдеген, бірақ «көптік жалғау категориясы» деген ұғымның сипаты ашылмаған. Осыны жіті аңғарған проф. С.Исаев «ол термин және ұғым (көптік жалғау категориясы) көптік жалғау дегенмен барабар болу керек. Мұнда, біріншіден, категория (әрине грамматикалық категория мәніңде) деген термин, белгілі бір тұрақты грамматикалық құбылыстың аты ретінде белгілі бір принциппен қолданылған. Екіншіден, «көптік жалғау категориясы деген термин «грамматикалық формалар жүйесі арқылы берілетін тектес, ыңғайлас әрі өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы болып келетін грамматикалық мағыналардың жиынтығы» деп анықталатын грамматикалық категория ұғымын тіпті жоққа шығарады»,- деп қарсылық білдіреді. Көптік ұғым бар жерде жекелік ұғым да болатындығы даусыз. Жекелік мағына зат есімнің лексикалық мағынасымен бірге түбір сөзде беріледі, бірақ оның қосымшасы жоқ. Осы бір- біріне қарама-қайшы екі ұғымның жиынтығы арқылы және жекеліктің арнайы тұлғасы болмай, көптік ұғым көптік жалғау арқылы бөрілуінен көптік категориясының сипаты ашылады. Осымен байланысты С.Исаев «Көптік мағына грамматикалық тұрғыдан жекелік мағынаға қарама-қайшы мағына ретінде заттың сандық ұғымының шеңберінде өмір сүреді. Сондықтан бұл категория көптеген тілдерде қазақ тіліндегідей көптік категориясы деп емес, сан категориясы (мысалы, орыс тілінде категория числа, қазіргі қырғыз тілінде сан категориясы) деп аталынады»,-дей келіп, көптік категориясын осы еңбегінде «Сан-мөлшер (көптік) категориясы» деп атаған.
«Қазақ грамматикасында» (2002) «Зат есімдерді жекеше, көпше деп аталатын екі топқа айыра көрсетуге негіз болатын ең басты грамматикалық сыртқы белгі- оларға көптік жалғауының жалғануы. Көптік жалғауын жалғау сөзге көптік мағына берудің негізгі жолы болғанымен, бірден- бір ғана жолы емес. Ана тілімізде зат есімде көптік мағына пайда болуының бұдан басқа да амал- тәсілдері бар»,- деп көрсетіліп, тек қана көптік мағынаның арнаулы қосымшасы- көптік жалғауының ерекшеліктері сөз болған.
Көптік ұғымның ғылымда танылып жүрген берілу жолдары мынадай:
а) Көптік ұғымды сөздің тікелей өз лексикалық мағынасы арқылы білдіру лексикалық тәсіл деп аталады.
Тілімізде лексикалық тәсіл мен көптік ұғымды білдіретін сөздер тобы бірнешеу:
- жеке-даралап санауға келмейтін заттардың аттары (су, сүт, ұн т.б.).
- ру, халық, ұлт, ел аттары (қазақ, қырғыз, өзбек т.б.).
- әр қилы жәндіктер, аң, хайуанат атаулары (көбелек, қоңыз, түлкі т.б.).
- өсімдік аттары (арпа, сұлы, жусан т.б.).
- адамның ішкі құбылыстарының, дүниедегі сын-сипаттардың, іс-әрекеттердің, күй-жайлардың аттары (ермек, қуаныш, ізгілікт.б.).
ә) Көптік мағынаның сөз тіркесі арқылы берілу жолы синтаксистік тәсіл деп аталады. Мысалы, жиырма үй, сексен трактор, тау-тау астық, бірталай жыл т.б.
Ал мұны С.Исаев «сан есімдер, сандық мәні бар сөздер, қайталама қос сөздер зат атауының алдынан келіп, оны анықтап тұрса, ол зат біреу емес, бірнешеу (көп) екенін түсінеміз»,-дей келіп, көптік мағынаның осылайша берілуін аналитикалық тәсіл деп атаған.
А.ЬІсқақов сөздердің қосарлануы арқылы да (бала-шаға, кәрі-жас т.б.) көптік ұғым білдіріледі деп есептеп, оны лексика-синтаксистік тәсіл деп атаған .
б) Көптік мағынаның сөздерге тиісті қосымшалар қосылу арқылы берілу жолы морфологиялық тәсіл деп аталады.
Сөзге жалғанғанда көптік ұғым беретін қосымшалардың ғалымдар көрсетіп жүрген үш-төрт түрі кездеседі:
- тіліміздегі көне құбылыс ретінде саналатын, яғни Орхон-Енисей жазбаларында көптік жалғау ретінде жұмсалған -т қосымшасы бар. Бірақ бұл қосымша сол кездің өзінде «атақ-дәрежені, шенді білдіретін тарқан-тарқат, тігін- тігіт секілді азын- аулақ сөздердің құрамында кездескен».
- сондай-ақ біз, сіз, көз, егіз деген сөздердің құрамында кездесетін -з, (-ыз, -із) формалары да көптік мағынаны білдіреді деп есептеледі. Бірақ бұл қосымшалар «әуелде көптік жалғау емес, жұп, егіз, екеу болып келетін заттардың (дене мүшелерінің) аттарына жалғанатын қосымша болған».
- 1-жақ жіктік жалғау тұлғасы -қ, -к қосымшасы ерте кезде көптік мағынаны білдіретін морфологиялық формалардың бірі болған деп есептеледі (біз болдық, келдік т.б.) .
-қазіргі тілімізде көптік мағынаны білдіретін негізгі морфологиялық форма -лар (-лер, -дар, -дер, -тар, -тер). Сондықтан бұл форма заңды түрде көптік жалғау деп саналады.
Бірақ көптік жалғау сөзге жалғанған кезде көптіктен басқа да стильдік мән үстейді. Мысалы, Үй маңындағы ағаштар ерекше бір шеберлік пен егіліпті. (Ғ.Мұстафин). Осы сөйлемдегі ағаштар нақты ағаштың санын емес, осы сөз арқылы аталатын заттардың тобын, жинағын, яғни үй айналасына отырғызылған ағаштарды жалпылап тұр. Немесе, Абай қаршыға салған үлкендердің қасына өткен жазда көп еріп еді (М.Әуезов). Мұндағы үлкен сын есімін -дер көптік жалғауы әрі заттандырып, әрі оған көптік мағына үстеп тұр.
Осындай көптік жалғаудың семантикалық мағынасы да, стилистикалық рөлі де ғалымдар еңбектерінде кеңінен сипатталған. Мысалы, А.Ысқақов көптік жалғаудың 12 түрлі ерекшелігін көрсеткен.
Көптік жалғаудың С.Исаев көрсеткен тағы бір ерекшелігі-оның сөз байланыстырушылық сипатының болмауы. Сондықтан ғалым көптік жалғауын осы сипатына қарап, «қосымшаның жалғау түрінен гөрі форма тудыратын жұрнақтар қатарына өте жақын», - дейді.Мысалы, Қолдың саласындай тарамданған арықтардың біреуі бара-бара ұлғайып... қарауытқан сай болды (Б.Майлин). Зеректік, ойшылдық, сезімталдық-ана сүтімен бірге бітетін қасиеттер (І.Есенберлин). Осы сөйлемдердегі арықтардың, қасиеттер сөздеріндегі - тар, -тер көптік жалғауы сөздерді байланыстырып тұрған жоқ, өйткені бұл жалғауларды алып тастағаннан сөйлемдегі сөздердің байланысы бұзылмайды. Қолдың саласындай тарамданған арықтың біреуі бара-бара ұлғайып, қарауытқан сай болды. Зеректік, ойшылдық, сезімталдық - ана сүтімен бірге бітетін қасиет. Бұл сөйлемдердегі көптік жалғауы арықтың, қасиеттің көп екендігін көрсетіп, көптік ұғым қосып тұр.
Бірақ, көптік жалғау 2-жақта жіктік жалғаумен келгенде ғана сөз байланыстыруға қатысады екен: сендер студентсіңдер, сіздер студентсіздер т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |