Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi ө. Байқабылов, Д. Дуйсабаева Қазiргi қазақ әдеби


Сөздердiң лексикалық және семантикалық топтары



бет49/190
Дата06.02.2022
өлшемі5,51 Mb.
#28486
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   190
Сөздердiң лексикалық және семантикалық топтары


Сөздерiң лексика-семантикалық топтарына: омонимдер, омофондар мен омографтар, паронимдер, синонимдер және антонимдер кiредi.


Омонимдер
Омонимдер (гректің homos— біркелкі және onyma -ат атау деген сөздерінен алынған) —бірдей дыбысталып немесе бірдей жазылып; мағыналары басқа-басқа болып келетін сөздер. Мәселен, ат — көлік, төрт түліктің, жан-жануардың бірі; ат — етістік (мылтықты ат); ат —ауыспалы мағынада айт, сөйле (сөзді атып-атып жіберді, айтып-айтып тастады, төпелетіп-төпелетіп тастады, лақ еткізді т. б. мағынада).
Бір ғана алғашқы ат (көлік, төрт түліктің бірі) сөзі түрлі тіркестерде, фразеологиялық единицалар құрамында қолданылып, түрлі-түрлі мағыналарға ие болады: ат байлар (қазақ эвфемизм ретінде ер баланы осылай атаған); ат байлар — құда түсіп келгенде, кұданың атын байлағаны үшін беретін кәде; ат байлады — сыйлады, тарту етті, ат мінгізді; ат басына күн туды — қиыншылық шақ келді, сыналар мезгіл болды; ат басына соқты — шегіншектеді, жүрексінді; ат басын бұрды — бұрылды, бағытын өзгертті; ат басындай алтын — көлемді, үлкен алтын; ат басын тартты — тоқтады, аялдады; ат басын тіреді (ат тұмсығын тіреді) — қонақ болып түсті, тоқтады, белгілі бір жерге жетті; ат бауырына алды — атпен қуып, өлімші етіп сабады; ат бойы — өлшем; ат жақты — бет әлпеті сопақша келген адам туралы айтылады; ат жалын күшті — еңкейе келіп ат мойнына асыла қуады; ат жалын тартып мінді — адам болды, ер жетті, азамат болды; ат кілін кесісті — араздасты, мүлдем безді; сондай-ақ, ат кебең, тартып қалды; ат-көлігің аман ба? Ат көпір қылып алды; ат …мінгізді; атқа жем түсті; атқа жеңiл құдаша; атқа қамшы басты; ат қақты; ат қойды; атқа мінер; атқа қара тіл болғанда (ерте көктемде шыққан отқа жылқы аузы іліккен шақ деген мағынада); ат қойды; ат қойып айдар тақты; ат қосты; ат қосшы болдың, ба?; Ат құйрығын шарт түйді; ат құлағы көрінбейді; ат құлағында ойнайды; ат құрғатпай қатысты; ат майы — ат майын берді; ат мінгізіп, тон кигізді; атой берді — атой салды — ат қойды; ат ойнатты т. б.
Бұл келтірілген мысалдар алғашқы — бірiнші ат сөзінің әрі көп мағыналығын (полисемия), әрі дәл осындай дыбыстас басқа да сөздермен омоним болып келетінін көрсетеді.
Дәлдеңкірей түссек, Атты әкелдің бе? Атың кім? Мылтықты кім атты?—деген сөйлемдердегі ат сөздері—үшеуі үш басқа мағына білдіретін үш түрлі дербес сөз. Үшеуінің мағыналары арасыңда ешқандай семантикалық байланыс жоқ.
Омонимдердің полисемиямен бір ұқсастығы бар: омонимдер де, полисемия да бірдей дыбысталып, айтылады, жазылады. Мәселен, ат — көлік; ат — есім; ат — етістік; мұндағы сырттай ұқсастық: үш сөз (ат) бірдей дыбысталып тұр.
Омонимдердің полисемиядан басты бір айырмашылығы бар: омонимдер бірдей дыбысталып, айтылып, бірдей жазылса да, әрқайсысының, яғни әрбір сыңарының мағынасы әр түрлі, басқа-басқа болады; ол мағыналар арасында байланыс жоқ. Келтірілген ат сөздері — мағыналары дәл осындай, басқа-басқа сөздер.
Ал полисемия, яғни көп мағыналы сөз, бірдей дыбысталып, бірдей жазыла отырып, мағыналары жағынан жақын, байланысты болып келеді. Мәселен, жүрек сөзінің номинативті мағынасы — қан айналу жүйесінің көкірек қуысының сол жағына орналасқан басты орган. Сонымен бірге жүрек — бірде кісінің жан дүниесі, рухани сезімі, кейде саяси-әкімшілік орын, орталық мағынасын білдіреді.
Сонымен қатар ақ жүрек, асау жүрек, жүрегі айныды, жүрегі алқынды, жүрегі алып ұшты, жүрегі аузына тығылды, жүрегі бүлік етпеді, көкірегі дауаламады, жүрегі дүрсілдеді, жүрегі дір етті, жүрегі елжіреді, жүрегі жарылды, жүрегі жібімеді, жүрегі зу ете қалды, жүрегі зырқ ете қалды, жүрегі көтерілді, жүрегі қалтырады, жүрегі күшті болды, жүрегі қарс айрылды, жүрегi қобалжыды, жүрегі лүпілдеді, жүрегі мұз болды, жүрегін тебірентті, жүрегінің түгі бар, жүрегі орнына түсті, жүрегi сазды, жүрегі суыды, жүрегі сыздады, жүрегі аттай тұлады, жау жүрек, жүрек жұтқан, жүрек жалғады, жүрегіне ас батпады, жүрекке жара түсті, жүрегіне жара салды, жүрек қылын шертті, қоян жүрек, су жүрек, жүрегі алып ұшты, жүрегі бүлк етті, жүрегі жанды, жүрегі жүмсақ, жүрегі құтты болды, жүрегі май ішкендей кілкілдеді, жүрегіме жұдырықтай боп тұра қалды, жүрегіме инедей қадалды, жүрегінде оты бар, жүрегi тас түйін болды, жүрегіне дақ түсті, жүрегі өрт боп жанды, жүрегі су ете түсті, жүрегі талды, жүрек өзегі талды, жүрегі тас төбесіне шықты, жүрегіне жылы тиді, жүрек қылын шертті, жүректі дерт алды т. б. Фразеологиялық тізбектерде жүрек сөзінің сан алуан семантикасы бар екеніне көз жетеді.
Сөйтіп, омонимдер мен полисемияның ұқсастығы — екеуінің де бірдей дыбысталатындығы, ал айырмашылығы — омонимдер бірдей дыбыстала отырып, мағынасы жағынан басқа-басқа болатындығы да, полисемияға жататын сөздер — мағыналары жағынан жақын болып келетіндігі.
Омонимдердің, омоним екеніне көз жеткізу үшін, ондай сөздерге синоним іздеп көру керек. Профессор Галкина-Федоруктың айтуынша, бірдей дыбысталатын сөздерге синоним мағыналы сөздердің ешқандай қатысы болмайды. Мәселен, ат — есім, ат—жылқы; орысша ключ — есік ашатын кілт; ключ — бұлақ; коса — бұрым; коса — шалғы орақ; ағылшынша basе (бейз) -аласа; bаве (бейз) —базис т. б. Бұл сөздер бірдей дыбысталып тұр, бірақ бір-бірімен синоним емес.
Қазақ тілінде ат — жылқы, тұлпар —дөнен, бесті, құнан т. б. сөздермен стилистикалық, контекстік синоним болып келеді, ал ат — жылқы, ат—- есім, ат — мылтық ат деген етістік мағынада ешқандай синонимдік, ешқандай полисемиялық ортақтық, байланыс жоқ.
Құрамына қарай омонимдер екі түрлі — түбір омонимдер, туынды омонимдер болып келеді.
Түбір омонимдер — ешбір қосымшасыз (аффикссіз), негізінен, атау тұлғада қолданылатындар: қыз — зат есім (Ұлболсын — қыз); қыз — етістік (қыз, қызба, онда менің шаруам жоқ) жүз сан — есім (Жүз сом ақшаң болғанша, жүз жолдасың болсын); жүз — зат есім (түр-түс, бет-әлпет; Ақ тамақ, қызыл жүз); жүз — зат есім (ұстараның жүзі); бет-әлпет, түр-түс (өткірдің жүзі, кестені бізі, өрнегін сендей сала алмас) т. б.
Туынды омонимдер — белгілі бір түбірге аффикс қосылу арқылы жасалатындар: жастық — зат есім (жастыққа жантая кетті); жастық, — сын есім (қайран жастық шақ!); жаса етістік (Жаса, жаса, көкке — өрле, Асау тарпаң, тұлпарым); жаса — етістік; жасанды - зат есім (бұйым, зат, талшық); жасанды — сын есім (жасанды зат, адам); тартпа-тартпа, бөлме-бөлме, кеспе-кеспе т. б. әрі зат есім, әрі етістік; романист-романдар авторы; романист — роман филологиясының маманы; т. б.
Сырттай қарағанда, омонимдер тілдің лексикасын сан жағынан байытқан, көбейткен сияқты болып көрінеді. Шындығында, олай емес. Мәселен, ат деген сөз — мағынасы жағынан жеке-жеке сөз. Ал дыбысталуы жағынан олар бір-ақ сөз. Омонимдер тілдің лексикасын саны емес, мағынасы жағынан ұлғайтады, кеңейтеді, көбейтеді. Дәл осы тұрғыдан алғанда, омонимдердің жасалуында тілде экономия (үнемдеу) принципін сақтаушылық байқалады. Кейбір сөздер бірыңғай дыбысталады да, мағыналары сан алуан болып келе береді. Сондықтан, сырттай қарағанда, ондай сөздерді алфавит тәртібімен реестрге (сөздікке) түсіргенде, сөз саны көбейген болып шығады.
Омоним мен полисемияның бiр-бiрiне мағыналық қатынастары жақын. Омоним мен полисемияны бiр-бiрiнен ажыратуда мағыналарының арасында семантикалық байланыстың жойылуы немесе жоқтығы кейде өлшемi бола алмайды. Омоним сөздер төмендегi жолдармен жасалады.
1. Кейбір омонимдер сөз тудырудың лексика-семантикалық тәсілі арқылы пайда болады. Бұған бір себеп — белгілі бір сөздің көп мағыналы пайда болуы, тууы, яғни полисемия.
Дәлденкірей түссек, бір кездерде бірер ғана мағына білдірген сөз келе-келе сол мағынаны өрбіте, тармақтата түсуі мүмкін. Оған себеп — өмірдегі жаңалықтар, табиғат қыр-сырының ашыла түсуі, адамзаттың таным — білімінің, кеңейе түсуінің тілдегі көрінісі. Әдетте, тіл — халық өмірінің айнасы. Халықтың тұрмыс-жайы, әдет-ғұрпы, күллі мәдени өрлеу дәрежесі, қоғамның қарыштап алға басуы халық тарихына, ол халықтың тіліне із қалдырады.
Осы сияқты жәйттерге сәйкес, бір кездегі бір мағыналы сөз келе — келе бірнеше дербес мағынаға ие болып кетеді. Мұндай құбылысты полисемияның, бара — бара омонимге айналуы деп атайды.
Мысалдар: Ай — планета аты; ай — бір ай, жыл есебінің бір кезеңі. Қазір бұл —екі сөз. Бірақ бұлар — бұрынғы бірақ сөз. Мағыналары жақын, бірақ ол мағыналар сәл де болса бір-бірінен алшақтап, семантикалық — сапалық, мазмұндық жағынан сараланған.
Ай сөзі толып жатқан фразеологиялық, единица жасауға негіз болады: айдай әлем, айдай сұлу, айдай таза, айдан анық, айдай аузы, күндей көзі бар, айды аспанға бірақ шығарды, айдың бір жаңасы, айдың күні аманда, айдың қараңғысы, ай-күні жақындады, ай қабақ, алтын кірпік т. б.
Тамыр - өсімдіктің түбір тарамы (Жас қарағай тамыр жайып, Жапты қайта даланы.— (Сырб. Мәул.); қан жүретін жол; тамыр — дос, жар, көңілдес, сыбайлас (Жақсы көрер тамырдың атын алма, тайын ал; Сол поселкеде Семен деген тамырым бар еді); ауыспалы мағынада: себеп, түбір, негіз (Жасыбай елде істелген бірсыпыра жолсыздықтың тамырын ашты (Б. М.). Сонда бұрынғы бірер мағыналы тамыр сөзінен бірнеше жаңа — бір-бірінен азды-көпті айырмашылығы бар мағыналы сөздер, яғни полисемия пайда болған. Келе-келе олардың мағыналары алшақтап, жеке-жеке, дербес сөзге — омонимдерге айналған.
Тамыр сөзінің бір кезде көп мағыналы болғандығын мына тәрізді тұрақты тізбектер құрамында келуі де дәлелдей түседі: тамыр ұстады, тамырына балта шапты, түп тамырымен құртты, тамыр жайды (өсті), тамырын тартып көрді, тамыр тартқан тарықпас, тамыр болды, тамырымен құртып жіберді, тамырына, қан жүгірді, тамырын басып көрді, тамыры суалды (С.К.).
Осы сияқты, тең — буылған жүк (зат есім); тең - бірдей, қатар, құрбы-кұрбылас, замандас, үзеңгілес (сын есім); бір кездегі бірақ сөз; қазір полисемиялық мағынасы алшақтап, омонимге айналған екі сөз. «Тең» сөзінен теңбе — тең, теңдей, теңделу, теңдес, теңестіру, теңдесу, теңдік, теңелту, теңеу, теңселу, теңдік бермеді, теңеліп кетті, тең келмеді, тең көрді, тең құрбы, тең түсті, теңін ақтарды, теңін тапты т. б. сөздер мен сөз тіркестері жасалады.
Сөйтіп, ай, тамыр, тең сөздері — бұрынғы көп мағыналы, қазіргі омоним сөздер. Бұл мысалдар — омонимдердің сөз мағынасының лексика-семантикалық жақтан дами келе пайда болатынына дәлел.
2. Кейбір байырғы сөздер тілдің даму барысында белгілі бір фонетикалық өзгерістерге ұшырап, соның нәтижесінде бірер тілде бұрыннан бар екінші бір сөзбен бірдей дыбысталып, ақырында, омоним пайда болып кетеді. Мұндай кұбылысты дыбыстық өзгеріс-сәйкестіктер, алмасулар нәтижесінде пайда болған омонимдер деп атайды.
Қазақ тілінде алмасуға ұшыраған дыбыстардың бірі — ғ-г,-ш-с дауыссыздары. Мәселен, атқа салатын ер сөзінің ертеректегі дыбысталуы — егер; осыдан егерле, (қазақша; ертте), азербайжанша — иеһер; қырғызша — ээр, ұйғырша — егәр. Дәл осы форма (егер) Оңтүстік Қазақстан тұрғындары тілінде сақталған: олар кейде атты ертте деу орнына атты егерле деп айта береді.
Қазіргі қазақ тілінде егер — дің «г» дыбысы түсіп қалған да, сөз еер болу орнына ер болып ықшамдалған. Қазақпен туыстас қырғыз тілінде екі дауысты қатар (Алатоо) келе береді, ал казақ тілінде екі дауыстының бірі түсіп қалады; ЖаңА Арқа, Сары Арқа, қарай ма екен, ала ма екен (Жаңарқа, Сарарқа, қараймекен, аламекен т. б.)
Сол сияқты, біз— зат есім; біз — есімдік; екеуі — бір-бірімен омоним. Алғашқы, зат есім біз — дің бұрынғы дыбысталуы — бігіз; қазірде де ұйғырлар бігіз, бегіз түрінде айтады;. бігіз деу Оңтүстік Қазақстан тұрғындары тілінде де бар; әдеби тілде сөздегі г дыбысы түсіп қалып, есімдік біз — бен омонимдес болып шыққан. Сондай-ақ, зат есім мағынасындағы бас сөзіндегі с орнында кейбір туыстас тілдерде ш қолданылады; қазақ тілінде ш (баш, бош, гөш т. б.) с дыбысына айналып, етістікпен (бас) омонимдес болып шыққан. Сары, торы (сын есімдер), бу (зат есім) сөздерінің бастапқы дыбысталуында да ғ (сарығ, торығ, бұғ, буғ) болған көрінеді. (Қ. Аханов.)
3. Кейбір омонимдер сөз түбіріне аффикстер қосылу арқылы жасалған. Ондайлар, әдетте туынды омонимдер қатарына жатады; ондай омонимдердің жасалуына омонимдес аффикстер себепкер болады. Мысалдар: шық + ыс-шығыс әрі—зат есім, әрі етістік (ортақ етіс); жел-ік — желік— әрі зат есім, әрі етістік; қызық, жабық, қырсық, былық, ентік — әрі сын есім, әрі зат есім, әрі етістік омонимдер.
4. Бірсыпыра омонимдер кірме сөздердің тілдегі байырғы сөздермен бірдей дыбысталып келуі арқылы жасалған. Мәселен, орыстың волость сөзі казақша болыс (Болыс болдым, мінеки, бар малымды шығындап.— А.) болып өзгеріп, етістік болыс (көмектсе, жәрдемдес) сөзімен омоним болып шыққан.
Омонимдердің түрлері көп. Бірақ оларға қатысты терминдерде лннгвистика оқулықтарында ала-құлалықтар бар. Мәселен, К. Аханов лексикалық, лексика — грамматикалық, аралас омонимдер деп топтастырса, орыс тіліндегі оқулық авторларының бірі ондайларды — толық, жартылай, бірі—грамматикалық, бірі — омофондар, омографтар т. б. түрде атайды.
Тіл фактыларын ескере келгенде, біздіңше, омонимдердің негізгі түрлері мыналар: толық омонимдер, жартылай омонимдер (толық, жартылай ассимиляция т. б. деген терминдерді еске ала кетейік), фонетикалық омонимдер, орфографиялық омонимдер, көп компонентті омонимдер, омонимдерге қатысты лингвистикалық басқа да құбылыстар (паронимдер, каламбурлар).
1. Толық омонимдерге жататындар — дыбысталуы жағынан бірдей, мағыналары жағынан басқа-басқа, барлық тұлғада омоним болып келетін, біркелкі формаларда түрлене алатын сөздер. Мысалдар: тамақ — анатомиялық атау (Ақ тамақ, қызыл жүз; Қарағым, бетіңді аш!). Тамақ — ас, тағам, қорек (Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын); саз — сыз; саз — үн, әуен, бірдеменің нақысы; жаулық — кимешектің, бір түрі; жаулық — қастандық, дұшпандық (Жаулық салған басына жаулық қылма «қасыңа»); сыр — адамның ішкі ойы; сыр — бояу; жаса — өмір сүр; жаса — бірдемені істе; қыста — мекенді қоныс қыл; қыста — қысым көрсет, қыспаққа (жауапқа) ал; уат — иландыр, көндір (Айғаныс, Ілияс жанды уат); уат — ұсақта, майдала, бөлшекте (Айғаныс, қантты уат, Ғалияштың тісі өтпей отыр) т. б.
Бұл келтірілген мысалдардың алғашқылары — зат есімдер, кейінгілері, етістік омонимдер. Мұндайларға тән ерекшелік: зат есімдер — зат есімдердің күллі формаларымен, етістіктер етістікке тән барлық категориялармен бірдей түрленеді. Формалануы, түрленуі бірдей. Сондықтан мұндай сөздер әрқашанда бір-бірімен омоним болады да, толық омонимдер делінеді.
Бұған көз жеткізе түсу үшін, зат есім омонимдерді зат есімше, етістік сөздерден болған омонимдерді етістікке тән формалармен түрлендіріп көрсек, олар сол өз категориясына ғана тән көрсеткішті қабылдайды да, солайша түрленеді. Мысалдар: Аппақ қардай тамағың; тамағың ән салғанда, бүлкілдеген; Жаса, көкке өрле... Қайрат жаса, құрыштан!
2. Жартылай омонимдер — кейбір формаларда ғана бір-бірімен омоним болатын сөздер. Өйткені ондай омонимдер сыңарлары бір ғана сөз табынан жасалмайды, әр түрлі сөз табынан жасалуы мүмкін. Дәлдеңкірей түссек, ондай омонимдердің бір сыңары зат есім болса, екінші сыңары етістік болуы мүмкін. Мұндайда олар белгілі бір формада ғана бірдей дыбысталады, ал әр сөз табынан жасалғандықтан, түрленгенде, бір-бірімен омоним бола алмайды.
Мәселен, көш — зат есім; көш — етістік. Осы формада, атау түлғада бұл екеуі — бір-бірімен омоним. Қаратаудың басынан көш келеді. Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,— дегенде, көш сөзі мен көшкен сөзі бір-бірімен омоним болудан қалады.
Сондай-ақ той — зат есім; той — етістік; табыс — зат есім; табыс — етістік; желік, айтыс, қыс, ұста, көр дегендер — әрі зат есім, әрі етістік. Сол сияқты, құла, торы, қара, жирен, ірі, аш ауыр — әрі сын есім, әрі етістік, сен — жіктеу есімдігі; сен - етістік; жазық — әрі зат есім, әрі сын есім, тең — әрі зат есім; әрі сын есім. Мұндайлар — жоғарыда айтылғандай, атау тұлғада тұрғанда омоним болып, түрленгенде, омоним болудан қалатын сөздер: той тондынікі; тойда тойып алды (тойда, тойып); құла қасқа алда келе жатыр еді, омақаса құлады т. б.
3. Көп компонентті омонимдер — кейбір сыңары толық, кейбір сыңары жартылай омонимдер болып келетін сөздер. Орыс тіліндегі оқулық авторлары омонимдердің мұндай түрін жеке алып қарамайды. К. Аханов мұндайларды аралас омонимдер деп атайды. Шындығында, бұларды аралас деп те, көп компонентті деп те атауға болады: бірдей дыбысталатын бірнеше сөздің бірер қатары — толық омоним, бірер қатары ғана жартылай немесе барлық сыңары, түгел алғанда жартылай омоним болып келеді. Мәселен, жаз — зат есім, антонимі — күз; жаз — етістік (хат жаз); жаз — етістік, синонимі — емде (ауруды жаз — емде); жай — жасыл, найзағай (зат есім); жай — етістік (дастарқанды жай); жай — мекен, орын, тұрақ (зат есім); жай — ақырын, зорға, әсер, қараптан-қарап, бостан-бос (үстеу); жай — кеш (үстеу); жай келдің ғой; жақ — анатомиялық атау (зат есім); жақ — грамматикалық категория аты (I жақ, III жақ); жақ — ұна (етістік); жақ — жандыр (етістік).
4. Фонетикалық омонимдер (омофондар)—біркелкі айтылып, түрліше жазылатын, мағынасы мен сыртқы тұлғасы басқа-басқа болып келетін сөздер. Мәселен, асшы - ас даярлайтын адам (зат есім); ащы — сын есім, антонимі — тұщы; екеуі де бірдей— ашшы түрінде айтылады, бірақ жазылуы да, мағыналары да басқаша. Сондай-ақ, қара ала — сын есім; қарала — етістік, антонимі — ақта; қара ат — сын есім; қарат — көрсет (етістік); сары ала — сын есім; сарала — етістік т. б.
5. Орфографиялық омонимдер (омографтар) —біркелкі жазылып, екпіннің әр түрлі түсуіне байланысты түрліше айтылатын сөздер. Мысалдар: алма — зат есім; алма—болымсыз етістік; тартпа, кеспе, бөлме, салма — әрі зат есім; әрі етістік; Барса-келмес — жер аты {зат есім); барса, келмес — етістік; Ешкі өлмес — жер аты; ешкі өлмес — зат есім мен етістік тіркесінен жасалған анықтауыш; «Қалың мал» — роман аты; алдымызда қалың мал жатыр; бет алды — алдыңғы жағы, келе жатқан, бет түзеген жағы; бет алды— босқа, бекер т. б.
6. Паронимдер — дыбысталуы жағынан жақын, негізінен, бір түбірден өрбіген, бірақ мағынасы басқа-басқа сөздер. Дегенмен, кейде ондай сөздердің жазылуы да, мағынасы да біршама жақындап қалуы мүмкін. Паронимдер орыс тілінде: абонемент — белгілі бір жайда белгілі бір затпен белгілі бір уақытта пайдалану (мәселен, абонемент алып бер — билет алатын қағаз алып бер); абонент — сол қағаз, яғни абонемент иесі; идеалистік — идеализм принципке негізделген (бағыт); идеалды —белгілі, күшті, басым, алып түсетін; парламентарий — парламент мүшесі; парламентер — келіссөз жүргізуге өкілдік алған адам; эффективный — нәтижелі; тиімді; эффектный — көз тартарлық, қызықтырарлық; значение — значимость; оплатить — уплатить; осваить — усвоить; проблемный — проблематичный; проблематический; существо — сущность т. б.
Кейбір лингвистер орыс тіліндегі кампания — компания деген тәрізді омофондарды, экскаватор — эксковатор сияқты әр түрлі түбірлерден шыққанымен, дыбысталуы жағынан жақынырақ сөздерді де пароним қатарына қосады.
Қазақ тілінде өкімет — үкімет, ғылым — білім ілім, хал — ахуал, халық — халайық, үкім — өкім, суару — суғару, киіз — үй — киіз үй сияқты бастапқы бір түбірден өрбіген сөздерді де,сондай-ақ, Рабдолла — Абдолла — Әбділда, Ғали — Қали — Әли, Ғайша — Айша тәрізді ономаларды да паронимге жатқызуға болады.
7. Каламбур — француздың саіеmһоиг (сөз әзілі) дегеннен алынған термин. Ағылшынша бұл құбылысты рan (пан) деп атайды. Лингвистикада каламбур дегеніміз — не біркелкі дыбысталатын, не біркелкі жазылатын әр түрлі мағыналы ойнақы сөздер, сөз әзілі, сөз қалжыңы, сөз тіркестері. Каламбур тіл — тілдің бәрінде бар, әсіресе поэзияда көбірек ұшырасады. А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, В. Маяковский қазақ қаламгері
С. Торайғыров, Т. Жароков, X. Ерғалиев, әсіресе М. Әлімбаев т. б. ойды керкем де бейнелі түрде жеткізе түсу, күтпеген жерден дәлдей, айқындай кету мақсатымен толып жатқан каламбур жасаған.
Мысалдар: Аяғыңа қарамай, басып алдың қара май (Мәлім); Жадағай сөздің досы емен, Бұл жолы өтпей көшемен, Ауылға бардым,— қарсы алды, Былтырғы еккен жас емен (Т. Ж.) Дәмді аспен қарным тойса деген арман, Мұршам аз ой ойлауға онан арман; Қалқам, жаным, қарағым, Бетіңе келмес қарағым (Сұлтмах.); тағы сынды жан едік, тағы келдік тар жерге, Таңдансаң тағы болар ма?! (М. Ө.)
Каламбурда ойды астарлы түрде білдіру, тептіштей түсу, сүйкей салу, қалай ұқсаң, солай ұқ дегендей иек арта тастау мағынасы басым болады. Каламбур — ойды дәл тауып, әсем де келістіріп жеткізуге себепші құралдың бірі.
Қазақ тілінде каламбур кез келген сөз табынан, біркелкі айтылатын, жазылатын сөздерді басқа-басқа мағынада қолдану арқылы жасала береді. Мысалдар: «Қайрат» біздің етті қайрат, Ащы терін төкті «Қайрат», Сыннан сынбай өтті «Қайрат!» (Ә. Т.) Ауыр екен қап, әттең-ай, қап! Ескек ескен Есенгелді ағамыз, Асау Ертіс жағасында ағамыз (Мәлім).
Каламбур омонимнің барлық түрінен жасала береді: Қас батыр атты Жауына шапты. Біреуін атты, біреуін шапты. Қашқанын түйреп, Сасқанын сүйреп, Жыртқызып жерді, Ақыры жеңді (Мәлім).
Каламбур кейбір сөзді әр түрлі саққа жүгірту, сөз мағынасын әдейі саналы түрде бұрмалау, кейде орфоэпиялық нормасын әдейілеп бұзу, сөзге ойыны-шыны аралас мән беру, кейде сөзге өзінше, өзіндік, «жалған» этимология - түсінік беру тәсілдері арқылы да жасалады; өтірік өлеңдер де каламбур туғызуға себепші болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   190




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет