29. БАЙЛЫҚ. БАҚЫТ.АҚЫЛ.
Ерте заманда Байлық, Бақыт, Ақыл үшеуі кездесіп, адамға тигізетін пайдасы жайында таласып қалады. Алдымен Байлық сөйлейді:
-Менің арқамда ғана адамның малы бар, үйі дүние-мүлікке бай, ішіп-жемі мол болады.Сондықтан маған тең келер ештеңе жоқ, -деп мақтанады.
Сонда Бақыт былай дейді:
-Мен Бақпын. Кімнің қолында болсам, соның атақ-даңқын шығарамын, қолына билік беремін. Дұшпанын жеңдіремін.
-О, достарым, мен сендердің таластарыңа қосылмаймын. Үшеуміз тең тудық. Мен Ақылмын. Сондықтан бекер таласып, менменсіп сөйлегенді жақтырмаймын. Үшеуміз де адамға қажетпіз. Бірақ екеуің маған бағыныштысыңдар. Адам менсіз өмір сүре алмайды. Келіспесеңдер, Данышпаннан сұрайық. Сөйтіп, үшеуі Данышпанға келеді. Данышпан үшеуінің таласын тыңдап алады да:
-Өмірдің өзі сабақ. Ақыл барда ғана байлық та, бақыт та, тірлік те бар. Ақылдың еңбек деген сүйеніші, тіреуі бар. Сондықтан ақылды боп еңбек ете білген адам байлыққа да, бақытқа да жетіп, мәнді де сәнді өмір сүре алады, -дейді.
Достарыңызбен бөлісу: |