Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі м. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік


Қ.МЫРЗАҒАЛИЕВ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТТІ ОҚЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ



Pdf көрінісі
бет19/422
Дата30.01.2022
өлшемі8,45 Mb.
#116219
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   422
Байланысты:
Профессор Қ.Ж. Мырзағалиевтің педагогикалық мұрасы және заманауи білім беру жүйeсі

Қ.МЫРЗАҒАЛИЕВ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТТІ ОҚЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ 
 
Габдуллина З.Д., 
№48 ЖББОМ (Орал қаласы) 
    
Қазақ  әдебиетін  оқыту  әдістемесінің  де  басқа  ғылым  салалары  сияқты  өзіндік  қалыптасу 
тарихы бар. Сол тарихқа көз жүгірту кейінгі ұрпаққа парыз деп білеміз. 
Осы  мақаламызда  біз  жергілікті  ғалым  Қалимолла  Мырзағалиевтің  қазақ  әдебиетін  оқыту 
әдістемесіне қосқан үлесі туралы өз ойымызды ортаға салсақ дейміз. Әрине, бұл мәселе ғалымдар 
тарапынан айтылып жүр, десек те біз мектеп мұғалімі ретінде өз пікірімізді білдіргіміз келеді. 
Қалимолла  Мырзағалиевтің  қазақ  әдебиетін  оқыту  әдістемесінің  қалыптасуына  өз  үлесін 
қосқандығына оның кейінгі ұрпаққа жазып қалдырған еңбектері – куә. 
Ғалымның 1992 жылы «Мектепте әдебиет теориясы ұғымдарымен таныстыру» (мұғалімдерге 
арналған  көмекші  құрал)  атты  еңбегі  жарыққа  шықты  [1].  Бұл  еңбек  туралы  ғалым,  ұстаз 
С.Ғ.Шарабасов  төмендегіше  пікір  айтады:  «Шағын  дидактикалық  еңбектің  архитектоникасы  да 
күрделі.  «Кейіпкер,  композиция  және  сюжет  ұғымын  дамыту»,  «Әдеби  теориялық  ұғымдарды 
қалыптастыру,  жинақтау»,  «Жоғары  кластарда  әдебиет  теориясын  оқып-үйрену,  қалыптастыру, 
кеңейту»,  «Әдеби  теориялық  ұғымдарды  жинақтау,  жүйелеу,  қорытындылау»  қысқасы,  автор  өзі 
айтқандай, осы тараулар арқылы: «мұғалімнің оқыту тәжірибесіндегі ой жібере оқу, эвристикалық 
әңгіме жүргізу, зерттеу және репродуктивті әдістер мен оның әр түрлі амалдарын қолданудың бәрі 
де  көркем  шығарманы,  әдеби  теориялық  ұғымдарды  жете  меңгеруді  көздейді»  [2,  71  б.]. 
Қ.Мырзағалиевтің  жоғарыда  аталған  еңбегіне  айтылған  мәселе  бүгінгі  күні  де  өз  құндылығын 
жойған  жоқ.  Себебі  мектепте  әдебиет  пәні  бойынша  оқушыларға  әдеби  теориялық  ұғымдарды 
түсіндіруде осы еңбек көмекке келеді. 
Мектептегі әдебиет теориясынан берілетін білім көркем шығарма табиғатын танудың басты 
құралы,  кілті  болып  есептеледі.  Әр  сыныпта  әдебиет  теориясына  байланысты  ұғымдар  әр  түрлі 
деңгейде  оқытылады.  Әр  сыныпта,  әр  жанрда  әдеби-теориялық  ұғымдар  оқушының  жас 
ерекшелігіне сәйкес жекеден жалпыға қарай оқытылады. 
Оқушының  ортаңғы  сыныптарда  алған  әдеби  ұғымдары  жоғарғы  сыныптарда  жеке  ақын, 
жазушы  шығармаларының  әр  түрлі  көркемдік  қырларымен  танысуы  арқылы  тереңдей  түседі. 
Мәселен,  ортаңғы  сыныптарда  әдебиет  теориясынан  берілетін:  шығарманың  тақырыбы,  идеясы, 
композициясы,  сюжеті,  көркемдегіш  құралдары  мен  суреттеу  тәсілдері  сияқты  әдеби  ұғымдар 
жоғары  сыныптарда  тереңдетіле  оқытылады.  Поэзиялық  шығармаларды  оқытуда  өлең  сөздің 
құрылымдық элементтерінің (өлшем, ырғақ, ұйқас, шумақ) мән-мағынасын, негізгі ұғымдарын білуі 
және  оларды  практикалық  қолданыста  ажырата  алуы  сабақ  барысында  жүзеге  асырылатын 
құбылыс.  Шығарманың  мәнерлеп  оқытудың  барлық  элементтерін  (дауыс  ырғағы  мен  екпіні, 
олардың бірде жоғары, бірде бәсең болуы) білуін жаңа технологиялық әдіс үлгілерін басшылыққа 
алу арқылы үйрету. Біріншіден, мазмұндық-тақырыптық талдау, шығарманы тұтастай ала отырып, 
бөлім  бойынша  мазмұнын,  тақырыбын  таныта  отырып  талдау.  Екіншіден,  тілдік  эстетикалық 
талдауға  көңіл  бөлу.  Шығарманың  тілдік  ерекшелігін,  сөз  өрнегін,  суреттемелік  шеберлігін, 
көркемдігін,  сөздер  табиғатын,  стилдік  айырмашылықтарын  таныту.  Үшіншіден,  кейіпкерлік-
бейнелік  талдау.  Шығармадағы  кейіпкерлерге  талдау,  олардың  өзара  сабақтастығын  шығарма 
тақырыбы  мен  оқиға  желісіне  қатысын  айқындата  отырып,  ажырату  әрі  салыстыру.  Әдебиет 
теориясынан  берілетін  мәліметтер  мектеп  оқулығында  тиісті  әдеби  шығармалардың  тұсында  ғана 
беріліп  отырады.  Өтілетін  әдеби  шығарманың  тұсында  жанрына,  құрылысына,  оқиғасына, 
көркемдік  ерекшелігіне  қарай  әр  сыныптың  өз  көлемінде  тиісті  мәлімет  беріледі  де,  сыныбы 
жоғарылаған сайын ұсынылатын теориялық әдеби ұғымдар күрделене түседі. Ғалымның жоғарыда 
аталған еңбегінде мектепте әдеби теориялық ұғымдарды қалай меңгертуге болатындығы кеңінен сөз 


16 
 
етілген.  Қ.Мырзағалиев  жоғары  сыныптарда  көркем  шығармаларды  оқу,  талдау  жұмыстарымен 
бірге сол шығарманың жанрлық ерекшелігін аша дәлелдеу әдеби-теориялық білім беруді тереңдете 
түсетіндігін айтады. 
Көркем  шығарманы  оқып,  мазмұнын  біліп  қана  қою  оқушы  үшін  аздық  етеді.  Әдебиет 
әлемінің тұңғиығына бойлап, оның өнер ретіндегі сипатын зерделеп, көркем туындының мазмұны 
мен  пішініне  теориялық  талдау  жасай  білу  –  оқушы  үшін  өте  қажет  білім.  Көркем  шығарманы 
талдау оны оқудан басталады. Көркем туындыны толық оқымай, мазмұнын жетік меңгермей тұрып, 
оны  талдау  мүмкін  емес.  Әңгіме,  мысал  сияқты  шағын  жанрларды  талдау  (барлық  көркем 
компоненттерін  қосып)  роман,  эпопеяларға  қарағанда  әрі  қолайлы,  әрі  жеңіл  болады.  Әңгіме  мен 
мысалды талдауда мүғалімнің олардың көркем табиғатын таныту, барлық бітім-болмысын сөз етуге 
мүмкіндігі  мол.  Ал  роман,  эпопеяны  бағдарламада  көрсетілген  аздаған  сағаттарда  толық 
дәрежесінде талдау мүмкін емес. Сондықтан, әсіресе, осындай көлемді шығармаларды оқыту үшін, 
мұғалім  айрықша  еңбектенеді.  Ең  бастысы,  қандай  мәселелерге  көңіл  бөлу  керек,  талдаудың  қай 
түрі  тиімді,  қандай  әдіс-тәсілдер  нәтижелі  болмақ,  міне,  осы  мәселелерге  мұғалім  ерекше  назар 
аударады. Оқушылар роман, повестерді оқи отырып, автормен «кезігеді», онымен іштей сырласады, 
олар авторды да, оның туындыларын да өз пікірі, эмоциясы, дүниетанымы арқылы қабылдайды, ал 
мұғалімнің мақсаты - сол алғашқы, өзіндік қабылдауларды ғылыми негізге бағыттау, дұрыс бағыт-
бағдар  беру  болып  табылады.  Көлемді  шығармаларды  талдауда  да  мұғалім  көркем  мәтінмен 
жұмысқа ерекше ден қоюы керек. Әрі оны тұтастай қарастыруды ойластырғаны жөн (мазмұн мен 
форма  бірлігін  сақтай).  Эпикалық  шығармаларды  талдау  әр  буында  өзіндік  ерекшеліктерімен 
даралана  талданады  (сыныбы,  жасына  қарай).  Мысалы,  бастауыш  буында  (5-7)  сюжеті, 
композициясы,  кейіпкерлеріне  назар  аударылса,  8-9-сыныптарда  ол  тереңдей  түседі,  авторлық 
тұрғыға, оның негізінде жатқан проблематикаға көңіл бөлінеді, ал жоғары сыныптарда әдебиеттану 
ғылымының  басты  талаптарымен  талдау,  әдеби-теориялық  негізде  тереңірек  талдау  жүзеге  асуы 
тиіс. Олай болатын болса, оқушылардың әдеби-теориялық білімдерін шығарманы оқыту барысында 
қалыптастыру - оны оқытудың басты міндеттерінің бірі. Бұл турасында ғалым өз еңбегінде былайша 
ой  түйіндейді:  «Дидактикалық  қағидаттарға  сүйене  отырып,  көркем  мәтіннің  ішінен  бейнелілікке 
(образдылыққа)  қатысты  нақты  бір  детальдарды  алып  қарастырып,  одан  әдеби-теориялық 
ұғымдарды  анықтау  сабақ  үрдісінде  іске  асырылады.  Қандай  әдеби  ұғым  болмасын,  мәтіннің 
композициялық құрылысынан туындайды. Одан тыс тұратын әдеби-теориялық ұғым болмайды. Кең 
түрде  алып  қарасақ,  бұл  жұмыс  жалпы  әдебиет  теориясының  ғылыми  курсында  көркем  шығарма 
мен  оның  құрылысына,  яғни  композициясына  тән  үлкен  проблемаға  келіп  саяды.  Сондықтан  да 
көркем шығармадағы адам бейнесін (образдар жүйесі), шығарманың композициялық құрылысы мен 
сюжетінің  жасалу  сырларын  талдауға  кең  орын  беріледі.  Оқылатын  шығарманың  табиғатына  сай 
әдеби  кейіпкер,  кейіпкер  мінезі  мен  портреті,  сюжет,  композиция,  тақырып  және  идея,  бейнелі 
сөздер, жанрлық түр жайындағы теориялық ұғымдар кеңейтіле түседі» [1]. 
Оқу  құралының  тағы  бір  құнды  жағы  –  мұнда  жоғары  кластарда  әдебиет  теориясын  оқып-
үйрену,  қалыптастыру,  кеңейту  мәселесінің  арнайы  қарастырылуы.  Бұл  тақырыптың  мақсаты  – 
жоғары сынып оқушыларына әдебиет теориясы бойынша ұғымдарды түсіндіруде қандай мәселеге 
баса назар аударып, қандай әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану керектігінің арнайы сөз болуы. Аталған 
әдіс-тәсілдерді бүгінгі күні де әдебиет сабағында толықтай қолдануға болады. Оған тек мұғалімнің 
шеберлігіне  орай  жаңаша  оқыту  әдістерін  келтіруге  болады.  Оқушыға  әдеби  білім  беру,  әдеби, 
эстетикалық,  адамгершілік  қасиеттерін  дамыту  үшін  мұғалім  әдебиетті  оқыту  барысында  әдіс-
тәсілдерді  орнымен  қолдану  қажет.  Мұғалім  оқушыға  көркем  шығармаға  қатысты  өзінің  жеке 
пікірін  таңуды,  жаттанды  ойларды  айтқызуды  мақсат  тұтпауы  керек.  Әдебиетті,  оның  ішінде 
поэзиялық шығарманы оқытуда ең алдымен, шығарма туралы оқушы пікіріне, ойына ерекше көңіл 
бөлген жөн. Бұл пәннің басқа пәндерді оқытудан өзгешелігі де, күрделігі де осында. Өзге пәндерге 
қарағанда эмоция, әсер, шабыттану, қиялдау, армандау, еліктеу осы пәнде ерекше көрінеді. 
Ғалымның  жоғарыда  аталған  еңбегімен  таныса  отырып,  мынадай  ой  түйдік:  көркем 
әдебиеттегі  шеберлік  пен  үйлесімді  оқушыларға  терең  таныту  шығарманың  барлық 
компоненттеріне  теориялық  талдау  жасауға  негізделеді.  Онсыз  әдебиеттен  оқушыларға  терең  де 
сапалы білім беру мүмкін емес. Оқушылардың әдеби білімі олардың көркем шығарманы оқи және 
оған  сан  қырлы  талдау  жасай  білуінен  айқын  байқалады.  Әрбір  зерделі,  зейінді  оқушы  - 
әдебиетіміздің болашақ мәдени оқырманы. Ондай қабілеті қалыптасқан оқушы әдеби шығармаларға 
ой  жүгірте  алады,  өзінің  талғамын,  түйсік-сезімін  жеткізе  алады,  шығарманы  жан  жүрегімен, 
зердесімен қабылдайды. 
 Ғалым  Қ.Мырзағалиевтің  қазақ әдебиетін оқыту  әдістемесіне қосқан тағы  бір үлкен үлесі  – 
академик  С.Қирабаевпен  бірлесе  жазылған  жалпы  білім  беретін  мектептің  10-класына  арналған 


17 
 
«Қазақ  әдебиеті»  оқулығы.  Жергілікті  ғалымның  республика  көлеміне  тарайтын  оқулық  авторы 
болуы әдістеме ғылымындағы орнын одан сайын айқындай түседі. Қ.Мырзағалиев басқа да бірнеше 
әдебиетші ғалымдармен бірлесе отырып, жоғарыдағы оқулықтың хрестоматиясын да жазып шықты. 
Әдебиетші ғалым З.Ж.Мүтиевтің айтуынша Қалимолла Мырзағалиевтің «...Тәуелсіз еліміздің 
жаңарған  оқулығын  жазуда  да  қомақты  үлесі  бар.  Мәселен,  ХІХ  ғасырдың  ІІ  жартысы  мен  ХХ 
ғасыр  басындағы  қазақ  әдебиетінің  жүйесін  құрайтын  10-класс  оқулығының  «Шәкәрім 
Құдайбердіұлы», «Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеев», «Ахмет Байтұрсынов», «Міржақып Дулатов» 
тарауларын  профессор  Қ.Мырзағалиев  жазды.  Аталған  тарауларда  көп  жылдарға  созылған 
ақтаңдақтар  ақиқатын  ашып,  оны  оқушының  қабылдауына  лайықтап  жүйелеген.  Әсіресе,  бұрын-
соңды көп зерттеле қоймаған Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеев шығармашылығын танытуда автор 
жергілікті  мұрағат  материалдарына  үңіле  еңбек  етті.  Шәңгерей  мен  Ғұмар  Қараштың  рухани 
байланыстарын  терең  ашып  көрсетуге ұмтылды.  Ал  Міржақып  Дулатов  өмірі  мен  қайраткерлігін, 
журналистік, ағартушы-педагогтік  қырын оның  көсемсөз жанрындағы  еңбектері  арқылы  танытуға 
ден қойды» [3, 27 б.]. 
Қ.Мырзағалиевтің әдіскерлік  шеберлігі  көрінетін  тағы  бір  тұс  - 5-8 сынып оқулықтары  мен 
көмекші  әдістемелік  құралдарға  жазған  сын-пікірлері.  Ғалым  басқа  да  сыныптардың  әдебиет 
оқулықтары  мен  хрестоматияларының,  әдебиет  бағдарламалары  мен  әдістемелік  құралдарының 
ұдайы  назар  аударып,  өзіндік  сыни  пікірлерін  білдіріп  отырды.Әсіресе,  оқулықтардағы 
тапсырмалардың көпке байқала бермес кемшіліктер немесе хрестоматиялық нұсқалардағы орынсыз 
қысқартулар  мен  шұбалаңқы  оралымдарды  жіпке  тізгендей  көрсетіп,  ұтқыр  да  нақты  оймен 
дәлелдеп  бергенде,  оқулық  авторларының  өздері  уәж  айта  алмай  ғалым  білімінің  тереңдігіне  таң 
қалысатын  [3,  27  б.].  Бұл  ғалымның  мектептегі  әдебиет  пәнінің  оқытылу  жайына  бей-жай 
қарамағандығын көрсетеді. 
Ғалым-ұстаз Қ.Жұмағалиұлы көп жылдар бойына білімнің қара шаңырағы – БҚМУ- де еңбек 
етіп, қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің ғылым ретінде қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты. 
Осы университетте білім алған талай студенттің, яғни болашақ мамандардың қазақ әдебиетін оқыту 
әдістемесі бойынша мықты білім алуына тер төкті деп айта аламыз. 
Қалимолла  Мырзағалиевтің  әдістемелік  мұрасын  зерттеу  –  қазақ  әдебиетін  оқыту 
әдістемесіне  көптеген  соны  жаңалықтар  әкеліп,  осы  саланы  байыта  түсетініне  шек  келтірмейміз. 
Ғалымның барлық әдістемелік еңбектері қазақ әдебиеті әдістемесі ғылымының алтын қорына енеді 
деп сенеміз. 
Қ.Мырзағалиевтің  әдістемелік  мұраларын  қайта  бастырып  шығарып,  мұғалімдер  мен 
әдіскерлердің  ойына  қозғау  салу  қажет.  Мұғалімдер  қауымын  жергілікті  ғалымдар  еңбектерімен 
таныстыра отырып, олардың ұтымды ой-пікірлерін мектеп тәжірибесінде пайдалануларына жағдай 
жасаған дұрыс деп есептейміз. 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   422




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет