АДАМ ТІЛІ ТАС ЖАРАДЫ,
ТАС ЖАРМАСА БАС ЖАРАР
«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген жұтшылық болып, ел шұбырғанда, мал-
дың ішіндегі семізін бас салып сойып, жей берген екен. Сонда бір көк ала бие он бес ауылды
асырауға жарапты, бір мерген он бес ауылды асырауға жарапты. Биеден бір сауғанда, бір үлкен
көнек сүт шығады екен. Иесі «көз тиеді, тіл тиеді» деп, сайдан-сайға жасырып, байлап жүріп
сауады екен. Даладан сүтін сабаға толтырып артып алып келіп, үйге ашытып, рулы елге қымы-
зын жеткізеді екен. Бір күні бір сайда елден-жұрттан жасырып сауайын деп биенің бұтына
көнегін салып отырса, көз ұшында төрт кісі көрініпті. Келіп қалады-ау деп асығып сауа береді,
бие иіи береді. Қашан төрт кісі келіп жеткенше сауып бола алмапты. Төрт кісі келген соң,
амалсыз биенің бұтынан түрегеліп, бір қара тасты алып, «тіл болсаң, тасқа ти» деп, сүттің
ішіне тастай беріп, көнектің бетін жаба қойды. Төрт кісі сәлемдесіп, амандық айтысып болған
соң айтты:
– Мана көз ұшында біз көргеннен биенің бұтында отырып едің, сонан бері биеңді сауып
отырдың ба, жоқ жай отырдың ба? Біз соның жайын білейін деп жаныңа келіп едік, – депті.
– Биемнің жуырда иімейтұғын жаман мінезі бар еді, сол мінезі ұстап, күні бойы иімей,
жаңа ғана сіздердің алдыңызда зорға иіді, – дейді.
– Бәсе, солай ғой, онан басқа манадан бері сауып отырған болсаң, бір көл болып ағарлық
болды, – дейді жолаушылар. Кісілер былай кетісімен, сүтті сабасына құйса, көнектің түбіндегі
қара тас төрт бөлінген екен. «Адам тілі тас жарады, тас жармаса, бас жарар», – деген сонан
қалған екен. Егер ол тасты салмағанда, биеге кәдік* болады екен.
Достарыңызбен бөлісу: |