Графика. Орфография. Орфоэпия


Әдеби тілдің лексика-фразеологиялық нормалары



Pdf көрінісі
бет122/195
Дата08.02.2022
өлшемі2,09 Mb.
#124466
түріМонография
1   ...   118   119   120   121   122   123   124   125   ...   195
Байланысты:
Н.-Уәлиев-МОНОГРАФИЯ

Әдеби тілдің лексика-фразеологиялық нормалары.
Әдеби тіл 
нормаларының бұл түрі негізінен сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін тілдік 
мағынасына сай, фразеологизмдерді, мақал-мәтелдерді дұрыс және орынды 
қолдану дегенге саяды.
Лексикалық нормадан ауытқу көбіне сөздің мағынасын үстірт 
түсінуден, оған жете мән бермеуден туындап жатады. Тіпті күндегісін-күнде 
қолданып жүрген сөздің мағынасын жете аңғармай, сөзден «сүрініп» 
жататын жайт – әсіресе микрофон, телекамера алдындағы шешен 
публицистер үшін аса қолайсыз нәрсе. Солардың бірер мысалы мына тәрізді: 
шуақты жаз; дән сіңірді; сұр қой; жүз мың гектар жерге дән сіңірді; бозала 
таңнан боз қырауда қозы-лағын өріске өргізді
т.б. Сөз арасындағы осындай 
қате қолданыстардың кездесуі кездейсоқ тәрізді. Шын мәнінде бұл 
«кездейсоқтықтың» ар жағында тілге деген мән бермеушілік, немқұрайдылық 
жатыр. Сәл-пәл ой жіберіп көрейік: сөздің мағынасы біздің айналамыздағы 
болмыспен байланысты, бізді қоршаған ақиқат дүниені бейнелейді. Олай 
болса, шақырайған жаз айында шуақ болушы ма еді? Шуақ қысты күндері, 
ерте көктемнің алдында болады. Күнгей жерлерде ит орнындай жердің қары 
кетіп, қарая бастаған кезін 
ит шуақ
дейді. Ал, ерте көктемде, күнгей тұста 
есіктің алдындай алаңқай жердің қарая бастаған кездегі күннің болар-болмас 
жылуын кемпір 
шуақ,
беткейдің қары кетіп, күннің әжептеуір жылынып 
қалған кезін 
жайма шуақ
дейді.
Сіңір етістігі су сияқты немесе май, иіс-қоңыс тәрізді заттардың 
қасиетіне байланысты айтылады. Құм, топырақ, суды сіңіреді; май, иіс-
қоңысты сіңіріп алатын шүберек, мақта тәрізді заттар болады. Ал 
дән
дегенің 
жердің сіңіріп алатындай сұйық нәрсе емес. Бұлай деу сөз мағынасына, оның 
қисынына жасалған зорлықтай көрінеді. 
Объективті дүниедегі ақиқатқа жүгінсек, қой малын сөз танитын қазақ 
сұр деп айтпайды, қойда ондай түс жоқ, 
боз қой, ор қой, ақ қой, қара қой
деп 
аталатыны белгілі. Сондай-ақ боз қырауда қозы-лағын өргізді деу ақиқатпен 
үйлеспейді. Боз қырау қара күзде, қараша айында болады. Ол кездегі тіпті 
кенже туған бірер қозы, лақтың өзі тоқты, шыбыш, текешік деп аталады. 
Бұндай теріс қолданыстар, түптеп келгенде, автордың сөз мағынасының 
объективті дүниемен байланысынан бейхабар екенін көрсетеді. Тұрақты 
тіркестердің, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің, штамп, клише, 
стандарттардың өзіне тән нормасы бар. Бұлар бірнеше сөзден тұратын 
құрамы тұрақталған тілдік бірліктер, сондықтан мұндай дайын 
құрылымдардың құрамын беталды өзгерте беруге болмайды. Осындай тілдік 
бірліктердің құрамындағы сөздерді мақсатсыз өзгертудің қате болатынынан 
бейхабар сөйлеуші дайын үлгі, қалыптасқан құрамның «басын жарып», 
«көзін шығаруға» дейін барады. Мысалы: 
ат төбеліндей аз топ дегенді ат 
кекіліндей аз топ; жаңбыр бір жауса, терек екі жауады дегенді ағаш екі 


жауады; дүниенің кеңдігінен не пайда, өз етігің тар болса дегенді өз 
аяқкиімің тар болса; мен не деймін, қобызым не дейді 
дегенді 
домбырам не 
дейді
деп тіркестіріп орынсыз өзгертіп жатады. 
Қазақ тілінің лексика-фразеологиялық қорында штампқа, стандартқа 
айналған тұрақты тіркестер бар. Солардың бір алуаны 
домбыра тартты; 
домбырамен сүйемелдеді; ән айтты; қанат жайды; өріс алды; еңбек 
нәтижесінде; білімнің арқасында; өкінішке қарай; бір жақсысы; бір 
жаманы; бағымызға қарай; сорымызға қарай; етек алды; өркен жайды 
т.б. 
тәрізді 
стандарттар. Нормалаушы 
сөздіктерде 
(түсіндірме сөздік, 
фразеологиялық сөздік т.б.) тұрақты тіркестердің бұл түрлері осы нұсқада 
беріліп, мән-мағынасы көрсетілген. Ал тілдегі мән-мағынасы айқындалып, 
тұрпаты тұрақталған мұндай бірліктерді бұра тартып, бұза қолданушылық 
жиілеп бара жатқандығы байқалады. Мысалы: 
ән орындады, ән орындайтын 
(дұрысы ән салады, ән айтатын); домбырада ойнайды, күйсандықта 
ойнайды (дұрысы домбыра тартады, күйсандық тартады); маскүнемдік 
қанат жаюда, маскүнемдік өріс алды, нашақорлықтың арқасында, 
нәтижесінде
дегендер қате қолданыстың сөлекет түрі. Өйткені 
қанат жаю, 
өріс алу, нәтижесінде, арқасында дегендер 
жағымды мазмұндағы сөздермен 
тіркеседі, оларды жағымсыз мазмұндағы 
маскүнемдік, нашақорлық
тәрізділермен қосақтау сөзге жасалған қиянат. Ал 
нашақорлық етек алды, 
маскүнемдіктің салдары 
деп орнымен қолданғанның жөні бөлек. Өйткені 
салдары, етек алды
дегендер жағымсыз мазмұндағы сөздермен тіркесуге 
бейім. Абзалы, микрофон ұстағанда да, қалам ұстағанда да сөздің жағымды/ 
жағымсыз мағыналарына мән бергенді естен шығармау.
• Сонымен, жоғарыда біз сөз мағынасын, тұлға-қосымшаларын, 
сөздердің байланысу, сөйлем құрау; ауызша және жазба мәдениетін 
«дұрыстық» тұрғысынан сөз еттік. «Сөз дұрыстығы» жай ғана айтыла салған 
сөз емес, ғылыми ұғым немесе термин екенін байқадық. Сөйтіп, сөз 
дұрыстығы дегеніміз алдымен тіл бірліктерін жұртшылық мойындаған және 
жұртшылықтың бәріне міндетті деп танылған әдеби тілдің нормасына сай 
қолдану. «Сөз дұрыстығы» дегенде алдымен сүйенеріміз – әдеби тілдің 
нормасы.
• Жоғарыда біз әдеби тілдің қойнауынан тысқары жатқан, яғни әдеби 
нормаға жатпайтын элементтерге, олардың түр-түрін нақты мысалдармен 
атап көрсеттік.
• Сонымен қатар, біз әдеби тілдің өз қойнауындағы тілдік бірліктерге 
тоқталып, кейбір сөз қолданыстардың дұрыс-бұрысын әдеби тіл нормасына 
сүйене отырып, нақты мысалдармен және оларды фонетикалық, 
грамматикалық, лексика-фразеологиялық деңгейлер бойынша көрсеттік.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   118   119   120   121   122   123   124   125   ...   195




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет