* * *
Жабағы жүні түсіп, түлеген сары інген жетектеген салт атты
той жағалап жар салып, көгалды өзен жағасына барып тоқтады.
Сары інгеннің бұйдасын сәмбі талға шиелеп байлап болып, тағы
айқайлады:
– Анадан жаңа туғандай жалаңаш келіп тісімен шешіп алған
әйелдікі мына інген!
Бұрын-соңды мұндай бәйгені естімеген жұрт ауылдың қақ
маңдай алдындағы өзен бойына қарай ағыла бастады. Тіпті қаз-
қатар қазылған жерошақ басындағылар да қазандарын тастай
салып, ел құлағы естімеген қызыққа қарай ұмтылды. Жалбыз
арасына сүйретіп апарып сүйек кеміріп жатқан иттер анталаған
адамдардан сескеніп, жемтіктерін тастай қашты. Жалбыз
жапырылып, көкмайса тапталып, езілген дермене шөптің исі
аңқиды. Біреулер сойылған малдың қарнынан ақтарылған қан-
жынға тайып жығылып жатыр.
Халық қара-құрым болып жиылуын жиылғанмен, талапкер
табылмай, бәйге ұйымдастырушылар тығырыққа тіреліп
қалғандай кез. Екі өркеші майдан дір-дір еткен жардай сары
інген кімнің де болса құлқынын қытықтайды. Бірақ әбиірін
ашып, аймандай масқараға ашық шығуға ешкім бата алмайды.
Өзі бастаған жұмыстың жігі қашып тұрғанына ренжіп, пристав
тұнжырады. Бектенге салса, осы машақаттың керегі жоқ-ақ.
Бірақ бас құдасы Айбар мырзаны да желік қысқан екен, еліріп
алыпты.
– Әй, айт мына жұртқа! Жарамды бір ұрғашы шықпағаны ма
бұл елден! – деп жаршыны қыстады.
Жаршы тағы да қақсап, тілі мен жағын безеп бақты.
– Әй, сен шық, сен шық, – деп жас келіншектер, әзілдесіп
бірін-бірі итермелейді.
– Қараң қалсын, төбемнен төмен қарай алтын құйса да
бармаймын! Өзің шық, өлігіңді көрейін!
– Дүйім халық тұрмақ, менің тыр жалаңаш тәнімді өз күйеуім
де көрген емес, о несі!
– Сұмдық-ай! Мұны ойлап тапқан қайсысы?
– Байлық не істетпейді, бар не дегізбейді, жоқ не жегізбейді,
есірді ғой... Ендігі ермегіне осы қалыпты, – десіп күбір-күбір,
сыбыр-сыбыр гуледі.
Тергеуші мен Тұрар приставқа таяу тұрған.
– Адамды қорлап не керек? – деп қалды Тұрар пристав
естімесін деп жай ғана.
– Оның рас. – деді Семашко теріс айналып. – Эпостың жайы
бір басқа. Әр заманның өзінің салты бар.
Үлкен қызықтан дәмеленіп келген жұрт, енді әлдекім
алдағандай көңілі қалып, алды тарай бастап еді, біреу ащы
дауыспен айқай салып:
– Уа, Бектен, еркек шықса, мына мен шықсам, бересің бе
түйеңді? – деп саңқ-санқ етті.
Таяғымен алдын көлбеп, басы қалтандаңқырап ортаға қарай
бір шал шықты. Тұрар оның баяғы базардағы Жапарқұл дуана
екенін тани кетті.
– Жоқ болмайды! – деп жекірді пристав. – Қайт кейін. Тек қана
әйел шықсын!
Соқыр дуананы қызметші жігіттер итермелеп, көптің арасына
қайтадан сүңгітіп жіберді.
Бір уақытта қалың топтың бір шеті қасқыр тиген қойдай
дүрлігіп, шайқалып кетті.
– Ойбай, масқара, әне, әне! Шығатын болды!
– Жол бер! Жол бер! – десіп қалды.
Қалынды қақ жарып, алпамсадай алқам-салқам ақсары, нұрлы
жүзді, жүдеу киімді ұрғашы алаңқайға арсалаңдап шыға келді.
Тайтақай! Жұрт ду ете қалды. Әлгіде тарап бара жатқандар
қайтадан кері жүгірді. Арттағылар ештеңе көре алмай, алға қарай
кимелеп, баж-бұж басталды.
Айнала аласапыран жұртты қанша елемеген болып, тәуекелге
тастүйін бекінсе де, байғұс ұрғашы жамау-жамау сары ала,
көйлегін басынан асыра шеше бергенде, ақсары өңі өрт тигендей
лап етіп, қып-қызыл болып кетті. Көйлекті сыпырғанда алты
баланы асыраған алып ананың қос емшегі арық тайлақтың
жығылған өркешіндей салаң-салаң етті.
– Міне, қызық! – деп пристав алақанын шапаттады. Айбар
мырза кеңк-кеңк күлгенде жуан қарны селкілдеді.
«Апыр-ай, Тайтақай ғой! Байғұсқа «қой!» деп айтар ешкім
табылмағаны ма? Елдің есі шығып кеткені қалай?» – деп Тұрар
қысылды. Әлдекім дәл өзін жалаңаштап жатқандай жаны
алқымға келіп, шыдай алмай барады. – Мүмкін, бұл бейшараның
есі ауысты ма екен?! Мұның несі қызық, несі күлкі! Көпе-көрнеу
қорлау ғой бұл адам баласын! Ана жылы ауылына барғанымда
есі дұрыс еді ғой!!
Бұл ойын дауыстап тұрып айтайын деп бір оқталды да, пристав
пен Айбардың мәз болғанын, Бектеннің ешкінің құйрығындай
шыжбыңдап тұрғанын, тергеуші мырзаның сазарып қалғанын
аңғарып, біраз тосылды.
– Ойбай, мына масқарапаз кімнің қатыны?
– Әй, әлгі Маңырақ Тайлақтың Тайтақайы ғой, құдай ұрғыр.
– Көтек, дамбалын шеше бастады! Ойбу, сорлы-ай...
Осы бір у-шу, ию-қию дабыраны қоғадай жапырып, бір айқай
саңқ ете қалды.
– Тоқтат! – деді әлгі адам Тайтақайға ұмтыла беріп. – Өле
қалғыр, Тайтақай! Бұл не сұмдығың сорлы, елге күлкі, өсекке таң
болып?!
Тайтақай баж етіп оның бетінен алды:
– Немене, намысың келе ме? Намысшыл болсаң, менің аш-
жалаңаш отырған алты баламды асырап бер! А? Жалғыз атыңнан
басқа түгің жоқ. – Маған неңді бересің, а? Жардай түйе жерде
жатқан жоқ. Әбиірімді бір ашып, бір түйе тапсам, түгім де
кетпейді. Күлген ақымақ күле берсін!
Тайтақай басынан кір-кір орамалын алған жоқ. Оған әбиірін
ашқаннан гөрі, басын ашқан өлім сияқты.
Тайтақайға тоқтау айтып, топты жарып жалғыз шыққан азамат
Ақкөз екенін Тұрар ә дегенде-ақ аңғарып, суға батып тұншығып
бара жатқан жерінен қолы бір бұтаға ілінгендей қуанып кетті.
«Айналайын ағатай-ай, шын батыр екенсің ғой, асқардай азамат
екенсің ғой», – дей берді.
– Мына бүлікші кім тағы? – деді пристав кенет қаһарланып,
қасындағы урядникке:
– Тез қайтар! – деп бұйырды.
Қылышы салаңдаған қисық аяқ урядник Обров Ақкөзге жетіп
барып, жағасынан ала түсіп, жұдырығын мұрнына тақап, көзі
ақшаң-ақшаң етті.
– Қайт, оңбаған!
Шалғайын тістеген қанден ғұрлы көрмей, Ақкөз урядникті
иығынан бүре ұстап шиіріп кеп жіберіп еді, приставтың алдына
келіп тыраң ете құлады. Ақкөз приставқа енді өзі бетпе-бет келді:
– Ей, ұлық! Тоқтат мына сұмдықты. Адам баласы саған
маймыл емес күлкі қылатын! Бектен мырза, құс қондырып, келін
түсірген тойыңды масқарапазға айналдырайын деп пе едің?
Айбар құдаңнан мен ақыл күтпеймін. Сенін есің бар емес пе еді?
Бұл жақта жанжал жалындап жатқанда, Тайтақай түйенің
шиелеп байланған бұйдасын тісімен шеше алмай жанталасып
бақты.
Жерге бір аунап түскен урядник ұйпа-тұйпасы шығып, шашы
қобырап, шіңкілдеп, наганын қынабынан суырып алды.
– Тұтқында бұзықты! – деп бұйырды пристав.
Бір жақта жанжал, бір жақта жалаңаш әйелдің жанталасы.
Жұрт бір өрттің тұтанғалы тұрғанын сезіп, үрпиіңкіресіп қалды.
– Осының өзін жалаңаштап, арқасына дүре салыңдар, мына
халықтың көзінше! – деді пристав көмекке келген екі урядникке.
Үш урядниктің оқтаулы қаруларының ортасында қалған
Ақкөз ызадан жарылып кете жаздады. Мұны оттың ортасында
қалдырып, Тайтақай тілін алмай, райдан қайтпай, тісімен бұйда
жіпті шеше алмай құр сорлап ол тұр. Тісімен шешіп алмаса, түйе
жоқ. Мұншама арсыздыққа адамның барғанына түйе екеш түйе
шыдай алмай, бух! – деп пысқырып жібергенде Тайтақайдың
үсті-басына түйенің аузынан көбікті жын шашырап кетті.
Үш урядникті Ақкөз үш жаққа итеріп тастап, бой бермей-ақ
тұр еді, мас пристав өз наганын суырып алып, аспанға қарай тарс
еткізді.
Жұрт шу ете қалды. Байлаулы інген «бух!» – деп тапырақтап
қаша жөнелді. Сәмбі тал иілсе де сынбап еді, түйенің жібі үзіліп
кетті.
Мылтық дауысы шыққан соң Ақкөз урядниктерді ары-бері
лақтырғанын қойып, екі қолды солардың еркіне беріп, ендігі
қаруы тіл мен жаққа басты.
– Ей, ұлық, ол бейшара қатынның ауылының жерін тартып
алғаның аз ба? Қаңғыртып, қу тақыр жардың басына көшіріп
тастағаның аз ба? Ендігі істеген қорлығың мынау. Ол байғұстың
мұқтаждығын пайдаланып, өлімнен ұят қызыққа батқың келеді.
Бүйте берсең бір күні өзің жалаңаштанасың. Оны ойладың ба?
Дүние кезек деген. Көп асқанға – бір тосқан. Біліп қой сен де,
Бектен! Сен де Айбар!
– Дүре салыңдар итке! – деп ақырды пристав.
Урядниктер Ақкөздің қолын артына қайырып байлап,
желкесінен тұқырта басып шөкелетіп отырғызды да, көйлегін
басына қарай сыпырып жіберіп, қамшымен осып-осып
жібергенде ақ тәнге қызыл-қызыл жолақтар айқыш-айқұш түсе
бастады.
Халық күңіреніп кетті.
– Ойбай, бұл Ақкөз ғой. Арысымызды дүреге жыққызып
қойып қарап тұрамыз ба?
– «Тек жүрсең – тоқ жүресің» деген. Ұлыққа ұрынып несі бар?
– Оның тәніне тиген таяқ, біздің Ботбай, Қоралас тәніне түскен
таңба!
Осы кезде әлгі Тайтақай сорлы аптығып алқын-жұлқын
жүгіріп келіп, Ақкөздің қан-жоса болған арқасын алпамсадай
денесімен бүркеп жата кетті.
Урядниктер не істерге білмей аңтарылып қалып еді, пристав:
– Ол қаншықты да соғыңдар! Қарашы, дамбалын шешпей,
шартты бұзып, бізді алдамақ болғанын. Соғыңдар!
– Андрей Павлович, ара түсіңізші, құдай үшін,– деді Тұрар
көзінен жасы ыршып кетіп, шыдай алмай.
– Сокольский мырза, тым алыс кеттіңіз. Тоқтатыңыз! – деді
тергеуші сазарып тұрып.
– Араласпаңыз, тергеуші мырза. Бұл соттың ісі емес.
Бұзықтарды тәубасына келтіру менің ісім, – деп пристав айылын
жимады.
– Мырза, қателесесіз, қызмет бабыңыздың правосын асырып
тұрсыз. Бұл қылмыс. Ал қылмыс атаулының бәрі соттың ісі, –
деді тергеушінің жанындағы жас бала дауысы ызадан дірілдеп.
– Мынау қайдан шыққан күшік? – деп пристав түксие қалды.–
Кәне, кәне фамилияң кім? Мен сені көрген сияқтымын. Иә, иә,
мына тергеуші мырзаның кеңсесінде істейсің.
– Фамилиясы Қырғызбаев!
Дауыс шыққан жаққа Тұрар жалт қарап еді, Айбар әкесінің
тасасына тығылыңқырап тұрған Атамырза екен.
– Мына күшікті мен сіздің кеңсеңізден енді көрмейтін
болайын. Өйтпейді екенсіз, уезд начальнигіне мәлімдеуге мәжбүр
боламын, Семашко мырза.
Сокольский енді бұларды назарына ілмей, дүре соққан жаққа
бұрылды. Урядниктер Тайтақайды бір шетке сүйретіп тастап,
Ақкөзді қайтадан қамшымен осқылап жатыр екен. Арқасы қып-
қызыл етке айнала бастапты.
Адамдар аяусыз таптаған жасыл көктің жапырағы қанға
боялды. Дәл көз алдында өз әкесін сойылға жығып жатқандай,
Тұрардың жаны шыдамай, бір-ақ қарғып, урядниктің қолындағы
қамшыға сілеусіндей қатып жармасып қалды. Бұл баяғы базарда
теңіз шошқасына бал аштыратын пұшық урядник Обров еді.
Құр едіреңдегені болмаса, ішкіш неменің қауқары шамалы екен.
Балаға шамасы келіңкіремей, сасқанынан приставқа «мынау
қалай?» дегендей қолын жайды. Қамшы тыйылып қалғанда
Ақкөз қан жуған басын көтеріп еді, Тұрарға көзі түсті. Таныған
сияқты, ақырын ғана езу тартты.
– Апыр-ай, бұл елде де еркек кіндік бар екен-ау? Айналып
кетейін-ай, бұғанасы бекімеген бала едің, саған кесірім тиіп
кетпесін. Шатаспай-ақ қой. Екі дүниеде де ризамын! Құдай
тілеуіңді берсін, қарашығым!
Ә дегенде абыржып қалған урядниктер Тұрарды желкеден
бүріп ұстап, шеттетіп әкетті.
– Тимеңіз оған! Ол біздің жолдасымыз!– деп топ ішінен
Қабылбек пен Тұралы суырылып шықты.
– Қоя бер, әкеңді... өлеміз бе тегі! – деп қалыңның ішінен
әлдекім ышқынды.
Халықтың толқи бастағанын сезіп, Бектен болыс шыж-быж
болды. Тергеуші Семашко приставқа:
– Енді ойыннан өрт шығарайын демесеңіз, тоқтатыңыз.
Жабыңыз сахнаны. Тәуір-ақ спектакль көрсеттіңіз, – деді.
Шалдуардың болысы Шабдан бұл жерге мейман болса да, ес
білгендік танытып, приставқа:
– Осыны қойғанымыз жөн, мырза, – деді сыпайы ғана сөйлеп.
– Жарайды, қоя бер бұзықты, – деді пристав урядниктерге.
Сонан соң Семашкоға бұрылып:
– Сіздің ана күшігіңіз менің есімде болады, Семашко мырза.
Қойныңызға тығып жылытып жүргеніңіз жыланның баласы
болып жүрмесін. Тілі уға толғанда өзіңізді шағар. Сіздің
кеңсеңізде жұмыс істеуге лайықты бала, міне! Қайдағы бір
Киргизбаевты көмекші етіп қойғанша, текті мырза Айбардың
баласын неге алмайсыз қарамағыңызға, – деді Атамырзаны
меңзеп тұрып.
– Ау, халайық той болған соң, шеке қызбай тұрмайды. Жә,
бәрі ойын. Енді балуандар күресі бар, аламан бәйге бар. Аты
алдымен келгенге он тайлақ сыйлық дайын. Кәне, той-тамашаға
қараңыздар! – деп үкілі бөрік киіп, атқа мінген жаршы әлгі
сұмдықты жуып-шаймақ болды.
Бірақ тойдан береке кетті. Қырсық шалып, қымыран ірігендей
тұнжыр той қайтып қызыққа молыға қоймады.
Достарыңызбен бөлісу: |