202
Толған несепқуық қасаға симфизінен жоғарырақ, іш қуысының алдыңғы қабырғасымен
жанасқан. Еркектердің несепқуығының артқы қабырғасы тік ішекпен, шәует
қуықшасымен жанасса, түбі қуықасты безімен шектелген. Әйелдерде, қынаптың алдыңғы
қабырғасы және жатырмен, ал түбі несеп-жыныс көкетімен шектелген.
Несепқуықтың жоғарғы бөлігіне әйелдерде жатыр іргелес жатса, еркектерде – ішек
ілмектерімен шектескен. Толмаған несепқуық ішастарға ретроперитонеальды, толған –
мезоперитонеальды қатынаста болады. Несепқуықтың қабырғасының құрылысы
еркектермен әйелдерде бірдей. Ол сыртқы адвентициядан (tunica adventitia), ортаңғы
бұлшықеттік қабықтан (tunica muscularis) және ішкі шырышты қабықтан (tunica mucosa)
тұрады. Толған несепқуықтың қабырғасы жұқарып бар болғаны 2 мм-ді құрайды, ал бос
несепқуықтың қабырғасы қалыңдап (қабырғасының жиырылғанынан) 1,5 см-ге дейін
жетеді. Несепқуықтың түбінде, несепқуық үшбұрышы (trigonum vesicae) деп аталатын
анатомиялық түзіліс орналасқан, оның бұрыштары несепағарлардың тесіктерімен (ostium
ureteris) несеп шығаратын өзектің ішкі тесігімен (ostium uretrae internum) шектелген. Осы
аймақтың шырышты қабығы бұлшықеттік қабықпен тығыз бітісіп қатпарлар түзбейді
(себебі үшбұрыш ішінде шырышасты қабат болмайды)
Бұлшықеттік қабық үш қабаттан құралған. Соның циркулярлық қабаты несеп шығаратын
өзектің басталатын бөлігінде жақсы жетіліп несепқуықтың қысқышын түзеді.
Бұлшықеттік қабықтың негізгі қызметі несепті қуықтан несеп шығаратын өзек арқылы
қуып шығу. Несепқуық төменгі және жоғарғы қуықтық артериялармен қанмен қамтамасыз
етілсе, веналық ағым, ішкі мықын венасына құяды. Лимфа ағымы, аттас лимфа
түйіндеріне бағытталады. Несепқуық симпатикалық нервті төменгі құрсақасты өрімнен,
парасимпатикалықты ішкі ағзалық жамбас нервтерінен және сезімталды сегізкөз өрімінен
алады.
Достарыңызбен бөлісу: