МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ ТУҒАНЫНА 130 ЖЫЛ
Қоқан автономиясын Кеңес үкіметі қырғынға ұшы-
ратқан соң Мұстафа Шоқай бас сауғалап, Ферғана таула-
рын аралап, талай тағдырды бастан кешіріп, Ташкентке
жетіп, жасырынып жүріп, қиын қыстау кезеңде
болашақ
жары Мария Яковлевна Горинамен табысады. Алайда Таш-
кентте тұрақтауға мүмкіндік болмай, поезбен Мәскеуге
аттанады. Бірақ Орынбор бағытындағы темір жол соғысқа
байланысты жабық болып, бұлар Ақтөбеге жеткеннен кей-
ін түрлі көлікпен алдымен Орынборға, Самара арқылы
Уфаға, одан Екатеринбургке, Челябинскіге келеді. Кейін
қайта сапарға шығып, Грузия арқылы Түркияда болып,
Еуропаға жетеді.
1921 жылы Францияға, Париж қаласына келіп, баян
табады. Жат жердің жаңа қиыншылығына жолыққанымен
Мұстафа Шоқай бір сәт тыным таппайды. Қолынан қаламы
түспеді. Лонданға 5-6 рет барып, лауазымды орталарда
баяндамалар жасады. Европаның ортасында болып әлемге
танылды. Алайда 1940 жылғы 13-ші мамыр күні немістер
Парижге келгеннен кейін өмір күрделене түседі. Басқын-
шылар Мұстафа Шоқайға түркістандық тұтқындар алдын-
да радиодан сөз сөйлеу ұсынады, бірақ ол тұтқындармен
кездеспей мұндай қадамға бармайтынын түсіндіреді. Со-
нымен екі жарым ай лагерлерді аралап қайтатын болып,
пойызға отырғанда Мұстафа Шоқайдың басы ауырып,
ыстығы көтеріледі. Берлинге жетіп, «Виктория» ауруха-
насына түсіп, бір жеті жатқаннан соң 27 желтоқсанда сүзек
деген диагнозбен соңғы сапарға аттанады.
Осы кезге дейін күдік арқалаған осы жұмбақ өлім тең-
десі жоқ ауыр қайғыны ең бірінші Мария анамыз тартты.
Алайда тез ес жинап, алда атқарылар істерді қолға алады.
1942 жылдың 8 ақпанында Париж мешітінің «Дебасси» за-
лында Мұстафаның қырқын өткізіп, оған оның елу шақты
жақын достарын жинады. Онда Мемлекеттік Думаның
мүшесі болған, Грузия Ұлттық үкіметінің сыртқы істер
министрі А Чхенкели, Әзірбайжан Ұлттық үкіметінің
басшысы М.Е.Расулзаде сияқты марқұмның достары мен
әріптестері Мұстафа Шоқайдың күреске толы өмірі мен
қызметі туралы жылы лебіздер білдіреді. Әсіресе, Украина
Ұлттық үкіметінің сыртқы істер министрі болған Алек-
сандр Яковлевич Шульгиннің сөзін жиналған көпшілік
беріле тыңдайды. Ол «Тірілердің ішіндегі ең тірі жанның
өмірден өтті дегеніне еш сеңгің келмейді» деп бастап,
Мұстафа Шоқай Орта Азияның, барлық Түркістанның
нағыз көсемі болатын, егер тірі болса, Джавахарлар Неру,
Ататүрік сияқты қайраткер болар еді деген сөздермен
аяқтайды.
Осыдан кейін Мария
Шоқай жарынан қалған мол
тарихи мұраларды келесі ұрпаққа жеткізудің амалын
қолға алып, оларды сұрыптап,
арнайы қораптарға са-
лып мұрағатқа өткізеді. Сонан соң асықпай күрделі іске
кіріседі. Ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, естелік жазып, 75
жасында, 1963 жылы оның соңғы нүктесін қояды. Автор
«Оқырмандардың бұл шығарманың әдеби көркемдігіне
аса мән бермеуін өтінемін. Өйткені мен шығарма жазуға
қабілетсізбін» деп аса қарапайымдылық танытқанымен,
бұл Мұстафа Шоқай туралы тұңғыш әрі нақты мәлімет-
терге толы естелік кітап болып шықты. Міне, содан бері
мұстафатанудың басы болған бұл еңбекке ұлы тұлғаны
танығысы келген тарихшы не ғалым соқпай кете алмайды.
«Дүниеден қайтқан адамды еске алғанда оның өткен
өмірі, істеген әрекеттері көз алдыңа елестеп, жанды бейне-
ге айналатыны сондай» деп басталатын екі бөлімді бұл ең-
бек 1958 және 1963 жылдары орыс тіліндегі қолжазба күй-
інде Мұстафа Шоқайдың шәкірттері, профессор Әбдуақап
Оқтайға және оның жұбайы Саида Оқтайға жіберіледі.
Бұл Т. Шағатайдың аудармасымен 1972 жылы Мұстафа-
ның дүниеден өткеніне 30 жыл толуы қарсаңында Стам-
булда «Жұбайының аузынан Мұстафа Шоқайұлы» (166
бет.) деген атпен түрік тілінде жарық көреді. 1997 жылы
Стамбулда қазақ тілінде жарық көрген «Мұстафа Шоқай.
Мария Шоқай. Естеліктер» жинағының бірінші бөлімінде
Мұстафа Шоқайдың «1917 жыл естеліктерінен үзінділер»
атты шығармасы беріліп, екінші бөлімінде Мария Шоқай-
дың «Мұстафа Шоқай туралы естеліктері» орын алған
еді. Бұған бүкіл түрік жұртшылығына белгілі азаматтар
Тұран Язған мен Хасан Оралтай қамқор болады. Естелік
шағатай тіл жазуынан қазіргі қазақ тіліне Айтан Нүсіп-
ханның аудармасы бойынша алғаш 1999 жылғы Мұстафа
Шоқайдың таңдамалы шығармаларының екі томдық жи-
нағына «Менің Мұстафам» деген атпен енді. 2000 жылы
Стамбулда «Тұран» мәдениет қоры естелікті екінші рет
жеке кітап етіп бастырды.
Естелік Мұстафа Шоқайдың ата тегі, оның мектепке
баруы туралы мәліметтерден басталып, Ташкенттің ерлер
гимназиясындағы және Санкт Петербург Императорлық
университетіндегі оқуы, Ташкентте басталған қоғамдық
саяси белсенділіктің Ресей орталығында жалғаса түскені
толымды баяндалған. Мұстафаға «Сен ақ патшаға жақын
тұрасың, оған біздің тілектерімізді жеткіз. Петербургке
«мына мәселе былай болуы керек еді, былайша уәде беріл-
ген еді, бірақ олай болмады» деген мазмұндағы өтініш
хаттар жиі жолданып тұрған. Осындай арыз хаттармен ол
Ақмешітке де талай келген еді. Бұл кезеңнің ол үшін тағы
бір тағылымды жағы өз халқын азат ету басқа да түркі
тектес езілген халықтарды патша өкіметінің отаршылық
саясатына қарсы ұйыстырудың нәтижесінде ғана мүмкін
екендігі жөніндегі бұрынғы түсініктің тереңдей түскені еді.
Осы таным Мемлекеттік Думаның Мұсылман Фракция-
сы хатшылығына орналасқаннан кейін ерекше маңызды,
айрықша мәнге ие болады. Мұстафа Ресейдің езгісіндегі
Түркістан өңірінен тыс түркі халықтарын – Еділ, Қырым
татарларын, Кавказ халықтарын,
Орал башқұрттарын
біріктіру қажет деген түсінікке берік келеді. Кейін шетелде
жүрген кезінде де оның өз халқымен бірге өзге аймақтар-
дағы түркітектес халықтардың ортақ отарлық езгіден
құтылуын армандауы жайдан-жай емес еді. Сонымен Пе-
тербургтегі кезең Мұстафаның нағыз саяси университеті
болды. Ол саясаткер, саяси күрескер ретінде қалыптасты.
Мария Шоқай алғаш рет аты әлемге танылған тұлға-
ның рухани дүниесіне, табиғи жаратылысына терең зер
салады. Естелікте өте жұмсақ мінезді және нәзік жанды,
үлкен жүректі, терең сезімді қарапайым адамның сонау
Еуропаның ортасында жүріп елін сағынған сәттері де ше-
бер берілген. 1922 жылы екеуі Париждегі Трокадеродағы
этнография музейінде болғанда Мұстафа сондағы домбы-
раны қызметкерден сұрап алып, құлақ күйін келтіріп, әсем
қазақ күйін орындайды да аспапты орнына қояды. Жүзі
жабырқау тартып, жанары жасқа толады. Мария Шоқай
«Мен алғашқы және соңғы рет Мұстафаның көз жасын сол
кезде көріп едім» деп жазды. Болмаса естеліктегі «Үлкен
ағамның (Сыздық Ә.Б.) жесір әйелі әлі тірі. Ол қалай өмір
сүріп жатыр екен? Мені ең қатты ойландыратын мәсе-
ле де осы. Оларға бұл жерден көмек те бере алмаймын.
Мені кішілердің (інілердің) тағдыры ойландырады, бәлкім,
оларға көмектесетін ешкім болмағандықтан азып-тозып
кеткен шығар» деген жолдарды толғанбай, тебіренбей оқу
мүмкін емес. Бұлайша уайымдау, ойлау Мұстафа Шоқайдың
адами
болмысын, кісілік келбетін айқын танытады.
Мұстафа Шоқайдың өз Отаны мен халқын жанындай
жақсы көрумен бірге оның осал тұстарын ойлауы, келешегі
мен тыныштығы үшін еш аянбайтын жан ретіндегі бол-
мысы да өте сәтті шыққан. Ол әрдайым былай дейді екен:
«Біздің Түркістан үшін ең қорқыныштысы – халықтың бір-
лігінің болмауы. Өзіміздің әлсіз екенімізді мен білемін. Мен
халқымның тыныштығын және бірлігін қалаймын». Бұған
оның Мұстафа Кемалға таң қалып, оны биік санауы, Түр-
кістан үшін осындай реформашы болса деп тілеуі де, Түр-
кістанда Швейцария тәрізді мемлекеттік жүйенің болғанын
қалауы мен армандауы, халықтардың федерация ішіндегі
бауырластығына сүйенген саяси сенімі дәлел бола алады.
Сондай ақ Мұстафа: «Біз қазір оқымасақ, ешқашан тәуелсіз
бола алмаймыз, ол жолды бізге сырттан біреу әкеліп бермей-
ді, біз өзіміз бірте-бірте мемлекет органдарын қолға алып,
өзімізді өзіміз басқаруға тиіспіз» дейді екен. Өмірінің соңғы
сәттерінде де, 40-шы жылдарда, соғыс кезінде ол үнемі Түр-
кістанның большевиктерден құтылуын армандаған: «Алла
елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен
тек саяси үгіт ісімен айналысар едім. Жастар үкімет құрса,
мен елімнің тарихы және басқа өлке халықтары туралы
кітаптар жазумен шұғылданар едім. Адамдар бір-бірімен
араласуы керек. Халықтар өзара білім алмасып, бірін-бірі
терең танып және түсініп, жарасымды қатынас дәрежесі-
не көтерілсе, сонда ғана халықтар федерациясын құруға
жол ашылмақ». Бұл сөздер, бірінші, Мұстафа Шоқайдың өз
елінің болашағын, тәуелсіз болуын армандайтынын таныт-
са, екіншіден, оның терең білімді, өзі азаттығы үшін күрес-
кен Түркістанның тарихын да жақсы білетінін көрсетеді.
Естелікте Мұстафа Шоқайдың саясаткерлік қасиеттері-
не де шынайы сипаттама берілген. Автордың жазуынша,
Мұстафа көпшілікті басқару үшін саясат адамы тез шешімге
келе алатын, қатал мінезді болуы керек деп санаған. Ешқа-
шан өз мінезін түзеуден және оқудан жалықпаған. Сон-
дай ақ ол саясатта да намысқой әрі жанға жақын болуы
арқасында адамдардың жүрегіне жол табатын, сондай ақ
пікірталаста қызу қанды болған. Өз пікірін дәлелдеуде қар-
сыласының намысына тиюден аулақ бола отырып, өзінің
көзқарас көкжиегінің кеңдігінен ойын еркін жеткізеді екен.
Сондай ақ тар ауқымды ұлтшылдықтың дұшпаны, бүкіл
Түркістан ұлттарының бірігуі жолындағы күрескердің: "...
Біз барлық халықты құрметтеуге тиіспіз. Мемлекет үшін
бір халықтың өзге халықтан айырмасы жоқ. Географиялық
жағдайымыз да Ресеймен достық және бейбіт қатынастарда
болуымызды талап етеді. Жаман халық жоқ, жаман адамдар
бар; адамгершілігі мол мемлекет деген болмайды, адамгер-
шілігі мол адамдар болады" деуі де кемел ойлардың жарқын
көріністері болатын.
Мұстафа Шоқай түрлі саяси көзқарастағы адамдар-
ды және олармен пікір таластырғанды ұнатқан. Мұндай
жағдайда өте сабырлылық танытып, қарсыласының пікіріне
құрмет көрсетіп отырған. Сонымен қатар жарының ең үл-
кен кемшілігі оның сенгіштігі, осы тез иланғыштығының
кесірінен оның үлкен қиындықтарға да ұшыраған көрі-
неді. Мұстафа Шоқайдың адамдардың азғантай
да болса
адамгершілікке жатпайтын әрекеттеріне ренжіп қалатын-
дығы, алайда қателіктерді кешіре салатындығы, тез ұмы-
татыны, кейін есіне де алмайтыны оның ерекше қасиеттері
ретінде атап көрсетілген.
Мария Шоқай жарының бойында саяси менмендік
атымен жоқ, саяси интригандарды жаны сүймейтін, ал
жағымпаздық ол үшін өзін-өзі қорлаумен бірдей еді дейді.
Сондай ақ саясат адамы ретінде ол шен құмарлықтан аулақ
болған, бірақ өзі қаламаса да оны алдыңғы қатарда болуға
тағдыр мәжбүр етіп отырған. Мұстафа Шоқайдың адамды
жақсы танитыны, психологияға жетік болғаны, оның өз
мінезін түзеуден және оқудан ешқашан жалықпағаны да
байыпты жазылған.
Естеліктің тағы бір тағылымды жағы – фашистер ла-
геріндегі адам төзгісіз жағдайды басты кейіпкердің көз-
бен көруі, жүрегімен сезінуі. Жарына жазған бір хатында
Мұстафа: «Менен көмек сұрап, үміт күткен осы бақытсыз
бейшараларға ешқандай жәрдем жасай алмағаным үшін жан
азабын шегудемін. Мен оларға көмектесетінімді айтып сөз
бердім, алайда бұл әншейін оларды жұбату ғана. Қолымнан
ештеңе келмейтінін біле тұра жалған сөйлеп жүрмін. ...Кеше
35 адамды ату жазасынан құтқардым, бірақ та қаншаға дей-
ін екені белгісіз. Оларды бір шұңқырға
тізіп қойды, қазір
қазан айы, ал олар болса жаздық киімдерімен жартылай
жалаңаш, суықтан қорғану үшін, топырақтан пана жасау
үшін қолдарымен жер қазуда. Оларға итке тастаған сияқты,
нан тастайды, су атымен жоқ». Осыларды көргеннен кейін
Мұстафаның өлгенім артық деуі кімнің болса да, жүрегін
сыздатады, кешегі соғыста қайтқан әке-аталарының тағдырын
ойлатып жүдетеді. Ал Мария Шоқайдың «Әл дәрменім азай-
ған, көзім де дұрыс көрмейтін боп барады. Жаңадан көзілдірік
алуым керек. Дәрігерге барғым келмейді. Барудың қажеті
бола қояр ма екен. Қанша өмірім қалды дейсің?» деп аяқта-
латын естелік ешкімді де бейжай қалдыра қоймас. Мария
Шоқай арының алдында жауап бере отырып,
ешбір қоспасыз
алаш перзентінің адами болмысын қарапайым тілмен, ыстық
жүрекпен шебер суреттеп шыққан.
Мұстафа Шоқай 1918 жылдың сәуірінде Мария Яков-
левна Горинаға үйленгеннен кейін Ташкентке өзінен 15 жас
үлкен, ағасы Сыздық келеді. Әсілі үйде келіні болмаса керек.
Інісінің үстелі үстіндегі оның суретін көріп: «Әйелің ғой, ә?»
деп сұрайды. Інісі құптағаннан соң мақұлдағандай бас изеп,
бақыт тілейді. Қоштасарда інісіне бұрылып: «Сенің дұшпа-
ның көбейіп барады, құдай қаласа, әйелің саған нағыз дос
болар» деген еді. Мария Шоқай Мұстафаның басына түскен
талай тағдырлы тірлікте қасында болды. Ері күлсе қуанды,
уайымдаса қайғырды. Жары қайтқаннан кейін ол жиырма
сегіз жыл жалғыздықтың талай тағдырын басынан өткізіп,
алайда артына теңдесі жоқ мұра тастап, 1969 жылы бұл
пәни дүниеден бақилыққа «Мұстафам» деп аттанады.
Достарыңызбен бөлісу: