Халық ауыз әдебиеті арқылы баланың сөйлеуін дамытудың
педагогикалық-психологиялық мәні.
Мектепке дейінгі балалардың
сөйлеуін дамыту мәселесі ең негізгі талаптардың бірінен саналады. Қазақ
халық ауыз әдебиеті үлгілерінің барлығы дерлік балаға өмір танытарлық
қызмет атқарары сөзсіз. Айнала қоршаған ортаның қыр-сырын, сын-сипатын
танытып, таным әрекеттерін, яғни қиялын, ойлауын, еске сақтауын, тілін
дамытады. Баланы тәрбиелеу ісіне қажетті барлық мүмкіндіктер ауыз
әдебиеті үлгілерінен табылады. Сол арқылы бала халықтық шығармаларды
оқып-танысу барысында адамгершілік асыл қасиеттердің адамды арман-
мұратына жеткізетініне, ал жаман қылық, жат әрекеттердің зияны тиіп,
жаманшылыққа ұшырататынына көз жеткізеді.
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің
басты міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен
практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және
кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау», - дей
отырып, басым міндеттерінің бірі ретінде «жеке адамның шығармашылық,
рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір
салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай
жасау арқылы интеллектін байыту», - деп көрсеткен.
21
Ата-бабамыздың ұрпағына мұра еткен бар асылының қаншама ғасырлар
бойы өшпей, жалғасып келе жатқаны – тіл құдіреті мен танымының
тереңдігінің көрінісі. Адам баласының өз тіршілігінде көрген-білгенінен,
тоқып-түйгенін ойлап-толғап, қорытып, келешек ұрпағына мирас етіп
қалдыратыны – табиғи заңдылық. Мұндай дүниелер әр түрлі жолдармен де
берілетіні белгілі. Соның бірі – ата-бабамыздан қалған мәдени мұра –
халықтың ауыз әдебиеті. Әрбір халықтың ұрпағы өзінің ауыз әдебиетінің
мәнділігі мен маңыздылығынан, ойшылдығы мен қиялшылдығынан,
тапқырлығы мен шешендігінен, әсемдігі мен алғырлығынан, тәлім-тәрбиесі
мен үлгі-өнегесінен нәр алады. Халықтық шығармалар заман талабына сай
жаңарып, толығып отыратын бірден-бір жасампаз мұра.
Сан ғасырлар бойы ауыз әдебиетіндегі ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып
келген халықтық тәрбиенің өнеге-үлгілері осы уақытқа дейін өзінің
педагогикалық мүмкіндіктерінің мәні зор екендігін дәлелдеп келеді. Тұңғыш
рет ана тілінде оқулық жасаған көрнекті педагог Ыбырай Алтынсарин
алғашқы оқулығы – «Қазақ хрестоматиясына» балаларға жақын, өмірден
таныс әңгімелерді енгізді. Ы.Алтынсариннің көздеген мақсаты баланы
адамгершілікке, бауырмалдылыққа, еңбексүйгіштікке, әсемділікке тәрбиелеу
болды. Ы.Алтынсарин оқулыққа өзі жазған әңгімелері мен аудармаларды,
мысалдарды енгізумен қатар қазақ халық ауыз әдебиеті шығармаларына
айырықшы мән берген. «Қобыланды батыр» жырынан үзінді және «Қара
батыр» ертегісін, Жиренше шешен туралы әңгімелерін, мақал-мәтелдерді
ұсынуы педагог-ағартушының білімпаздығын көрсетеді. Ы.Алтынсариннің
еңбегіне балалар әдебиетін зерттеуші ғалым Ш.Ахметов былайша баға
берген: «Ыбырай Алтынсарин өзінің 1879 жылы бастырып шығарған
«Киргизская хрестоматия» деген кітабына «Қобыланды батыр» жырынан
Тайбурылдың шабысы туралы үзіндіні тектен-тек енгізбеген. Бұл
«Қобыланды батыр» жырының баспа бетінде бірінші рет көрінуі еді. Бұдан
ұлы ағартушының көшпелі қазақ ауылы баласының ұғымына жеңіл тиетін,
кәсібіне, мал шаруашылығына байланысы бар, өздеріне таныс жайларға
көңіл бөлгендігі байқалады». Бұл пікір «Ы.Алтынсаринді қазақ балалар
әдебиетінің атасы» деген ойдың орындылығын бекіте түседі.
Ахмет Байтұрсынов – бастауыш мектепте оқыту мен қазақша сауат ашу
мәселесін көтерген ірі ғалым. Әдістеме мәселелері бойынша «Баяншы»
(Қазан, 1920 ж.); «Тіл жұмсар» (Қызылорда, 1928 ж.), «Қай әдіс жақсы»
(Мақала. «Жаңа мектеп», 1927 ж., N11-12) және т.б. құнды еңбектер жазды.
Педагог-ғалым А.Байтұрсынов қазақ халық ауыз әдебиетінің оқыту
процесіндегі құндылығын жоғары бағалағандығын «Қырық мысал», «Ер
сайын», «23 жоқтау», «Әдебиет танытқыш» деп аталатын еңбектерінен білуге
болады. «Әдебиет танытқыш» (1926 ж.) атты еңбегінде қазақ ауыз әдебиетін
жұмсалатын орнына қарай екі салаға бөліп, оларды төмендегіше сипаттап
берген: 1) Сауықтама 2) Сарындама 3) Сауықтама саласына барша сауық
үшін айтылатын сөздерді жатқызса, сарындама саласына жұрттағы келе
жатқан салт сарынымен айтылатын сөздер кіреді деген. Сауықтама іштей
22
ермектеме, зауықтама тарауларынан тұрады. Ермектеме (ермек сөз) деп
ермек үшін сөйлейтін сөздер айтылады. Мәселен: ертегі, ертегі-сымақ, аңыз
әңгіме, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, бас қатырғыш сияқты сөздер.
Сондай-ақ, осы еңбекте халық ауыз әдебиеті үлгілері ертегі, өтірік өлең,
жұмбақ, жаңылтпаш, мақал, мәтел, жарапазан, баталарға арнайы тоқталып,
олардың ерекшелігі, мән-мағынасы туралы түсінік беріп өтеді. Ғалымның
ауыз әдебиеті үлгілерінің әрқайсысына берген анықтамалары мен олардың
тәрбиелік сипаты жөніндегі тұжырымдары халықтық шығармаларды
оқытудың педагогикалық негіздерін айқындаудың бастамасы деп санауға
болады. Өйткені ол өзінің «Оқу құралында» (1912 ж.) «Жаңылтпаш»,
«Жұмбақ», «Мақалдар», «Өтірік өлеңдер» деп осы еңбектерді жеке-жеке
тақырып ретінде ұсынған. Ал, «Әліп-би» (1928 ж.) оқулығында жаңылтпаш,
жұмбақ, мақал-мәтелдерді әрбір тақырыптың мазмұнына сай енгізіп, олармен
жұмыс жүргізуге әр түрлі тапсырмалар берген.
Қазақтың психолог-ғалымдары М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Қ.Жарықбаев,
Ә.Алдамұратов және т.б. қазақ халық ауыз әдебиетінің мән-маңызын
педагогикалық-психологиялық тұрғысынан қарастырған.
Қазақтың зиялы азаматы Мағжан Жұмабаев «Педагогика» атты еңбегінде
қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерінің баланың психологиясына тигізер әсер-
ықпалына терең мән береді. Қазақтың бесік жырының баланың есту сезіміне,
ертегілердің ақыл-ойына, мінез-құлқына, тілін, қиялын дамытуға тигізетін
әсерін дәйектеп көрсеткен. Мысалы ертегінің бала дамуындағы маңызы
туралы былай дейді: «Жан тұрмысы өркендеу үшін, яғни ойы, ақылы
кеңейіп, құлқы түзеліп, тілі баю үшін жас балаға ертегі тым қымбат нәрсе.
Мысалы, балаға өтірік айтпа деген құрғақ сөзің желге айтқанмен бірдей, Егер
сен балаға өтірікші туралы ертегі айтсаң, сол ертегіде өтірікшінің өтірігінен
қор болғанын, зиян көргенін суреттеп алып келсең, міне, бала өтірік айтпау
керек екендігін сонда ұғады». Ғалымның бұл педагогикалық түйіндеулері
оның бастауыш мектептегі баланың психологиялық ерекшеліктерін дәл
анықтай алғанын дәлелдейді. Себебі бұл жастағы балалар білуге
құштарлығымен, әсершілдігімен ерекшеленеді. Сондықтан оларды сендіре
отырып оқытудың жолдарын табу ұтымды болатыны ескерілген. Екінші
жағынан, бастауыш мектеп баласы тез жалыққыш. Педагог-ғалым олардың
бұл ерекшелігін де ескереді. Оларды жетелеп отыруда шағын жанрларды
араластыра қолданудың тиімділігіне баса назар аударады.
Жүсіпбек Аймауытұлы да «Психология» атты еңбегінде қиялды
дамытудағы ауыз әдебиеті шығармаларының маңыздылығына басым көңіл
аударған. Ол қиялдың құрастыру қызметі туралы: «...ойдағы нәрселерді
құрастырамыз. Әрі адам, әрі кісі жандықтар туғызамыз. Сөйлеуші жануар,
алтын балық, алтын алма, сүт өзен, кәусар көл, аққу-пері қызы, жалғыз көзді
жалмауыз, жалғыз аяқ сұмырай, тажал жасаймыз. Мұндай құрастыру
көбінесе ертегіде, дін кітаптарында ұшырайды», - деген.
Психолог Қ.Жарықбаев «Қазақ психологиясының тарихы» еңбегінде
«Мақал-мәтелдерде қай халықтың болмасын ішкі психологиялық түсінігі
23
болады, оларда қазіргі жалпы психологиялық жас ерекшелік, медицина,
музыка, спорт, қоғамдық психология деректерімен астарлас нақты іс-
тәжірибеге негізделген қызықты идеялар топтасқаны хақ...» - дей келе,
мақал-мәтелдерді психологиялық тақырыптарға топтастырып көрсеткен.
Сондай-ақ, ғалым «Психология» атты еңбегінде жаңылтпаштардың
балалардың сөйлеуінің дамуы және оны тәрбиелеуге тигізетін пайдасы
туралы былай дейді: «Бала тілінің кемістігін түзетудің жолдары, тіпті,
фольклорда да мол. Соның бірі – жаңылтпаштар. Мұны тілдің қайрағы деу
өте орынды. Мәселен «р», «қ» дыбыстарын дұрыс айта алмайтын бірінші
класс оқушыларын «Ай, Тайқарбай, малыңды ақ шағылға жай, Тайқарбай,
Ай, Тайқарбай дегенім, қай Тайқарбай деген сөйлемдегі «Тайқарбай» сөзін
жылдам айтқызып үйретсе, (егер бала қате айтатын болса, бірнеше рет
қайталаттырса), бұрынғысынан гөрі анық сөйлеуге машықтанатын болады,
сайып келгенде, баланың сөздік қорын қорландыруға да себін тигізеді».
Баланың дұрыс сөйлеу дағдыларын дамытуда ғалымның бұл ойлары
ескеріліп отырды.
Психолог Ә.Алдамұратов оқыту процесінде сөйлеудің дамуына қазақ
халық ауыз әдебиеті үлгілерінің тигізетін әсері жөнінде: «Қазақ этносы
баланың тілін дамытуға айырықша мән беріп, оны бесік жырымен
сусындатқан, бала кезіне-ақ оған қысқа-қысқа өлең-жыр, жұмбақ пен тақпақ,
жаңылтпаш пен ән үйретіп, оның ақыл-ойын, пайымын, сөйлеу мәнерін
өрістетуге тырысқан», - деп айтқаны жоғарыдағы психолог-ғалымдардың
ойларымен үндесіп жатыр.
Ғалымдар Қ.Жарықбаев, С.Қалиевтың авторлық бірлестікте жазған «Қазақ
тәлім-тәрбиесі» деп аталатын еңбектерінде халық ауыз әдебиетінің тәрбие
саласындағы маңызын ғылыми тұрғыдан сипаттай келе, халықтық
шығармалардың тәрбие негіздерін дамытудағы мәнін төмендегідей ашып
көрсеткен: «...мақал-мәтелдерде адамгершілік, имандылық тәрбиесіне
байланысты әдет-ғұрыптар насихатталса, жұмбақтар мен айтыстарда – ақыл-
ой тәрбиесі, өлең, жыр-дастандарда әсемдік (эстетикалық) тәрбиесінің негізгі
принциптері, ал ертегілер халықтық тәрбиенің сан алуан мәселелерін
қозғайтын тәлімдік материал ретінде пайдаланылған. Демек, халықтық
педагогика – тәлім-тәрбиелік ой-пікірдің ілкі бастауы, халықтың рухани
мұрасы».
Қазіргі кезде біздік қоғамымыздың ілгерілеу процесіндегі адам факторын
және оны жандандыру, ел өмірінің барлық жақтарын жаңарту жағдайында
адамгершілік тәрбиесінің мәні мен оның проблемалары күрделендіріп
отырады.
Қазақстан Республикасының Конституциясында Қазақстан халқының
дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі екендігін адам құқығы мен
бостандығын танитындығы, демократиялық қоғам мен құқықты мемлекет
құруға бекем бел байлағандығын азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді
қамтамасыз ететіндігі көрсетілген.
24
Қоғамның тарихи даму тәжірибесінің проблемалары үнемі жаңа адам
тәрбиелеу міндеттерімен байланысты болып келгенін дәлелдейді. Соның
ішінде философия ғылымы адамгершілік тәрбиесін ең негізгі проблема деп
қарастырды. Ал, жалпы педагогика мен психология адамгершілік тәрбиесі
теориясын жеке адам және қоғам туралы ғылымдардан бөліп қарамайды,
оның ажырамас бөлігі деп есептейді. Ол әр уақытта да философия,
социология, психология мен физиологияның табыстарына сүйенеді.
Ғылыми диалектиканың дүниетанымы ілімі адамгершілік теориясы мен
практикасының методологиялық негізі болып есептелінеді. Дүниені ғылыми
танып білу табиғаттың біртұтастығы, табиғат пен қоғам құбылыстарының
өзара байланысы және олардың даму заңдарының бір-бірімен сабақтастығын
ғылымаралық байланыс білдіреді.
Халық педагогиканың әр түрлі жақтарын сөз еткенімізде, алдымен дене
тәрбиесін бірінші орынға қоюдың өзіндік себеп, дәлелдері бар. Өйткені адам
баласы алғаш дүниеге келген күннен бастап дене тәрбиесі қолға алынады,
содан кейін біртіндеп еңбекке, ойынға үйрету тәрбиесі жүргізіледі. Ақыл-ой
сол еңбектің нәтижесінде қалыптасып дамиды. Ал адамгершілік тәрбиесі
баланың сана-сезімі оянған кезде жүргізілетін тәрбиенің жиынтығы іспеттес.
Адамның жеке басының қалыптасып, саналы еңбек ететін азамат болып
өсуі үшін жан тәрбиесі мен тән тәрбиесі қатар қажет. Жан тәрбиесінің өзі тән
тәрбиесінен туындайтын процесс. Осыны екі ауыз сөзбен топшылаған ата-
бабамыз «тәні саудың – жаны сау» деп қоғамдағы рухани байлықты игеру
үшін тән тәрбиесінің дұрыс болуын қалаған.
Достарыңызбен бөлісу: |