124
көз жеткізу сияқты терең толғаныстар замананың
астан-кестен, аласапыран жайымен астасып жатады
[1].
Ақынның діни таным ұстанымының алғашқы
баспалдағы – медреседен білім алуы. Мағжан
бала кезінде ел ішінде есейген соң, шетке барып,
Үпідегі татар медресесі «Ғалияда» оқыды. Медресе
«Ғалияның» оқытушылары Мысырдан,
Стамбулдан
оқып шыққан татар зиялылары болған. Ұлтшылдық,
түрікшілдік, қала берсе исламшылдық туын көтеріп,
медресе «Ғалия» өз заманында қазақ, татар, башқұрт
сияқты уақ ұлттардың жасына недәуір сенім кіргізді.
Россия қол астындағы түрік баласын оятып, жауыз
патшаның арамза саясатына қарсы тұрғызбақ болды.
Патшаның отаршылдық, озбырлық саясаты кімнің
болса да, арқасына аяздай батты. Қазақтың жерін
тілгілеп, келімсек мұжықтарға аударып әпере баста-
ды, тілін бұзуға, дінін бұзуға ауылнай, школ, мисси-
онерлер тартты, әдет-ғұрпын, салт-санасын өзгертіп,
орысқа бас игізуге жаңа закон, мировой судья, кре-
стьянский начальниктер шығарды. Қазақтың бұрынғы
елдегі берекесі кетті,
партияға кіруге, азуға, тозуға
айналды: ұлыққа жағынып, шен алуға, кектескен жа-
уын мұқатуға ел билеген жуандардың аяған құралы
болған жоқ. 1905 жылы өзгерістен былай қазақтың
қамын ойлаймын деген азаматтар ұлт мұңын сөйлеп,
ұлт мәселесін қолға ала бастады. Қазақ баласын оқуға
беруі көбейді. Қазақ баспасөзі газет-журналдары
шыға бастады. Қазақтың жақсы боламын деген жасы
ұлтшылдық сезіміне жабысуға айналды. Міне, сол
жастың біріне Мағжан да қосылды [2].
Екіншіден, ақын күллі пайғамбарлардың қызықты
өмірлерін жатқа білуі де бір дәлел деп айтсақ артық
етпес. Оның себебі, Мағжан өлең жазумен тым
кішкентай күнінен шұғылданды. Өйткені әкесі Бекен
ақ пен қараны айыра білетін адам еді. Сондықтан да
ол өз балаларын замана перзенті ету мақсатымен үйіне
кітапты көп жиятын. Сол кездегі Қазаннан, Орынбор-
дан, Ташкенттен шығатын газет-журналдардың бір де
бірін қалдырмай үйіндегі шағын кітапхананың қорын
молайтумен болған адам. Оның үстіне Әшірбек атты
ірі оқымысты, әрі іскер қазақтың үйінде дүниеге кел-
ген Мағжанның шешесі Гүлсім бәйбіше сол кездегі
бірінің артынан бірі шығып жатқан қазақтың әдеби
кітаптарының үлкен қамқоршысы болатын. Сол
кітаптарды ұқыпты ұстап, жыртқызбай, ешкімге
ұрлатпай ересек балаларының қолына беріп оқытатын
да, ал хат танымайтын кішкентай балаларына өзі
оқып мазмұнын ертек етіп айтып отыратын. Мыса-
лы, «Қиссасы Ұль-Әмбия» («Библия») атты кітапты
Мағжанның жеті жасында түгелдей оқып шығып,
күллі пайғамбардың қызықты өмірлерін түгелдей жат-
тап алған [3].
Үшіншіден,
ақынның
діни
білімінің
шығармаларынан көрініс табуы мысал бола алады.
Мағжанның әр өлеңінен
Жаратушысына деген ма-
хаббат пен сенімнің, тәуекелдің көрініс табуы 10-12
жыл бойы үздіксіз алған діни білімнің әсері, соның
бойына әбден сіңгендігінен болар. Қазақта «Абай –
ақылдың ақыны, Мағжан – ақынның ақыны»
деген
сөз бар. Ал академик-жазушы Зейнолла Қабдолов
оған: «Қазақ өлеңінің Абайдан кейінгі алыптарының,
айтулы алтын діңгектерінің бірі ғана емес, бірегейі –
Мағжан Жұмабаев» деп баға береді. Міне, сол Мағжан
Кеңес үкіметі тұсында «ескішіл», «діншіл» деп ай-
ыпталды. Олай айыпталуы да заңды да. Ақын қандай
қиындық көрсе де, «тар жол, тайғақ кешуден» өтсе де
өлеңдерінде Алладан үмітін үзбейді, бар керегін Жара-
тушысынан сұрайды: «Айға» атты мына бір өлеңінде:
Ант етіп айырылмасқа бірігейік,
Ас-сусыз, мың бейнетпен жол шегейік
Тыңдайтын бар ғой тілек әділ Алла,
Көл қылып, қан аралас жас төгейік, - деп Алла
тағаланың әділдігін жырға қосады.
Міржақып Дулатовқа арнаған «Жауға түскен жанға»
өлеңінде:
Мейірімі кең күшті Ием,
Сорлы жұртты оң баста.
Дұшпан-құлаш, біз-сүйем,
Рақмет ұшқынын таста!
Көбейсін елде қайратты ер,
Жұрт үшін болсын қара тер.
Сорлы жұртты бастасын
Жасаған, соған көмек бер! - деп бар жан-тәнімен
Құдайға жалбарына сөйлейді. Ал ақын ұстазы
бостандыққа шыққанда «М.Д. абақтыдан шыққанда»
деген өлең жазып:
Зор қуаныш – қара түн өткеніне,
Алтын таңды ашық күн жеткеніне.
Қан аралас
төгілген көп көз жасты
Тәңірі қабыл, мейірім ғып, еткеніне:
Ерік құсы қайта ұшып келгеніне
Душар болмай дұшпанның мергеніне
Қайта шықты батқан Күн, нұр шашылды
Мың шүкірлік тәңірінің бергеніне, -деп бұл
жақсылықтың Алла тағала тарапынан болғанын ай-
тып, Жаратушысына шүкірлік етеді [ 4].
Мағжан жүрегіндегі халқына деген махаббат оның
поэзиясынан ерекше орын алады. Ол езу көрген,
қорғансыздыққа ұшыраған, күйзелу үстіндегі халықты
қанша аяса да, жаралы жанның ыңыранған ауыр күйін
суреттесе де,
халықты бейшаралыққа айналдырмайды. Ол
жырлаған халық тағдырына қол қусырған, жерге
ғана үңілген, аяғының астынан арыны көрмейтін,
титығы жеткен мүсәпір халық емес. Мағжан по-
эзиясында үнемі ой үстінде, қимыл үстінде көрінетін
халық бар. Кең даладағы шапқан ат, ат құлағында
ойнаған, асаумен алысқан, сағыныштарын ән-күймен
түсіндіретін, жасыл даласын,
шайқалған орманын,
көл-дариясын сүйетін халық бар. Адам мен жер –
Мағжан поэзиясының ең күшті халықтық рухы. Халық
атамекенін қалай сүйсе, Мағжан да солай сүйген.
Құшам Мұса аяғын
Өлеңім –ізгі таяғым.
Көкшеге мен де шығамын.
Аяқ басып арсыға,
Жүгініп барып қарсына
Тәңірінің тілін ұғамын, - («Көкшетаудан») дейді
ақын. Қайда барса асасымен жол ашқан, аққан дари-
яны тоқтатып өтетін Тұр тауында тәңірмен тілдесетін
Мұса пайғамбарға біздің ақын ағамыз да өзін теңейді.
Өзінің де, туған халқының да ірілігін көрсетеді.[ 5]
«Туған жер» өлеңінде өскен ортасын
125
қимай, көңілі елжірейтін бала жігіт «адамның ба-
сын» «Алланың добына» теңейтін мұсылман
қауымына таныс ұғымды еске алып, өзінің бұлдыр
болашағын іштен сезінгендей қамығады. Қанша
ыстық болғанмен, албырт жастық, ізгі мұрат, базарлы
өмір балғын қанатын сілкуге жарап қалған суреткер
кең дүниенің қайталанбас сәттерін түсіне, мойындай
тұрып, қамығады, «кіндік кесіп, кір жуған» тұңғыш
мекенімен жүйрік ойдың үзеңгісін қағып, қоштасады.
Асау арман алыстан сағымдай қол бұлғағанына
назаланатын Мағжан шарасыз халде бәрін де
тағдыр үкіміне санап,
қара басы ғана емес, «қалың
елі қазағының» сормаңдай қалпынан құтылу үшін
Құдайдан жәрдем күтіп, жасаған иеге жалбарынады.
«Тәңірі» өлеңінде:
«Басқаға орын бердің жақсы жайдан-
Зеңгір тау, түпсіз дария, терең сайдан.
Үмітсіз, тілегі жоқ, тұрағы жоқ,
Қуылған дәргаһіңнан біз бе шайтан.
Бізге отсыз шөл даланы орын қылдың,
Бақ-даулет, өнер – білім қырын қылдың.
Кесір деп кек алатын өгей балаң
Біз бе едік, көп төбетке жырым қылдың!
Жібердің басқа жұртқа жолбасшылар
Әр жұрттың жолбасшымен көзі ашылар.
Не елші, не жол сілтер кітабың жоқ,
Алашқа әлде жазғаны бар да шығар!»
- деп толғанатын саяси-әлеуметтік көзқарасын діни
сенім-нанымның табиғи жарысымы нәтижесінде
өрнектейді. Мағжан Тәңірді ең ұлы жарылқаушы күш
ретінде жер бетіндегі барша жұртқа қарайтын әділет
отанына санайды. Сөйте тұрып, ортақ қамқоршыдан
рахым сұрап, орналасқан жері де, тұрмысы да, жайсыз
қазақ қауымының бағын жандыруды, сан ғасырлық
қыруар бейнеттен арылтуды аңсайды. Көршілес
халықтарды қызғанбағанмен, алаштың табиғаттан
алған үлес-салмағының аздығына налиды, күпірліктен
сақтана отырып, наз білдіреді.
Автор Алладан елші сұрағанда пайғамбарларды
еске алған. Халықты
дұрыс жолға бастайтын ерен
дарынды хакім-қайсар көсем іздеу бар. Қалың қауым
әр жаққа тартпай, түгел тыңдап, бас шұлғитын ой ке-
мел, шын мәніндегі имандылыққа бой алдырған. Абай
айтатын «толық адамның» қажеттігін тану айқын.
Ж.Аймауытовтың «Түйе баққан жалаңаш араб құрлы
көрмегенің бе? –деп құдайға тілі тиеді» дейтін сөзі осы
туындыға байланысты. Ақынға тән қызуқандылықпен
ағат кеткен мінезін Мағжан түсінеді, тағы да
жаратушыға тағзым етіп, қателік сезімінің себебін
ашады:
«Кеш, тәңірім сорлы құлға қаһар етпе,
Рақым қыл, біз сорлыны шетке теппе.
Сөз шықты жан ашумен әділ тәңірім,
Тиген соң ащы тұяқ тұщы етке!» [ 6].
Ақын мешіт туралы пікірін әке мен бала арасындағы
диалогты сөз қолданыстары арқылы былайша
білдіреді. Мешіттің ішкі мән-мағынасын ашып, бала
санасына жеткізудегі әке ықпалы былай көрсетіледі:
Бұл үйді мешіт дейді, құлыншағым,
Ерігіп, қуған болып ата заңын,
Анда-санда домалап бармағы үшін
Салдырған өзіне арнап, «жуан қарын»
Бес минут «жатып-тұрып» жуып алмақ,
Былғанған бұзықтықпен ұят-арын.
Шығатын жоғарыға молдасы да,
Азанмен құттықтайды қарын таңын.
Бұл –мешіт, көк үйі емес, «қарын үйі»,
Көргің келсе, барып көр мал базарын, -дейді.
Онда жекелеген дін иелері тарапынан жіберілген
кемшіліктер мен халыққа жасаған озбырлықтарын
өздері іштей мойындап,
мешітке тек кешірім сұрау
үшін баратын кейбір адамдардың істері сынға алы-
нады. Арнаулы діни оқу орындарын тәмамдамай-
ақ, құранның жекелеген сөздерін жаттап алып,
молдалықты мал табудың көзіне айналдырып, ел
үстінен күнелтіп жүргендерді мінейді. Дін иелерін сы-
нау Мағжанға дейінгі, діни-ағартушылық көзқарастағы
ақындар поэзиясында, тіпті, Абайдың «Абралыға»
деп аталатын өлеңінде де, намазды дұрыс оқи алмай-
тын Абралының әрекеті арқылы сынға алынған. Оған
Шәді Жәңгіровтың өлеңдерінен де мысал етер едік.
Ол – мұсылмандық дінді уағыздаушылардың, діни
кітаптардың мән-мағынасын түсінбесе де, өздерін
«құдайдың өкілдері» санайтын діни қараңғылықтарын
ажуалап сынайды. Дін жан тазалығы дей отырып,
діни сүйіспеншілікке имандылық тұрғыдан қарауды
талап етеді. Одан Мағжанның да үлгі алғандығына
жоғарғыдағы пікірі дәлел.
«Жамандықтың басы –құдайға сенбеуден емес, соны
насихаттаған бола отырып, оны жеке бастарының
игілігі мен дәулетіне айналдырғандық»,- деп біледі
Мағжан. Адамдық пен тазалықты идеал жасағың кел-
се, өзің де күнәдан тазар дегендей болады, әр түрлі
шумақтардан тұратын «Мағарри сөздер» деп аталатын
өлеңдердің бірінде. Сөйтіп дін иелерінен өздерін дұрыс
ұстауды талап етеді. Мінбелерде үгіт айтқан молда-
лар, оңаша қалса, сәлделерін сандыққа салып, баста-
рына бөрік киіп, бозбала желікке еріп, нәпсі артынан
кетпесін. Бес мезгіл намаз оқып, ораза ұстадым екен
деп өзіңді өзің алдама. Сөз бен ісің қабыспай жаста,
ол – екіжүзділік. Өйтіп арамдық еткенше, адал ісіңмен,
Аллаға жаққаның дұрыс деп, шариғат жолында қалай
жүруді дін иелеріне өзі үйретеді. Бұдан діннің адам
тәрбиелеудегі пайдалы тұсын мүлде түсінбеді деген
ой тумаса керек. Керісінше, психологиялық күйзеліске
ұшыраған адамның, Алладан қуат сұрау арқылы, өз-
өзіне деген сенімін оятып, қиындықты жеңіп шығып,
жанына таяныш табатындығын жақсы білген [7].
Қорытындылай келе, Мағжан – сыршыл, өршіл,
рухты ақын. Өйткені ол қазақ поэзиясының жарық
жұлдызы ұлы Абайға еліктей отырып, ұлы ұстаз жо-
лын ұстанғанмен, өзінше жол табудан жалықпай,
көп ізденген жан. Өлеңдеріндегі табиғат суреттері,
оның тылсым шақтары ақын көңіл-күйімен, мұң-
қайғысымен, қуаныш-шаттығымен қат-қабат келіп
отырады. Осының бәрі тұтаса келіп, Мағжан сурет-
теп отырған дәуірдің бейнесін толық ашып береді.
Сондықтан да бейнешілдіктің шырқау биігінде
көрсету үшін, ақын өз басындағы қайғы мен қасіретті,
мұң мен зарды халық басындағы ауыр күндерін
астастыра жырлайды. Ол қандай сөз қолданса да
талғап, ой таразысынан өткізіп, өлеңнің ішкі-сыртқы
тұтастығының сай келіп отыруын көздеген. Қай
өлеңін алсаң да, белгілі бір ырғақпен, әдемі әуезбен,