Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
47
Александр Батуға алым-салық төлеп, оның баласы Сартақпен өле-өлгенше
соғыспай өтуге ант береді. Осы күннен бастап Алтын Орда хандары мен
Новгородтың ұлы князьдарының арасында ғасырға таяу созылған келісім
басталады.
Ал он үшінші ғасырдың басынан бастап католик дініндегі Европа кресшілері
православ дініндегі гректер мен орыстарға қарсы шабуылға шыққан. Бір мың екі
жүз төртінші жылы олар Стамбулды алып, Византия патшалығын жойып, латын
империясын құрған. Эсті мен латыштарды жеңіп, өздерінің құлдарына
айналдырған. Осындай қара түнекті орыс жұртының басына да тудырмақ болған.
Бірақ Шығыс жағынан жау күтпеген Александр Невский оларды 1240 жылы Нева
өзенінің, 1242 жылы Чуд көлінің үстінде жеңген. Демек, соғыс әлі бітпеген-ді, әлі
де орыс еліне әскери көмек керек еді. Бір мың екі жүз қырық бірінші жылы
Лигницеде Польша мен неміс рыцарьларының бірлестігінің күл-талқанын
шығарған Бату өзінің уәдесін бұзған жоқ. Бұл жағдай Алтын Орда хандары Бату,
Сартақ өлгеннен кейін де, Берке тұсында да сақталып келген. Ал 1269 жылы неміс
кресшілері өздеріне қарсы шығуға Новгородқа Алтын Орда қолының келгенін
естіп, бұл кезде күшейіп алған орыс князьдарынан бітім сұрады. Сөйтіп орыс жері
кресшілердің шабуылынан мүлде құтылған. Алтын Орда хандары Бату саясатынан
хан Мамайға (1362 ж.) дейін айырылған жоқ. Оған себеп Сарай шаһарында
отырған хандар бір кезде өздері бағындырған орыс, болғар, Дәшті Қыпшақ
елдерінің қолдарына енді өздері қарап қалған-ды. Ал бұл ортада осыдан екі ғасыр
бұрын алты-ақ мың болған орыс елі әбден әлденіп, кемеліне жетіп үлгірген!
Өйткені оның бұл дәрежеге жетуіне Алтын Орда күншығысынан келетін жауына
қалқан болды. Қотан жырау достықтың қандай ұлы күш екенін, көршілес елдер
тату тұрып, жерлерін бірге қорғайтын болса қандай апаттан болса да құтыла
алатынын білдірді.
Жырау сөзі Әбілқайырға ұнамағаны хақ, кезек енді Қазтуғанға беріліп, анау
шырқай жөнелгенде хан кенет қолын көтерді. Жырауды қошаметтеп «Уай, пәле!»
деп лепіре қызынған жұрт тына қалды. Қазтуған да шауып келе жатып аяң желіске
түскен жүйріктей даусын төмендете түсіп, қарқынын әзер басып, сөзін
кібіртіктетіп барып тоқтады.
— Намаз мезгілі болып қалды, — деді хан, — Қазтуған жырау толғауын содан
кейін тыңдалық.
Әбілқайыр мұсылман ханы болғанмен, Мұхаммет пайғамбардың жолын берік
ұстамайтын. Өзі намазды кейде оқып, кейде оқымайтын. Онысына қарамай хан
орнынан түрегелді. Ханмен бірге жұрт та апыр-топыр қозғалды. Осы кезде
Найманның бас батыры Қаптаған шеткі топтан сытылып шыға берді. Ол асыға
басып Найман руына арнап тіккен өртеңнің баурындағы ақ ордаға келді. Есік
алдында тұрған, қолында найзасы бар, елтірі тымақты, үстіне шекпен киген,
күзетші сары жігіттен:
— әлі келген жоқ па? — деп сұрады.
— Келген жоқ.
Қаптағай қобалжи қалды.
— Япырай, бірдеме болмаса игі еді. Келер уақыты асып кетті. Әлде өзің барып
қайтасың ба?
— Құп. Барсам, барып қайтайын.
Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
48
Найманның аты шулы бас батыры, атан жілік балуан, айдаһарға қарсы барар
жүрек жұтқан Қаптағай қара қасқа кедей болатын. Қарамағындағы он бес қараша
үйді, жаудан түскен олжа мен атып алған бұғы-маралымен асырайтын. Жау жоқ
жылдары сауатын сауын, көшер көлігін ауқатты ағайындарынан алатын. Осыдан
екі жыл бұрын Ұлытауға арқар атуға бара жатып жұтаң қыстың аяғы қатты
боранға айналып, үш күн Тайкеткен өзенінің бойындағы Айыртаудың ық
жағындағы Әбілқайыр ханға жататын қысырақтың үйірлерін бағып жатқан,
маңайында тұлдыр жоқ қосқа аялдаған. Сонда, қос басы, он көкжал қасқырды бір
күнде жалғыз өзі түсіретін әйгілі аңшы және атпал батыр жылқышы Орақпен
кездескен. Айлас қатын мұңдас, хан мен биге бейнет етіп жүрген қос батыр біріне-
бірі ұнаған. Қаптағай елуден асып кетсе де, ал, Орақ жиырма беске жаңа жетсе де,
өмір үндері бір жерден шығып, екеуі достасып қалған. Осы Орақ мына болып
жатқан асқа осыдан үш күн бұрын келуге тиісті еді. Маңдайына басқан жалғыз
аты Ақбақайын бәйгеге қоспақ болатын.
Ақбақайдың қашқан қасқырды қалай қуып жететінін бір-екі рет көрген ат
сыншысы Қаптағай:
— Жүйрігіңді сынап көр. Мен бірдеме білсем, Ақбақай ұятқа қалдырмайды, —
деп Ораққа өзі ақыл берген.
Орақ атын бәйгеге қоспақ болған, бірақ әлденеге:
— Жақсы, асқа келейін, — деген, тек біреу-міреу қастық етіп жүрмесе...
Қаптағай бұл жолы жылқышының сөзіне көңіл аудармаған. Тек Орақ
уәделескен уақытында асқа келмегеннен кейін ғана «со шіркінге біреу-міреу
қастық етіп жүрмесе еді?» деп қобалжи бастаған. Сондықтан да шыдай алмай
жылқыдағы Ораққа әдейі кісі жібергелі тұр.
Жылқышының келуін тағы бір адам шыдамай күтуде еді. О да Орақтың жалғыз
атын бәйгеге салатынын білетін. Бұл күткен — бүкіл Дәшті Қыпшақтың әміршісі
қатігез хан Әбілқайырдың келіні, басына қара жамылып сонау төбе басына шығып
күншығыстан көзін алмай телміре қалған, Шах-Будақ сұлтанның жесірі —
Аққозы-Бегім. Құса болған ажарына қарасаң, жүректегі жұлдызы өшкендей. Жоқ,
Орақ пен бұның арасында құдай алдында күнәлі дер, не ауыл арасында өсекке
ілігер ештеңе болған жоқ. Тек, біраздан бері бір-біріне құмартқан ыстық жүректер,
көріскендерінше шыдай алмай алас ұруда. Осыдан төрт күн бұрын асқа мінетін
атын алуға келген Аққозыға Орақ тағы өзінің өлердегі сөзін айтқан.
Елінен бала жасынан еріп келген Ораққа Аққозы:
— Құдай алдында күнәкар, жұрт алдында қарабет болғым келмейді. Ерімнің
асы өтсін, — деген аққұба беті балбұл жанып, — содан кейін қайын атамнан
рұқсат сұраймын, көнсе шариғат алдында қосылам.
— Көнбесе ше? — деген Орақ қобалжи. — Бар әлемнің тең жартысын билеп
тұрған, аузынан жалын атқан Әбілқайыр хан келінін есігінің алдында жүрген
құлына береді дегенге сену қиын...
— О да адам емес пе? — деген жас сұлу қабағын сәл шытып. Сол сәтте көзінен
ұшқын атып жігітке қараған: — Көнбесе... Дүниеде екі тумақ жоқ. Бәрібір... Онда
да қосыламын! — деген.
Кенет құрыш денесіне қанат бітіп, көкке ұшар құстай көңілі шалқи жөнелген
Орақ:
|