Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
167
келген ақсақал, саудагерлер тобын нөкерлеріне қоршатып алып, «жұрт арасына
іріткі салады» деп, қараңғы тас сарайға қаматып қойды. Созақ мидай жазық далаға
салынған шаһар. Жан-жағындағы қамалы да Сайрам мен Саурандай биік емес.
Түйелі кісінің ернеуіне қолы жетеді. Бүкіл уәлиетінен отыз мыңға таяу лашкер
жинап, қалада тығылып жатпай ашық далада жауына қарсы бетпе-бет майданға
шықты. Бірақ бала жасынан ат құлағында ойнап өскен, ал ер жете бастағаннан-ақ
сойыл соғып, садақ атуды өнер көрген қазақтың жау жүрек жігіттері қойсын ба,
құмырысқадай қаптап: «Ақжол!», «Уайс!», «Жауқашар!», «Бахтиярлап!» ат
қойғанда, алғашқы қарқынында-ақ Бахтияр сұлтанның алдыңғы шебін күл-талқан
етті. Қазақтан дәл мұндай өнер күтпеген Бахтияр сұлтан әбден састы. Халық күші
жазғытұрымғы жүздеген, мыңдаған сай, жыралардан қосылып аққан сумен тең
екенін,
олар бір жерге жиналып, ернеуінен асып тасыса, алдында қандай қамал,
бөгет болса да быт-шытын шығаратын алып күш екенін Бахтияр сұлтан сонда
білді. Расында да қазақ елі көнтерілі, сан қорлыққа шыдаған қауым еді. Ашына
келіп, ақырында ернеуінен асып төгілген дариядай, атқа мініп, қолына сойыл
алуға мәжбүр болды. Жалғанда қиянатқа көнтерілі
халықтың долданғанынан
асатын ұлы күш жоқ. Көнтерілі халық жәй күнде, бөлтіріктері үстіне шығып ойнап
маза бермеген арлан қасқыр тәрізді. Ал ызаланғанда ештеңеге қарамайды,
бөлтірігім демейді, бөтенім демейді, үстіндегінің бірде-бірін қалдырмай, қанды
ауызын салып қап, жан-жағына аямай лақтырып-лақтырып жібереді. Қазақ та дәл
осы арлан қасқыр тәрізді шамасы келгенше шыдап бақты. Шыдамы таусылып еді,
өлген-тірілгеніне қарамай, желке жүнін күдірейтіп, жауына ақыра тап берді. Қазақ
жауынгерлерінің мұндай қаһарлы түрін көріп, Бахтияр сұлтан «жеңілдім!» деп
алдына кеп қол қусырып Жиренше мен Қамбардан бітім сұрады. Бұлар қаланың
кілтін алып, бітімге келісті.
Хан ордасын уақытша Сығанаққа көшірген Жәнібек, Созақ уәлиетін екінші
баласы Махмұдқа, Сығанақ уәлиетінің билігін Керейдің
баласы Бұрындық сұл-
танға берді.
Сығанақ пен Созақты алып, көңілі көтеріліп қалған қазақ Ордасының ханы
Жәнібек енді «өз еріктеріңмен беріліңдер» деп Яссы мен Отырар қаласының
әміршісі Мұхамед-Мазид тарханға, Сауранды билеп отырған оның баласы
Құлмұқамет тарханға, Үзкенттің хакімі Уақас биге, Сайрамның хакімі Мыржық
төреге
кісі жіберіп, хат жазды.
Дәл осы кезде яғни Хаджри есебі бойынша сегіз жүз жетпіс төртінші, Тыш-
қан жылы, жаңаша бір мың төрт жүз алпыс сегізінші жылы, елу жеті жасар
Әбілқайыр ханның өзі ақұрығын алып, жүз мың атты әскерімен Моғолстанды
шаппақ болып Үргеніш тұсынан шығыпты деген хабар жетті. Жүз мың әскер! Бұл
қолына құр сойыл мен садақ алған қазақтың әскері емес. Бұл Исфаған болатынан
алдаспан, ұзын қылыш тағынған, Қорасан құрышынан сауыт-дулыға киген, мұздай
боп қару-жарақ асынған, өз заманының әскери өнер-ғылымымен әбден суарылған,
Әбілқайыр ханның бүкіл шығыс әлеміне белгілі атақты атты әскері! Хан әскерін
ұрысқа өзі үйреткен! Жауын аямастай етіп өзі баулыған! Көк Орда Көк Орда
болғалы ұлы ханның әскері жетпіс бес мыңнан асып көрген емес, ал бұл жолы...
жүз мың! Бұл хабарды естігенде Жәнібектің де жүрегі дір ете қалды. Ол бүкіл
Сығанақ,
Созақ уәлиеттерінің ұста, шеберлерін жинатып, көрік қыздыртып,
әскеріне хакім қоймаларынан табылған көк болат құрыштан қару-жарақ соқтыра
бастады.