22. М. Әуезовтің «Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні» деген пікірін бүгінгі күнмен байланыстырып жаз. Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы-заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр. (М.Әуезов) Абай өткен заманның, кешегі түркі дүниесінің соққан тынысы болса да бізге түсінікті,
жүрегімізге қонымды Абай – лебі, Абай – үні, ана тынысы – заман тынысы, халық үні. Абайдың
жарқын бейнесі, жалынды жыры бізбен бірге мәңгі жасап келеді.
Музыка саласында жазба мәдениеттің болмауына қарамастан, Абай әндерінің бізге толық
жеткен себебі – олардың халықтың жүрегінде сақталуға сапасы сай келетін шығармалар
болғандығында, халық санасынан өшпес орын алғандығында. Абай әндерінің өзгешелігі –
әуездік, ырғақтық жақтарындағы жаңалықтарында, идеялық мазмұнының ашықтығында болды.
Абай Құнанбаев «Жігіттер, ойын - арзан күлкі - қымбат» деген өлеңінде бозбалаларға өзінің
ақыл-кеңесі мен шын ықыласын білдіреді.
Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,
Бір сөзімен тұрса екен, жанса-күйсе.
Қырмызы қызыл жібек бозбалалар
Оңғақ бұлдай былғайды, бір дым тисе,-
деп жігіттерге жөн сілтейді. Абай атамыздың өсиет-өнегелерін бүгінгі күннің жігіттері жүзеге
асырып жүр ме? Олардың бойында осыған тән қасиеттер табыла ма?
Ең алдымен, Абай махаббат, достық мәселесін басқалардан анағұрлым кең, анағұрлым
терең түсінді. Ол жалпы адам баласының достығын жыр етті. Абай - ірі гуманист ақын.
Сондықтан ол адам адамды сүйе білуі керек деген идеяны берік ұстады. Абайдың көп
өлеңдерінде адам баласы біріне-бірі жаулық емес, достық іздесін деген пікір өзек болып
тартылып жатады. Аталған өлеңде ақын былай дейді:
«Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз.
Күншіліксіз тату боп шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз».
Абайдың түсінігінше, ең қызық өмір - татулық, достық. Бірақ ақынның бұл тілегі өз кезінде
орындалмады. Ру мен руды, бір ел мен екінші елді атыстырып, шабыстырып отыруды негізгі саясатының
бірі етіп отырған феодалдық, «адам - адамға қасқыр» деп білетін капиталистік қоғамдарда іске асуы
мүмкін емес болатын. Оны ақын сезіне де, түсіне де білді.
М.Әуезовтің Абай туралы еңбектері – ХХ ғасырдың әсемдігімен, ғажайып әсерлілігімен
сиқырлы, қайталанбас ұлы құбылысына айналды. Әуезов мұраларынан алатын тағылым ұшан-теңіз.
Жазушы шығармаларында өз халқының тыныс-тіршілігін, қам-қарекетін, аяулы арманы мен нұрлы
үмітін, тарихи болмысы мен бүгінгі бітімін терең ұғынып бере білген суреткер.
Ұзақ жылдарға созылған терең шығармашылық ізденістердің, қажыр-қайратының нәтижесінде
күллі әлемге ұлы Абайды танытып қана қойған жоқ, қазақ халқы «Абай жолы» арқылы өзін де тереңірек
түсініп таныды. «Абай жолынсыз» қазақ әдебиетін, халқымыздың рухани-көркемдік әлемін көзге
елестету мүмкін емес» деп халық жазушысы Ә.Кекілбаев бағалағандай, тек қазақ халқының ғана емес,
көшпелі түркі жұртының өткені туралы ең алғашқы кең ауқымдағы шығарма.